[:kz]
Ішкі істер министрлігі Қордай ауданындағы бірнеше ауылда болған тәртіпсіздіктерге қатысты 90 қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді. Журналистерге мән-жайды Ішкі істер министрінің орынбасары Марат Қожаев баяндап берді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
ІІМ ақпаратына сәйкес, қазір Қордайдағы жаппай тәртіпсіздік фактілері бойынша 90 қылмыстық із қозғалған. Олардың 11-і «Адам өлтіру» бабына сәйкес болса, бірқатары ұрлық, тонау және қарақшылыққа қатысты.
Қылмыстық істер жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастыруғаны және оған қатысқаны үшін де қозғалып отыр.
Ал тәртіп сақшыларына күш қолданғандар қамауға алынды. Олардың ісі сотқа жіберілді.
Қарияны соққыға жыққандар да темір торда отыр.
«Басқа қатысушыларға — оқ атқандарға, арандатушыларға қатысты ақпарат кейінірек болады», -деп уәде берді Қожаев.
Маманның айтуынша, жалпы тергеу жұмыстарына екі ай кетеді. Дегенмен қылмыстық-процессуалдық кодекске сәйкес, егер қосымша зерттеулер мен сараптамалар жүргізілуі тиіс болса, бұл мерзім ұзартылуы бек мүмкін.
Вице-министр жаппай жанжалға көп адам қатысқандықтан, тергеушілер ауқымды жұмыс жүргізіп жатқанын атап өтті.
Еске сала кетсек, Қордайдағы жаппай тәртіпсіздік салдарынан 11 адам мерт болды.
Соңғы деректерге сәйкес, медициналық көмекке 178 қазақстандық жүгінген. 19 құқық қорғау органдарының қызметкері зардап шегіп, оның жартысы оқ жарақатын алған.
[:]