АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:kz]«Кедей мемлекеттің кедей мұғалімімін!»: министрге мұңын шаққан ауыл ұстазына жағдай жасалмақ (ВИДЕО)[:]

[:kz]

«Жағдайың болмаса, сенің білімің ешкімге қажет емес. Бұндай мұғалім алдындағы баланы қалай тәрбиелейді? Ұрпаққа ұлттық рух, патриоттық сезім дегенді қалай ұғындырады?» — деп егілді түн ортасында көше кезіп жүрген жас маман.

Қазір әлеуметтік желілерді өзін Алматы облысының Көксу ауданына қарасты Мұқыр ауылындағы орта мектепте қазақ тілі пәнінің мұғалімі Байболатова Майра Берікқызы деп таныстырған әйелдің видеосы шарлап жүр. Ол жалдап тұрып жатқан үйінде интернет болмағандықтан, қашықтан оқыту бағдарламасы бойынша жұмысын түн ортасында туысының үйіне барып істейтінін айтып жылаған, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы.

Қараңғы көшеде ұялы телефонымен өзін-өзі видеоға түсіріп келе жатқан жас мұғалім терең күрсініп, екі көзі боталап тұрып, бастан кешіп жатқан жағдайын баяндап шықты.

«Армысыздар, қадірменді қазақ елі! «Мына қыз неге екі кештің ортасында көшеде жүр?» деп ойлап жатқан шығарсыздар. Бұл қыз – мұғалім. Алматы облысы Көксу ауданы Мұқыр ауылында Қалқа Жапсарбаев атындағы орта мектепте қазақ тілінен сабақ беремін әрі он жылдық Қазақстан мектебінде орыс тілі пәнінен сабақ беретін мұғаліммін. Есімім – Байболатова Майра Берікқызы.

Енді түн жарымында жүруімнің себебі, жалпы ауылда вайфай бар, ал үйімде интернет жоқ. Қазір, міне, өздеріңіз көріп отырғандай, kundelik.kz-ке кіру үшін осылай ноутбугымды арқалап, осы ауылда тұратын сіңілімнің үйіне барамын. Ол қыз – көпбалалы ана. Баламен улап-шулап отырып жұмыс істеймін. Оның өзінің отбасы – жолдасы, бала-шағасы бар. Әрине, менің біреудің отбасына барып, берекесін алғаным дұрыс емес. Бірақ, амал нешік, үйімде интернет жоқ болған соң, осылай жүруіме тура келеді», — дейді ол видеода.

Жалпы, білім саласының қашықтан оқыту форматына көшкеніне екі күн ғана уақыт өтсе де біреудің үйіне барып жұмыс істеудің қиындығын сезінген жас маман, kundelik.kz-ке кіруге қолындағы телефонының қуаты жетпейтінін алға тартты.

«Сондықтан құрметті Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, өстіп екі көшенің ортасында сабылып жүрген мен үшін өте қиын және карантин кезінде осылай жүруге бола ма? Барлығы – сол ұрпақтың қамы үшін. Осы ұрпақты қайтсем оқытамын, жеткіземін, қайтсем ақшамды табамын, кредитімді жабамын, елден қалмайын деп жүрген мен сияқты жас ұстазға бұл – өте ауыр.

Енді бұл Қазақстан жеріндегі жалғыз менің ғана жанайқайым емес, республика бойынша қаншама мұғалім осылай жүр… Мен дайын үйде, дайын вайфайда жұмыс істеп отырған мұғалім емеспін. Менің басымда үйім жоқ, квартирада тұратын, сол квартирасында вайфайы жоқ қайыршы, кедей мемлекеттің кедей мұғалімімін. Сол үшін өкпелімін. Жағдайың болмаса, сенің білімің ешкімге қажет емес. Бұндай мұғалім алдындағы баланы қалай тәрбиелейді? Ұрпаққа ұлттық рух, патриоттық сезім дегенді қалай ұғындырады?» — деп егілді түн ортасында көше кезіп жүрген жас маман.

Одан кейін бір күн өтер-өтпестен сол мұғалімнің үй ішінде «басқаша сайрап» отырған видеосы (осы сілтеменің комментарийінде) тарады. Яғни, «Жыламаған балаға емшек бермейді» дегендей, бар жағдайын жасап беруді уәте еткен әкімдік өкілдері алдында айтқан шағымын «жуып-шаюды» өтінгенге ұқсайды.

«Мені толғандырып жүрген мәселелер бойынша жергілікті атқарушы билік өкілдері, атап өтер болсам, Көксу ауданының әкімі Алмас Қабдолұлы және әкімдік қызметкерлері болашақта баспана, интернетке қосылу мәселелерін шешіп беруді уәде етті. Мен халық үніне құлақ асатын мемлекетке сенемін. Қазіргі таңда мен бейнежазбамда өзімнің туған жерімді «кедей мемлекет» деп айтқаным үшін жалпы жұртшылықтан кешірім сұраймын», — дейді мақтау-мадақ қағаздарының ортасында көміліп, көңілді отырған Майра Байболатова.

[:]