Иракта «Ислам мемлекеті» (ИМ) содырларына тұтқын болған езид қыздар мен әйелдер зорлық-зомбылықтан құтылу үшін өзіне қол жұмсаған. Бұл жайында Amnesty International жариялаған жаңа есепте айтылды.
Баяндама Ирактың солтүстігінде ИМ тұтқынынан қашып шыққан езид қыздар мен әйелдердің айтқан мәліметтері негізінде жасалған.
«ТОЗАҚТАН ҚАШУ»
«Тозақтан қашу» деп аталатын есеп желтоқсанның 23-і күні жарияланды. «Ислам мемлекеті» террористік ұйымының содырлары тамыз айында Ирактың солтүстігіндегі Синджар аймағын басып алып, күрдтердің езид тайпасының жүздеген өкілін тұтқынға алған еді. Тұтқындардың көбі әйелдер мен балалар болатын. Олардың 300-ге жуығы тұтқыннан қашып шықты.
Amnesty International ұйымына сұхбат берген 42 әйел ИМ содырларының тұтқындарды сұмдық жағдайда ұстап, үнемі ұрып-соғып, зорлап, қорқытып отырғанын айтқан. Әйелдер содырлардың оларды күштеп некелестіргенін, жыныстық құлдыққа салғанын жасырмаған.
Amnesty сөйлескен қыздар осындай азаптан соң өздеріне қол жұмсамақ болғандарын немесе қорлыққа шыдамаған кейбір қыздардың өздеріне қол салғанына куә болғандарын баяндаған. Қашып шыққан қыздар мен әйелдердің бірнешеуі содырға сатылған (күйеуге берілген – ред.) Жилан есімді 19 жасар қыздың өзін өзі өлтіргенін айтады.
Луна есімді қашып шыққан бойжеткен Жилан екеуінің бір топта, яғни 21 қыздың бір бөлмеде отырғанын айтты. Олардың ішінде 10 және 12 жасар екі қыз бала да болған. Жилан опат болардың алдында содырлар тұтқын қыздарға «би көйлегіне ұқсас киім» таратады. Лунаның айтуынша, «бір еркектің алып кеткелі жатқанын білген» Жилан өзін-өзі өлтірген.
Amnesty International ұйымына сұхбат берген 27 жастағы әйел сіңлісі екеуін бір содырдың «бауырымыз екеумізге тұрмысқа шықпасаңдар, сатып жібереміз» деп қорқытқанын айтады. Бұдан соң қыздар мойын орамалдарына асылып өлмек болған.
«КӨНБЕГЕНДЕРДІ ҰРЫП-СОҒУ»
Тағы бір жас әйел құқық қорғау ұйымына ИМ содырларының «тұтқындағы еркектердің әкетуіне қарсы шыққан қыздарды қорқытып, ұрып-соққанын» айтқан. Әйелдің сөзіне қарағанда, кейбір қыздарды электр тоғымен азаптаған.
Енді бір қыз «содырлардың тұрмысқа шықпаған қыздарды баласы бар және кәрі әйелдерден бөлек ұстап, жас қыздарды сатумен айналысқанын» баяндаған. Тұтқыннан шыққан әйелдердің айтуынша, «содырлар жүкті және баласы бар әйелдерді де біреуге мәжбүрлеп қосқан немесе зорлаған».
Қамаудан аман шыққан әйелдер мен қыздардың айтуынша, «оларды ұрлаған немесе сатып алған еркектердің көбі — ирактықтар мен сириялықтар». Дегенмен еркектердің арасында араб тілді мемлекеттер мен шетелдіктер де болған. Amnesty International-ға сұхбат берген қыздардың төртеуі австралиялық содырлардың үйінде тұтқында болғандарын айтты.
Езид қыздарды сатып алғандардың бәрі ИМ содырлары деуге келмейді. Мосулдың бір тұрғынының айтуынша, қыздарды сатып алғандардың ішінде жергілікті кәсіпкерлер де бар. Сұхбат бергендер «еркектер бізді әйел-балаларының үйлеріне алып барды» дейді.
«ҚҰЛДЫҚТАН ҚАШҚАНДАРҒА КӨМЕК КЕРЕК»
ИМ тұтқынынан шыққан қыздар мен әйелдердің кейбірі жарақат алған. Олардың туыстарының айтуынша, «кейбірі әлі де өзіне қол жұмсағысы келеді».
Тұтқыннан қашқан 16 жасар қыз Ранданың айтуынша, оны содырлар әуелі зорлаған, содан кейін сатқан. Анасы мен сіңлісі әлі Мосулда тұтқында отыр, ал 10 жасар бауыры мен туысқан әпкесі Тал-Афарда қолға түскен. Ранданың айтуынша, содырлар тұтқынында болған кезде анасы бала тапқан. Ол «ИМ біздің өмірімізді талқандады» дейді.
Amnesty International құлдықтан босаған әйелдердің «ауыр күйзелісте» екенін жазады. Ұйым «Бұл күйзелісті жеңуді былай қойғанда, көбінің отбасы мүшелері әлі күнге ИМ тұтқынында отыр. Одан бөлек, олар басқа жерге келгендіктен, жаңа мекенге бейімделулері керек» дейді.
Тұтқында болған әйелдердің туысқандары «езид дәстүрінде некеден тыс жыныстық қатынас пен басқа діндегі адамдарға тұрмысқа шығуға тыйым салынғандықтан, көрген қорлықтары қыздардың кейінгі тағдырына әлеуметтік тұрғыда кері әсер ететінін» айтады.
Amnesty жасаған баяндамада Ирактың күрдтер автономиясы парламенті спикерінің езидтер мәселесі бойынша кеңесшісі Халида Халидтың осы айдың басында «қашып келген әйелдерді туыстарының айыптауы, шеттетуі ықтимал екенін» мәлімдегені де жазылған. Халид «күрд парламентінің құлдықтан шаққан әйелдерді қорғау шарасын қарастырып, зорлық құрбандарына жасанды түсік жасатуды заңдастыру керек екенін» айтқан.
Amnesty International Ирактың Күрдістан аймағы үкіметі мен БҰҰ-ны барлық зорлық-зомбылық құрбандарына жан-жақты қолдау көрсетуге шақырады. Ол жәрдемге жарақатты емдеу, психологиялық көмек, заңды түрде түсік жасату, ана денсаулығын сақтау және басқа да шаралар кіреді.
(Йоанна Паражчуктың мақаласын ағылшын тілінен аударған – Динара Әлімжан)
http://www.azattyq.org/content/iraq_yazidi_wamen_raped_by_is/26759866.html