[:kz]
Шымкенттік Нұртілеу Жанәлиев — үшінші топтағы мүгедек. Бір көзі туа бітті көрмейді. Ал екінші көзінің көру қабілеті небәрі 10-ақ пайыз. Соған қарамастан ер кісі аула сыпырушы болып жұмыс істейді. Себебі төрт баланы бағу керек. Express Qazaqstan тілшісі тұрмыс тауқыметін тартып отырған отбасымен тілдесіп қайтты.
Нұртілеу Жанәлиевтің жасы 39-да. Жамбыл облысының тумасы. Небәрі үш-ақ сыныптық білімі бар. Жоқшылықта өскен ол 12 жасынан бастап қара жұмысқа араласқан. Бала күнінде талма ауруы болған. Оның бұл дерті бүгінде екі ұлына беріліпті.
Өмір бойы пәтерден пәтерге көшіп жүрген ол жоқшылықтан әбден қажығанын айтады. Алайда төрт баласы үшін қиыншылыққа төтеп беруді өзіне міндет санайды.
Осыдан 12 жыл бұрын Шымкентке келген Нұртілеу коммуналдық мекемеге жұмысқа орналасады. Сонда жүріп аула сыпырушы Асылханым Тұрғанбаевамен шаңырақ көтереді. Бүгінде екі ұл, екі қызды тәрбиелеп отыр. Ұлдардың үлкені 10-да, кішісі 3 жаста. Екі қыздың бірі 8-де, кенжесі 9 айлық.
Ұлдардың екеуінде талма ауруы бар. Бірақ арнайы есепке тұрмаған. Асылханым балаларымен үйде отыр. Бесінші перзентіне жүкті.
Нұртілеу Жанәлиевтің жалғыз бауырының жүйке жүйесінде ауытқуы бар. Мешіт жағалап жүреді екен. Ал туыстарымен араласпайды. Өйткені үйсіз-күйсіз жүрген онымен ағайын-туысы араласудан бас тартқан.
Нұртілеудің әкесі осыдан он жыл бұрын бақилық болған. Ал анасы былтыр қыркүйек айында қайтыс болыпты. Анасын жерлеу үшін несие алған.
«Бір айлыққа қарап отырған адамда артық ақша қайдан болсын? Анамды ақтық сапарға шығарып салу үшін микрокредиттік ұйымнан 100 мың теңге несие алуға мәжбүр болдым. Оның өсімпұлы өте көп. Қарыздан құтыла алмай тағы несие алуға тура келді. Балалардың дәрі-дәрмегі тағы бар. Осылайша бірнеше рет несие алып, бүгінде әйелімнің де, өзімнің де есеп-шотым бұғаттаулы», — дейді аула сыпырушы.
Нұртілеу Жанәлиевтің жалақысы жұмыс істеген сағатына қарай 80-90 мың теңге көлемінде. Оған қосымша мүгедектігі үшін айына 43 мың теңге жәрдемақы алады екен. Жалақысының 70 мың теңгесіне ай сайын несие төлейді. Қалған табысты жатақхананың бір бөлмесін жалға алуға, ас-ауқатқа жұмсайды. Аядай ғана бөлмеде тамақты да ішеді, жуынып-шайынады, ұйықтайды.
«Кейде ішерге ас таппай қаламыз. Балаларым сабаққа аш кетеді. Қарындары ашқандықтан жылайды. Сол кезде өзімді қоярға жер таппай кетемін. «Кішкене шыдаңдаршы, бәрі жақсы болады» деп балаларымды жұбатамын. Шынымды айтсам, өле салғым келеді. Бірақ төрт баламды кімге жәутеңдетемін?.. Ер азамат болған соң отбасыны асырау — менің міндетім», — дейді көз жасына ерік берген ол.
Нұртілеу жұмыстың ауыр екенін айтады. Бірақ қол қусырып үйде отыра алмайды.
«Таңғы сағат 4-те ұйқыдан тұрып, 5-те жұмысқа шығамын. Жаяулатып барамын. Таңғы сағат 6-да жұмыс басталады. Сағат 10-нан 11-ге дейін түскі үзіліс. Күндізгі сағат 2-де үйге қайтамын. Жұмыстың оңайы жоқ қой. Бір көзім мүлдем көрмейді. Осыдан үш жыл бұрын көше тазалап жүріп, сол жағымнан келе жатқан көлікті байқамай қалдым. Қағып кетті. Аяғымды сындырып алдым. Емделдім, жұмысқа қайта шықтым. Балаларым аш қалмаса екен деймін», — деді төрт баланың әкесі.
Нұртілеу Жанәлиев кейде адамдардың қатыгездігіне іштей налитынын айтады. Көше тазалап жүріп, көзінің алдында қоқысты тастап кететіндер де кездеседі екен. Бірақ жұмысым сол болғандықтан үндемей барып, қоқысты жинап әкетемін дейді.
Нұртілеудің жары Асылханым екі баладан соң тұрмысы жақсарғанша бала тумаймын деп шешкен екен. Бірақ Алланың бергеніне қарсы шыға алмадық дейді.
Жанәлиевтер әулетінің жалғыз арманы бар. Ол — баспаналы болу.
«Өзім өмір бақи жалдамалы пәтер жағалап жүрген адаммын. Балаларым да мен бала күнімде көрген қиыншылықты көріп отыр. Өзімнің үш-ақ сыныптық білімім бар. Балаларыма «сабақтарыңды оқыңдар, ақылды, білімді болыңдар» деп үнемі айтып отырамын. Оқу үлгерімдері жақсы. Бар арманым — баспаналы болу. Әйтеуір үйіміз болса, тапқан табысым балаларымның ас-ауқатына жетер еді. Олар да қатарынан кем қалмай киінсем, тәтті жесем дейді. Бірақ қу дүние жеткізбейді… Қайтемін, шамамның келгенінше асырап отырмын. Мүгедектігім болмағанда жалақысы көптеу жұмысқа тұрар едім. Тіпті тауды қопару керек болса да жұмыстың кез келген түрінен қашпаймын. Бірақ көзім көрмегендіктен көп жер жұмысқа алмайды», — деп сөзін түйді Нұртілеу Жанәлиев.
[:]