АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:kz]“Киім кедергі емес”. Орамалды қыздар жайлы жаңсақ пікірді қалай өзгерту керек?[:]

[:kz]

Конституцияда көрсетілгендей, Қазақстан — зайырлы мемлекет. Елімізде әр азамат діни негізде өз қалауынша шешім қабылдауға құқылы. Дегенмен, Мұхтар Әуезов «шариғат шәлісі» деп атап өткен орамалға қатысты «жұмысқа орналаса алмай қаламын» деген түсініктегі қыздар аз емес. Бүгін назарларыңызға оқуда да, қызметте де жетістіктерге жетіп жүрген орамалды үш арудың оқиғасын ұсынамыз.

Айдай Адамқұл: Өзгелердің таңдауына сыйластықпен қарау қажет

Халықаралық журналист, арт-менеджер, үйлестіруші.

Алматы қаласының тумасы.

Қазақи, қатал тәрбиені ұстанатын, “қырық үйден тыйым салатын” отбасының қызымын. Ата-анамыз кішкентайымыздан артық жүріс-тұрысқа, танымайтын адамдармен жақын араласуымызға қатаң қарап, өсірді. Сондықтан болар өзімізді қорғандағы қыздар ретінде сезініп өстік. Университет қабырғасына келген кезде, “көздің” түсетінін байқайтынмын. Бұл маған кері әсер етті. Мұндайдан қашқым келді. Соның бір шешімі орамал тағуым болды. Үшінші курсымда 18 жасқа толдым. Туған күнімнің ертеңінде көшеге орамал тағып шықтым. Содан бері жалаңбас шығып көргенім жоқ. Алғашында ата-анам бұл әрекетімді түсінбеді. Бірақ уақыт өте келе, менің дұрыс шешім қабылдай алатыныма сеніп, барынша қолдау көрсетті.

Достарымның қасында тұрсам, олар барынша дөрекі сөздерді қоспай, сыпайы сөйлесуге тырысатын тәрізді. Тіпті бір-біріне “Айдай тұр ғой” деп ескерту жасайтынын да аңғарып қаламын. Мен ғана емес, айналам да өзгере бастағандай болды.

Сол кезде бастығым, продюссер Жанна Абулова да орамал таққанымды жақсы қабылдады. Намазға уақыт бөлуіме де оң қабақ танытты. Бұл – өте қажет қолдау. Ортамның осындай әрекеттерінен кейін, сенімділігім арта түсті. Кейбіреулерге айналасы қарсылық білдіріп жатады ғой. Қыздар үшін бұл – өте ауыр.

Қоғамдық ортада сынай қарайтын, түсінбей қарайтын көздер бар. “Бұл қазақта жоқ” деген келіспеушіліктер де көп. Инстаграм парақшама небір хаттар келіп жатады. Ол нәрселерге басымды ауырта бермеймін.

Орамал таққан қыз “білімсіз” деген қате түсінік бар

Жұмыста орыс ұлтының өкілдері бар. Орамал тағып бастағанымды байқап: “Айдай, ты платок одеваешь. Значит ты читаешь намаз?” деп сұрады. “Иә” десем, “қайда оқып жүрсің? Бізде бос кабинет бар. Қаласаң, кілтін берейік. Намаз уақытында келіп, оқысаң болады”, – деді. Бұл оқиға маған ерекше әсер етті. Әр адам өзгелердің қалауына сыйластықпен қарауы керек. Өзге ұлт өкілдерінен осындай қарым-қатынасты жиі байқаймын.

“Бұл – қазақтың тарихында болмаған киім” деп айтады. Тарихи фильмдердің қайсынан орамалсыз қазақ әйелін көресіз? Бір ғана “Анаға апарар жол” фильмін алыңызшы. Әуелде орамалсыз қазақ әйелін байқамайсыз. Кейіннен олардың орамалы басынан түсті, етектері қысқарды. Осы фильмнен-ақ Кеңес заманының қазақ әйелдерінің киіміне, болмысына қалай әсер еткенін байқауға болады.

Орамал таққан қыз – білімсіз”, “олар сәнге ере алмайды”, “қоғамнан шетте қалған” деген ой қалыптасқан. Менің ойымша, орамалды қыз өзінің ибалы мінезін, тәрбиесін байқатуы керек. Екіншіден, қаншалықты білімді екенін көрсетуі керек. Өз басым әрдайым ізденісте жүргенімді қалаймын. Бұл – әуелі заман талабы. Екіншіден, діни білім алған, сауатты адам замануи білімді меңгеруі тіптен қажет. Себебі Исламда білімнің орны зор.

Орамал мінезімнің жақсаруына әсер етті. Жақсы мінез жұмыста табысты болуыма көмектесіп келеді.

Сүлеймен Демирел университетінде журналистика факультетінде білім алдым. Қазір әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың 1-курс магистрантымын. Студент кезімнен журналистиканың әртүрлі бағында жұмыс істеп бастадым. Ақындар айтысын ұйымдастыруға ат салысатынмын. Айтыстан кейін сараптама мақалалар жазып жүрдім. Шамамен төрт-бес жыл бұрын Төреғали Төрәлінің көмекшісі ретінде жұмыс істедім. “Балапан” арнасының “АВС+” бағдарламасын жасадым. Әнші Қуандық Рақымның директоры ретінде қызмет жасадым. Қазір Тәуекел Мүсілімнің шығармашылық жұмыстарына ат салысып, директорлық қызмет атқарып келемін. “Орамалың бар” деп елеп жатқан ешкім жоқ. Керісінше, адамдардың ықыласы мен құрметін көбірек сезінемін.

Бәсекелестіктің заманы ғой. Кез келген бастыққа, кез келген қызметте ең маңыздысы -жұмысшының біліктілігі. Орамал кәсіби мамандар үшін ешқандай рөл ойнамайды. Жұмыс істемеуге орамал сылтау емес. Мектепке алмай ма? Курстар бар. Кез келген адам өзінің мамандығына байланысты жұмыс таба алады. Бізде заң бар, сол арқылы өзінің құқықтарын қорғай алады. Жұмыста тек өзінің мықты маман екенін дәлелдеу керек. Киім ештеңеге кедергі емес.

Назерке Сұлтанбек: Әйел адамның энергиясы орамалмен сақталады

Назерке Сұлтанбек. Фото: жеке мұрағаттан

Спорт журналисі, блогер.

Ақтөбе қаласының тумасы.

Орамалды таққаныма бар болғаны бес ай болды. Сол уақыттан бері өзімде қорған пайда болған тәрізді сезімде жүрмін. Әйел адамның энергиясы орамалмен сақталатындай. Біріншіден, иман тұрғысынан өзгергендеймін. Екіншіден, киіну стиліме де өзгешелік енгіздім. Осыдан кейін инста-парақшама жазылушылар көбейді. Мұны “жұлдыз қасиеті” деп ойламаймын. Қоғамда орамалды қыздарға көзқарастың оңалып келе жатқанын, оларды қолдаушылардың көп екенін байқауға болады. Орамалды әдемі тағағуға қатысты кеңес сұрайтындар көп. Сұраныс бойынша орамал тағу әдістерін, туториал видеоларды түсіремін.

Әулеттің үлкендері тарапынан көп қиындықтар туындап жатады. “Ниетің таза болса, болды”, “жассың”, “өзің дұрыс жүрсең, болды емес пе?” деп айтады. Жиын тойға барсаң, көбі сені “келін” деп ойлап қалатыны жасырын емес.

Бұрын сыйласып жүрген адамдардың қарым қатынасы өзгерді. Қуантарлығы, барлығы тек жақсы жағынан. Әйелзаты екеніңді, саған нәзіктік тән екенін ескеріп, қамқор болуға тырысатындар қатары көбейді. Тіпті танымайтын адамдардың өзі көмектесуге, жылы, сыпайы сөйлесуге тырысады.

“Орамал еріншектікпен күресуіме ерекше әсер етті”

Мұсылман бойында қандай жақсы қасиет болу керек, соның барлығын меңгеруге ақырындап тырысып келемін. Орамалдың бұған үлесі зор. “2018 жылда 50 кітап оқимын” деп алдыма жоспар қойдым. Бірнеше күн бұрын 20-кітабымды оқып бітірдім. “Бір аптада бір кітап оқимын” деген мақсатым жоқ. Өйткені мұндай режим біздің жұмысқа сай келмейді.

Осы уақытқа дейін Қазақстан грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясында, Қазақстан таэквондо федерациясында, меценат Бауыржан Оспановтың баспасөз хатшылығында қызмет еттім. Қазір “Қазақстан Барысы” қазақ күресін дамыту қорында жұмыс істеймін. Спорт тақырыбында SMM бойынша жобаларым бар. Бірнеше жылдан бері Халықаралық күрес федерациясының парақшаларын жүргіземін.

Спортқа жақын жүргендіктен, оның өмірімде алар орны бөлек. Балуандармен жұмыс істеп, олармен дос, бауыр болып кеттік. Спортшылардың ортасында жүріп, спорттың қаншалықты пайдалы екеніне көзім жетті. 2013 жылдан бері тұрақты түрде спортпен айналысамын. Балуандар маған жақсы нұсқаулық берді. Қандай дәрумендер ішу керегіне дейін кеңес етеді. Жақында алғаш рет жартылай марафонды жүгіріп өттім. Әдетте спортпен шұғылдануға таңғы уақытымды бөлемін.

Сүйікті авторларымның бірі Харуки Мураками: “Маған жүгіру кезінде шығармашылық шабыт, тың идеялар келеді”, – деп жазыпты. Бұл ойға қосыламын. Өйткені спортпен айналысқанда, тың серпіліс аламын.

Орамалды қыздарға қатысты “олар жабық”, “өзін өзі дамытпайды”, “қабағын түйіп, көңілсіз жүреді”, “спортпен айналыспайды” деген қатып қалған стереотиптер бар. Шындығына келгенде, олар басқаша. Өзім білетін таныстарымның көбі қашан да ізденісте жүреді. Саяхаттайды, кітап оқиды, спортпен де шұғылданады. Шетелден білім алып жүрген, жұмысында табысты қыздар да өте көп.

Әлемде орамалды танымал блогер қыздар өте көп. Олардың бірнеше миллиондаған жазылуышылары бар. “Vogue” тәрізді әйгілі журналдардың мұқабасына орамалды қыздар да шығып жатыр. Осыдан-ақ орамал әйел адамның қоғамда орын алуына ешқандай кедергі емес екенін байқауға болады. Бұл тенденция елімізде де байқалады. Сыйлы, бағалы, орамалды мамандар бізде де жетіп артылады.

Марфуға Шапиян: Орамал мұсылман қыздарына ғана тән

дүние емес

Марфуға Шапиян. Фото: жеке мұрағаттан

Islam.kz ұлттық ағарту порталының жауапты хатшысы, блогер, саяхатшы.

 

Алматы облысының тумасы.

 

Орамал – Алла тағаланың әйел затына бұйырған парыз амалы. Орамал – менің қорғанышым, ар-ұятымның күзетшісі. Ислам діні қыз-келіншектерге орамал тағып, ұятты жерлерін бөгде көзден жасыруды парыз етті. Алла тағала «Нұр» сүресінің 31-аятында: «Мүмін әйелдерге де айт: «(Бөгде ерлерден) көздерін сақтасын. Әрі ұятты жерлерін (зинадан) қорғасын. Сондай-ақ зейнеттерін көрсетпесін. Бірақ олардың өзіндігінен көрінгендері басқа (беті, қол-аяқтары). Орамалдарыңды жағаларыңның ойығын жабатындай етіп, тағыңдар», – деген болатын.

Әркім орамалға әрқалай келеді. Осы қадамға барарда, ең үлкен уайым қоғам да емес, жұмыс та емес, басқа да емес, әкемнің көзқарасы болды. Өйткені, мен намаз бастағанға дейін әкем екеуміздің пікіріміз екіге бөлініп көрген емес еді. Әрқашан ойымыз бір жерден шығатын. Тек намаз бастағанда: “Мен сені Алматыға намаз үшін емес, оқу үшін жібергенмін. Оқуыңды оқы”, – деді. Сосын “Намаз бастадым дегенше, ертең орандым десеңші” деп тағы бір қойды. Дәл сол сәтте мен үшін намазға рұқсаты маңызды болды да. “Жоқ, папа. Намаз оқысам болды. Орамал дегенді аузыма алмаймын”, – дедім. Папам күмәндана: “Оның бәрі этаппен келетін дүние ғой. Түптің-түбінде ол әңгімені де бастарсың”, – деді күбірлеп. Шыны керек, сол кезде әкемнің әріден ойлап тұрғанын түсінбедім. Намазға рұқсат алғаныма мәз болдым.

Шәкәрім жайлы диссертациям әкемнің көзқарасын өзгертті

Арада жылдар өтті. Иман толықты. Діни білім өсті. Орамалдың қыз баласына парыз екенін білгеннен кейін, жан дүниеммен толық түсінген соң “шариғат шәлісін” (Әуезов) жамылуды ойладым. Бірақ әкеме берген баяғы сөзім ойымнан кетпеді. Қатты қиналдым. Әкемнің де жүрегін ауыртқым келмеді. Алла тағаланың алдындағы міндетімді де ойладым. Өзімді Құдайдың алдында екіжүзді сезінбеген күнім жоқ шығар… Бар қолымнан келгені Алладан дұға ету болды. Әкем мені түсінсе, намазға келсе деп тілей бердім. Ауылға барған сайын діни кітаптарды көптеп апарып, қалдырып кететінмін. Өйткені, әкем кітап оқығанды қатты жақсы көреді. Бірде болмаса, бірде оқып қалар деген ой ғой менікі. Тағы бірде әкеме Шәкәрім туралы жазған диссертациямды қалдырып кеттім. Сөйтіп, ауылға бір барғанымда әкем диссертациямды оқығанын, қатты әсер еткенін, енді кабинетіне Шәкәрімнің өлең кітаптарын алдырып, соны оқып жатқанын айтты. Толстой туралы да біраз ой толғадық. Олардың нәпсісін жеңу жолындағы күрестері, діни көзқарастары әкеме әсер еткен болып шықты. Ақылды адам ғой, ал ондай жан түптің түбінде ақиқатты табады емес пе?

Ақыры не керек, сол жолы арамызда бұл туралы әңгіме болмаса да әкемнің менің орамалымды қабылдауға дайын екенін ұқтым. Көп кешіктірмей, орамалымды бірден тағып алдым. Енді ол кездегі қуанышты сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Ең бастысы, жүрегім тыныштық тапты ғой…

Орамал тағатын кезде, “жұмыссыз қалам-ау” деген ой келмеді. “Жұлдыздар отбасында” істегенімде, бас редактор Жарылқап Қалыбай орамалымды өте жақсы қабылдады. Редакция ішінде намаз оқып жататын кездерім де болды. Барлығы оң көзімен қарайтын. Қазіргі уақытта, кез келген жұмыс беруші үшін, ең маңыздысы – сенің кәсіби біліктілігің. Ал орамалды “жұмысыма кедергі деп ойлау – әлсіз мұсылманның әрекеті” деп есептеймін.

Орамал мұсылман қыздарына ғана тән дүние емес. Ол барлық дінде де бар. Доктор Брэйердің айтуынша, иудаизм дінінде орамал тек ар-ұяттың белгісі ғана емес, қоғамдағы жоғары мәртебенің, тектіліктің, байлықтың да символы болған. Бұл дінде кей орта таптың әйелдері өздерін жоғары мәртебеде көрсету үшін орамал тағып алады екен. Ал еврейлер жеңілтек әйелдерге орамал тағуға тіпті, тыйым салыпты. Өйткені, орамал оның қоғамдағы статусын ғана көрсетіп қоймай, ақ адал арына кір түспегенінің де дәлелі екен. Ал христиандардың ұғымынша, әйелдердің басын жауып, шашын жасыруы Құдайға, одан кейін еріне бағыныштылығын білдіреді. Күні бүгінге дейін христиан «монахиняларының» бастарынан орамалдарын тастамай, құлшылық жасап жүргенін көзіміз көріп жүр.

“Бізді Марстан келгендей қабылдайды”

Марфуға Шапиян. Фото: жеке мұрағаттан

“Я что, выгляжу как с Марса?” деген австралиялық орамалды қыздың жазған кітабы бар. Сол секілді кей орталарда бізді Марстан келгендей қабылдайтындар да жоқ емес. Бір қауым бізді періште көреді. Күнә жасамайды, артық күлмейді, көп сөйлемейді деп ойлайды. Бізді кинодан көрсе шок. “Бұл да кино көреді екен ғой!” Боянып алсақ “Сендер де боянасыңдар ма не?” Шалбармен көрсе “Сендерге шалбар киюге бола ма?” немесе “Неге тек діни кітап оқымайсың?”… осылай кете береді. Бізге тек жақсы дүниелерді тән көретіндей. Әрине, солай болуға тырасамыз. Бірақ ол үнемі қолдан келе бере ме? Біз де пендеміз ғой.

Кемшіліксіз дін – Ислам, ал біздің кемшілік бастан асады емес пе? Орамалды қыздың кемшілігін дініміздің кемшілігіне балап, Исламнан алшақтамасаңыздар екен деймін. Ал тағы бір қауым бізге жаны ашып, мүсіркеп қарайды. “Байғұс, миын әбден дін улап тастаған ғой. Ыстық күнде оранып алыпты” дейді көзі сөйлеп. Сондайда мен мына адам біздің іштей қалай бақытты боп тұрғанымызды білсе ғой деп ойлаймын.

Айтсам сенбейсіздер ғой, бірақ орамалдың шынымен де бізді еш ыстықтатпайтынын, түк қолайсыздық тудырмайтынын, керісінше өзімізді қорғанышта сезінетінімізді білсе ғой деп ойлаймын. Кейде маңдайынан тері сорғалап, басынан күн өтіп қиналып тұрған құрбымның “түу, әбден ыстықтадың-ау” деген сөзіне, “жоқ, керісінше…” деп айтып түсіндіргім-ақ келеді. Бірақ сөзіме бәрібір сенбейтінін көремін де, “жоқ, бәрі дұрыс” деп жымия саламын. Орамал – біздің таңдауымыз.

baribar.kz

Ақжарқын Қыдырханова

 

[:]