[:kz]
Талдықорған қалалық сотында этникалық қазақ (ҚХР-ның азаматы) Сайрагүл САУЫТБАЙДЫҢ Алматы облыстық көші-қон қызметі басқармасының жанынан құрылған комиссия жұмысына қатысты түсірген шағымына байланысты сот отырысы өтті. БАҚ өкілдерінен басқа сотқа Сайрагүлді қолдау үшін 100 ге жуық адам келді. Алдын ала бекітіліп, сот отырысы өтуі тиіс бөлме тарлық еткен соң, процесс өтетін зал ауыстырылды. Алайда, халық оған да толық сыймады.
Қытайдан шекараны заңсыз кесіп өтті деп айыпталған Сайрагүл Сауытбай осыған дейін Қазақстан билігінен босқын мәртебесін беруді сұраған болатын. Бірақ бұл өтініш қанағаттандырылған жоқ. Сайрагүл мен оны қолдаушы топ соттан шешімді заңсыз деп танып, оған босқын мәртебесін беруді сұрап отыр. Осыған дейін ақпанның 15-де бұл іске қатысты Талдықорған қалалық сотында алдын ала тыңдау өткен болатын. Судья шешімімен келесі отырыс наурыздың 11-де өтуі тиіс еді. Алайда, белгіленген мерзім тағы да кейін шегеріліп, 2- ші сот отырысы бүгін наурыздың 28-де өтті.
Істі қараған судья Бейбіт ТҰРЫСОВ тараптарды сот тәртібімен таныстырған соң, сұрақ-жауапқа кезек берді. Жауапкер ретінде бұл сотқа облыстық көші-қон басқармасының жалғыз өкілі мен облыстық полиция департаментінің 2 бірдей қызметкері келген екен. Бірінші боп сөз алған Сайрагүл Сауытбайдың адвокаты Айман ОМАРОВА қорғауындағы азаматтың не үшін босқын мәртебесін сұрағаны туралы мәселеден бастады. Бұл сұраққа жауап берген Сайрагүл Сауытбай 20 жыл бойы Қытайдың бас партиясына мүше болғанын, шекараны кесіп өтерден бұрын 2 жыл бойы биліктен төлқұжатын сұрап, ала алмаған соң, заң бұзуға мәжбүр болғанын айтты. Ал мұндай қадамға 2016 жылы елге қоныс аударып, Қазақстан азматтығын алған балалары мен жұбайына жету себеп болғанын түсіндірді. Сондай-ақ, оның діни ұстанымы үшін тәртіп сақшылары тарапынан қысым көргені айтылды. Сот барысында саяси қуғынға ұшырағанын Сайрагүл Сауытбайдың өзі де растап, судьядан босқын мәртебесін беру туралы талап арызды қанағаттандыруды сұрады.
«Қытай халық Республикасында менің құжатымды мәжбүрлі түрде зорлықпен тартып алды. Бірақ заңсыз әрекетке барғанымды мойындаймын. Ондай қадамға не үшін барғаным түсінікті ғой. Бірақ, елге оралған соң маған жаза тағайындалды. Оның бәрін өтеп шықтым. Маған босқын мәртебесі керек. Берілмеген жағдайда Қытайға қайтуға мәжбүрмін. Ал ол жақта мені тек өлім күтіп тұрғаны анық», — деді Сайрагүл Сауытбай.
Көші-қон басқармасы жанынан құрылған комиссия жұмысына байланысты сөз алған талапкер Сайрагүл Сауытбай сотта біраз былықтың бетін ашқандай болды. Оның айтуынша, 2018 жылы қазанның 4-де өтеді деп жоспарланған жұмыс тобының отырысы алдын ала шешім шығарған. Ал, комиссия отрысы болмай жатып босқын мәртебесі берілмейтіні туралы оның бұрынғы адвокаты Абзал ҚҰСПАН айтқан екен.
«Маған 2018 жылы қазан айының 3-і күні сол кездегі қорғаушым Абзал Құспанов телефон шалып, шешімнің шығып қойғанын айтты. “Саған босқын мәртебесі берілмейді, бірақ сен ешкімді шулатпай сабыр сақтап тұра тұр. Бұл мәселе енді Астанада шешіледі” деп айтты. Ертеңіне комиссия отырысына барғанда өзін Жандоспын деп таныстырған ҰҚК қызметкері де жеке шақырып, дәл сол сөзді қайталады. Отырыс барысында мен әкелген құжаттарға ешкім қараған жоқ, яғни, менің Қытай тарапынан қысымға ұшырағаным туралы келтірген дәлелдеріме ешкім құлақ аспады», — дейді Сайрагүл Сауытбай.
Комиссия мүшелерінің қатарында көші-қон басқармасынан бөлек облыстық денсаулық сақтау басқармасы, білім басқармасы, «Нұр-Отан» партиясының мүшесі болғаны айтылды. Сондай-ақ, БҰҰ-ның 2 өкілі болған екен. Адвокат Айман ОМАРОВАНЫҢ сұрақтарына жауап берген көші-қон басқармасының өкілі, комиссия мүшесі болған полиция подполковнигі Әсем ЕГІЗБАЕВА өз жауабында кібіртіктеп қалды.
Адвокат Айман Омарова
-Сіздер қанша Сайрагүл Сауытбайға босқын мәртебесін беру мәселесін қанша уақыт қарадыңыздар? Шағымданушыны тыңдауға уақыт жеткілікті болды деп есептейсіз бе?
-15 минутта шешім шығардық… Кешіріңіз, егер істі қанша уақыт қарағанын сұрасаңыз, шамамен 1 сағат уақыт кетті.
-Сонда сіздер 1 сағатта Қытайға Сайрагүлдің шынымен азапқа ұшырағаны туралы материалдарға сұраныс беріп үлгердіңіздер ме?
-Ол қызметтік құпия, біз оған жауап бере алмаймыз.
-Ол құпия заңмен бекітілген бе? Егер оған қатысты бұйрық не заң болса көрсетіңізші.
-Бұйрық бар. Бірақ оны дәл қазір көрсете алмаймын. Келесі сот отырысына әкелуге тырысам.
Сайрагүлдің сөзінше, комиссия отырысына топқа мүше болмаған ҰҚК өкілдері де қатысқан. Алайда, сол комиссияда болған талапкерлер олардың болғанын нақты айта алмады. Адвокат топ мүшелерінен Сайрагүлмен қалай сұқбаттасқаны туралы бейнежазбаны да сұратты. Алайда, комиссия өкілдері оны сотқа әкелмегендерін жеткізді.
«Бұл видео келесі сот отырысында да болмайды. Мен бұған сенімдімін. Себебі, бұл материалда барлық дәлел бар. Яғни, біріншіден, біз ол отырыстың қалай өткенін толық көре аламыз. Екіншіден, ол жазбада бөгде адамдардың болғанын не болмағанын анықтауға мүмкіндік туады. Сондықтан, аталған видео келсі сотта болмайтынына сенімдімін», — деді С. Сауытбайдың адвокаты Айман ОМАРОВА.
Сотқа қатысты талапкерлер тарапынан материалдың жеткіліксіз болуына байланысты судья сот отырысын кейінге шегерді. Ал, сотта Сайрагүл Сауытбайды қолдау үшін келгендер келесі сот процесінде оң шешім шығады деген үміттеміз дейді.
«Бүгінгі сотта бұрын айтылмаған дүниелер мәлім болды. Осындай дәлелдер келтіріп жатқанда судья әділ шешім шығарады деп санаймыз. Бұл сотта әділдік орнамаса біз аталған оқиғаны халықаралық аренада көтеретін боламыз», — дейді “Атажұрт” еріктілер тобының мүшесі Қайрат БАЙТОЛЛАҰЛЫ.
Еркін РАҚЫШЕВ, қоғамдық белсенді: «Көші-қон басқармасы тарапынан көптеген заң бұзушылықтардың болғанын естідік. Одан кейін менің тағы бір түсінбейтінім. Өткенде ғана ҚР прокуратурасының өкілі қытай жағы Сайрагүлді сұратып жатқан жоқ, яғни, олардан ондай өтініш болған жоқ деп мәлімдеме жасаған. Сонда Қытай сұратпай жатса біз үшін қандай кедергі бар? Не үшін қызымызға босқын мәртебесі берілмей жатыр. Сонда біздегілердің мақсаты оны зорлап Қытайға беріп жіберу ме? Біз оған жол бермеуіміз керек.»
Сайрагүл Сауытбайдың адвокаты егер сот шешімі шағымды қанағаттандырмаса демократия принциптерді ұстанатын мемлекеттің бірінен босқын мәртебесін сұрайтынын мәлімдеді. Ал келесі сот отырысы сәуірдің 8-і күні сағат 11 де өтеді.
Фотолар автордікі.
[:]