[:kz]
Ойын кезінде астындағы атымен жүйткіп келе жатқан көкпаршының тамашалауға келген көрерменді қағып, аунатып түсіргені жайында әлеуметтік желіде видео тарады. Жұртты осы қауіпті сәт емес, комментатордың сөзі күлкіге батырды, деп хабарлайды Express Qazaqstan.
Көкпар — қауіпті ойын. Мұның қасында хоккей баланың ойыны болып қалады. Мына бейнежазбада көкпаршылар үшін ғана емес, көрермендер үшін де қауіпті екені анық көрінеді.
Ойынды ұйымдастырушы әрі комментатордың сөзінен көрермендерге қауіпті аймақтан аулақ тұруды бірнеше мәрте ескерткені, бірақ адамдардың оны тыңдамағаны байқалады. Серкені тақымына қысып, жүйткіген көкпаршы атымен көрерменнің бірін қағып өткен сәтте ұйымдастырушы: «Айттым саған, қаламқас!» — деп қойып қалады. Оқыс жағдайдан шошыған жұрт әп-сәтте ду күлген.
Бұл жайт әлеуметтік желі қолданушыларының да көңілін көтеріп, күлдіріп жатыр.
[:]