[:kz]
Бұл әрине өте өкінішті және біздің бүгінгі “еститін мемлекет”, “ашық әкімдік” қағидаларына қайшы келетін жағдай.
Кеше желіде «Хабар 24» телеарнасының журналисті А.Тәңірберген Алматы облысы, Алатау ауданының әкімдігіне кіріп бара жатқанда оны күзетшінің көтеріп, ғимараттан шығарып жіберген видеосы тараған еді. Аталған жайтқа қатысты ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева өзінің фейсбук парақшасында пікір білдірген болатын.
“Өздеріңізге мәлім, Алматы қаласы, Алатау ауданы әкімдігі қызметкерінің журналист Ақбөпе Тәңірбергенге күш қолданған теріс әрекеті интернет желісінде қызу талқыланып жатыр. Аудандық әкімдіктің жауапты тұлғаларының бұған қатысты еш шара қолданбауы мәселені тіпті де ушықтырып отыр. Бұл әрине өте өкінішті және біздің бүгінгі “еститін мемлекет”, “ашық әкімдік” қағидаларына қайшы келетін жағдай. Журналистердің құқығын бұзуға, олардың ресми жұмысына кедергі келтіріп, күш көрсетуге ешқашан жол берілмеуі керек. Олар өздерін қай жерде де еркін сезінуі тиіс. БАҚ өкілдері еліміздің тиісті заңнамалары мен нормативті-құқықтық актілеріне сәйкес қажетті толыққанды ақпарат алуға қай кезде де құқылы”.
Одан бөлек, министр әкімдікте орын алған тәртіпсіздік еш ескерусіз қалмау керегін айтып, БАҚ өкілдеріне ақпарат алуға ешқандай қысым жасалмау керектігін жеткізді.
“Бұл жағдайға қатысты, Алматы қаласы әкімдігінің басшылығы қызметтік тексеру жүргізіп, тиісті шаралар қабылдауы қажет деп санаймын. Кінәлі тұлғалар жауапқа тартылуы тиіс. Алдағы уақытта қай жерде болмасын, БАҚ өкілдеріне қатысты бұндай келеңсіз жағдайларға жол берілмеуі қажет”.
[:]