[:kz]
Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов коронавирус індетінің кеңінен таралмауы үшін қолға алынған қатаң шаралар туралы мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Елорда Инф
«Біріншіден, біз өзге елдердің тәжірибелерін қарадық. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ауырған бір адам кемінде 2-3 адамға жұқтыратынын мәлімдеді. Ал 5-6 күннің ішінде ауырған бір адам 3,5 мың адамның дертті болуына себеп болады.
Еуропа қалалары бірінен кейін бірі карантинге жабылып жатыр. Олардың кейбіреулері шешімді тым кеш қабылдағанын көріп отырсыздар.Ал вирус алғаш тіркелген Қытай, күресті темірдей тәртіптің негізінде жүргізді. Қытай, Оңтүстік Корея елдері азаматтарды оқшаулаудың қатаң әдісін қолданды.
Мекемелер, кәсіпорындар, қоғамдық көліктер жұмыстарын тоқтатты. Олар күндеп емес, айлап үйлерінен шықпады. Тек осындай тәртіп қана медицина қызметкерлеріне үлкен көмек болды және оң нәтиже берді»,- деді ол.
Біздің елімізде 16 наурыз төтенше жағдай жарияланды. 22 наурыздан бері елордаға кіруге де, шығуға да тыйым салынды.
«Екіншіден, шетелдік тәжірибе көрсеткендей, бұл індетті жасы үлкен, созылмалы дерттері бар азаматтар көтере алмай жатыр. Сондықтан біз қазыналы қарияларымыздың амандығын ойлауымыз қажет. Әсіресе жасы үлкен азаматтарымыздың сыртқа шықпауын өтінеміз. Сабыр түбі сары алтын. Қиын кезеңде өздеріңіз үшін төзімділік танытыңыздар. Басқа жол жоқ»,- деген ол үндеуде.
Әкім туысыңыз бен жақыныңызға шын жанашыр болсаңыз, олардың амандығын тілесеңіз, онда өз үйіңізде отыруыңыз керек деп кеңе берді.
«Үшіншіден, қала маңындағы карантинге кірмейтін елді мекен тұрғындары елордаға келуді қоя тұру қажет. Біз жұмыс берушілерге қызметкерлерінің амандығы үшін, жұмысты тоқтатуды және жұмыс орындарының сақталуы қажеттігін айттық.Төртіншіден, тәртіп мәселесі. Тәртіпке бағынған құл болмайды дейді. Мұндай кезеңде заңбұзушылықтарға жол берілмейді. Кез келген заңсыздық қатаң жауапқа тартылады»,-деп тұрғындарды сабырға шақырды.
Сөз соңында ол карантин ерте аяқталу үшін, тәртіпке бағыну керектігін айтады.
«Карантин мен коронавирусқа қатысты сұрақтарыңыз болса 109 номеріне хабарласуыңызға болады. Ол жерде қосымша телефон орталығын аштық. Карантин ерте аяқталсын десек, тәртіпке бағынып, жауапкершілікті терең сезінуіміз керек. Біз бұл қиындықты бірге еңсереміз. Біз біргеміз», — деді қала әкімі Алтай Көлгінов.
azattyq-ruhy.kz
[:]