Кентау қаласында жылу маусымы 29 қазаннан басталды. Алғашқы кезекте бюджеттік мекемелер мен көп қабатты тұрғын үйлер толығымен жылу жүйесіне қосылды. Бүгінгі күні жеке сектордағы үйлерге жылу беру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл туралы қала әкімдігінің баспасөз орталығында өткен брифингте қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомабиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары Арман Басаров мәлімдеді.
Биыл көп қабатты тұрғын үйлердің көпшілігіне жылу есептегіш құрылғылары орнатылды. Мамандардың сөзіне сүйенсек, жүйенің тұрғындар үшін де тиімділігі көп болмақ. Яғни, төлемақы тек алған жылуының температурасына байланысты төленеді. Сондай-ақ, есептегіш құрал арқылы жылу құбырындағы суды ұрлаушыларды анықтауға да болады. Құрылғы интернет жүйесі арқылы басқарылатындықтан, ай сайын «жертөлеңді аш, көрсеткішті жазып аламын» деп ешкім мазаламайды. Барлық мәлімет интернет арқылы «Кентау сервис» мекемесінің есеп-қисап бөліміне түсіп отырады.
— Моноқала бағдарламасы бойынша магистральды құбырларды қайта жарақтандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Магистральды жылу жүйелерінің белгілі бөлігі ауыстырылып, изоляция жасалды. Бұл бағытта биылға бөлінген қаржылар толығымен игерілді. Облыстық бюджеттен қаржы қарастырылып, отын қоры көбейтілді. Жергілікті бюджеттен ішкі орам жүйелері жөнделді. Өткен жылы қала тұрғындарының арыздары бойынша жылу алмаған үйлердің құбырлары ауыстырылды. Бүгінгі күні тұрғын үйлердің жылу жүйесіндегі орын алған ақауларды жоюға 7 бригада жұмылдырылып отыр. «Кентау сервис» мекемесінің кезекшілік бөлімі 24 сағат бойы жұмыс атқаруда. Қатты және сұйық отын қоры жеткілікті. Қазір температураны төмен ұстап отырмыз. Себебі, тұрғын үйлердегі жүйелерде орын алған ақауларды слесарларь жөндеп жатыр. Егер температураны жоғарылатсақ, олар күйіп қалуы мүмкін. Бәрі реттелген кезде, жылуды температуралық режимге сай береміз. Алаңдауға еш негіз жоқ, — деді Арман Басаров. Брифингте аталған бөлімнің жыл бойы атқарылған жұмыстары да кеңінен сөз болды. Яғни, қала мен қалаға қарасты ауылдардағы көшелер орташа және ағымдағы жөндеу жұмыстарынан өтті. Абай даңғылы мен Ынтымақ алаңы, С.Қожанов саябағы абаттандырылды. Заманауи үлгідегі сандық бағдаршамдар мен көшелерге жарықшамдар орнатылды. Ішкі істер бөлімі тарапынан анықталған қажетті жерлерге 60 дана жол белгілері қойылды. Қала көшелері бейнебақылау жүйесі арқылы бақылануда. Жасыл желектерді егу, баптау жұмыстары да жоспарға сай атқарылып жатыр
http://zhebe.com/