АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:kz]»Қазақстан — Ресейдің сыйлығы»: Қазақстандық депутаттар ресейлік шенеуніктің сөзіне қарсы жауап берді[:]

[:kz]

 

Ресей Думасының депутаты, тарихшы, профессор Вячеслав Никоновтың «Большая игра» бағдарламасында айтқан сөзі қазақстандықтардың наразылығын тудырды. Ресейлік шенеуніктің даулы сөзі жайлы сарапшылар не дейді? Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Еуразия бірінші арнасына хабарлайды.  

Дума депутатының бұл сөзі, тіпті, оның отандастарына да жақпаған сыңайлы. Мәселен, ресейлік тарихшы шекараны бөлуде тарихи негіз есепке алынды дейді. 

«Кеңес одағынан шыққан республикаларға жерді сыйға тартқан деп көлгірситіндерді түсінбеймін. Иә, кеңес одағында республикалар арасындағы шекаралар бірінші кезекте экономикалық негізде бөлінді. Тұтас бір облыс басқа республикаға өтіп кете беретін. Ол шикізат немесе су ресурстары болмаса энергетикалық мәселелермен байланысты еді. Бірақ Одақ тарады. Республикалар өз тәуелсіздігін алды. Және олардың шекаралары енді экономикалық емес, тарихи себеппен айқындалатынын кейбіреулер түсінгісі келмейтін сияқты», — деді тарихшы Максим Шевченко. 

«Солтүстік Қазақстанда адамдар тұрмаған деуі барып тұрған оңбағандық. Жалпы бүкіл солтүстік облыстарымызда бәрін түгел қазақтың 30-жылдары аштан қырылған қазақтардың сүйегі жатыр», — деді Сұлтанхан Аққұлұлы. 

Сенатор Мұхтар Құлмұхаммед мырза да Никоновтың тарихтан жаңылуына күмән туғызып, оның сөздерін тұтас халыққа тілдеу деп бағалады.

«Ресми тарихқа үңілсек 1465 Қазақ хандығы дүниеге келген болса, Ресей деген мемлекет кезінде Алтын Ордадан бөлініп, Алтын орданың бір сынығы ретінде 1721 жылы деме қазақ хандығы ресей империясынан әлдеқайда 2-3 ғасыр бұрын құрылған», — деді тарихшы Сұлтанхан Аққұлұлы. 

Шовинизм туғызатын қатерлердің бірі сепаратизм. Оның қатерін 90-жылдары Қазақстан сезінді және дер кезінде тойтарыс бере алды. Бұл турасында мәжілістің вице-спикері, кезінде қауіпсіздік комитетінің генералы болған Владимир Божко ойымен бөлісті.

«Мен «Ұлттық Қауіпсіздік комитетінде жүрген кезімде әріптестеріммен бірге — ұлтаралық алауыздықты қоздырып, Қазақстан аумағының тұтастығына күмән туғыза отырып, бір бөлігін елден жырып алуға тырысқан сепаратистік пиғылдағы тұлғаларды қолға түсірдік. Мәселен Шығыс Қазақстан облысында бұлғақ жасамақ болған Казимирчук пен оның серіктері, Көкшетаудағы Антошко тобы сотталды. Ресейдің ФСБ қызметімен бірлесе отырып, танымал Лимонов пен оның Национал-Большевистік партиясы тобының біздің территорияда «Екінші Ресей» өлкесін құру әрекеттерінің жолын кестік», — деді Владимир Божко. 

Сарапшылар шовинистік пиғылдағы құбылыстар әр кезде болатынына сенімді. Сол Никоновты ертесінде-ақ тағы бір Дума депутаты Федоров мырза қостай кетті. Ізінше оған Жириновский үн қосты. Аталған тұлғалардың елімізге қарата дөң айбат көрсетуі бүгін ғана емес. Бірақ тәуелсіздік мерекесі қарсаңында айтылған сөз батты ма, әйтеуір еліміздегі бірқатар депутаттар  бірден қарымта мәлімдеме жасады. Сыртқы істер ведомствосы болса Ресей дипломатын шақырып алып, наразылық нотасын жолдады. Бұдан аңғаратынымыз былайғы уақытта біздің билік көрші елдегі тентек саясаткерлердің еркелігін көтеруге құлықсыз.  Айтпақшы ТМД басшыларының жиынында президент Тоқаев қазіргі құбылмалы әлемде байыпты саясат жүргізе отырып еліміздің ұлттық мүддесін қатаң түрде қорғайтын боламыз деп мәлімдеді. Ал тұңғыш президент болса осы аптада үндеу жасап, кезінде Абылай айтып кеткен ойды жеткізді.

«Біз Алтайдан Атырауға, Алатаудан Арқаға дейінгі ұлан-ғайыр атырапты мекендеген баһадүр бабалардың ұрпағымыз. Үстірт пен Қарт Каспийдің жағасын, Сыр мен Ертістің арасын алып жатқан байтақ даланың заңды мұрагеріміз. Бұл ата-бабамыздың аманаты. Бабадан мирас болған қастерлі жерімізді сақтау, тәуелсіздігімізді баянды ету, еліміздің жарқын болашағы үшін қызмет ету бәріміздің асыл борышымыз», — деді Нұрсұлтан Назарбаев.

 

[:]