[:kz]
Көкшетау тұрғындары жылқының терісін лақтыруға мәжбүр. Өйткені, қылқұйрықты жануар терісінің бағасы соңғы жылдары күрт төмендеп, тіпті қажетсіз болып қалған. Кәсіпкерлер бұны тері өңдейтін көрші мемлекеттегі сұраныстың азаюымен түсіндіреді.
Көкшетаулық тұрғын Ержан ӘУБӘКІРОВ жылқы өсірумен айналысады. Соғым науқанында мал сойып, етін сатуға шығарады. Терісін қаладағы қабылдау орындарына апаратын. Алайда, соңғы жылдары бағаның тым төмендеп кетуіне байланысты тері қажеттілігі жоғалды дейді
– Ауылда тері алатын ешкім болмағасын далаға лақтырудан басқа амал жоқ. Қалада алатын жерлер бар.Әрі кетсе оптом 400-500 теңгеге алады. Ондай көп мөлшерде тері жоқ. Дүкендерде былғары қымбат. 40-50 мың теңге тұрады. Ал,біз тегін жатқан теріні далаға лақытып пайдаға асырмаймыз,– дейді Ержан Әубәкіров.
Осыдан екі жыл бұрын жылқы терісінің бағасы 12 мыңға дейін барған. Қазір Көкшетау қаласы бойынша бір терінің бағасы небәрі 300 теңгенің шамасында.Солтүстіктегі өзге аймақтарда да осындай жағдай.
– 300 теңгеге не аласың? Әрі кетсе үш бөлке нан аласың? 300 теңге деген сұмдық. Экологиялық хал-ахуалы нашар киім кигенше, өзіміздің былғарыдан тігілген киімдер киіп жүрсек қандай тамаша! Бізде неге тері өндейтін зауыттар ашылмайды екен. Мал бар емес пе, – дейді Көкшетау қаласының тұрғыны Ербай ДҮНГЕНОВ.
Көкшетауда жалпы тері қабылдайтын төрт кәсіпорын бар. Олардың барлығы терілерді Қытайға жібереді. Кәсіпкер Аллаберген АЗАТХАННЫҢ айтуынша, тері бағасының күрт төмендеуі, қытайдағы сұраныстың азаюына байланысты.
– Қабылданған терілердің көбі тесік, тілік болып келеді. Оны қыстыгүні қатып жататындықтан дұрыс қарай алмаймыз. Қытайға апарған терілерміздің 30 пайызы жарамсыз болып, шығынға айналады. Одан кейін жол шығыны да бар,– дейді Аллаберген Азатхан.
Кәсіпкердің айтуынша, киім-кешекке деген сапаның артуына байланысты Қытайда жылқы терісін қабылдау біршама азайған. Сондықтан, теріден пайда болмағасын кәсіпкер тек жалы мен құйрығын өткізіп жатыр. Ал, қалған қоймадағы тау болып үйілген 8 мыңдай теріні лақтыруға мәжбүрміз деп отыр. Ал,өңірде теріні пайдаға асырып жатқан өнеркәсіп өкінішке қарай болмай тұр.
zhasalash.kz
Фотолар автордікі.
[:]