[:kz]
Солтүстік Қазақстан облысында 27 жастағы әйел Мамлютка қаласында «маньяк» пайда болды деп жалған ақпарат таратып, жұртты дүрліктірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, оқиға өткен демалыс күндері Мамлютка қаласында болған. WhatsApp мессенджерінде жергілікті топтарда «Сақ болыңыздар! Мамлютка қаласының жұмысшы кентінде маньяк пайда болды, кешқұрым жұрттың соңына түседі. 30.07.2020 ж. бойжеткенді қуды, алайда ол қашып құтылды. Бұрын қылмыстық жауапкершілікке тартылған» деген мәтінмен ер адамның фотосуреті тарап кеткен.
Фейк ақпаратты аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері әлеуметтік желілерді мониторингтен өткізу барысында анықтайды. Хабарлама авторы да көп ұзамай анықталды. Мамлютканың 27 жастағы тұрғыны жалған ақпаратты таратқанын мойындады. Әйел 1982 жылы туған жерлесімен араз болған, бұл қадамға сол себептен барған.
3 тамыз күні әкімшілік сот «Жала жабу» бабы бойынша істі қарады. Медиация рәсімі барысында зардап шегуші наразылығынан бас тартып, жерлесімен татуласуға көнді.
«Жалған хабарлама таратқаны үшін әйелге 180 АЕК мөлшерінде айыппұл салынуы немесе 20 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алу жазасы қолданылуы мүмкін еді. Заң бойынша жала жапқан, біреудің ар-намысына нұқсан келтіретін жалған ақпарат таратқан жеке тұлғаларға осындай жаза қарастырылған. Алайда, біз дер кезінде жалған хабарламаны көріп, жұрттың қатты дүрлігуіне жол бермедік. 20 қызметкер 2-3 сағат бойы WhatsApp желісі арқылы «маньяк» туралы хабарламаның жалғандығын айтып, оның әрі қарай таралуын тоқтатты», — дейді Мамлют аудандық полиция бөлімінің басшысы Серік Әлжанов.
[:]