АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:kz]Кешіріңдер![:]

[:kz]

Бейбіт күнде шырпы жаққан ел едім,
Бүлк етпеген бүйрек неткен ер едің!
Кешіріңдер!
Жеткізе алмай шындықты
Бесеуіңді өртке ораған мен едім!

Өздеріңе толғау жазып жүр әлі,
Шығады ертең әншінің де бір әні.
Кешіріңдер!
Сендерді емес соларды,
Жазып жүрген біздің қоғам кінәлі!

Біз өртедік оны біз де сөндірген,
Бізді қоғам «күн салуға» көндірген…
Кешіріңдер!
Бәрі жақсы болад(ы) деп,
Кінәсі бар сенімнің де сендірген!

Ұмытамыз өздеріңді біз әлі,
Бүгін жүрек қайғырады, ызалы…
О,Тәңірім!
Шырылдаған дауысқа,
Сабыр сақтап отырсыз ба сіз әлі?!

Марғұлан Ақан

***

Шапағатшы

…Бұл қоғамның ұнамады-ау бір ісі,
(шер шөлмегін босата алар кім ішіп?!)
Бес Періште — жасыл қанат бес Сәби,
Көкке ұшып кете барды түн іші.

Үркер қайда — 
Төбеде ме?
Батыста?
Не жорамал — бүк түсіп бұл жатысқа?!
Кете барды бес Періште — бес Сәби,
Қала алмады жалын қамап,
От ұстап.

 

Жыла, жүрек,
Жүде, көңіл, оязып,
Берер ме екен Күн емшегін,
Ай азық?
Ұстап қала алмады ғой Арқаның
Ақ шалмалы аязы.

Енді оралмас,
Мекен болмас кір ғалам — 
Мың бояулы дүниесін бұлдаған.
Еске салып егілтеді біздерді,
Күл орнына өскен райxан гүл ғана.

Даңғазаға бұрмас қайта мойынын,
Еліктірмес «Үйшік-үйшік» ойыны.
Терезеден жаутаң қағып жанарлар,
Тас қаладан іздемейді мейірім…

Азам — ауыр,
Қайғым — қалың,
Ой — терең,
Бірақ бізді түсінбейсің, БӘЙТЕРЕК…
Бұтағыңа қонақтайтын балапан,
Аспанға ауып кете барса қайтер ең?!

Жұмақ кірер — 
Сарай,
Хауыз,
Кіл шағи,
Ертегілер әлеміндей тұмса күй.
…алақанын жайып маған талпынып,
Түсімде ылғи өртенеді бір Сәби.

Мен де мұңды,
Туған өлкем жырақта,
Қанша тағдыр тамұқ кешіп, жүр отта.
Сол Сәбиді кеудеме әкеп арулап,
Жуындырам көзден аққан бұлаққа…

Бес Періште тәмамдалмас сапары,
Шырақ жағып жүрер түнге от алып.
…Шапағатшы болсын саған Сәбилер,
Менің сорлы,
Менің ұлы Отаным!

Мұрат Шаймаран

«Қамшы» сілтейді

[:]