[:kz]
Мәжіліс Қазақстан үкіметі мен Қытай үкіметі арасындағы ҚХР жеңілдікті кредит беру туралы негіздемелік келісімді ратификациялау туралы заң жобасын мақұлдады
Қазақстан үкіметі шекарадағы өткізу пунктерін жаңғыртуға Қытайдан 2 миллиард юань (100 миллиард теңге) қарыз алуды жоспарлап отыр, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Бүгін мәжілістің жалпы отырысында Қытайдың Эксимбанкінен қарыз алу бойынша келісімді ратификациялау заң жобасы қаралды. Премьер-министрдің бірінші орынбасары – қаржы министрі Әлихан Смайыловтың айтуынша, қарыздың жалпы сомасы 2 миллиард 65 миллион юань, яғни теңгеге шаққанда 100 миллиард теңгеге жуық.
«Өткізу пунктері құлағалы тұрған жоқ. Қазір біздің кедендік өткізу пункттері тәулігіне 450 көлік қана өткізуге қабілетті.
Біз осы қабілеттілікті 5400 автокөлікке дейін жеткізуді жоспарлап отырмыз. Бұл дегеніміз бюджетке қосымша салық, екіншіден, Қазақстанның транзиттік хаб ретінде әлеуетін ұлғайтады», — деді Смайылов мәжіліс кулуарында.
Министр Қытай алдында бұдан бөлек мемлекеттік қарыз жоқ екенін атап өтті. Тек қаржы министрлігінің берілген кепілдіктері бар.
«Мемлекет тарапынан Қытайдан кредит алынған жоқ. Бірақ қаржы министрлігі берген кепілдіктер бар, яғни миллиард 200 миллион доллар шамасында. Бұл Қытайдың Эксимбанкінен және Қытайдың мемлекеттік даму банкінен автожол жобаларын іске асыруға тартылған кредиттермен байланысты», — деді ол.
Мәжіліс депутаттары Қазақстан үкіметі мен Қытай үкіметі арасындағы ҚХР жеңілдікті кредит беру туралы негіздемелік келісімді ратификациялау туралы заң жобасын мақұлдады.
[:]