[:kz]
Былтыр 8 ай ішінде Қазақстанда балалар зорлығы 48% өскен
Америкалық сексуалды зорлыққа қарсы күрес жүргізетін Ұлттық орталық әлемдегі әрбір алтыншы еркек өмірінде бір рет өзі қаламайтын сексуалды қатынасты бастан өткеретінін айтады. Алайда, зерттеулер әйелдердің зорлық құрбанына айналуы ерлерге қарағанда 15 есе жоғары екенін көрсетіп отыр. Біздің қоғамда да қыздарға қатысты зорлық жайлы жиі айтылғанмен, ұлдар тарапы көретін тұрмыстық, сексуалдық зорлық сол күйі қалады.
Azattyq Rýhy тілшісі сексуалды зорлық құрбанына айналған қыз-жігіттердің, сондай-ақ, оларға көмек көрсететін маманмен тілдесті.
АУЫЛДАҒЫ УЧАСКЕЛІК ПОЛИЦИЯ ЗОРЛАҒАН
Алматылық Диас 13 жасында көршісінен зорлық көрген және ол әлі күнге дейін психологиялық жарақатын емдеп жүр.
— Қазір 28 жастамын. Бұрын болған оқиғаны есіме түсірсем, қол-аяғым дірілдеп, паникаға түсіп кететінмін. Білікті психотерапевтердің көмегінен кейін өзімді, қорқынышымды жеңдім. Менің хикаям туралы жақындарым білмейді. Өзіңіз білетіндейғ біздің қоғамда зорлық-зомбылық тек әйелдердің ғана басынан өтеді. Мені жасым 13-те кезінде бірге ойнап жүрген досымның әкесі зорлады. Жасөспірім күнімде мен арық, нәзіктеу болатынмын. Сол кезде өзін еңгезердей еркекпін деп жүрген айуанға шамам келмегеніне және оның маған көрсеткен ісі туралы ешкімге айта алмайтыныма қысылып, қорландым. Оның үстіне ол біздің ауылдың учаскелік полициясы еді. Маған «Бұл туралы біреуге айтатын болсаң, сені тірі қалдырмаймын» деді. Сол күннен кейін менің мінезім де, өмірім де күрт өзгерді. Мен достарымнан бөлектене бастадым, сабағым да, тәртібім де нашарлап кетті. Өзіме жиіркенішпен қарай бастадым. Тіпті бірнеше рет өмірмен қош айтысқым келген. Бірақ отбасымда ұлдан жалғыз болғандықтан, ата-анамды ойладым.
25 жасқа дейін мен өз қайғыммен жүрдім. Кейін зорланған адамдардың өзімен қалай жұмыс істеу қажеттігіне қатысты интернеттен түрлі ақпараттар оқып, психолог маманға бардым. Содан соң тұрмыстық зорлық құрбандарына тегін ақыл-кеңес беріп, қолдау білдіретін қауымдастыққа қосылдым. Онда өзім сияқты зорланған қыз-жігіттердің талайын көрдім және өзімнің мұндай азапты арқалап жүрген жалғыз адам емес екенімді ұғып, трагедиямды қабылдадым. Бірақ зорлықшыны кешіре алмадым. Қазір ауылдағы ата-анамның үйіне көп бармаймын, барсам өзіме зорлық көрсеткен адамды көретінім анық және енді оның сазайын беруге шамам жетеді. Бірақ ол үшін қылмыскер атанғым келмейді. Бір түсінгенім, зорлықшының арнайы белгілері, оның қатыгез адам екеніне қатысты ерекшеліктері болмайды. Мәселен, маған зорлық көрсеткен қылмыскердің көпшілік алдындағы қылықтарына қарасаң отбасы бар, ешкімді ренжітпейтін, мәдениетті, ақылды «ақкөңіл ағашка». Сосын бізде тұрмыстық зорлық құрбандары тек қыз-келіншектер деп қана ойлайды. БАҚ-тағы ақпараттар, көмек қолын созатын ұйымдар мен орталықтардың барлығы дерлік әйелдерге арналған. Еркектердің де сексуалды зорлыққа ұшырайтынын ұмытып кеткен сияқты. Мен баратын орталықта 22-25 жасында да зорлыққа ұшыраған жігіттер бар және олар өз проблемасын айта алмағандықтан, түрлі кедергілерге ұшырап, қоғамнан бөлектеніп кеткен. Тіпті бір жігіт 10 жасында өзін зорлаған немере ағасын пышақтап, қазір түрмеде отыр.
«ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАР СЕКСУАЛДЫ ЗОРЛЫҚТЫ ҚАЛЫПТЫ ДЕП ҚАБЫЛДАЙДЫ»
Журналист Мөлдір Албанды 18 жасында сыныптасы зорлаған. Біраз уақыттан кейін өз оқиғасы туралы қоғамға ашық айтқан әріптесіміз досымен бірігіп, тұрмыстық зорлыққа ұшырағандарға қолұшын созатын SVET қоғамдық қорын құрған.
— 18 жасымда сексуалдық зорлық-зомбылық көргенмін және сол оқиғадан кейін бірнеше жыл уақытымды психологиялық жарақатымды емдеуге жұмсадым. Өзіммен арпаласып, жастық шағымның біраз бөлігін өткізіп алдым. Сол үшін де өзім осы жолды таңдадым. Қорқыныш-үрейімді психологтың көмегінсіз өзім жеңгеннен соң, басқаларына да көмектессем деймін. Біздің елде тұрмыстық зорлық-зомбылықты, сексуалдық зорлық-зомбылықты қалыпты жағдай сияқты қабылдайды. Оның физикалық, психологиялық салдары бар екенін байқағысы келмейді. Мен зорлық-зомбылық болған оқиғадан бірнеше жыл өткеннен кейін 2 мәрте өзіме қол салмақшы болдым. Біріншісінде тамырымды кестім, екіншісінде дәрілер қабылдадым. Екі жағдайда да дер кезінде көмек көрсетіліп, тірі қалдым. Одан кейін 10 жылдай паникалық шабуылдардан зардап шегіп, талма ауруына ұшырадым. Оны әріптестерім, басқа айналадағы адамдар байқаған жоқ. Өйткені, біз оны жанұямызбен жасырдық десек те болады. Оның үстіне, мен сол ауруымның бірнеше жыл бұрын өткерген зорлық әрекеттерінен пайда болған жарақаттың кесірінен деп ойлаған жоқпын. Бірақ білікті профессорлармен сөйлескен соң, жарақат салдарынан пайда болған ауруымнан емделдім.
Біздің қоғамдық қор 2018 жылдан бастап жұмыс істеп жатыр. Осы үш жыл ішінде 80-ге жуық адам көмек алды. Олардың арасында қыздар да, жігіттер де көмек сұрап келеді. Ер адамдар туыстарынан немесе жасы үлкен әйелден, қарым-қатынастағы адамынан сексуалдық зорлық көреді.
ЗОРЛЫҚ ҚҰРБАНДАРЫ БОЛҒАНДАРҒА КЕҢЕС
— Мүмкіндігінше психолог кеңесіне жүгінгені дұрыс. Бірақ, оған жеткенше қажетті қаражат жинағанша құрбыларымен бөлісіп, шер тарқатса біраз жеңілдеп қалар еді. Онда да өзін түсінетін адам болғаны дұрыс. Сезімдеріне баға беріп, «ұмыт, жаңа өмір баста!» дейтін адамдар көбіне зиян тигізеді. Егер ешкімі болмаса, феминистік ұйымдар мен біз сияқты психологиялық және әлеуметтік көмек көрсете алатын ұйымдарға жүгінген жөн. Тағы бір кеңес — болған жайды айналаңмен күнде бөліскен де біраз жеңілдік әкеледі.
Жәмилә Сарыбай — зорлық құрбандарына көмек қолын созатын қауымдастықтың психологы. Маман садизм мен зорлыққа деген бейімділік адамда бала кезден болатынын айтады.
— Зорлық көрсетушілердің арнайы портреті жоқ. Бірақ оларға ортақ мінез — ашушаңдық, қатыгездік, қорқақтық. Мұндай адамдар табиғатынан ригидті психологияға бейім және олардың есте сақтау қабілеті жақсы. Сексуалды маньяктардың көпшілігі бала кезінде анасына қажет болмағандар. Және сексуалды зорлықтың ең көбі – жұбайлық өмірде жиі орын алады. Бірақ біздің елде менталды ерекшеліктерге байланысты, бұл туралы айту табу болып саналады. Одан бөлек, Қазақстанда педофил құрбаны болған, бала кезінде әйелдер тарапынан зорлық көрген ұл балалар көп. Бірақ қоғам оларды жоқ деп есептейді. Бізде тұрмыстық зорлық тек әйелдердің басынан ғана өтетін сияқты. Шындығында зорлық көрген жігіттер де жетерлік. Бірақ олар көп жағдайда өз қайғысын психологтың көмегімен емес, спирттік ішімдік, анашамен басуға тырысады. Кейбіреуі өзі байқамастан садистке айналып кетеді. Көп жағдайда зорлықшылар мен құрбандар таныс болып келеді. Сондықтан, жасөспірім ұл-қыздарыңызды жақындарыңыздың үйіне қонуға жібергенде абайлаған дұрыс.
Алдыңызға қандай да бір танысыңыз зорлық құрбанына айналғанын айтып келер болса, барынша рухани қолдау білдіруге тырысыңыз. Сіздің жылы сөзіңіз, оның сырын құпиялықта сақтап, қажет кезде қол ұшын созғаныңыз ондай адам үшін баға жетпес қолдау.
Айжан Қалиева, Нұр-Сұлтан
[:]