АЛТЫНОРДА
Новости

Жыраулық, жыршылық өнер – бабадан қалған асыл мұра

Газетіміздің өткен жылғы №46 (1147) (15-21 қараша, 2012 ж.) санында ақын Мыңбай Рәштің «Жыраулық дәстүр неге жалғасын таппай отыр?» деген мақаласы жарық көрген болатын. Автор бұл дүниесінде ауыздан-ауызға тарап, ғасырлар бойы тот шалмас алтындай жарқыраған жыраулық-жыршылық дәстүрдің жалғасын таба алмай отырғандығына алаңдаушылық білдірген еді.
Автордың алаңдаушылығы орынды. Ертеректе жыраулар ел өмірінде ерекше рөл атқарды. Олар қанкешті соғыстарға араласып, қаһармандық ерлік көрсетті. Ханның ақылшысына, кеңесшісіне айналды. Ал «Алпамыс», «Қобыланды», «Қамбар», «Көрұғлы» секілді басқа да жыр жауһарларын орындаушы жыршылар сөз қорының сан алуандығымен, ділмар-шешендігімен, тіпті әнші, күйшілігімен ерекшеленген. Өкініштісі сол, жырау мен жыршылардың қатары күн санап азайып бара жатпаса, көбейіп келе жатқаны байқалмайды. Олай болса, өнердің осы ғажап түріне қолдау, қамқорлық көрсету – парыз.
Аталған мақала жарық көргеннен бері редакциямызға хабарласып, көтерген мәселені қолдаушылар көп болды. Олардың ішінде әнші Ұлжан Байбосынова, ғалым Сәрсенбі Дәуітов, жазушы-ғалым Нұрдәулет Ақыш және басқалар бар. Біз бүгін көтерілген тақырыпқа орай белгілі жыршы-термеші Алмас Алматовпен жүргізілген сұхбатты оқырман назарына ұсынып отырмыз.

Алмас АЛМАТОВ, жыршы, Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры

Алмас АЛМАТОВ, жыршы, Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры

Ұлтқа ұлт тілі қымбат. Ұлт тілінің тамырын тереңге жайып, одан әрі нығайып, бекуінде жыраулық-жыршылық дәстүрдің де алар орны ерекше екенін ұмытпағанымыз абзал.

– Сіздің ойыңызша, дәстүрлі жы­раулық өнер қай кезеңдерден бастау алады?
– Жыраулық дәстүрдің тарихи бас­тауын сонау Күлтегін, Тоныкөк, біздер айтып жүрген Орхон Енисей жазуларынан, ғылымда дәлелденіп жүрген, сына тасқа қашап жазылған Естеміс-Бұмын қағандарға арналған мадақ жырларынан аңғаруға болар. Ондағы сөз тіркестері де, ондағы мадақ та жыраудың аузынан шыққан деуге толық негіз бар. Одан кейінгі кезеңдерде өткен Қорқыт ата, Сыпыра жырау, Кетбұға, Асан қайғы, Шалкиіз, Доспамбет, Қазтуған, Үмбетей, Бұқар жыраулардың тізбегі жалғасады. Тек жыраулар сөзінде биік рух бар. Жыраулар елдің мұң-шерін, арман-мақсатын еш бүкпесіз, ашық айтады. Олардың азаткерлік рухы дәуірдің қыспағына бой бермеді, бастары ноқтаға сыймады.
Қазіргі таңда мені «Бай мәдени-музыкалық мұрамыздың бүгінгі қоғамда мәдени-әлеуметтік үлес салмағы бар ма, дәстүрлі орындаушылардың рухани-ағартушылық жетекші факторға айна­луы­ның жолдары қандай?» дейтін сұрақ мазалайды. Әрине, бұл мәселені шешуде көп жұмыстар атқарылып жатыр. Кешеуілдеп жатқан жұмыстарымыз одан да көп.
– Кешеуілдеп жатқан жұмыстар көп дедіңіз, ол қандай жұмыстар?
– Біз тіл туралы, дін туралы, діл туралы көп айтамыз. Ал бізге жеткен мыңжылдық мәдениет туралы айта бермейміз. Оны айтатын жыраулар, жыршылар, әншілер мен күйшілер. Біз ең әуелі рухани кеңістікті байыту үшін қоғамдағы дәстүрлі өнер өкілдерінің еліміздің жоғары оқу орындарында кәсіби білікті маман есебінде оқып, білім алуын қадағалауымыз керек. Бүгінгі күні Жетісу өңіріндегі жыршылық, жыраулық дәстүр осы өңірдегі консерваторияның және оқу орындарының арқасында дамып тұр. Демек, Маңғыстаудан, Оралдан, Ақтөбеден, Сыр бойынан, Түркістаннан, Тараздан, Алматыдан, Орталық Қазақстаннан, Өскеменнен, қара Ертістің бойындағы өнер оқу орындарынан дәстүрлі музыкалық өнер мамандығын ашу кезек күттірмейтін мәселе. Өйткені консерваториядан, Қазақ ұлттық өнер университетінен және Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінен шығып отырған оқытушы-мамандардың бұл жұмыстарды ұйымдастыруға күш-қабілеттері жетеді. Тек ұлттық өнерге деген сол жердегі ел басқарып отырған азаматтар мен жоғары оқу орны басшыларының мың жылдық мәдени мұрамызға деген ықылас, ілтипат, құрметі ғана керек. Өкінішке қарай, былтыр Қызылорда облысының Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетіндегі жиырма екі жыл жұмыс істеген «дәстүрлі музыкалық өнер» кафедрасы жабылып қалды. Әрине, кафедраның жабылуы арқамызға мұздай батты. Өйткені «Сыр елі – жыр елі» дейміз. «Сыр – Алаштың анасы» деп Елбасының өзі айшықтап берген мәтел сөзіне орай, біз қаншалықты жұмыс істегенімізбен, бүгінгі қиыншылықтар бұл өнердің де дамуына әзірше кең жол ашып отырған жоқ.
– Өнерді дамытуға не кедергі болып отыр?
– Бірінші мәселе – бұл мамандықтарға мемлекеттік гранттың өте аз бөлінуі, оқу ақысының шамадан тыс қымбат болуы. Қорқыт ата университетінде жұмыс істеген уақытымда соңғы үш-төрт жылда 5В040400 «дәстүрлі музыкалық өнер» (түрлері бойынша) мамандығына арнайы бөлінетін мемлекеттік грант көлемі республика бойынша 2010 жылы бесеуден, 2011 жылы сегізден асқан жоқ. Талай жастарымыз Қорқыт ата университетінде, консерваторияда, Қазақ ұлттық өнер университетінде, сол секілді Түркістандағы халықаралық Қазақ-түрік университетінде бұл кафедра бойынша мамандық алып отыр. Ал енді айналдырған бес-алты грант кімге жетеді? Топ қылып сабақ беру үшін ақылы негізде талантты балаларды шақыру керек. Ақылы негіз 400 мың теңгеден 500 мың теңгеге дейін. Ал өнерге кім келеді, өнерге бизнесменнің немесе саясаткердің баласы келмейді. Бизнесмен мен саясаткер баласын өнерге, оның ішінде жыр өнеріне бермейді. Өнерге келетін ауылдағы қарапайым халықтың ұлдары мен қыздары. Олардың қолында қайбір қаржы бар дейсің?! Ал біз оларға ата-бабаңның өнерін оқытамыз дейміз де 400 мың теңге ақша талап етеміз. Міне, дүниенің теріс айналып кеткен жері. Бірақ соның бәрін басқаша ойластыруға болатын еді. Мысалы, облыстық бюджеттен субсидиялап, облыс бойынша он бес балаға қаржы бөліп, ертең еңбегімен қайтаратындай тіршілік жасауымыз керек еді. Өйткені Сыр елінің өнеріне нағыз жаны ашитын Сыр елінің азаматтары ғой. Күні бүгінге дейін Маңғыстау өңіріндегі жыраулық, жыршылық дәстүрдің қайнаған тайқазаны да дәл осындай жағдайды бастан кешіп отыр. Бойында қаны бар сол елдің азаматтары алдымен осыны қолға алу керек еді. Жыраулық, жыршылық өнерді атадан балаға мирас-мұрат тұтқан талантты ұл менен қыз осының салдарынан ауыл түк­пірінде қалып жүр. Міне, осындай-осындай өзекті өртейтін ащы шындық айтылмай қала береді. Сол секілді Ақ­төбе облысындағы жағдай да осыған ұқсас. Бізде өнерді бағалау мен өнердің аражігі ашылмай қалуда. Бір сөзбен айтқанда, біз бар өнерімізді төрге шығара алмай отырмыз. Біздің шенеуніктеріміз «бүгін Біржанның, Кененнің әніне, Жамбылдың жырына сусайық» дегенді айта алмай отыр. Тағы бір мәселе, үлкен сахналардағы концерттерде әншінің бір шумақ пен бір қайырымды айтып тұруы. Осының салдарынан бір шумақ, бір қайырымдық әншілер пайда болды. Өйткені режиссер сценарийін солай дайындайды. «Уақытты үнемдеп жатырмын» дейді. Ал ол өнер өзінің сахнасында халықпен қауышып тұрудың орнына әркімнің босағасында жүр. Біз өстіп жүріп ұлттық өнердің киесінен айырыламыз.
– Мұндай жағдайға жеткізбеу үшін не істеуіміз керек?
– Сол үшін де біз қазақтың ұлттық өнерін, оның бүгінгі жай-күйін ақылдаса отырып, болашақта қазақ елінің рухани кеңістігіндегі даму бағыты, оның түркі халықтарының мәдениеті мен өнерінің деңгейіндегі орны төңірегінде жұмыс істеуіміз керек. Қазір мемлекетте үлкен-үлкен бағдарламалар мен жобалар іске асырылып жатыр. Мысалы, Түркі академиясының құрылуы, бұған дейін «Мәдени мұра» бағдарламасы қабылданды. Дәл осы кезде дәстүрлі орындаушылармен бірлесе арнайы бағдарлама жасап, күйшілер мен әншілердің, жыраулардың барлық мұраларын экспедициялық жұмыстармен жинақтап, жүйелеу, ғылыми негіздеудің бағытын пәрменді қолға алу керек. Әр аймақта бүгінгі жыршылық дәстүрдің өкілдері бар. Өскеменде Дүйсенғазы Нығметжанов, сол секілді Маңғыстауда Жақсылық Елеусінов, Амандық Көмеков, Ұзақбай жырау, Жеткізген Сейітов. Бұлар бір ғана Маңғыстау түбегіндегі аға буындар. Даңғайыр күйші Сержан Шәкіратов, Ақтөбедегі Феруза Нарманова, Гүлмарс Аманбаева секілді өнерпаздар, Оралдағы Қатимолла Бердіғалиев ағамыздың айналасындағы өзінің шәкірттері, Сыр бойындағы бүгінгі көзі тірі абыз жыраулар Бидас Рүстембеков, Рысбек Әшімов, Құрманбек Бекпейісов сияқты үлкен-үлкен мектептің өкілдерінің ортамызда тірі жүруі біздің байлығымыз. Сол се­кілді мына Қаратау өңіріндегі Болатбек Ердәулетов, Аяз Бетбаев, Жармабай секілді өнер дүлдүлдерін ел біледі. Жетісу өңі­рінде де Төрткен апамыз бастаған Кенен Әзірбаевтың мұраларын насихаттап жүрген кісілер бар. Осы жерде айта кеткен орынды болар, Астанада жаңадан опера және балет театры пайдалануға беріліп жатыр. Енді ескі К.Байсейітова атындағы опера және балет театры «Дәстүрлі музыкалық өнер театры» болып құрылса қандай жақсы.
– Қазіргі уақытта тәрбиелеп жүрген шәкірттеріңіз бар ма?
– Сыр бойындағы шәкірттерге келсек, әрине, Құдайға шүкір бар. Біздің кафедраны бітіріп шыққан шәкіртіміз, филология ғылымдарының кандидаты Ұлжан Байбосынова қазір консерваторияда «Халық әні» кафедрасының меңгерушісі. Феруза Нарман Ақтөбедегі педагогикалық институттың жыраулар класында. Сол секілді Еуропаның әлемге танымал концерттік залдарында қазақтың жыршылық, жыраулық өнерін насихаттап жүрген Шолпан Бейімбетова, Руслан Ахметов, Серік Жақсығұловтарды атауға болады, сондай-ақ 3-курстың студенті Күнсұлу Түрікпенова халықа­ра­лық конкурстардың бірнеше дүркін лауреаты. Мінеки, жас өркен өсіп келе жатыр.
– Жыраулық өнерге жастарымыздың ұмтылысы қандай?
– Қазақ ұлттық өнер университеті жанындағы «Халық әні» кафедрасында дәріс беріп жүрмін. Талантты жастардың жыршылық, жыраулық өнерге деген ұмтылысы жоғары. Басқа мамандықтың студенттері де біреуі домбырашы, біреуі қобызшы, біреу актерлік мамандықты оқып жүріп, жырға келеді. Жырға мамандығын тастап келіп жатқан жоқ, «белгілі бір мерзімге маған да сабақ қойыңызшы» деп келеді. Бұны көрген уақытта кеудеңді шаттық кернейді. Қазақтың ұлы мен қызының бойындағы таланты, табиғатындағы әсемдік, ашылмай тұрған ішкі мәдениеті біздің сом алтын дүниеміз. Жастарымыздың ғылымға, білімге, өнерге деген құштарлығы қуантады.
– Бүгінгі күні дәстүрлі музыкалық өнер зерттеліп жүр ме?
– Әрине, дәстүрлі музыкалық өнерімізді зерттеп жүрген ғалымдарымыз бар. Біздің университет жанында Қорқыт ата атындағы ғылыми-зерттеу институты жұмыс істейді. Оны профессор Мырзатай Жолдасбеков ағамыз басқарып отыр. Бұл институттың фольклорлық-лабораториялық орталығының басында белгілі өнертанушы, өнертану ғылымдарының кандидаты Базаралы Мүптекеев деген азаматымыз отыр. Бұған дейін сол орталықтың негізін қаласақ, енді Қытай елін, Моңғолияны мекендеген қазақтардың музыкалық мұраларын жинақтауды қолға алдық. Қаратау өңірінің ақындық-жыраулық өнерін зерттеуде Елікбай Иса деген студентіміз еңбек етіп жүр. Қайрат Байбосынов ағамыз да тиісті қамқорлық көрсетіп келеді.
Түркі халықтарында жиі қолда­нылатын кейбір аспаптардың қазаққа да тән екендігін дәлелдеп, зерттеп жүрген азаматтарымыз жетерлік. Зерттеу жұмыстарына жастардың белсене қатысатыны қуантады.
– Әңгімеңізге рахмет!

Бейбітгүл ӘБДІҒАППАРҚЫЗЫ

http://anatili.kz/?p=12060