[:kz]
Мемлекеттік хатшы Ерлан Қарин Қазақстан президенті жанындағы жастар саясаты жөніндегі кеңестің жаңа құрамын жариялады. Желідегі парақшасында хабарлаған тізімнің қатарында бірқатар елге танымал жастар да бар, деп хабарлайды ozgeris.info порталы Orda.kz сайтына сілтеме жасап.
Тізімде Қаңтар қырғыны кезінде белсенділік танытқан кәсіпкер Дамир Аманжолов пен «Ирина Кайратовна» тобының режиссері Қуаныш Бейсеков бар. Сонымен қатар, журналист, экономист Дәулет Мұқаев та құрам қатарына қосылған. Қариннің айтуынша, құрамға кіргендердің барлығы жастар арасында бедел мен сенімге ие жандар.
«Құрамға қоғамдық белсенділер, жас ғалымдар мен кәсіпкерлер, өңірлердің, ауыл және шығармашыл жастардың өкілдері, «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантының иегерлері, президенттік жастар кадрлық резервінің мүшелері, жастар ұйымдарының көшбасшылары кірді.
Олардың барлығы өз саласының танымал кәсіпқойлары болып табылады, өзекті жастар проблемаларымен жақсы таныс, жастардың әртүрлі санаттары арасында беделге және сенімге ие» делінген Қаринның жазбасында.
Сондай-ақ, Қарин жаңа құрамының атқаратын қызметі туралы да жазба да түрте кеткен.
«Жаңа команда жастар саясатын жетілдіру бойынша тұжырымдамалық құжаттар мен практикалық ұсынымдар дайындауға қатысатын болады. Жақында біз кеңес мүшелерімен ZOOM-кездесу өткіздік, жақын арадағы жоспарлар мен жұмыс форматын талқыладық. Ел дамуының жаңа кезеңінде кеңес жастардың күн тәртібін жүйелі ілгерілету және қазақстандық жастардың проблемаларын кешенді шешу үшін пәрменді алаңға айналады деп сенемін» деп жазды мемлекеттік хатшы.
Ozgeris.info порталы
[:]