[:kz]
«Теңгедей өзiң болғанмен, теңiздей көрiп тамсанам» деп тебiренiптi Саршолақ шайыр өзi туған Шалқар өңiрiндегi шап-шағын ғана Жомарт көлi туралы. Сол айтқандай қазақ киносы туралы зәуде бiр жылы сөз ести қалсақ та жүректегi азды-көптi тоң жiбiп, көңіліміз көл-көсір бола жаздап, балмағыз бiр күйге түсетiнiмiздi несiн жасырайық. Неге бұлай болғанымызды түсiндiру үшiн алысқа бармай-ақ әңгiменi қазақ киносының тарихатынан бастамасаң болмайды. Сондықтан оны көршi өзбек елінiң кешелі-бүгiнгi осы кино саласымен салыстырудан әрi аттамай-ақ қойсақ та болатын сияқты. Иә, әнебір жылы Сарыағашта болдым. Бiр аңғарғаным жергiлiктi қазақтар өзбек мәдениетiн кереметтей құрметтейдi екен. Солар ала-тақиялы ағайындардың жұрт аузына iлiккен өнерпаздарының (актер, артистерiнiң) қай-қайсысын да түстеп танып, қай кинода, қандай рольде ойнағанына шейiн майын тамызып әңгiмелеп отырғанын көргенде, әрi қызықтым, әрi қызғандым. Қазекемнiң бәсекешiлдiгi шығар, әйтеуiр мұнда қалталы қазақтар қыз ұзатып, келiн түсiрсе, тойға Ташкенттен әртiс, киноактерлер шақыру да үрдiске айналған. Өзбек әшулә (өлең) айта бастаса болды, қазақтың жiгiт-желең, қыз-қырқындарынан бастап жасамыстарына дейiн ұршықтай үйiрiлiп билей жөнеледi. Жергiлiктi қазақтардың ауызекi сөйлеу үрдiстерiнде өзбек ырғағы (интонациясы) басым екенiн бұрын да аңғаратынмын. Сондай-ақ олар «Қазақфильмдікіне» қарағанда «Өзбекфильм» киностудиясы шығарған үлкендi-кiшiлi фильмдерге әуес. Әуес деген бергi жақтағы сөз, алда-жалда өзбек киносы басталса, iшкен асын жерге қояды.Несіне жасырайын, сондайда осы күнгі қазақ телесериалдарын көргенде осы біз қашан кино түсіруді үйренер екенбіз деп өзіме-өзім налып, жер шұқылағаным еске түседі. Бұлар неге сонша құмартады екен деп, DVD дискiде сатылса, бiр-екi киносын өзiммен бергi ала барған компьютерге салып тамашалағым келдi. Сатылады екен. Сатылмақ түгiлi кез келген жерде қаптап тұр. Арзан. Он-он екi кино жазылған бiр дискi 4500—5000 өзбек сомының төңiрегiнде. Қазақ пұлына шаққанда айналасы 450-500-ақ теңге. Ал содан көре бастайын. Алғашында тiлiн толық түсiне алмай бiраз қиналдым. Қайта көрдiм. Қайта тамашаладым. Бiр-екi күннен соң сөзбекшені де үйреніп алдым. Ден қоя білсең, қазақшадан айырмашылығы да аз екен. Сол баяғы дүңгiршекке қайта барып, тағы қандай киноларын бар? – деп сұрадым. Сатушы қыз күледi. «Аға, бәрiмiз де осылай әсте-әсте «өзбек» болғанбыз»,–деп қояды. Өнерден азды-көптi хабарым бар. Бiз көрген «Фатима мен Зухра», «Ойын», «Сүйiнiш», «Бақыт үшiн миллион», «Егiздер», «Жалғыз», «Жұлдызсыз аспан» секiлдi кинолары көрермендi, қарапайым адамгершiлiк қағидаларын қарапайым ғана көрiнiстермен жалпыға ұғынықты етiп насихаттау арқылы баурап алады екен. Абай айтпақшы, «Мұнда жоқ алтын иек, сары-ала қыз». Бәрi өзбек халқының өмiрiнен, ұлттық дәстүр-салтынан алынған кәдiмгi таныс жәйттер. Сөйте тұра, ешкiмдi жалықтырмайды, тiптi тартымды дерлiктей дүниелер. Әлбетте, арзан күлкi, жасанды жылауық көрiнiстер де баршылық. Әйтсе де көрермендерiне, әсiресе, әзіл, қалжыңқұмар өзбектердiң өздерiне қатты ұнайтыны көрiнiп-ақ тұр. Бұл жердегi мақсатымыз өзбек өнерiн, өзбек киносын насихаттау емес. Айтпағымыз, әшейiнде Орта Азияның барысына айналып барамыз деп күмпілдеп күпсiнетiн бiздiң қазекең, қазақ киносы әлемдi бағындыра бастады деп, жыртылып, жарыла жаздайтын «Қазақфильм» басшылары осыған қалай қарайды екен? Шынында да осы бiздiң кино саласында солар айтқандай «Әлемдi бағындыра бастаған» қандай-қандай дүниелерiмiз бар? Олар өзбек киносы бiздiң базарларды жаулап алғанын бiле ме екен? Ақиқатын айтсақ, адам санасына кiтапқа қарағанда мәдениет пен өнердiң музыка, кино сияқты салалары тiкелей, жедел әсер ететiнi рас. Ал, құлағы өзбек музыкасын, өзбек әуезiн тыңдауға, көзi өзбек киносын тамашалауға дағдыланып кеткен оңтүстiктiң қазақтарына өзбекке бүйрегiң бұрады, өзбекше араластырып сөйлейсiңдер, дастарқандарың өзбекше жайылады деп ренжу де орынсыз. Яғни, бұл жақта өзбектiң ұлттық идеологиясының нышандары басым. Ал біз өзімізді өзіміз мақтағаннан ғана алдымызға жан салмайтынымыз және рас. Бiздiң шонжарларға, шонжарлар тұрмақ ауыл, аудан, облыс деңгейiндегi әкімдер мен солардың айналасындапғы жандайшаптарға қазақтың ұлттық идеологиясынан, ұлттық педагогикасынан бүгiнгi ұрпақты ажыратып тастадық-ау, жастарымыз да, қарттарымыз да орысты ғана Құдайындай көреді десең, саған текекөздене қарайды. Ендi бiрнәрсе десең «ұлт араздығын қоздырушысың» деп ұстатып жiберуден тайынбайтыны бетiне шыға келедi. «Надан, бейшара-ай!»– дейсiң iштей. Өзбектер 25 жылдан берi қазекемшілеп өйтеміз де бүйтеміз, барыс та, қасқыр да боламыз деп күмпiлдеген жоқ, олардың киногерлерi де өз ұлты үшiн, өз ұлтының дәстүр-салтының мерейi үстем тұруы үшiн қызмет етумен келедi. Әрине, күні кеше дүниеден озған Ислам Каримовты жек көретiндер оларда да жетерлiк болды. Бiрақ, құдайшылығын айту керек, ол туралы өзбектерде «ол еуропашыл, ресейшіл, католикшiл, тілімізді өркендетпеді» деген бiрауыз сөз жоқ. Сондықтан да олар өз тілінде-ақ тәуелсiз ұлттық өнер жасап келедi. Ташкентте орыстардың өзі өзбекше сөйлейді. Бiз ше? Жер-жаһанға жар салған «Көшпендiлерiмiз» анандай болды. Сөйте тұра, «керемет жасадық, бұл фильм әлемдiк прокатқа шығатын болды» деп сақалы әппақ атақты актеріміз жарияға жар салды. Газеттiң бiрнеше нөмiрiне құлаш-құлаш мақала жазады. Тiптi, фильмнiң әнебiр тұсын пәленшекемнiң айтуымен түсiрдiк деп мақтанғанын да көрдiк. Олар сол сөзіне ұялудың орнына ұлы жұмыс бiтiргендей қанасына симай, әлі де тасып-төгiледi. Әрине, «Көшпендiлерге» деп бөлiнген де алынған мол ақша түгелдей алаяқтарға, кемталап режиссураның жемтiгiне айналды дегендердің сөзіне құлақ асқан жан болмады. Әрине, онда бiздiң шаруамыз да жоқ. Тек, осы фильмде «Жұлдыз туды» деген ұранды сөздi естiгенде тiксiнiп қалғаным рас. Өйткені, бұл Таураттан алынған сөз сияқты. Бүкiл фильмнен осы күнi қазақ арасындағы Ислам дiнiне, мұсылманшылыққа iрiткi салмақшы болып жүрген тәңiршiлдiк наным-сенімнің (тенгризм) иiсi аңқып тұр. Бұл – кейбiреулердiң тапсырмасымен жасалған iсi болуы да мүмкiн-ау деген ойға кеттiк. Осы «Көшпенділер» фильмі аяқталғанша одан домбыраның дың еткен бiр дұрыс даусын естiмедiк. Ал 16-17 жас аралығындағы мың баладан қол жиып ел қорғаған, 93 жасында қайтыс болған әрі би, әрі батыр Сартай туралы «Жау жүрек мың бала» фильмінде оны 16 жасында өлтіргеніміз былай тұрсын одан екіқабат болып қалған қызды ойлап тауып, оған шаңырақ көтертіп масқара болдық. Біріншіден, Сартай батыр туралы мұрағаттарда дерек көп. Ол деректер фильмге пайдаланылмай далада қалды. Екіншіден, қазақ ешуақытта киіз үй тігерде шаңырақты әйел жыныстыға көтертпейді. Олар тек уық қадайды. Ал 16-ға толар толмас қыздың үйінде отырып екіқабат боп қалуы о заманда адам естімеген уақиға. Бұны қай антатқыр көрләт фильмге не үшін енгізгенін қайдам…Сонымен… Сонымен, егер «Көшпендiлерге» немесе «Жау жүрек мың балаға» бұйырған қыруар қаржының ширегi ғана өзбек не қырғыз киношыларының қолына түссе, қандай ғажап дүниелер, ұлттық дүниелер жасар едi деп күйінемін iштей. Иә, олардың қолын жоқшылық қысып отыр. Жасаған Иемiз қазақ жерiне осынша байлық пен бақ берген екен. Соның қадiрiн білмей, киноны бүгінгі ұрпағымызда ұмытылып қалған ұлттық сананы оятуға жұмсамай, ақша десе ит көрген ешкiкөзденiп шыға келетiн дертке душар болдық. Сондықтан, ендігәрі бiрден аспандағы Айды аламын деп, Голливуд боламыз деп шалабымызды шайқамай-ақ көршiлес бауырларымызға күлкi болмай-ақ әуелi өзiмiздiң топырағымыздағы бүгiнгi проблемаларды, ұлттық мәселелерiмiздi ұлттық тілімізді, ұлттық тәрбиемізді сөз ететiн, ойландыратын әрi қарапайым, әрi арзан, ұғынықты да тартымды дүниелерден бастауымыз керек шығар? Әттең, бұл орайда да «Қазақфильм» киностудиясын ұлттық дәстүрдi, ұлттық сананы жете бiлетiн, әрi бiлiмдi, әрi таза қазақы намысы, ұлттық намысы бар азамат басқармай iстiң iлгерi басуы… Әй, қайдам?.. Айтпақшы, сол «Көшпендiлердi» әлгiндей етіп түсiргендердiң әрқайсысы миллиондаған қаржыны қайда шашқанына жауап берудің орнына қазiр әр терiнiң пұшпағын илеп жүр. Бiреуi кейін Жастар театрына бастық болды. Оның театрға не қатысы барын бiз бiлмеймiз. Соны түсiне алмаған театр ұжымы да, көрермен де үндеген жоқ сол кезде. Баяғыда өнерге үш қайнаса сорпасы қосылмайтын партия һәм кеңес қызметiнiң ортақолдау қызметкерi бiр-ақ күнде Мәдениет министрi болып шыға келгенде қазекем осылай үнсiз қалған. Есесiне репетицияны «Тренировкамен» шатыстыратын министр келгенде ұлардай шуладық. Айтпақшы, ХҮ ғасырдағы басты кейіпкерлері осы күнгі қазақтардың сөйлеу стилімен сөйлейтін «Қазақ хандығы» фильміндегі өрескелдіктер туралы әлі ешкім жұмған аузын ашпай отыр. Неге? Алматыға осындай әрi-сәрi оймен қайтқан басым келе -сала кино туралы әртүрлi басылымдарды қарайтын «ауру» тауып алдым. Сондағы ойым – бәлкiм, қателесетiн шығармын, мүмкiн менiң бiлгенiм қырықтың бiрi ғана шығар деген күдiк қой, баяғы. Бiрақ, аса қателесе қоймаған секiлдiмiн. Мұның бәрi бұрыс болса, төрелiгiн жұрт айтсын! Жұрт не дер екен?
[:]