[:kz]
Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев Арыс тұрғындарынан кешірім сұрады.
Бұл туралы баспасөз мәслихатында ведомство басшысы мәлімдеді, деп хабарлайды Stan.kz.
«Жауапкершілік пен кінәні шатастырмау керек. Кінәні сот анықтайды. Мен сіздерге ашық айтар болсам, мен Арыс тұрғындарымен кездесу кезінде кешірім сұрадым. Эвакуацияланғандармен, зардап шеккендермен де көп кездестім. Зардап шеккендерден қайтадан кешірім сұрауға дайынмын, бірақ менің ойымша, әскери қызметтің басты мақсаты — сөз айтып, популизмге түсу емес, болған жағдайды қалпына келтіру», — деді Нұрлан Ермекбаев.
Министр барлық жауапкершілік өз мойнында тұрғанда қарулы күштерде өзінен аса уайымдаған адамды табу қиын екенін атады.
Айта кетейік, «Арыстағы жойқын жарылысқа қатысты халықтан кешірім сұрамайсыз ба?» деген сұраққа қорғаныс министрінің берген жауабы әлеуметтік желіде қызу талқыға түсті. Ал, Арыс халқы қорғаныс министрінен кешірім сұрауын талап етті.
[:]