[:kz]
Филолог Омар Жәлелдің пікірі жұртты таңқалдырды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Омар Жәлел желідегі парақшасында келінді құл көріп, бір кемшілік жасай қалса, шыққан жерін жаман атты қылатынымыз жайлы айтып ашынды. Бәрін келіннен көріп, мәселенің екінші жағын ұмытамыз дейді ол.
«Келін жаман емес, келген жері жаман. Әдетте біз келінді «Жақсы келін — келін, жаман келін — келсап» деп бір жақты қаралап жатамыз. Бар пәлені үйіп-төгіп келіннен көреміз. Ал айдың екінші беті бар екені қалай рас болса, мәселенің екінші жағы бар екендігі қаперімізге кірмейді. Ақиқатшыл қазақ руханияты «Келін жаман емес, келген жері жаман» дейді», — деп пікір білдірді Омар Жәлел.
Келіннің кінәсі жоқ, егер ол жаман болса, келген жерінің кемшілігі бар деп түсіндірді Омар Жәлел. Оның айтуынша жаңа ортаға келген қыз баласы сол шаңырақтың жақсысы мен жаманын бойына қабылдап алады. Сондықтан, ұл өсіріп отырған адам келінге тәрбие беруге дайын болуы керек.
«Жаңа ортаға келген кез келген адам сол ортаға бейімделеді, сол ортаның заңын, салт-дәстүрін, ырым-тыйымдарын қабылдайды. Сол себепті, топыраққа түскен дәннің өсіп-өнуі топырақтың құнарына қалай байланысты болса, жаңа түскен келіннің өсіп-өніп, желегі желбіреген жас келіннен сарабдал, салиқалы бәйбішеге айналуы үшін келген жерінің маңызы өте зор. Сондықтан, ұлы ержетіп отырған әрбір әулет келінді қабылдап алуға рухани, мәдени, этикалық, эстетикалық жағынан жан-жақты дайын болуға тиіс. Әсіресе келін тәрбиесінде ененің алатын орны ерекше», — дейді Омар Жәлел.
Бүгінгінің келінін емес, енесін тәрбиелеу керек. Енесі қандай болса, келіні дәл сондай болып шығады дейді ол. Омар Жәлел келін ененің топырағынан екенін ұмытпауға шақырды.
«Табалдырықтан имене аттаған келіннің көп уақыт өтпей келген жерінің шаруашылығын ұршықша үйіріп, айтса ауыз, көрсе көз тоятын көркем мінезді, ибалы келінге айналуы көбіне көп ене тәрбиесіне тікелей байланысты. Өйтпейінше, «Жақсы ісінен көреді, жаман кісіден көредінің» кері болады да шығады. Әр нәрсені игеру үшін ең алдымен оның ғылымын игеру керек екені қалай рас болса, ене болып келін тәрбиелеудің де оқуы бар. Жарықтық шешем бір іске ерініп, тартыншақтай бастағанымызда: оның не оқуы бар? деуші еді», — дейді Омар Жәлел.
[:]