[:kz]
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы әлем бойынша коронавирустың таралуына байланысты қазақстандықтарға үндеу жасады деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Мәлімдеме басқарманың ресми сайтында жарияланды.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы бүгінде бүкіл әлем халқына коронавирус қаупі үрей сеуіп, дерттің өзінен гөрі күннен-күнге өршелене түскен дақпырты мен дабылы дүние жүзін дүрліктіріп жатқанын атап өтті. Аталған дерттің біздің елімізде белгілері жоқ болғанымен, діни басқарма азаматтарды сақтанып жүруге шақырды.
«Сақтансаң – сақтаймын» демекші, төрткүл әлемге түгел қауіп төндірген дертке немқұрайлық танытып, немкетті қарау – өзіміз үшін ғана емес, жанымыздағы жандардың өміріне де әсерін тигізері бек мүмкін. Осы орайда, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы еліміздің әрбір азаматын қоғамдық орындарда тазалық ережелерін сақтап, өз денсаулықтарына асқан мұқияттылықпен мән беріп, сақтанып жүруге шақырады.
Алла Тағала қасиетті Құранда адамзат баласына: «Өздеріңді өз қолдарыңмен қауіп-қатерге салмаңдар», – деп ескерту жасаған. Алла берген аманат – өз өміріміз бен денсаулығымызға дұрыс күтім жасамай, қауіп-қатерге көзсіз ұрынар болсақ, түбінде опық жейтініміз сөзсіз», – делінген ведомствоның мәлімдемесінде.
Бұл туралы Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзінің бір өсиетінде: «Кімде-кім есінесе қолымен аузын жапсын, өйткені зиянды нәрселер аузына кіреді», – деп бұйырған.
Сондай-ақ, шариғатта жұқпалы аурулардың жай көзге көрінбейтін зиянды күші барын, білінбей тарайтынын және аурудың етек алуын тоқтатуда карантин қажет екені атап айтылған. Өйткені, Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) адам баласының өзіне де, өзгеге де зиян келтуруіне қатаң түрде тыйым салған.
Сонымен қатар, діни басқарма аурудың белгілері пайда болған жағдайда қоғамдық орындарға бармауға кеңес береді.
«Құрметті, отандастар! Сізде жөтел пайда болып, бойыңызда дене қызуының жоғарылауы байқалса немесе тыныс алу қиынға соққан жағдайда, дер кезінде дәрігерге жүгінуге, сондай-ақ қоғамдық орындарға, тіпті мешітке келуді тоқтатып, құлшылықтарыңызды үйлеріңізде орындауға кеңес береміз!», – делінген хабарламада.
Айта кетейік, коронавирус салдарынан Әзірбайжанға әуе рейстері қысқартылғанын жазғанбыз.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының соңғы мәліметіне сәйкес, коронавирустың салдарынан Қытайдан өзге елдерде 7169 адам зардап шекті.
[:]