[:kz]
Шымкенттегі алып торт
Шымкентте жас жұбайларға алып торт ұсынылған үйлену тойы – осы жылдың басында Қазнетте көп талқыланған оқиғалардың бірі. Торт көлемімен, көз тартатын сән-салтанатымен, сәулет үлгісінде безендірілуімен және, әрине, бағасымен жұртшылықты таңғалдырды. Кондитерлік туындының салмағы – 1500 келі, биіктігі – 4,2 метр. Тортты ресейлік кондитер Ренат Ағзамов арнайы тапсырыспен 3 тәулік бойы жасаған. Ол өнімнің құнын жария етпеді, дегенмен журналистер торттың құнын 21 миллионнан 59 миллион теңгеге дейін деп, түрліше жазды.
Үйлену тойына әлемдік шоу-бизнес өкілдері көп шақырылған. Продюсерлердің бірі “Ресейдің халық артисі Валерия олардың қасында қарапайым мейман болып қалды” деп хабарлады. Тойға кәсіпқой боксшы Геннадий Головкин де қонақ болды.
Тойдың басты кейіпкерлері – Әміржан Сейтжанов пен Аружан Сатыбалды.
Қалыңдығы өзінен 20 жас кіші
Әнші Сержанәлі Әлібеков өзінен 20 жас кіші Ақбаян есімді қызға үйленді. Олардың тойы 17 маусым күні Алматыда өтті. Ерлі-зайыптының жас айырмашылығы көпшілік үшін таңғаларлық жағдай болған. 40-тан асқан әншіге жас қызды тең көрмей жатқандар табылды.
Сержанәлі Әлібеков пен жұбайы Ақбаян. Фото: 365Info
Тым қарапайым тойкөйлек
25 маусымда Дариға Назарбаеваның қызы Венера тұрмысқа шықты. 18 жастағы Венера мен 22 жастағы Дален Шайжүнісовтің неке қию салтанаты ашық аспан астында өтті. Ал үйлену тойы үшін жұбайлар Алматыдағы бес жұлдызды Ritz-Carlton мейрамханасын таңдапты. Тойға Ресейдің халық артисі Филип Киркоров, “Голос” жобасының қатысушысы Илья Юдичев, кәсіпқой бокстан әлем чемпионы Геннадий Головкин, танымал әнші Қайрат Нұртас және тағы басқа да қонақтар қатысқан. Желіде қалыңдықтың көйлегі көп сөз болды. Қолданушылардың айтуынша, кейп стиліндегі көйлек тым қарапайым және Венераны ересек етіп көрсетеді.
Венера Назарбаева мен Дален Шайжүнісов. Фото: КТК
Абай Бегейдің екінші рет үйленуі
3 шілдеде әнші Абай Бегей екінші рет үйленді. Өзінен бірнеше жас кіші Фариза есімді қызға үйленген әнші тойды барынша кішігірім атап өтуге тырысты. Осыдан үш жыл бұрын Абайдың жары өмірден өткен еді. Әнші өз тойының халық арасына тарап кеткенін қаламағанымен тойға келген қонақтар әлеуметтік желіге суреттер мен видеоларды жүктеп отырды. Көпшілік оған бақыт тілеп жатты. Еске сала кетейік, Абай Бегей өткен жылы үлкен қызын ұзатқан еді.
Абай Бегей жұбайы Фаризамен. Фото: tengrinews.kz
Шашы қысқа қалыңдық
MAKVIN лақап атымен танымал әнші Нұрболат Базарбаев пен Жәния есімді қыздың үйлену тойы желідегілердің назарын тегіс аударды. Instagram желісінде қолданушылардың көбі қалыңдықтың ерекше шаш үлгісін сынға алды. Жәнияның тойдағы биі, басқа да қимылы көпке ұнамады. Ұзатылып бара жатып, біртүрлі қылық көрсеткені, беташардан соң үлкендердің алдында тілін шығарып, қолын көтергені қолданушыларды бейжай қалдырмады.
Нұрболат Базарбаевтың айтуынша, ерекше стильдегі үйлену тойы арнайы ойластырылған. Ерекше шаш үлгісін қалыңдық той уақыты жақындағанда жасатқан. Жәния спорттық және бал биімен айналысады, көптеген турнирдің жеңімпазы.
Нұрболат Базарбаев жұбайы Жаниямен. Фото: tengrinews.kz
Тау шыңында неке қиылды
15 шілде күні Алматы тұрғындары Салтанат Бекенова мен Расул Рузахунов та неке қию рәсімдерін ерекше етіп өткізді. Олар өздерімен бірге 20 куәгерді ертіп, Іле Алатауындағы 3010 метр биіктіктегі Букреев шыңына шықты. Салтанат пен Расул жиі саяхаттайды екен. Жас жұбайлар Өскемендегі “Алтай таулары” тау шаңғысы курортында танысқан. Жігіттің 65 жастағы анасы да баласының өміріндегі маңызды күні қасынан табылды. Жастар аста-төк той жасаудан бас тартқан.
Салтанат пен Расул. Фото: kz-news.info
Желі қолданушылары “Несие алып, қарызға батып той істегенше, неке қию салтанатын осылай ерекше өткізген керемет! Бұл тәсіл тойыңа аз қонақ шақырудың таптырмас жолы екен. Бақытты болыңдар!” деп жарыса жазып жатты.
Ең жомарт азаматтың тойы
Бүйрегін Шымкентте тұратын науқас бойжеткенге беріп, қайырымдылық жасаған оралдық жігіттің үйлену тойы да Қазнет қолданушыларының назарын аударды. Абзал Әділовтің қалыңдығы да Шымкенттен, Әйгерім болашақ жары туралы әлеуметтік желіден оқып, оны Оралға арнайы іздеп келген.
Абзал мен Әйгерім. Фото: tengrinews.kz
“Біз Әйгеріммен Оралда екі рет кездестік. Ол маған ұнап қалды. Ал үшінші кездесуде мен оны алып қаштым”, – дейді Абзал. Қайырымды азаматтың үйлену тойына қызмет көрсетушілер тегін атсалысқан. Әлеуметтік желі қолданушылары Абзалдың ерлігіне ризашылығын білдіріп, екі жасқа бақыт тілеумен болды. Қаржылай көмектесуге ниет білдіргендер де табылды.
Абзал мен Әйгерімнің үйлену тойы
Абзал Әділов шымкенттік Жәмила Байсеріковаға бір бүйрегін берген болатын. Науқасқа Алматыда операция сәтті жасалды.
Материал baribar.kz сайтына тиеселi
[:]