[:kz]
ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Телекоммуникациялар комитетінің төрағасы Виталий Ярошенко Imei сервисінің мүмкіндіктері туралы айтты, деп хабарлайды Zakon.kz ҚазАқпарат-қа сілтеме жасап.
— Іс жүзінде сіз үш түрлі тексеру жүргізе аласыз: телефон тіркелген немесе тіркелмеген бе, ЖСН мен телефон арасында байланыс бар ма. Сондай-ақ, осы ЖСН-ға қанша нөмір тіркелгенін білуге болады. Бұл қызметке қазақстандықтар асқан қызығушылық танытып, өз нөмірлерін белсенді түрде тексере бастады, — деді Виталий Ярошенко ОКҚ-да өткен баспасөз жиынында.
Ол біздің елімізде қанша SIM-карта сатып алынғаны туралы статистиканы келтірді.
— Біз Қазақстан бойынша ұялы байланыс операторлары абоненттерінің деректер базасының статистикасын жүргіздік. Жалпы, елде 18 миллион адам тұратынына қарамастан, елімізде 42 миллион SIM-картаны сатылып, жұмыс істеп тұр. Тиісінше, әрбір азамат статистикаға сай 2-3 SIM-карта ұстайды. Бірақ бұл орташаланған есеп. Өйткені кей азаматтар 2-3 нөмірді тіркейді, ал кейбіреулердің атында 30-40 мың нөмірден тіркелгені анықталды. Ол адамдар өздерінің сонша нөмірдің иесі екенін білмеген, — деп толықтырды спикер.
ҚР Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш индустриясы министрлігі әр адамның атына тіркелген телефон нөмірлерін тексеру мүмкіндігі пайда болғанын хабарлаған болатын.
[:]