АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:kz]Кинотеатрдағы фильмдер неге қазақша сөйлемейді?[:]

[:kz]

Қазақ тілінің мәртебесі қашан да биік болуы керек. Дегенмен тәуелсіздік алғанымызға талай жыл болса да тіл тақырыбы әлі күнге дейін толастар емес.

Таяуда бұл мәселе кино саласын да төңіректей бастады. Бұл туралы сөз қозғап, әлеуметтік желілерде  пікір тастап отырған алматылық тұрғын – Данияр Кибаев.

Данияр халықты өзін қолдауға шақыру арқылы бұл мәселеге министрліктің назарын аударғысы келеді. Ол елімізде кино саласында қазақ тілінің құқы тапталып отырғанындығын айтады. 2019 жылдың 3-қаңтар күні қабылданған «Кинематография туралы» Заңға сәйкес, қазақ тілінде көрсетілмейтін фильмдер қазақ тіліне дубляж жасалуы не суб­титрленуі немесе кадр сыртындағы аудармамен берілуі тиіс. Данияр бұл заңның іс жүзінде жүзеге аспай жатқандығын сөз етеді.

Кей эпизодтарда ойнағаным болмаса, актер емеспін. Бірақ қазақ кино әлемін үнемі бақылап отырамын. Мені қынжылтатыны – біздегі кино саласына қатысты заңның орындалмай отырғаны. Мәселен, америкалық фильмдерді орысша дубляждап көрсетеді. Ал ол неге қазақша дыбысталмайды? Заң қабылданғалы бері біраз уақыт өтті, бірақ кинотеатрлар әлі сол сарында жұмыс істейді. Шетелден келген фильмдерді мүлдем көрсетпесін демейміз, тек өзімізге өз тілімізде жетсе екен дейміз. Заң бұзылып жатыр, оған қолданылатын құқықтық шара да қарастырылмаған. Бұл сонда әшейін көзбояушылық па?! Онсыз да бәрі орысша заманда тапталып жатқанда тіліме жаным ашиды. Менікі кинотеатрлар тіліміздің дәрежесін түсірмесе екен деген ой. Мұны Мәдениет және спорт министрлігі қадағалауы керек деп ойлаймын. Біз өзіміз де халық болып  осыны талап етуіміз керек.

Неге біз өз елімізде өз тілімізде кино көре алмаймыз? Мәселен, Франция, Германияда кинолар ағылшынша көрсетілсе де немісше, французша субтитрлар қоса жүреді. Біз қазақ тілінің мәртебесін көтеріп, қолдану аясын кеңейте алмай жатырмыз.

Қазақ тіліне деген көзқарасым қашан да оң. Ана тілімнің өркендеуіне барымды саламын. Себебі ертеңгі күні менің балаларым осы тілде өсіп-өнуі керек. Көрші мемлекеттермен достық қарым-қатынаста болайық, бірақ олардың идеологиясымен жүрмейік. Өзіміздің тіліміз, тарихымыз, өркениетіміз бар. Неге соны дәріптемеске? Мұның бәрі бүгінгі күннің мәселесі деп ойлаймын. Тіл үшін бүгін тер төкпесек, балаларымыз орыс тілділерге тәуелді болып қала береді.

Мемлекеттік тілдің қорғаушысы мемлекеттік органдар мен министрліктер болуы керек. Айып­пұл салсын, лицензиясын алып қойсын, ондайларға әйтеуір бір шара қолдансын. Мен Қазақстан Республикасының азаматы және қазақ ұлтының өкілі ретінде әр киноның қазақша болуын талап етемін!» – дейді ол. 

Бұл туралы Данияр әлеуметтік желілерде айтып, барын салып жүр. Оны қолдаушылар да табылып жатыр. Қол жинап, министрлікке ресми түрде хат жолдау да жоспарында бар. Сол арқылы қазақ тілінің дамуына осылай аз да болса өз үлесін қосқысы келетінін жеткізді.

«Тіліміздің мүшкіл жағдайын біле тұра, бей-жай қарап отыра алмадым» деген Даниярдың сөзі көңілімізге жаққаны рас. Енді алдағы уақытта ол қолға алған бұл істен оң нәтиже байқаймыз деген үміттеміз.

Замана

[:]