[:kz]
Шалғайдағы ауыл баласы колледждегі оқуын тастап, анасымен бірге Оңтүстік Кореяға жұмыс іздеп кетті.
Түркістан облысының тумасы, 17 жастағы Фархад Ибадулланың Оңтүстік Корея Ансан қаласында тұрып жатқанына жеті ай болды. Ақша табу үшін күн сайын қала орталығындағы «Құл базарға» барады. «Бізді коронавирус та елге қайтара алмайды» дейді ол.
Фархад – шаңырақтағы үлкен ұл. Өзінен кейін кәмелетке толмаған төрт бауыры бар. 2018 жылы 9-сыныпты бітірген соң Түркістан қаласындағы мал дәрігерін дайындайтын колледжге оқуға түскен. Бірақ күнкөріс қамымен оқуын аяқтамастан анасы екеуі Оңтүстік Кореяға жұмыс іздеп кеткен.
— Қазақстанда жібі түзу жұмыс табылмайтынын білдім. Ата-анам менен үміттенеді ғой. Сондықтан шетелге кеткенді жөн көрдім. Оңтүстік Кореяда күтіп тұрған ешкім жоқ екенін білсек те, анам екеміз тәуекел деп аттандық,- дейді о
Қазақстандық «гастарбайтерлердің» үміті ақтала ма?
Фархадтың төрт бауыры мен әкесі ауылда. Ансан қаласындағы косметика кәсіпорнында жұмыс істейтін анасы Қазақстанға барып келеді. Ал Фархадтың інілері мен әкесін жүзбе-жүз көрмегеніне жеті ай болды.
«СЕГІЗ САҒАТ ТІК ТҰРЫП ЖҰМЫС ІСТЕЙСІҢ»
Фархадтың сөзінше Ансан қаласында шетелден жұмыс іздеп келушілер тұратын бірнеше орын бар көрінеді. Қазақстанның ірі қалаларында жиі кездесетін таныс көрініс.
Әлемнің әр түкпірінен Фархад секілді жұмыс іздеп Кореяға ағылғандардың жолы сол жерде түйіседі. Жүздеген адам әлдекім жұмыс беріп қала ма деген үмітпен күнде сонда барады. Бір қызығы, Қазақстаннан, оның ішінде Түркістан облысынан келгендерді де осы жерден жолықтыруға болады.
Ақысы тәуірлеу, адамы алдамайтын жұмыс табылса – олжа. Өйткені кей күндері, кейде тіпті қатарынан үш-төрт күн жұмыссыз қалатын сәттері де бар. Жұмысын істетіп, ақысын бермей қоятындарға кез болуың да ғажап емес.
Фархадтың сөзінше, кәсіби мамандығы жоқ шетел азаматтарына Ансанда тұрақты жұмыс табу қиын, қолға ілінгенін істеуге мәжбүр.
Зауыттар мен кәсіпорындарға жұмысқа орналасқан кезде жұмыс берушілер «тұрақты жұмыс» деп атағанды жөн көреді. Бірақ ол қаншаға дейін шыдап істей алатының белгісіз зиянды жұмыстардың бірі. Мұнда ең ауыр және ең зиянды жұмысқа шетелдіктерді алады.
– Кореяның «Tony Moly» косметика кәсіпорнында жұмыс істеп көрдім. Адам денсаулығына өте зиян өндіріс. Косметика өндірісінің қара жұмысын жергілікті халық істемейді. Мысалы, косметиканы шыны құтыда араластырады. Құтының қақпағын бір адам ашып тұрады. Былай қарасаңыз оп-оңай жұмыс. Бірақ құтыны ашатын кезде, айналасындағы адам түгел сыртқа шығады. Өйткені, құтыдан шыққан тозаңнан тамағың бітіп, кеңсірігің ашиды. Мұндай жұмысты біз сияқты шетелдіктер ғана істейді, — дейді ол.
— Кейде жұмысын істетіп, ақшасын төлемей қоятындар да табылады. Ондайда ешкімге шағына алмайсың. Өзің заңсыз жүрген адамсың.
Фархадтың сөзінше, жұмыс берушілер еркелікті көтермейді. Сегіз сағат тікеңнен тік тұрғызып жұмыс істеткізеді. Әр екі сағатта бір рет қана тізе бүгіп, аяқ суытуға рұқсат бар. Бірақ әр сағатыңа 10 мың вон (шамамен 3 мың теңге) төлейді. Қазақстандағы жалақы есебімен санасаң әжептеуір ақша.
— Кейде жұмысын істетіп, ақшасын төлемей қоятындар да табылады. Ондайда ешкімге шағына алмайсың. Өзің заңсыз жүрген адамсың. «Өзің диуанасың, кімге пір боласың» деген сол. Алайда бүгін бір жерден аз ақша тапсаң, ертең басқа жерден молдау табасың. Сол ғана дәтке қуат, — дейді ол.
Фархадтың сөзінше, асхана мен қонақ үйде жұмыс істейтін әйелдер жазда он екі сағаттан артық жұмыс істейді. Бірақ ер адамдаға қарағанда әйелдерге азырақ төлейді.
«ЖЕТІ АЙДА КОРЕЙ ТІЛІН ҮЙРЕНДІМ»
Алайда жат жердегі қиындыққа қарамастан Фархадтың Қазақстанға қайтқысы жоқ. «Тіпті, бізді әлемге тарап, Кореяға да жеткен коронавирус та қайтара алмайды» деп күледі ол.
— Короновирустан сескеніп Қазақстанға қайтып жатқан қазақтар аз. Кетіп жатқандар – кемінде екі жыл жұмыс істеп, әжептәуір табыс тапқандар, — дейді Фархад.
Ол «коронавирус Кореяның Сеул секілді үлкен қалаларында тарады, ал Қазақстанннан барған жалдамалы жұмысшылар жүрген шағын қалаларда ауруға шалдыққандар жоқ» деп санайды.
Бірақ соған қарамастан жергілікті жұрт маскасын тастамайды.
Фархадтың айтуынша, коронавирус шыққалы Кореяда да маска қат бұйымның біріне айналған. Жергілікті азаматтарға күніне екі маска тегін беріледі. Визасы бар шетелдік азаматтарға бір маска 1,5 АҚШ долларына сатылады. Визасы жоқ шетелдіктер үш-төрт есе қымбатқа сатып алуға мәжбүр.
Фархад Кореяға барған соң жеті айда корей тілін тәп-тәуір үйреніп алғанын айтады.
Жергілікті жұрт қате болса да кәріс тілінде сөйлесең, көмектесуге, үйретуге ықыласты, — дейді ол.
Фархад қазір қолы қалт етсе ауылда айналысқан дзюдосын дамыту үшін спортзалға барады. Телефон тілін бағдарламалауды да кәсіпке айналдыра бастаған. Өйткені нақты бір салада маманданбаса Оңтүстік Корея ешкімнің арқасынан қақпайды. Ал Фархад әлі жас. Оңтүстік Кореяда қашанға дейін жүретіні белгісіз.
Фархад секілді еңбек мигранттары Кореяға 2014 жылдан бастап жиі кете бастады. Арасында тұрақты жұмыс тауып, Кореяға орнығып қалғандары да, жолы болмай кері қайтқандары да бар. Сыртқы істер министрлігінің мәліметіне қарағанда, Қазақстанның 35 мың азаматы Оңтүстік Кореяда жүр. Оның 12 мыңы – Фархад секілді заңсыз еңбек мигранттары.
Заңсыз еңбек мигранттарынан Оңтүстік Корея да зәрезап бола бастағанға ұқсайды. Былтыр, 2019 жылдың көктемінде Қазақстаннан барғандардың бірі көлікпен бала қағып, Қазақстанға қашқан соң көп өтпей заңсыз мигранттарға талаптарды күшейтті. Енді Кореядан кеткісі келетін заңсыз мигрант қалаған күні кете алмайды, кететінін кем дегенде үш күн, кейде тіпті 15 күн бұрын жергілікті полицияға хабарлауы тиіс.
[:]