[:kz]
Кеше «ҚазМұнайГаз» директорлар кеңесінің отырысы өтіп, жаңа ұжымдық құрылымды бекіту туралы шешім қабылданды. Шешім компанияның қаржы жағдайын тұрақтандыру және нарықтық факторлардың жағымсыз ықпалын азайтуға бағытталған іс-шаралардың аясында қабылданған. Бұл туралы «ҚазМұнайГаз» АҚ баспасөз қызметі хабарлады.
Жаңа ұжымдық құрылым бойынша бірқатар өзгерістер болады:
Геология, барлау және өндіріс бөліктерін біріктіру. Сәйкесінше, басқарма төрағасының геология және барлау жөніндегі орынбасарының қызметі қысқартылды;
Басқару деңгейлерін азайту — нәтижесінде 22 басқарушы директордың лауазымы жойылады;
Департаменттердің санын үш есе азайту.
Компанияда дағдарысқа байланысты өзектілігін жоғалтқан көптеген жобалар мен іс-шараларды жүзеге асыру бойынша жоспарлар қайта қарастырылуда. Нәтижесінде орталық аппараттағы қызметкерлердің штаттық санын 34%-ға – 729-дан 480 адамға дейін азайту туралы шешім қабылданды.
«Корпоративтік орталықтың құрылымы шағын әрі жедел қимылдауға және бизнес үшін дағдарыс салдарын аз шығынмен еңсеру жолында тиімді шешімдер қабылдай алатындай болуы тиіс. Дағдарысқа қарсы стратегияны жүзеге асыруға баса назар аудару мақсатымен көптеген қызмет түрлерінен бас тартамыз және еншілес компаниялармен ықпалдастықтың тетіктерін қайта қарастыратын боламыз», – деді ҚМГ басқарма төрағасы Алик Айдарбаев.
ҚМГ басшылығы жұмысшылар мен олардың отбасы мүшелерінің алдындағы әлеуметтік жауапкершілігін терең ұғына отырып, босатылған қызметкерлерге барынша қолдау көрсетуге ниетті. Босатылған қызметкерлердің таңдауы бойынша қолдаудың бірнеше түрі көрсетілмек. Атап айтқанда, біржолғы жәрдемақы төлеу немесе басқа жұмысқа тұру үшін рекрутингтік ұйымдардың қызметін ұсыну не ҚМГ есебінен қайта оқытудан өту. Әлеуметтік жауапкершілікке негізделген босату шаралары «Самұрық- Қазына» қорының тапсырмасын орындау аясында дайындалды.
[:]