АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

Қостанай облысынан 100-ге жуық киіктің өлексесі табылды

скачанные файлы (5)ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің қызметкерлері кеше Қостанай облысы Амангелді ауданы аумағында белгісіз себептен қырылған шамамен 100-ге жуық киіктің өлексесін тапты.
Министрліктің баспасөз қызметі таратқан мәлімет бойынша қазіргі таңда өлген киіктердің нақты саны және жаппай қырылуы себептерін анықтау мақсатында сараптама жұмыстары жүргізілуде. Осы оқиғаға байланысты облыс әкімдігі, Төтенше жағдайлар департаменті, табиғат қорғау прокуратурасы, Ішкі істер департаменті мен ветеринариялық қызмет хабардар етілді.
Өкінішке қарай, елімізде киіктердің саны жылдан жылға азайып келеді. Белгісіз себептермен жаппай қырылған ақбөкендер көбейген соң, киелі аңның келешегіне күмәнмен қарауға мәжбүрміз. Ресми деректер бойынша 1960 жылдары елімізде киіктердің саны 1 миллион 300 мыңнан асыпты. Алайда мүйізі мен тұяғы үшін қырып – жоюдың, 1988 жылы Торғай өңірінде 500 мың киіктің қырылып қалуының салдарынан 2003 жылы еліміздегі киіктердің саны күрт азайып, олардың саны небәрі 21 мыңды құраған.
Ақбөкендерді қорғау шараларын еліміз ертеден-ақ қолға алды. 1999 жылы елімізде киіктерді (ақбөкенді) аулауға, 2004 жылдан бастап олардың мүйіздерін экспортқа шығаруға тиым салынды. Тіпті, киіктерді құтқару үшін Республикалық мемлекеттік «Охотзоопром» атты да мекеме құрылған болатын. Үкiмет ақбөкендердi 2006 жылы «Қызыл кiтапқа» енгізді және сол жылы жан-жануарларды қорғау мақсатында бюджеттен 200 миллион қаржы бөлдi. Алайда қырдағы киіктер қырғыны әлі күнге дейін тоқтаған жоқ. 2010 жылы осы облыстың Батыс Қазақстан облысының бір ғана Жәнібек ауданында 12 мың басқа жуық, 2011 жылы осы өңірде 400 бас киік қырылып қалды. Ал 2012 жылдың мамыр айында Қостанай облысының Жангелдин ауданының аймағынан қаскөйлердің 85 бас киікті (79 басы теке) атылғаны анықталған еді. 2013 жылдың күзінде Ақмола және Қарағанды облыстарының аумағында киіктердің бетпақдала популяциясының 3000-ға жуық басының қырылуы тіркелді. Олардың 1500-не жуығы Теңіз көлінің оңтүстік, батыс және солтүстік жағалауларында табылды. Мұндай жағымсыз хабарлар еліміздің жезкиік жайлаған жазықтарынан жиі естілетін болды. Демек, ақбөкендерді қорғау шаралары әлі де әлсіз.

Анар Лепесова

http://turkystan.kz/