АЛТЫНОРДА
Новости

ЖУРНАЛИСТИКА ЖАҒАЛАУЫ ЖОҚ ТЕҢІЗБЕН ТЕҢ

gggЖансерік БЕЙСЕЕВ, «Таңшолпан» бағдарламасының редактор-жүргізушісі:
–  Жансерік, әңгімемізді туып-өскен жеріңіз, отбасыңыздан бастасақ…

–  Мен – Жамбыл өңірі текті Тұрар топырағының тумасымын. Жамбыл облысы, Тұрар Рысқұлов ауданы, Тереңөзек ауылында дүниеге келдім. Бірақ отбасы жағдайына байланысты 5 жасымда осы ауданға қарасты Құлан ауылына қоныс аудардық. Өмірімнің тәтті айнасы – балалық шағым осы Құлан ауылында өтті. Ал отбасына келер болсам, жанұяда жеті жанбыз. Әкем – Берікқазы Анарбекұлы. Түрлі салада еңбек еткен жан. Әкемнің ерекше қасиетінің бірі суретті тамаша салатын. «Адамзат – бүгін адам, ертең топырақ» демекші, тағдырдың жазуымен осыдан 6 жыл бұрын асқар тауым – жан әкем өмірден өтті. Анам – Бибинар Ерденқызы педагогика саласының қызметкері. Институт тәмамдағаннан бері бастауыш сынып мұғалімі болып еңбек етіп келеді. Эльмира, Майра, Жансая есімді әпкелерім бар. Үшеуі де қазіргі уақытта тұрмыста. Менен кейін қарындасым. Балдай тәтті қарындасымның есімі – Әсел. Есімін әкем қойған.

–  Журналист болу бала күніңіздегі арманыңыз ба?

–  Негізгі мамандығым – құқықтану. Әкем үнемі формада жүргендіктен бе, осы салаға аса бір қызығушылықпен қарайтын едім. Құқық қорғау органдарында жұмыс істегім келді. Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінде еңбек ету – мен үшін үлкен арман болды. «Әке көрген оқ жонар» дегендей, отбасында ұлдар әкелері немесе аталарының бойындағы қасиеті мен өнеріне еліктеп өседі ғой. Әкемнің тап-таза, тіке тұрып, тіке жүретіні қатты ұнайтын. Мектепті бітірген соң, құқықтану мамандығы бойынша Киелі Әулиеата өңірі, Тараз шаһарында орналасқан жоғары оқу орны – Мұхаммед Хайдар Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің студенті атандым. Студенттік өмір нағыз жадырап жайнап тұрған шақтың ең мызғымас шағы ғой. Небір хикаяларға толы. Университет қабырғасында жүргенде  қоғамдық жұмыстармен белсенді түрде араласамыз ғой. Мен де сондай  студенттердің қатарында болдым. Қоғамдық іс-шаралардың біреуінен де тыс қалмайтынмын. Бірінші курстан бастап мені жүргізушілікке ұсынды. Кез келген жиын, басқосу, мерекелік шаралар және концерттерде жүргізуші болатынмын. Телеарнада жүргізуші болуыма мүмкін осының да үлесі тиген болар. Қызығы, біршама ән де шырқадық. Мерекелік концерттерді жүргізіп, ортасында ән де айтып қоямын. Сабағыма келер болсам, жаман емес. Барынша шамамның жеткенінше оқыдым. Оқу үлгерімім де жаман болмады.

–  Сізді көпшілік қауым «Таңшолпан» бағдарламасы арқылы таниды. «Таңшолпан» бағдарламасына қалай келдіңіз?

–  Шынымды айтсам, «Таңшолпанға» келуім мен үшін күтпеген жайт, тосын сый болды. Ару қаламыз Алматыда «Таңшолпан» бағдарламасына жүргізушілікке кастинг өтеді дегенді естіп, Тараздан арнайы бардым. Содан не керек, ел қатарлы кастингке қатысып, өз мүмкіндігімді көрсеттім. Түйіндемемді, эфирлерім, сюжеттерім жазылған дискті басшылыққа ұсындым. Көп ұзамай, мені жұмысқа қабылдады. Артынша, үлкен үмітпен, жауапкершілік жүктеп мені эфирге бекітті.

–  «Қазақстан» телеарнасы Астанаға көшті. Бас қаладағы тұрмыс-тіршіліктеріңіз қалай? Астанаға орналаса алдыңыз ба?

–  Аллаға шүкір, жаман емес. Еліміздің басқа өңірлеріне қарағанда ауа райы әлдеқайда суық демесем, барлығы ойдағыдай. Елордамызға қоныс аударғанымызға да міне бір жылға таяп қалыпты. Тұрғын үй мәселесін айтар болсам, өздеріңізге белгілі Астана – қымбат қала. Сондықтан келе сала үй немесе пәтер сатып алдым деп айта алмаймын, әрине. Әзірге туған-туысымның үйіндемін. Уақыт көрсетер, бұйыртса үйлі болып қалармыз.

–  Тележурналист бірінші кезекте неге мән беру керек? Өзіңізді кәсіби маман деп ойлайсыз ба, үлгі тұтатын журналистеріңіз кім?

–  Жалпы, мен үшін журналистика жағалауы жоқ теңізбен тең. Ал осы қиындығы мен қызығы қатар жүретін журналистік өмірге түскен әрбір журналист, бұл теңізде еркін жүзіп, қандай толқын болмасын бағындыра білуі тиіс. «Тележурналист» деген атақ үшін ғана жүрмей, халық қамын ойлайтын азаматтарымыз көбейсе деймін. Өзімді кәсіби маманмын деп айта алмаймын. Әлі білгенімнен, білерім өте көп. Тіршілігі қым-қуыт телеарнада мен үйреніп, білетін ашылмаған тақырыптар жетерлік.Үлгі тұтатын журналистер көп. Аға буынның көбін айтар едім. Телеарнаның тарланы, білікті тележурналист – Нұртілеу Иманғалиұлының жүргізушілік келбетіне сырттай қызығатынмын. Гүлмира Дайрабаеваны ерекше атап өтер едім. Қызметтегі әріптесім, Қазақстан Ұлттық арнасының белді дикторы – Мейіржан Әлібекұлы.

–  Болашақта қандай арманыңыз бар? Мүмкін өзіңіз жеке бір ток-шоу бағдарлама жасағыңыз келетін шығар?

–  «Армансыз адам, қанатсыз құспен тең» дейміз ғой. Жиі армандаймын. Арманымыз – сол алға қойған мақсатымыз. Сол жолда еңбек етудемін. Басты мақсатымның бірі – журналистика саласында есімімді қалыптастырып, осы саланың дамуына аз да болса өз үлесімді қосқым келеді. Жеке авторлық бағдарлама жасау әр журналистің арманы шығар. Ойда бар.

–  «Таңшолпан» бағдарламасының басқа бағдарламалармен салыстырғанда рейтингі қандай деп ойлайсыз?

–  Қазір 100-ден аса шетелдік және отандық телеарналар көрермен қауым назарына ұсынылып отыр. Оның ішіндегі бағдарламаларды саусақпен санап тауыса алмассыз. «Таңшолпан» – ақпаратты-сазды таңертеңгілік бағдарлама. Өзге де телеарналардағы осы бағыттағы хабарлармен салыстырар болсақ «рейтингісі» әлдеқайда жоғары деп сенімді түрде айта аламын. «Таңшолпан» – 2 сағат 30 минуттық бағдарлама. Ұжым әр күнгі эфирге 100 пайыз емес, 250 пайыз дайындықпен шығады десем артық айтқандық болмас. Таңғы бағдарлама – телеарнаның әр таң сайын шымылдығын ашатын хабар. Ол – мәнді әрі мазмұнды болуы тиіс. Халық өткен күндегі барлық мәселелерін ұмытып, жаңа күнмен, таңғы бағдарламамен көтеріңкі көңіл күйде оянуы тиіс. Еліміздің әр тұрғыны өзіне рухани серпіліс алу үшін теледидарын қосады. Бір адам өзіне қажетті кеңесті іздесе, екіншісі көңілді ән тыңдап, салиқалы сұхбатты тамашалайды. Міне, осы жолда «Таңшолпан» шығармашылық ұжымы еңбек етіп келеді.

–  Алдағы уақытта ток-шоуларда немесе жаңалықтарда бағыңызды сынап көргіңіз келмей ме?

–  Әрине, бар. Тек осы бағытта, осы бағдарламада қаламын деп айта алмаймын. Аса бір шапшаңдылықты талап ететін бұл салада шектеу жоқ. Бір орында ұзақ тұруға да болмайды. Тек алға және алға қадам баса беру керек. Бұйыртып жатса, неге көрмеске?!

–  «Таңшолпан» бағдарламасының ерекшелігі бағдарлама барысында көптеген сайыстар өткізіліп тұрады. Мұндағы мақсат қандай?

–  Иә, ол рас. «Таңшолпанда» жылына кем дегенде 10-ға жуық байқау өткізіліп, өзінің жеңімпаздарын анықтайды. Мақсат айқын – көрермен қауыммен барынша жақын байланысқа түсу. Мәселен, қазіргі жүріп жатқан байқауларды айтсам, «Парасатқа құштарлық». Бұл байқаудың негізгі мақсаты – халықты әдебиетпен етене жақын байланыстыру, яғни кез келген қатысушы өзінің сүйіп оқитын ақынының өлеңін жатқа оқуы тиіс. Әдебиет саласынан тыс өзге де кез келген үміткер осы байқауға атсалыса алады. «Өнегелі отбасы». Бұл байқау жайында көп нәрсе айтуға болады. «Отбасы татулығы – елдің татулығы» екендігі баршамызға аян. Отбасының татулығымен ауыл аймаққа үлгі болған жанұя осы байқауға өз үлесін қосады. Кеңесе келе, керегесін керген жас отбасыларға бұл байқаудың берері мол деп ойлаймын. Сондай-ақ негізгі байқауымыздың бірі – «Ең жас батыр ана». Еліміздің дамуына, демографиялық саясатының ұлғаюына үлес қосқан 4 және одан да көп баласы бар абзал, аяулы аналарымызды насихаттап келеміз. Алып анадан туады емес пе, бала тәрбиесіне аса мән берген батыр аналарымызды қолдауымыз керек. Бұдан өзге, апта сайын белгілі бір тақырыпқа байланысты викториналық сұрақтарымыз бар. Ол да «Таңшолпанның» халықпен өзара жақын байланысы деп білемін.

–  «Таңшолпан» бағдарламасын түсіру барысында басыңыздан өткен қызықты оқиғаны айтып берсеңіз?

–  Негізі қызықтың көкесі тек тікелей эфирде болары сөзсіз ғой. Түзету, қайта жазу дегенді білмейсің, не айтылады, сол барша көрерменге тарайды. Әр эфиріміз қызыққа толы. Бірде осы Астана студиясына Мәскеудің үлкен циркінің өнерпаздары келетін болды. Наталья есімді цирк өнерпазы өзімен бірге екі бірдей тотықұс ала келді. Сұхбат басталды. Тотықұстар бізді жатырқады ма, әйтеуір мазасызданып кетті. Біреуін өз қолыма алып отыр едім, әлгі тотықұс ұшты да кетті. Студияның іші кең емес пе, кадрдан шығып, оны қайта алып келуіме тура келді. Ал, екіншісі әріптесім Иринаның мойнына мініп, шашын шоқыды ма, әйтеуір тыныш отыра алмады. Бұдан бөлек, кейде студиямыздың қонақтары сұхбат бітпей жатып, орнынан тұрып кетеді. Өзіміз де кейде түрлі жағдайға байланысты эфирге кешігіп қаламыз.

–  Әңгімеңізге рақмет!

 

Жадыра ПЕРДЕБАЙҚЫЗЫ

http://www.aikyn.kz/articles/view/35337