...Әр секунд сайын планетамызда екі жаңа адам өмір есігін ашады. …Жыл бойына туатын сәбилердің 10 пайызы қаңтар айының еншісіне тиеді. …Әр 85 ананың біреуі егіз, әр 7000 ананың біреуі үшем, әр 700 мың ананың төртеуі төртем босанады. Бесемдердің дүниеге келуі – өте сирек кездесетін құбылыс. … Егіздердің хромосомдары бірдей болады. Сондықтан олар бір-бірінен аумайды. …Ең ірі нәресте 1897 жылы Канадада туған, оның туған кездегі бойы 76 см, ал салмағы – 10,7 келі болыпты. Анасының бойы 2 метр 24 см екен. …Ең кішкентай нәресте дүниеге мерзімінен 14 апта бұрын келген, салмағы 625 грамдық Тереза атты қыз, дәрігерлер оның өмірін сақтап қалған. …Жыл сайын АҚШ-та 300-ге жуық бала жүріп келе жатқан көлік салонында дүниеге келеді екен. Мұндай балалардың туу туралы куәлігінің «туған жері» деген тұсына ол ішінде туған көліктің тіркелген нөмірін жазатын көрінеді. …Ыстық белдеудегі елдерге Жер шары халқының тең жартысынан астамы тиесілі. Шығыс жарты шарда адамзаттың 85 пайыздан астамы тұрады. …Әлемде 200 мемлекет бар. Соның оны адам саны жағынан ірі мемлекеттер: Қытай, Үндістан, АҚШ, Пәкстан, Ресей, Индонезия, Жапония, Бразилия, Германия және Англия. Жер шары халқының үштен екісі аталмыш елдерді қоныстанған. …Лабораториялық зерттеулер дәлелдегендей, дені сау жас адамның сүйегі ерекше мықты болады. Қысып сынағанда ол темірбетоннан 4-5 есе мықты, ал созып сынағанда еменнен күшті екені анықталған. …70 келі тартатын ересек адамның денесінде шамамен 40 келі су болады. Адамның аштыққа қарағанда шөлге шыдамау себебін осыдан-ақ біле беріңіз. … Адам салмағының 7 пайызын қан құрайды. 70 келі тартатын адамның бойында шамамен 5 литр қан болады. …Неміс оқымыстылары соңғы 20 жылда адамның бойы орташа 7-10 см-ге өскенін дәлелдеген. Қазіргі он жасар баланың бойы өзінің 80 жыл бұрынғы құрдасынан 12-14 см биік, ал бір жасар сәби 1900 жылы туған құрдасынан 5 см биік және салмағы 2 келі ауыр. …Адамның бойы тәулік ішінде өзгеріп отырады. Таңертең ұзын боп көрінген адамның бойы кешке қарай 2 см-ге, ал жүріп келе жатқанда 4-6 см-ге дейін қысқарады. Бұл омыртқааралық қатпарларға байланысты. …Жер шарында 3 мыңға жуық ергежейлі бар. Олар барлық ұлттарда кездеседі. Ергежейлі деп 20 жасында бойы 35 см-ден аспағандарды атайды. Ергежейлілердің 40 пайызы қалыпты адамдармен некелеседі екен. Бір қызығы, олардан ұзын бойлы бала туатын көрінеді. Сондай-ақ бұндай құбылыс үйленген екі ергежейліден туған балаларда да кездескен. …Көз еш уақытта үсімейді. Себебі суықты сезбейді. Керісінше, саусақтың, башпайдың, мұрынның ұштары суыққа бірінші болып ұрынады. … Адам денесінің бірде-бір органы дәл жүрек сияқты еңбексүйгіш емес. Оны білу үшін жүректің жұмысын сандарға жүгіндіріп көрелік. Жүрек минутына орташа есеппен 70 рет соқса, тәулігіне – 100 мыңнан астам, жылына – 35,6 миллион, ал 60 жылда (орташа өмір жасының ұзақтығы) – 2 миллиард 200 миллион рет «балға соғады». Жүрек минутына 4 литр, тәулігіне – 6 тонна, жылына – 2200 тонна, 60 жылда – 130 тонна қан айдайды. Осы қанның бәрін сыйдыру үшін әрқайсысы 50 тонналық 2600 цистерна керек екен. …Адам денесінен бір тәулікте шығатын жылуға үш тонна суды бір градусқа жылытуға немесе екі шелек суды қайнатуға болады. … 70 жасқа дейін өмір сүрген адам 60 мың литр су ішкен, 11 мың келіден аса углевод, 2,5 мың келіден аса белок пен сондай көлемдегі май жеген болып шығады. Ежелгі Римдегі 112 жасқа келіп өлген шалдың басындағы құлпытасқа өрнектеп жазылған қанатты жазу: «Ол ішіп-жеуде қатаң өлшемді ұстанды». … Бар-жоғы 5 минут пляжда қыздырынып жатқан адам 4 стақан суды қайнатарлық немесе елу ваттық лампочканы 3,5 сағат жандырып тұратындай күн энергиясын алып үлгереді екен. …Адам тумай тұрып та есінейді екен. Оқымыстылар ішке біткен бала 12 аптадан асқаннан кейін есіней бастайтынын анықтаған. Іштегі нәрестенің есiнеуіне не себеп болатыны ақи-тақи анықталмаған. …Кірпігін қақпай тұра алмайтын адам болмайды. Еркектерге қарағанда әйелдер кірпігін жиі қағады. …Адам тас төбеде қайнап тұрған Күнге тіке қараса, қызып тұрған лупаға қағаз тосқандай күю қаупі туады. …А дәрумені жетіспейтін адамдардың көзінен жас шықпайды да, жылай алмайды. …Еуропадағы ең ұзын адам австриялық Виннимайер болыпты, оның бойы 273 см-ді құраған. …Еркек пен әйелдің бой ұзындығының айырмасы 10-15 см. Бүкіл адамзат бойынша ересек адамдардың бойының орташа ұзындығы: еркектердікі 165 см, әйелдердікі 154 см. …Жер бетіндегі тұңғыш рет адам санағын алу көне Мысырда біздің дәуірімізге дейінгі үшінші мыңжылдықта жүргізіліпті. Одан кейін ежелгі Қытайда, Вавилонда, Персияда, Рим мен Грецияда жүргізілген. …Израиль тұрғындарының тең жартысынан астамы, анығын айтқанда, 62 пайызы өзге елдерде дүниеге келгендер. Көбісі Австралияда, Канадада, Жаңа Зеландияда дүние есігін ашқандар екен. …Ежелгі грек философтары мен ақындарының көбісі әбден қартайып барып дүние салғандар. Ақын Ксенофан Колофонский 100 жасаса, лирик Анакреон – 85, ақын Пиндар – 80, трагик Софокл – 91, философ Демокрит — 100, философ Платон – 81 жас жасапты. Дұрыс өмір сүру ережесін ұстанған олар кәрілікке алқынбай жетіпті. …Әлемде ең ұзақ өмір сүрген ағылшын Томас Карн саналады. Шіркеу кітапшасына сәйкес, ол Лондонда туып, 207 жас жасапты. …Тағдыр кейде адамды ауыр сынаққа салып, оны адам мызғымай көтергеніне жұрт сенбейтін жағдайлар болып тұрады. Қараңыз. Он алты жастағы Джордж Лоуренас сарқыраманың қасында велосипедпен келе жатып, өзін ұстай алмай құлап түскен де, он қабат үйдің биіктігіндей жерден жартастың қырына барып түскен. Қабырғасы мен басын сәл-пәл жарақаттағаны болмаса, сабазың дін-аман қалған. …Венгрияда алты баласымен жесір қалған әйел қырық жылда 94 ұл мен қызды асырап-бағып, ұлын ұяға, қызын қияға қондырған екен. Осы еңбегі үшін ол Орденмен марапатталыпты. …Оңтүстік Бирмадағы арал тұрғындары әр жыл сайын… жасара түседі. Ол оған қарапайым арифметикалық операцияның көмегімен жетеді. Аралда шыр етіп жерге түскен нәрестенің жасы бірден… алпыс деп есептелінеді. Бір жасқа толғанда, оған жас қосылмайды, керісінше, бір жас алынып тасталынады. Яғни 59 жас. Осылайша, ең құрметті ақсақал адамдардың жасы мұнда бес-алтыда болады. Ал адам 60 жастан ұзақ өмір сүрсе ше? Ол да оп-оңай. Жергілікті есеп бойынша, тұрғынның жасы нөлге жеткенде, оған тағы он қосылады да, әлгі адам қайта жасара бастайды. Төреғали http://www.aikyn.kz |
Предыдущий
Следующий