АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:kz]Қазекең мен «қасекеңе» қиын болайын деп тұр[:]

[:kz]

«Ет жесең тісіңе кіреді, жемесең түсіңе кіреді» деп сыздана тіс шұқып отыратын қазағым, ендігі жерде осы мәтелдің үтірінен кейінгі бөлігін ғана айтып қала ма деген қауіп бар менде. Қауіптенбей қайтейін, Қазақстан Қытайға жылына 50 мың тонна сиыр етін экспорттамақшы көрінеді. Бұдан бұрынырақта қазақ жылқыларының қазысын мәскеуліктердің тонналап қылғытатынын естігенде, езуімізден майы тамып, өзімізден артылып жатса мейлі ғой деуші едік.
Алматыда жуырда ғана 1200-1300 теңге болған сиыр етінің бағасы жоғарыда айтқан сыбыс шығысымен аспанға секіре бастағаны байқалады. Тіпті қой етінің өзі 1650-1800 теңгеге жеткенін бұрнағы күні ет базарына барғанда өз көзіммен көрдім.
Ал сол маңдағы мал базарында ет сатып тұрған сатушы әйелдің айтуынша, қытайлықтардың жүздеген мал басы мен тонналаған етке тапсырыс бере бастағанына байланысты, жуырда қой етінің бағасы 2400 теңгеге дейін қымбаттайтын көрінеді. Меніңше, бұл қымбаттаудың өзі баға өсуінің басы ғана сияқты. Демек, келешекте ет бағасы кем дегенде 4000 теңгеге баруы әбден мүмкін. Өйткені ішкі нарықта ет өнімі азайып, ал қазірдің өзінде Қытайда бір келі еттің бағасы біздің ақшамен 5000 теңге болса, өсе келе қаншаға барары белгісіз.  Рас, экономикалық тұрғыдан алғанда мемлекет үшін ет экспорттаудың тиімділігі зор, бірақ оның өз халқымызға тигізер әсері мен еліміздің ет экспорттық потенциалы қандай? Егер ет экспорттауға шамамыз келмей қалған жағдайда бұл үрдіс қанша уақытқа созылады? Өзіміздегі мал басы азайып, құрып біткенге дейін бе, әлде үкімет мал басын күрт көбейтіп отырудың жолын тапқанға дейін бе? Әй, қайдам, экспортқа ет шығаруға шындап кіріспеген күннің өзінде, осы уақытқа дейін қаншама миллиондаған қаржы жұмсап, асылдандырып, жасылдандырып жатса да, аса бір алға баса қоймаған мал шаруашылығы ендігі жерде дамып кетеді дегенге сену қиын. Бұл орайда, Елбасының «Ұлт жоспары: 100 нақты қадамның» 61-қадамында ет өндіру мен оны өңдеуді дамыту үшін стратегиялық инвесторларды тарту негізгі міндет екендігін айтқан және шетелдік инвесторлар кеңесінің 28 отырысында аграрлық саланың дамуына көңілі толмайтынын жеткізген пікірін айтсақ та жетіп жатыр. Өйткені солтүстіктегі көршіміз Ресейге жылына 60 мың тонна, тіпті 2020 жылдарға қарай 180 мың тонна ет экспорттау жоспары бұған дейін де болғанын БАҚ жазған болатын. Ендігі жерде Қытай нарығына жол тартсақ, бұл жоба ысырыла тұра ма, әлде осы іспен қатар іске асырыла ма? Егер қатар жүріп отырса, қарапайым халыққа тіптен ауыр тиері анық. Оған өзіміздің сырттан, шетелдерден ет сатып алып отырғанымызды қосыңыз.
2016 жылы Қазақстан сырттан 210 мың тоннаға жуық ет сатып алған. Былтыр шетелден алынған 1 мың тоннаға жуық қой етінің 90%-ы Австралиядан әкелінген. Ал 5 мың тоннаға жуық жылқы етінің 35%-ы Канададан, 22%-ы Аргентинадан, 16%-ы Уругвайдан, 4,5%-ы Ресейден жеткізілген.
Демек, ет экспортының кесірі қарапайым халықтың несібесін аузынан жырып, қақпау үшін, яғни ішкі нарықта ет тапшылығы мен қымбатшылығын тудырмас үшін, еліміздегі мал шаруашылығымен айналысатын шаруа қожалықтарына арнайы квота бөлген дұрыс. Сонымен қатар, дәл осы мал шаруашылығы саласына инвестиция тартып, жайылымдар мен шабылымдарды ұлғайтып, мал бордақылау пункттерін көбейту керек және ондағы жұмысшылар еңбегін ескеріп, ерекше ынталандыру жолдарын қарастыру керек. Болмаса, бізде мал шаруашылығын өркендетіп, жаңа туған бұзауды екі айда тана, жарты жылда сиыр етіп шығаратын «ғажайып» технология бар ма?
Осы орайда, бүгінде сауда нүктелерінен сапалы ет таңдап алудың қиындап кеткендігін де айта кеткен жөн. Өйткені, бәрі болмаса да, біраз жылдардан бері мал сатумен айналысатын көпшілік қандастарымыз мал семіртудің оңай әдісін тауып, пайдаға кенелудің оңай жолына түскендеріне біршама жылдар болғаны көпшілікке мәлім. Олар арық-тұрақ арзан малды сатып алады да, қандай да бір арнайы уколдарын салып немесе жеміне дәрі қосып беріп, айналасы бір-екі айдың ішінде майын іркілдетіп, сатылымға шығарып жатыр. Ал ондай етті сапалысынан ажырататын тұтынушылар қалада некен-саяқ. Бұл жайт нарық заңы көлеңкесіндегі келеңсіздік пе, әлде нарықтың жазылмаған заңдылығы ма, әйтеуір ешкім тексеріп, шара қолданып жатқан жоқ. Ал, меніңше, пайда табу жолында бұндай әрекетке бару — нағыз қылмыс дер едім. Себебі бұл жерде ең алдымен тұтынушының құқығы бұзылып тұр және оның денсаулығына келер зиянды қосыңыз. Міне, қазірдің өзінде осындай пұшайман күйге түскен қазақстандық тұтынушылар ертең еттен тарыққан кезде не болмақ? Әсіресе жыл сайын қысқа қарай соғымын сойып алып, етін жеп, сорпасын сораптап отыратын қазекем мен кейінгі кезде ауылдарға кіріп, қой-қозыны қолқалап кететін «қасекеңе» қиын болайын деп тұр.

Авторы— 
 
kazakhstanzaman.kz
 

[:]