«Зульфия Чиншанло тұрмысқа шықты» деп хабарлады vesti.kz. Ауыр атлетші арудың неке қию рәсімі биылғы жаздың алғашқы айында жасырын түрде өткен көрінеді. Әлемнің екі дүркін және Олимпиада чемпионы өмірлік серік болуға қытай азаматын таңдапты.
Қазақ жұртын қайран қалдырған шынашақтай Чиншанлоның сөзіне қарағанда, екі жас бір-бірін бұрыннан таниды екен. Олар ең алғаш Қытайда ауыр атлетикамен айналысуды бастаған жылдары танысқан. Болашақ күйеуі оған ұдайы демеу көрсетіп келіпті. Бірі Қазақстанда, екіншісі Қытайда жүріп жаттығатындықтан кездесуге уақыттары болмаған, тек жылына бір рет демалысқа шыққанда ғана көрісіп тұрған. Қалған уақытта интернет арқылы хат жазысып келген.
Зүльфия Чиншанло Олимпиадада жеңіске жетіп, Қазақстанда дүркіретіп жатқанда болашақ күйеу Алматыға келіп, Азаматтық хал-актілерін жазу орталығында тіркеуге тұрған. Дүркіретіп той өткізуді екеуі де қаламаған соң, бұл оқиға елеусіз қалған көрінеді. Қуаныштарына жақын-жұрағаттары мен достарын ғана шақырып, кішігірім дастарқан басында атап өткен. Журналистердің елді басына көтеріп, жарыса жазғанын қаламаған болуы керек.
Осылайша екінші қыз да теңін тапты. Бұған қазақтан бұрын Қытай жұрты қуанып жатқан болар.
Айқын-ақпарат