[:kz]
Қазір атқа мініп ереуілдейтін заман емес. Қазіргі заманда атқа мінген батырлардан да ешкім қорықпайды.
Атың өшкір зеңбірек, винтовка, пулемет, автомат деген қарулар шыққалы бері, атом бомбасы бастаған одан да зор аса қауіптілерін айтпағанда, сауыт киіп, садақ, найза ұстаған салт атты батырлардың дәурені әлдеқашан өткен.
Ақ патшаның зеңбірегі мен винтовкасына қас батырымыз Кенесарының өзі қанша жерден қасарысып, қайрат көрсеткенімен түпкі нәтижесі белгілі.
Сосын… Кенесары ханның өзі де темірдің, қорғасын оқтың, соғыс техникасының күшін мойындап, зеңбірек құйғызуға әрекет еткен. Бірақ зеңбірегімен үсті-үстіне төпелген патша әскері Қазақтың соңғы ханы — Кенесарыны Қырғыз жеріне қарай ығысуға мәжбүр етті.
Бірақ Кенесарының қазақ, қырғыз, өзбек бірігіп тұтас ел болайық деген арманы мен жоспарының түпкі мақсатын түсінбеген немесе түсінгісі келмеген сол кездегі Қырғыз манаптары мен Өзбек ханы ақ патшамен ауыз жаласып, әрине, өзімізден шыққан Рүстем төре бастаған шұбар жыландар да бар, ақыры батыр бабамыздың түбіне жетіп тынды.
Қалайық, қаламайық, қазір ғылым мен білімнің, өнертапқыштардың ғасыры.
Жаңа технология дәуірі.
Ал біз болсақ, әлі сол баяғы салт атты сарбаздардың сағымына мәз боп, алыста қалған аңыздардағы «аттанды» айбар тұтамыз.
Жылқы малы, жүйрік ат, құмай тазы, әрине, халқымыздың символы! Тұлпарларымыздың күміспен күптеген ертұрманы мен айыл-әбзелдеріне дейін мақтанышымыз! Көкпар тартқан, бәйгеге шапқан шабандоздарымыздың сайыпқырандарға тән сайыстары да бәрекелді дегізерлік.
Бірақ дүниежүзіндегі барлық дамыған мемлекеттердің де кезінде атты әскері болғанын, олардың да батырлары мен баһадүрлері кеуде қаққанын ұмытпайық. Тіпті, ол мемлекеттердің кейбірінің жылқы малына соғыс кезіндегі стратегиялық құнды көлік, қажетті құрал ретінде қарап, бағалап, аттарды сойып жеуге тиым салып, арнайы бұйрық шығарғанын да еске алайық. Сол жауынгерлердің ұрпақтары жылқы малының етін әлі күнге дейін қазандарына салмайды.
Тағы да ойланайық, мына ғасыр астыңдағы атыңа емес, денеңдегі басыңа сенетін заман. Осы жағына мән беру керек.
Неге жаңа Қазақ елі жаңа технологиясымен, жаңа техникасымен мысын баспайды басынған басқа елдердің Никонов-Федоров-Жириновскийлерін?
«Тұлпар» деген қазақ автомобилін шығарамыз деген арман болған тәуелсіз еліміздің таңсәрісінде. Журналистеріміз осы мәселені талай рет көтерген. Содан бері «Тұлпардың» түр-түрін шығаруға болар еді ғой. Бірақ қазір ТӘУІРЛЕРГЕ ғана арналған ТЕНДЕР-ЖЕҢДЕР деген «теңге-тұлпар» шығып, еліміздегі құрылыс, жол, қызмет көрсету т.б. салаларға бөлінген қыруар қаржыларды еліміздегі жыл сайын арам шөптей өсіп-өркендеп келе жатқан ірілі-ұсақты жемқорлар обырдай опырып жеп, тауысуға айналды. Мысалды алыстан іздеудің қажеті жоқ: Нұр- Сұлтан қаласының қақ ортасындағы қаңқиып тұрған аспалы жол қаңқасы — сол жемқор-обырлардың «Іс бітті, қу кетті!» деген ұранына арналған ескерткіштің нағыз өзі!
Жаңа Үкімет, жаңа Парламент, міне, енді осы жемқорлардың тамырына балта шауып, көздерін жойып, жаңа еліміздің жас ұрпақтары мақтан тұтатын жаңа техникалар шығарып, жаңа технологиялар енгізу жағын ойласа.
Тазик шығара бастағанымызды көрсетті ғой өткенде. Оған арланбайық. Тазиктен «Тұлпар» атты автомыз шыққанша, өз компьютеріміз, өз ұялы телефондарымыз, плазмалық өз теледидарларымыз қашан шетелдерге экспортталғанша аянбау керек!
Көсемәлі Сәттібайұлы
Фейсбуктегі парақшасынан
[:]