АЛТЫНОРДА
Жаңалықтар

[:kz]Қорғаныс министрлігі 17 млн теңгеге алтын жалатылған төсбелгі соқтырмақ[:]

[:kz]

 

Қорғаныс министрлігінің 65235 әскери бөлімі ашық конкурс тәсілі арқылы 2 сәуір күні «KADESI» жеке кәсіпкерлігімен келісімшартқа отырған.

Отан қорғаушылар күні мен 9 мамыр күніне орай Қазақстанда әскери парад өтпейді. Есесіне Қарулы күштердің 30 жылдығына орай Қорғаныс министрлігі алтын жалатылған 5 мың дана естелік белгіні 17 млн 597 мың теңгеге соқтырмақ, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Мемлекеттік сатып алу сайтында көрсетілгендей, Қорғаныс министрлігінің 65235 әскери бөлімі ашық конкурс тәсілі арқылы 2 сәуір күні «KADESI» жеке кәсіпкерлігімен келісімшартқа отырған.

Техникалық сипаттамасында диаметрі 32 мм, алтын түстес металлдан жасалуы тиіс естелік белгінің бетіне «Қазақстан Республикасының Қарулы күштеріне 30 жыл» жазуы таңбалануы керек екені айтылған.

Сипаттамада «Алдының барлық реңкі алтын түстес, маталанған, бедерлі және мәтіні шығып тұрады, жылтыр. Белгінің жалпы саны 5000 дана, тиражы (100 данадан). Қосымша сипаттамалары: жеке барқыт қорабы, белгісі үшін кітапша» деп нақтыланған.

Шарттың күшіне енген күннен бастап 90 күн ішінде орындалуы тиіс.

Министрлік мереке қарсаңында бұдан өзге де кәдесыйларды тікелей бір көзден сатып алуды жоспарлап отыр. «EMPIRE Ltd KAZAKHSTAN» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі әлеуетті өнім жеткізуші ретінде таңдалған.

Жалпы құны 15 млн 484 мың теңге болатын екі шарт бойынша бірқатар кәдесыйға тапсырыс берілген.

Оның ішінде былғары баулы 26 сағат (біреуі 70 мың тг), қойын дәптер (20 мың тг), 10 фарфор шыны аяқ (біреуі 37 мың 500 тг), ұлттық нақыштағы 17 қалам (біреуі 35 мың тг), 22 дана үстел панносы (біреуі 90 мың тг), 8 сәндік қабырға сағаттар (біреуі 55 мың тг) сынды бағалы тартулар көрсетілген.

Айта кетейік, Қорғаныс министрлігі мерекелік парад арқылы бюджет қаржысын үнемдеп, есесіне Қазақстан Қарулы күштері бөлімшелерінің жауынгерлік әзірлігіне қолдау көрсету, мемлекеттік және әскери нысандарды күзету мен қорғау жөніндегі міндеттерді орындауға басымдық беретінін хабарлаған болатын.

Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов шеру өткізуге шамамен 4 млрд теңгеден астам қаржы кететінін, сондықтан қаражатты парадтан гөрі маңызды міндеттерге жұмсау орынды болатынын жеткізді.

«Қазіргі уақытта Қазақстан Қарулы күштерінің алдында маңызды міндеттер тұр. Оларды Жоғарғы Бас қолбасшы айқындап берді. Бәрін жүзеге асыру және бюджеттен қаражат сұрау – бәрін шығын. Мәселен, жанар-жағармай материалдары, іссапар шығындары, жеке құрамның тамақтануы бар. Жақында ғана оқу-жаттығуды аяқтадық. Мұнда бізге қайсысы маңызды – оқу-жаттығу өткізіп, жауынгерлік әзірлігімізді тексеру ме әлде шеру жасау ма? Бұл ретте біз Жоғарғы Бас қолбасшының тапсырмаларын іске асыруды ескеріп, Қарулы Күштердің жауынгерлік дайындығымен айналысқан орынды деп санаймыз», — деді Қорғаныс министрі Мәжіліс отырысынан кейін тілшілерге берген сұхбатында.

Министрдің айтуынша, шеру Қарулы Күштердің 30 жылдығына жоспарланған. Десе де атқарушы билік органдары тарапынан алдағы мереке күндеріне жоспарланған іс-шаралар жалғаса бермек.

«Шеру Жеңіс күніне емес, Қарулы Күштердің 30 жылдығына арналған еді. Бұл айырмашылықты салыстырып көріңіздер. Жеңіс күніне ардагерлерімізге құрмет көрсететін іс-шаралар жоспарланған. Олардың бәрі өткізіледі. Атқарушы билік органдары ардагерлерге жоспарлы түрде төлем жасайды. Біз оларға құрмет көрсетеміз және құттықтаймыз», — деп атап өтті Руслан Жақсылықов.

[:]