[:kz]
Қазақстанда суррогат анаға «эмбрион» эко квотасы арқылы салынуы мүмкін. Ал келіншектерге аталық ұрықты «шежіре қарап» таңдап алу мүмкіндігі беріліп отыр. Яғни, балаңыздың қандай рудан болуы керек екенін тек өзіңіз шешесіз. Құны кемінде 1 миллион 200 мың теңге тұратын жасанды ұрықтандырудың бұл процедурасы келесі жылы 7 мың адамға квота арқылы жасалынатын ескерген мамандар, пациенттердің жас шамасы мен денсаулығына байланысты талаптарды кеңінен қарастырып жатқандарын айтады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі «31» арнаның «Информбюро» бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
23 жылдан бері бала сүйуге зар болған әйелдің ендігі үміті — ұрықтандыру жолымен бала сүю. Жолдасы болмағандықтан эко орталықта дайын, тексерілген ұрықты құрсағына салдыруға бел байлапты. 43 жастағы әйелдің басты талабы баланың арғы ата тегі «найман» руынан болуы керек екен.
«Квотаға жасым келмейді, сондықтан оған жүгінбедім. Ақылы түрде экоға ұрық салдыруға келісім жасадым», — дейді ол.
Квота күтпей, тезірек бала сүйгісі келетіндердің бірі — 36 жастағы Тойдық Ілиясова. Жолдасымен келісе келе эко салдырған. Ол жасанды ұрықтандыру көмегімен бірнеше рет бала көтере алмай жүрген жұптарға суррогант ананың көмегі керек-ақ деп ойлайды.
«Көп адамның жағдайы келе бермейді, қалтасы көтере бермейді. Мысалы, қаншама адамдар келгісі келеді. Қаражаты жетпейді. Ал квотаны күтсе әркімге әрқалай айтады, біреуге жарты жыл күту керек, екі ай, бір жыл, солай», — деді Тойдық Ілиясова.
Суррогант анаға ұрықты эко орталықтар арқылы квотамен салтыру және донорлық ұрықты алатындарға қатысты мәселе «Аңсаған сәби» бағдарламасы іске қосылады дегеннен бері қызу талқыланып жатқан көрінеді.
«Мнистрлікке жазып та, айтып та жатыр, донорлық ұрық алатындар да осы квотаға кірсінші деп. Суррогант ана әлі кіріп тұрған жоқ, бірақ кірген жағдайдың өзінде бағдарламасы ғана квотаға кіреді», — дейді Репродуктивтік медицина институтының репродуктолог-дәрігері Ләззат Айтқожина.
Жатаыр түтікшесі жоқ немесе одан ұрық өтпейтін әйелдер мен белсіздікпен ауыратын ер адамдарға квота қарастырылып келсе, енді денсаулығында өзге де кінәраты бар жұптар кіреді екен. Сондай-ақ, дәрігерлердің айтуынша, пациенттердің де жас шамасы ұзартылады.
Жалпы, эко орталыққа келетін 100 адамның кемінде 30-ы ұрықты сатып алуға мәжбүр болады екен. Бастысы шежіресіне қарап ұрықты таңдап алу мүмкіндігі беріледі.
Дәрігерлердің айтуынша, келесі жылы берілетін 7 мың квотаның 40 пайызы оң нәтиже берсе елдің демографиясына әжептәуір әсер етеді.
[:]