АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:kz]Қазақстанға 17 жылдан кейін қосылған Бағыс пен Хиебон халқы қалай тұрып жатыр — фото [:]

[:kz]

Қазақстанға көп жылдан кейін ресми түрде қосылған Бағыс пен Хиебон халқы қалай тұрып жатқанын біздің материалдан оқи аласыздар

 Мамыр айында Түркістан облысының шекарасын кеңейту туралы үкімет қаулысы шықты. Оған сәйкес, Бағыс пен Хиебон ауылдары облысқа ресми түрде қосылды. Бұған дейін 800 гектарда отырған екі ауылдың халқы заң жүзінде еш жерде көрсетілмеген, картаға да түсірілген жоқ. 17 жыл бұрын Қазақстан мен Өзбекстан арасында шекара орнатылса да, Бағыс пен Хиебон осы уақытқа дейін тастанды баланың тағдырын кешті. 230-дан астам шаңырақтың құжаты да болмады.

Sputnik Қазақстан тілшісі Қазақстанға ресми түрде қосылған ауыл тұрғындарына хабарласып, мәселенің мән-жайын білді.

Бағыстың өз биі бар

Бағыс ауылы Сарыағаш ауданының Ақжар ауылдық округінде орналасқан. Өзбекстанның шекарасы тиіп тұр. Осы ауылда 250 шаңырақ бар. Халықтың саны – 1 400 адам. Олардың біреуі — Абидолла Құсайынов. Ауылдың тумасы 37 жасында би болып сайланды. Ол бұрынғы би-шешендер сияқты дау-дамайларды шешпейді. Бірақ қызметтік міндеті ұқсас, халықтың мүддесін қорғайды. 

Бағыс ауылы
© PHOTO : ЖЕРГІЛІКТІ ТҰРҒЫНДАР ҰСЫНДЫ
Бағыс ауылында 250 шаңырақ түтін түтетіп отыр

«Қазір жасым – 54-те. 2002 жылдан бастап осы ауылдың биі қызметін атқарамын. Бұл ресми қызмет емес.  Оған халықтың өзі сайлайды. Менің міндетім – ауыл тұрғындарының мәселесін шешу. Олар маған келіп, жағдайын айтады. Мен болсам, әкімшілік пен халықтың арасында шапқылап, мәселені шешіп жүремін. Өз ауылымызда әкімшілік жоқ қой», — деді Құсайынов Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұхбатында.

Бағыстың көптен бері шешілмей келген бір үлкен мәселесі болды. Ол – ауылдың ресми мәртебесі. Сөз жүзінде Ақжар ауылдық округіне қараса да, құжат жүзінде еш жерге бағынбады. Жүздеген үй тіркеуге алынған жоқ. Ал тұрғындар туған-туыстың мекенжайын пайдаланған. Сөйтіп, Қазақстан картасында жоқ ауылда тұрып, жұмыс істеп келген.

Бағыс ауылы
© PHOTO : ЖЕРГІЛІКТІ ТҰРҒЫНДАР ҰСЫНДЫ
Ауылдан Өзбекстан шекарасы алыс емес

«Біз бұрыннан бері Қазақстанға қараймыз ғой. Өткенде «Өзбекстанға қараған ауылдар Қазақстанға қосылды» деп ақпарат таратты ғой. Негізі, ол дұрыс емес. Ауылдағы адамдардың барлығы – Қазақстан азаматтары. Осы елде зейнетке шығып, осы елдің жалақысын алып отыр. Басқа ұлттар жоқ, 100 пайыз қазақ тұрады. Мәселе мынада, ауыл бұрыннан бері Қазақстанға қарайды, ал ауылдың жері Өзбекстанға қарады. 2004 жылы екі елдің шекарасын демаркациялау жұмыстары атқарылды. Сол кезде 750 гектар жер Қазақстанға өткізілсін деген келісім болған, шекараны белгілеп, сымдарын да тартып кетті. Осы 750 гектардың ішінде Бағыс ауылы да бар», — деп атап көрсетті Құсайынов.

Бағыс ауылы
© PHOTO : ЖЕРГІЛІКТІ ТҰРҒЫНДАР ҰСЫНДЫ
Шекара 17 жыл бұрын тартылса да, Бағыс ауылы құжат жүзінде енді ғана қабылданып отыр

Осылайша, шекара 17 жыл бұрын тартылса да, Бағыс ауылын құжат жүзінде енді ғана қабылдап отыр.

«Осыны біз де түсінбей, дел-сал болып отырмыз. Аудан әкімшілігіне, облыс әкімшілігіне талай рет бардық. «Сіздер әлі картада жоқсыздар, шекараның ратификациясы біткен жоқ» деп, созбалап келді ғой. 250 үйдің тең жартысында құжат болмаған. Ал тіркеуге тұрмасаң, жеке құжат та бермейді. Сөйтіп, бәрі туған-туыстарын паналап жүрді. Заңдастыру науқаны кезінде құжат алып үлгерген үйлердің өзі заңсыз деп танылды. Себебі кадастрлық нөмірін басқа ауылдың нөмірімен беріп жіберген. Оны базаға салса, мүлдем басқа ауыл шығады. Ал картаға түспегесін кадастрлық нөмір берілмейді», — дейді ауылдың биі.

Бағыс Түркістан облысына қосылғасын ауылдың құқықтық мәртебесі бекітілді. Жақында үкімет басшысының орынбасары Ералы Тоғжановтың өзі барып, үйдің құжаттарын рәсімдеуге тапсырма берді.

Ауылда түйткілді мәселе көп

Қазақстанның сыртқы істер министрлігі де Бағыс ауылына жақын жердегі шекараның демаркациясы 2004 жылы жасалғанын растады. Енді, Қазақстан мен Өзбекстан арасында шекараны демаркациялау туралы келісімшарт рәсімделуі керек. Оған бір-екі жылдай уақыт кетеді. Алайда осы келісімшартты күтпей-ақ, Бағыстағы жер учаскелерін рәсімдей беруге болады. Ауылдың құқықтық мәртебесін бекітуге де ешбір кедергі жоқ. Осы мәселе талай рет көтерілсе де, үкіметке енді ғана жетіп, өз шешімін тауып отыр. Ал 17 жылдың ішінде Бағыста біраз мәселе жиналып қалды. Соның бірі – тозығы жеткен мектеп. Балалар төрт ауысыммен оқиды.

Бағыс ауылы
© PHOTO : ЖЕРГІЛІКТІ ТҰРҒЫНДАР ҰСЫНДЫ
Ғани Мұратбаев атындағы №23 мектеп

«Бізде Ғани Мұратбаев атындағы №23 мектеп бар. 1947 жылы салынған ғой, әбден тозығы жеткен. Сеймологтар оны апаттық жағдайда тұрғасын жауып тастады. Ал 2003 жылы алты бөлмесі бар қосалқы ғимарат салынған болатын. Сол жерде 430 бала төрт ауысыммен оқиды. Қайта карантин кезінде онлайн сабақтар болды. Мектепте негізгі пәндер ғана өтті», — дейді Құсайынов.

Оның айтуынша, жаңа мектептің жобалық-сметалық құжаттары дайын. Сараптамадан да өткен. Бірақ қаржы бөлінбей жатыр. Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов президентке келесі жылы Бағыста 300 оқушы сыятын мектеп салынады деп есеп берген. Ауыл халқымен кездескенде құрылысы сәуір-мамыр айында басталады деді. Бірақ әзірше ешқандай өзгеріс байқалмайды. Бағыстың балалары болса, жаңа мектепті асыға күтіп отыр. Газ да тартылады деген уәде болған.

Бағыс ауылы
© PHOTO : ЖЕРГІЛІКТІ ТҰРҒЫНДАР ҰСЫНДЫ
Бағыс ауылындағы ескі мектеп

«Табиғи газдың құбырлары үйлерге тартылып, есепке қойылған. Оған үш-төрт жыл болып қалды. Бірақ газ берілмей, игі бастама аяқсыз қалып қойды», — дейді Құсайынов.

Ауылға интернет кабельді де тартқан. Алайда мердігер жұмысты бастап кеткенде жоғары жақтан картада жоқ ауылға бөлінген қаржыны қайтаруды талап етті. Сөйтіп, интернет тарту жұмыстары да тоқтап қалған. Қазір ауыл тұрғындары мобильді интернетті пайдаланып отыр.

«Бірақ жарық өшсе, интернет те өшіп қалады. Бізде инженерлік желілер әбден тозған ғой. Сымдар да, трансформатор да ескірген. Содан жарық үнемі өшіп қалып отырады. Ауыз су мәселесі де өте қиын. Бұрын таудағы бұлақтан құбыр тартылған. Оған мал да, жан да қарап отыр. Жоғары жағымызда арна бар еді. Содан су алып тұрдық. Бірақ шекара бекітілгесін ала алмай қалдық», — дейді Құсайынов.

Бағыс ауылы
© PHOTO : ЖЕРГІЛІКТІ ТҰРҒЫНДАР ҰСЫНДЫ
Бағыс ауылы

Бағыс ауылы шекараның дәл жанында тұр. Алдағы уақытта одан бері қарай 100 метрлік «қызыл сызық» түседі деген әңгіме шығып жатыр. Оған төрт-бес үй кіріп тұр. Соның бәрін көшіреді.

Бүгінде ауылдың халқы егіншілікпен айналысады. Мал шаруашылығына қажетті жонышқа мен жүгері өсіреді. 20-30 адам мектепте жұмыс істейді. Ауылда шұжық цехы да бар. Ал жастардың көбісі қалаға кетіп жатыр.

Бағыс ауылы
© PHOTO : ЖЕРГІЛІКТІ ТҰРҒЫНДАР ҰСЫНДЫ
Бүгінде ауыл халқы егіншілікпен айналысады

Хиебон — ауыл емес

Түркістан облысына қосылған Хиебон Сарыағаштың дәл жанында орналасқан. Оны Құркелес ауылдық округінің Ақниет елді мекеніне қосып отыр. Хиебон халқы да өз биін сайлап қойған. Ол – 66 жастағы Файзрахман Жақыпов. Оның айтуынша, бұрын Хиебонның жерін Өзбекстанға жалға берген. Ал шекара сызылып, ресми түрде бекітілгесін Қазақстанға қайтарылды. Өзбекстанның шекарасы бір шақырым шалғай жерде өтеді. Ал аудан орталығына дейін 500-ақ метр. Теміржолдың арғы жағына өтсе, Сарыағаш тиіп тұр.

«Біздің шығысымыз да, батысымыз да, солтүстігіміз де Қазақстан, ал рәсімдеуді енді ғана қолға алып жатырмыз. Шекараны сызғанда осыны өзімізге қалдырдық та, 37 гектарды басқа жерден бердік қой. Ойпырмай, өзбектер сол жерге сым тартып, көлікпен өтетін жерін кірпішпен қалап тастаған ғой. Бәрінің азаматтығын беріп, сол жылдың өзінде жерді рәсімдеп алды. Біз болсақ, «Ай, болады ғой» деп жүрдік. Содан бері 16 жыл да өтті», — дейді Жақыпов.

Оның айтуынша, Хиебон — бұл ауылдың атауы емес, бұрын Өзбекстан жерінде болған Ілияс Омаров атындағы совхоз көшесінің жалғасы болған. Ал шекара сызылғасын көше екіге бөлініп, 23 шаңырақ Қазақстанда қалды. Қазір ол жерде 120-дан астам адам тұрады. Үкіметтің соңғы қаулысынан кейін оны Ақниет елді мекенінің көшесі ретінде жалғастырып әкетуге шешім қабылданды. Өйткені екеуі бір-біріне жақын орналасқан.

Хиебон Құркелес ауылдық округінің Ақниет елді мекеніне қосылды
© PHOTO : ЖЕРГІЛІКТІ ТҰРҒЫНДАР ҰСЫНДЫ
Хиебон Құркелес ауылдық округінің Ақниет елді мекеніне қосылды

«Біз өзіміз «Хиебон» деп айтпаймыз. Ол өзбекше ғой. Құркелес ауылдық округінің Ақниет елді мекені Кескен көшесі болады. Жай көше болады. Енді, 23 үйге ауылдың мәртебесі берілмейді ғой. Ауыл болсақ, кадастр алу керек. Проблем көбейіп кетеді. Одан да арықтың арғы бетінде тұрған Ақниетке қосыла салған дұрыс қой», — деп атап көрсетті Жақыпов.

Бүгінде жергілікті тұрғындардың бәрі Сарыағашта тіркеуде тұр. Балалар Құркелес ауылдық мектебінде оқиды. Қалада білім алатындар да бар. Үлкен кісілер диқаншылықпен айналысады. Егін егеді, қырыққабат, картоп пен сәбіз өсіреді. Теміржолда жұмыс істейді.

«Комисссия келіп, мемлекеттік актіні шығарып береді деді. Техникалық төлқұжатын рәсімдейді. Үйлерді ресми түрде қабылдайды. Артынан құжат береді. Сөйтіп, Қазақстанға ресми түрде қосыламыз», — дейді ол.  

Бүгінде Кескен көшесінде газ да, су да, жарық та бар. Үйдің құжаттарын рәсімдегеннен кейін жолды жөндесе, көшенің сәні кіреді.

[:]