АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:kz]Келісі 800 теңге шамасында: Елімізге шет мемлекеттерден әкелінетін еттің сапасы қандай?[:]

[:kz]

Бір ел бар, телефон, компьютер шығарады. Біреулері көлік ойлап табады. Бренд тауарын, киім-кешегін сатып жатқан мемлекеттер бар. Ал әлем танитындай Қазақстанның қандай өнімі бар? Ет өндірісі бойынша біздің елдің әлеуеті 10 Қазақстанды асырауға жетеді екен. Бірақ өзіміз етті шетелден, Уругвай, Аргентина, Беларусь, Моңғолия, Исландиядан тасып жатырмыз. Неге?

Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі «Еуразия бірінші арнасына» сілтеме жасап хабарлайды. 

Биыл, нақтырақ айтсақ, қаңтар мен тамыздың арасындағы 8 айдың ішінде Қазақстан шетелден 42 млн долларға сиыр етін сатып алыпты. Бұл 10 тонна ет. Негізінен, Беларусь, Украина, Ресей мен Парагвайдан тасыған. Ал Уругвай мен Моңғолия, Исландия, Аргентинадан жылқының етін әкеліпті. Сөйтсек, оларда ет өнімдері өте арзан екен. Тасымалын, бәрін қоса есептегенде 800 теңге шамасында шығады. Ал бізде — 1800 теңге. Сондықтан отандық шұжық, колбаса шығаратын кәсіпорындар солардың етін алады.

«Ол өте арзан. 2-2,5 доллар шамасында, теңгеге шаққанда мың теңгеге жетпейді. Ол етті базардан, ет павильондарынан таба алмайсыздар. Оны шұжық шығаратын кәсіпорындар алады, не болмаса шетелдік компаниялар сатып алады. Мәселен, мұнай саласындағы кейбір компаниялар тұрақты тасымалдаушыны таңдап, шетелден алдырады. Бұл импорт еліміздегі жалпы ет өнімінің 2-3 пайызын ғана құрайды», — дейді Қазақстан ет өндірушілері одағының төрағасы Мақсұт Бақтыбаев. 

Қазір Қазақстан құс етінің тең жартысын шетелден әкеледі. Дүниежүзілік сауда ұйымының шарттары аясында көптеген жеңілдіктер бар, сондықтан бағасы да арзан. Тиісінше, біздің қой етіне құмар елдер бар. Әсіресе, Иран мен Араб әмірлігі. Ал көптеген ел жылқы етін жемейді екен. Бірақ өсіреді, амал жоқ Қазақстан секілді сұранысы бар нарыққа арзанға сатады.

«Жалпы алғанда импорттың көлемі аса үлкен емес. Мысалы, 2018 жылы 15 мың тонна сиыр етін әкелдік. Бұл еліміздегі ет өндірісінің 2 пайызын құрайды. Ал қой етін мүлдем сатып алмаймыз. Ал жылқы еті 2 мың тоннадай әкелінді. Бұл да аса бір үлкен көрсеткіш емес», — дейді ауыл шаруашылығы министрлігінің бас сарапшысы Ескендір Мухлисов. 

Еліміздің қазір әлеуеті 10 Қазақстанды етпен қамтуға жетеді. Етпен айналысатын мамандардың пайымы бұл. Бірақ қол байлау дүние көп. Малды баққан еңбегіміз, жем-шөп, жанармайдың бағасын есептеп, кеткен шығынды қайтару үшін еттің бағасын да аспандатып қояды. 

Биыл үкімет субсидияны тоқтатқан. Бұдан бөлек, экспорттаушылар үшін тасымалдың шығыны да шаш етектен. Әсіресе, темір жол қымбатқа түседі. Тіпті, банкротқа ұшыраған шаруалар өз өздеріне қол жұмсауға да барады екен.

«Несие бойынша қарыздарын жабу үшін бүкіл малын союға мәжбүр болған шаруаларжың өзіне қол салғаны туралы деректер де бар», — дейді мәжіліс депутаты Тұрғын Сыздықов.

Кезінде Петропавл мен Семейде үлкен ет комбинаты болған. Оған Кеңес Одағының түкпір-түкпірінен мал тасымалданатын. Ешқандай қалдық қалмайды. Терісі, сүйегі, қанына дейін кәдеге жаратады. Мұндай кәсіпорын салу үшін бір ауысымда 500 бас мал сойылып, өнімі өңделу керек. Әзірге, оған мүмкіндік жоқ бізде. Ал жалпы, Қазақстан былтыр 35 мың тонна, биыл 55 мың тонна етті сыртқа сатқан. Негізінен Қытай, Ресей, Иран, Өзбекстан, Араб Әмірлігі, Әзірбайжан, Грузияға тасымалдайды.

[:]