[:kz]
Қаңтар айының басында Алматыда болған тәртіпсіздік кезінде 12 жастағы Сұлтан Қылышбек көз жұмды. Анасы Гаухар Кәрімбекованың айтуынша, ол ұлымен бірге дүкенге шыққан, деп хабарлайды Алматы арнасына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
5 қаңтар күні кешкі уақытта Сұлтан анасымен дүкенге шыққан. Жол ортасында оққа ұшып, мерт болады.
Анасының айтуынша, оқ ұлының басына тиген.
«Көз алдымда өлді. Атыс болып жатқанын көргенде, «Жүр, кеттік» деп едім, балам сол жерде құлады. Шалынып кеткен шығар деп ойладым. Бір кезде басынан қан кетті. Сол кезде басына оқ тигенін түсіндім», — деп күйзеле еске алады марқұмның анасы Гаухар Кәрімбекова. Анасы 12 жастағы баласының белсенді оқушы болғанын, футболды қатты жақсы көргенін айтады. Одан бөлек, бауырларына да қамқорлығын аямаған. Сұлтан – үйдің ортаншы ұлы, оның бір ағасы мен іні-қарындасы бар. Бәрі де кәмелет жасына толмағандар. «Ең кіші ұлым төрт жаста. Көп нәрсені біле бермейді ғой. Кейде сұрап қалады. «Сұлтан қашан келеді?» дейді. Бәрінен бұрын қызыма ауыр тиді. Себебі, екеуі бір-біріне қатты жақын еді. Қызым әлі де сенбейді. «Мама, Сұлтан қазір оянса, анау жақтан қалай шығады?» деп сұрақ қояды. Қызыма және үлкен ұлыма қатты ауыр» — деп көзіне жас алды анасы.
[:]