[:kz]
Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан желіде кеңінен тарап кеткен суреттің қалай түсірілгенін, фотодағы жауынгер мен баланың кім екенін айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
«Осы күндері интернет желісінде жауынгер мен кішкентай баланың суреті пайда болып, тез тарап кетті. Жып-жылы сурет. Қоғам жақсы қабылдады. Бейбіт жауынгердің бейнесі. Осы суреттегі жауынгерді іздестірдік. Ол – Ұлттық ұланның жауынгері екен», — деп жазды Мұқан әлеуметтік желідегі парақшасында.
Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына қарасты 6698 әскери бөлімінің ефрейторы Шахрух Хасанов қаңтардың 4-і күні дабыл белгісімен қызметке шыққан. Ол басқа әскерилермен бірге Шымкент қалалық әкімдігінің маңында қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті бақылады.
«Әйгілі сурет 7 қаңтарда түсірілген екен. Әкімдік алдындағы алаңда қызмет атқарып тұрған жауынгерге бір кішкентай балақай жүгіріп келіп, сәлем беріпті. Жауынгер де баланың қолын қайтармай, сәлемін алып, басынан сипап, әкесіне қарай жіберген. Әкесінің айтуы бойынша, неше күн үйде қамалып отырған бала әбден зерігіп, далаға серуенге шыққанына қатты қуанған. Ал осы сәтті сол маңайда түсірілім жасап жүрген «OTYRAR TV» журналистері түсіріп алған», — деп атап өтті Мұқан.
Ефрейтор Шахрух Хасановтың Ұлттық ұланда қызмет етіп келе жатқанына 10 жыл болды. Үйленген, екі ұлы бар. Ұлдары да әке жолын қуып, әскери қызметкер боламыз дейді.
[:]