[:kz]
Атыраулық Диана Оразбаева бірнеше жыл бұрын Италия азаматына тұрмысқа шыққан. Полиция қызметкері мен мұғалімнің отбасында дүниеге келген қазақ қызы шетелдік азаматпен қалай танысқанын айтып, екі ел арасындағы құдалықтың қызықтарымен бөлісті. KAZ.NUR.KZ тілшісіне сұхбат берген ол сондай-ақ италиялық салт-дәстүрлердің қазақ халқынан несімен ерекшеленетінін де айтып берді.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
31 жастағы Диана Оразабева шетелде білім алып, әлемнің көптеген еліне саяхаттаған. Осындай кезекті жұмыс сапарларының бірінде ол жұбайы, Италия азаматы Мариомен танысады. Бастапқыда шетел жігітінің сезіміне мән бермеген Диана кейін Марио үйленуге ұсыныс жасағанда одан бас тартпай, отбасын құру туралы шешімге келеді.
«Біздің таныстығымыз өте қызық болды. Негізі мен Жаңа Зеландияға баруым керек еді. Оған виза бермей, Австралияның Сидней қаласына баруға тура келді. Міне сол жерде біз тоқтаған қонақүйде болашақ жарым әкімші болып жұмыс істеген. Ол мені бірден көріп, ғашық болған. Алайда мен оның сезіміне көп мән бермедім. Тек бір апта өткен соң, маған үйлену туралы ұсыныс жасағанда, келісімімді бердім», — дейді Диана.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Диананың айтуынша жолдасы Марио Австралиядағы оқуын тәмамдап, жұмысынан шығып, Италияға еліне оралған. Сол жақта азамат отбасына үйленетінін жеткізген. Алайда 30 жастан асқан соң ғана жанұя құратын италиялықтар, Марионың бұл шешіміне таң қалыпты. Десе де үйдің үлкені, яғни Марионың әжесі немересінің шешімін қолдап, одан болашақ келінімен таныстыруды сұраған. «Сөйтіп оның отбасымен танысуға Италияға бардым. Әжесі өте керемет адам еді, мені босағадан күтіп алды. Сонда ең бірінші айтқан сөзі «Біздің үйге қош келдің» деген сөзі болатын. Олар менің салт-дәстүр, дініме бәріне құрметпен қарады. Әжесі маған намаз оқитын арнайы бөлме де дайындатып қойыпты. Сондай бауырмалдықтарын көріп, мен оларға тіптен бауыр басып кеттім. Кейін өмірден өткенге дейін ол кісіні екі жылдай өз қолымда күтіп, батасын алдым», — дейді Диана.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Дегенмен Диананың Италия азаматына тұрмысқа шығам деген шешіміне туыстары түбегейлі қарсы болған. Тіпті, әжесінің «мұндай шешімді қабылдай алмаймын» деп тамақ ішпеген күндері де болыпты. «Ата-анамның, әжемнің, туыстарымның қарсылығын көріп, мен өз шешімімнен бас тарттым. Сөйтіп Мариоға бар жағдайды түсіндіріп, бірге бола алмайтынымды айттым. Ол бастапқыда үндемей құтылғанымен, кейін ата-анасымен бізге келетін болып шешті. Сөйтіп Италиядан туыстарымен Атырауға келді.
Сол кезде құдалықтың қызықтары басталды. Олар Қазақстан жайлы бұрын мүлде білмеген еді. Осында келіп, бірінші рет біздің елмен, салт-дәстүр, жерігілікті тағамдармен танысты. Біздің дәстүрге сай сырға салып, ата-анама, туыстарыма сыйлықтарын әкелді. Сондай-ақ олар дастарханға тіскебасарды, етті бәрін бірге қойғанын көріп, қатты таң қалды. Ал қойдың басын әкеліп тарата бастағанда тіпті, жолдасымның әпкесі талып қалып, әрең есін жиғызған болатынбыз.
Осындай қызықтар болды. Жалпы италиялықтар өзге елдің дастарханын көп ұната бермейді, олар өз ұлтының тағамдарын сүйіп жейді. Бірақ бәрібір мен әр жұма сайын бауырсақ пісіріп тұрамын. Оны менің жолдасым да, осындағы көршілеріміз де біледі және сүйіп жейді. Сосын жұбайым анамның ыстық бауырсағы мен қаймағын жақсы көреді. Атырауға келген сайын содан дәм татады», — дейді Диана.
Бүгінде фудблогерлікпен айналысатын Диана италиялықтардың бала тәрбиесі, өмірге деген көзқарасына да тоқталып өтті. «Италиялықтар ең алдымен өздері үшін бүгінгі күнмен өмір сүретін халық. Оларда балаларды аяқтан тік тұрғызамын, пәтер алып үйлендіремін, тойын жасаймын деген түсінік жоқ. Керісінше балалар өскен соң, өздері той жасауы тиіс деген ой қалыптасқан. Сол себепті бұл жақта жастар бір-бірімен кездесіп бастаған күннен жұмыс істеп, тойларына ақша жинай бастайды. Сол сияқты ерекшеліктер бар», — дейді Диана Оразбаева.
Сөз соңында Диана Қазақстанды әсіресе ата-анасын сағынатынын, алайда отбасы Италияда болғандықтан олармен қайда болса да тұруға дайын екенін атап өтті.
Автор: Адина Жусупова
[:]