[:kz]
Таяуда әлеуметтік желілердің бірінде жұртты елең еткізген бейнежазба жарияланды.
Онда Қожанова Зәуреш Нұрғалиқызы деген ақтаулық зейнеткер еліміздегі ушығып тұрған өзекті мәселелерді айтып, Елбасыдан жәрдем сұраған. Біз қараша халықтың қамын жеп, Президентке Үндеу жолдаған кейуананың айтқандарын қаз-қалпында жариялауды жөн көрдік.
«Саламатсыз ба, құрметті Назарбаев Нұрсұлтан Әбішұлы! Нұрсұлтан аға, сіздің Елбасы болып отырғаныңызға мен қуанамын. Сізге денсаулық, аманшылық тілеймін. Әрбір қазақтың баласы бізге сіздей болып қызмет жасаса, Қазақстан әлдеқашан гүл болып кетер еді.
Менің қарным ашатыны, Қазақстанның тең жартысының айтатындары өтірік, істейтіндері ұрлық. Билік басында, креслода отырған азаматтарымыздың көбісі ақшаны жеп, бюджеттің, қара халықтың ақшасын тонап, шетелге қашып, қашпағандары абыройлары жұрдай болып, түрмеге түсіп жатыр.
Мен зейнеткермін. Ақтауда тұрамын. 60 мың теңге пенсия аламын, бірақ ол түкке жетпейді. Тамақ күнде көтеріліп жатыр. Доллар өсті деп тамақтың да бағасы күніге көтеріліп барады. Енді оның арты не болады, білмейміз. «Квартирная услуга» және қымбат. Дәріханадағылар бізді тонап жатыр. Алған пенсиямыздың 50-60 пайызы аптекке кетеді. Кілең халық пен үкіметті тонаушылар адым жерден аптека ашып, білген бағаларын қойып, қара халықты, пенсионерлерді теспей сорып, қанын ішіп жатыр. Ақшамыз жетпейді, аға! Өмір сүру қалай болады, білмеймін.
Енді менің сізге айтар өтінішім, мына стоматология жағы. Стоматолог-врачтарға таң қаламын. Олар диплом алатын кезде ұрлық жасамаймын, адамдарды тонамаймын, науқастардан ақша алмаймын деп Гиппократқа ант береді дейді. Бірақ олар білгендеріне салып жатыр. Адым жерде стоматология ашып алған, білген бағаларын айтып, әбден семіріп, жемсауларын толтырып отыр. Біз стоматологияларға жолай алмай қалдық, он километр қашық жүретін болдық. Бармайық десек, аузымызда бір тіс жоқ, асқазанымызға тамақ бітеу кетіп, ауырып жүр. Барсақ, бір тісті жұлу 7-8 мың, тісті емдеу 15 мың, протез 25 мың теңге дейді.
Осылай жандарына жолап кетсең кобра жылан сияқты шағып алады. Жолай алмай, қасқа болдық, аға! Тым құрығанда пенсионерлерге мемлекеттік стоматологиядан жүз пайыз тегін демеймін, елу пайыз «скидка» жасап, бізге «простой», жаман тіс болса да қойып берсін. Мен алтын, бриллиант сұрамаймын. Тым болмаса «простой» тіспен біздің аузымызды бүтіндеп берсін. Нұрсұлтан аға, менің сізден сұранарым, өтінерім сол!
Сосын көмектесіңізші, өтініш. Пәлен зауыт, фабрика ашылды, пәленбай мың адамды жұмысқа алып жатыр деп теледидардан мақтанып көп айтады. Оның бәрі өтірік. Оқу бітірген, қолында дипломы бар қазақтың балдарының бәрі бос, жұмыссыз жүр. Жұмыс болмағаннан кейін, әрине, олар жаман жолға түседі, арақ ішеді, наша шегеді, ұрлық жасайды, түрмеге түседі.
Аға, мұнайлы қалаларға шетелден жұмысшылар келіп, 5-6 мың доллар айлық алып, талтаңдап жүр. Ал біздің қазақтың балаларының бәрі бос, жұмыссыз жүр. Бұл қалай болды? Қашан «порядок» болады осыларға, аға?
Менің сізден өтінерім, пенсионерлерге көмектесіңізші, стоматологияны жөнге салыңызшы. Аға, мен сізге денсаулық, амандық тілеймін. Қазақтың сіздей мың азаматы болса, біздің Қазақстан гүл болып кетер еді. Бірақ біздің қазақтың көп жігіттері, әсіресе креслода отырған жігіттері, азаматтары Қазақстанның болашағын, немере, шөберелерінің болашағын ойламайды. Тек қана жемсауын ойлайды, қалталарын ойлайды. Джип мінсем, қаладан он жерден үй алып, квартираға беріп қойсам, миллиардтап, миллиондап жеп шетелге қашсам деп ойлайды. Болмаса абыройлары төгіліп ұсталып, сотталып жатыр.
Барлық зат біздің Қазақстаннан шығады, бірақ еліміздің тұрмысы жақсы емес. Үйсіз қаңғып жүрген де, пәтер жалдап, жұмыссыз жүрген де қазақтар. Бір орыс, бір шешен, бір ингуш, басқа ұлттың біреуі үйсіз-күйсіз қаңғып жүрген жоқ. Бәрінің үй-күйлері, джип машиналары бар.
Біздің қазақтың саны аз, қазақтың келіндеріне ту, ту дейсіңдер. Ол байғұстар туып алып, пәтер жалдап сорлап жүр. Байлары мүгедек, өліп қалады немесе тастап қашып кетеді. Үй-күйсіз, қасқа болып қазақтың қыздары бала-шағаларын баға алмай қаңғырып жүр. Нұрсұлтан аға, бала-шағасымен үй-күйсіз қаңғырып жүрген жалғызбасты әйелдерге, күйеуі мүгедек болып қалған әйелдерге кезектен тыс үй беруге болмай ма? Соларды бір үйлі қылыңызшы. Менің арым, намысым келеді. Анау балаларына да қатты обал болды.
Қазақстанның келіншектеріне айтарым, туа бермеңдер, керек емес. Баға алмайтын болғасын туа бермеңдер. «Еркекке сенбе, екі босағаға сен» дейді ғой. Еркекке де сенбей-ақ қойыңдар, теледидардан айтып жатқан алтын алқаға да қызықпай-ақ қойыңдар. Көп туа бермеңдер, балдар қор болады, қатарынан кем болады. Ішкісі келген асты іше алмағасын, кигісі келген киімді кие алмағасын ол балдар қатарынан кем болады. Сол үшін туа берудің қажеті жоқ. Жағдай жасалса, онда әңгіме басқа. Көп балалы әйелдерге үш-төрт бөлмелі үй беріп, жұмыс тауып беріп, жағдай жасаса, онда тууға болады. Болмаса, бұл не деген масқара?!
Өткенде КТК-дан көрсетіп жатыр, бір келіншек жеті баласымен Алматының көшесінде қаңғырып жүр. Соны көріп мен мына жақта ұялып отырдым. Қазақтың азаматтары, әкімдікте отырғандар, министрлер әр жерден үш бөлме, бес бөлме, он бөлмелі үйді алып, пәтерге беріп тастап отыр. Ал қазақтың әйелдері бала-шағаларын шұбыртып, далада қаңғып жүр. Соны бір тәртіпке келтіруге болмай ма, аға? Көмектесуге болмай ма? Маған үй керек емес, бірақ қазақтың әйелдері бала-шағаларын шұбыртып көшеде жүргеніне менің жаным ашиды, соған қатты арланамын, намыстанамын.
Нұрсұлтан аға, өтініш сізден, осы жағдайларды қарастырыңыз. «Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ» деген, сізді көрер, тыңдар деп мен осыны интернетке салуды сұрадым. Аға, сізден өтінерім осы. Сау болыңыз, аман болыңыз, ауырмаңыз!»
…Міне, ақтаулық зейнеткер әйел қабырғасы қайыса отырып, Президентке осындай Үндеу жолдапты. Кейуананың бұл жанайқайы Елбасының құлағына жетер ме екен?
Дайындаған – Г. ҚАРАТАЙ
.zamana.kz
[:]