АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:kz]Көлік астына жатып алған полицей өз әрекетін түсіндірді[:]

[:kz]

Ауа райының қолайсыздығы салдарынан жабық болған Нұр-Сұлтан-Теміртау тас жолына өтпек болған көліктердің астына жатып алған тәртіп сақшысы полицияның бөлімшелік инспекторы Жанболат Күшеков болып шықты деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Жанболат Күшеков. Фото: NUR.KZ

Жанболат Күшеков. Фото: NUR.KZ

Майор бір топ көлік жүргізушілермен келіспеушілік ушығып жатқан сәтте «Газельдің» алдына жата қалып, өз денесімен қара түсті автоға жол бермей қоюына не түрткі болғанын айтып берді.

«Дауыл мен көктайғақ болды. Біз алтау болдық. Тас жолды үш көлікпен жауып қойдық. Сол жерде ондаған көлік жиналып, оларды өткізуді талап ете бастады. Біз оларға жолда дауыл мен көктайғақ болып тұрғанын түсіндірдік. Оларға арнайы бөлімшеге баруды ұсындық. Ол жерде ауа райының қалыпқа келуін күтуге барлық жағдай жасалған. Мен тіпті, оларды өз үйіме ыстық тамақ ішуге шақырдым» , — деді полицей.

Алайда, тәртіп сақшыларының айтқаны жүргізушілерге мүлдем ұнамаған. Олар ашуға бой алдырып, тас жолды жауып қойған полицейлерді балағаттай бастаған.

«Олар тас жолы айтарлықтай қауіпті емес екенін айтып айқайлай бастады. Біз оларға барынша түсіндіруге тырыстық. Бірақ, жүргізушілер мен олардың жолаушылары агрессивті түрде әрекет етті» , — деді майор.

Кенеттен бірнеше көлік иелері Күшековтың әріптесін ұстап, басқалары жолды жауып тұрған қызметтік көліктерді итеруге кірісті. Жолдан өте алмай тұрған автолардың бірі оталған сәтте майор оның алдына жата қалған.

«Мен тас жолы қауіпті болғандықтан, бірде-бір көлікті өткізбеймін деп айқайға салдым» , — деді полицей.

Алайда, Жанболат Күшековтың әріптесі оған қолын созып, тұруға көмектесті. Кейбір көліктер ақыр-соңы тас жолға шығып кеткен. Олардың кім екені анықталып, қазіргі таңда жүргізушілер жауапкершілікке тартылуда.

Айта кетейік, полицейлер мен көлік жүргізушілері арасындағы қақтығыс Теміртау мен Нұр-Сұлтан арасындағы тас жолда орын алған.

[:]