АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:kz]ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Д.Қ. Қыдырәлі мырзаға. Құрметті Дархан Қуандықұлы![:]

[:kz]

Мен, тарих ғылымдарының докторы Назира Нұртазина, сізден іргелі ғылыми зерттеуім, «Ислам и генезис казахской мусульманской традиции» атты қолжазбамды (көлемі: 25 б.т., 450 бет суреттермен, орыс тілінде) мемлекеттік тапсырыс бойынша жарыққа шығарып тарату  жөнінде өтініш жасап көмек сұраймын.

Бұл еңбектің докторлық диссертация негізінде жазылған алғашқы нұсқасы 2016 ж. «Распространение ислама и формирование казахской мусульманской традиции» деген атаумен өте кіші (100 дана) тиражбен Әл-Фараби ат.ҚазҰУ баспасынан шыққан болатын, содан бері қайта басып шығарудың, кеңінен таратудың еш орайы келмеді, және де Ислам дінінің таралу тарихына қатысты осы еңбегімді қазақ тіліне аударуға да кезінде қаражат көзі табылмады.

Кітапты Ғылыми Кеңес ұсынып, 4 академик, профессор оң пікір білдірген (акад. Б.Е.Көмеков және т.б.) Дәл қазір өңделіп, толықтырылған жаңа нұсқасы дайын (490 дереккөздер мен әдебиеттерге сілтеме жасалған).

Қазақ руханияты мен тарихының «ақ таңдақ» проблемасына арналған, Орталық Азия түркілері, Ұлы Дала көшпелілері арасында Ислам діні таралуының тарихи панорамасы мен тәжірибесін ашып көрсететін, қазақ мұсылмандық дәстүрінің генезисі туралы өзіндік авторлық тұжырымдамаға негізделген, бұл тақырып бойынша бұрын-соңды іске асырылмаған ауқымды ғылыми-философиялық синтез ұсынылған осы зерттеу, өкінішке орай, тіпті Қазақстан кітапханалары мен университеттеріне, сонымен қатар Ресей Федерациясының (соның ішінде Татарстан, Башқұртстанның),  Орталық Азия республикаларының ғалымдары мен қалың оқырмандарына жетпей отыр. Алыс шетелдерден де менің осы монографиямды сұратқан жайттар кездесіп жатады (мәселен, АҚШ Конгресі кітапханасы тарапынан).

Өзіңіз білесіз, жалпы, Ислам, дін тарихы тақырыбына көпшіліктің қызығушылығы зор. Жаңа ғылыми еңбекті бірден интернетке таратып жіберу – академиялық принциптер мен автордың зияткерлік құқықтарына, басқа да мүдделеріне қайшы келетіні белгілі.

Ал бүгінде, өзіңіз айтқандай, сұрапыл ақпараттық соғыс жүріп жатыр… Мемлекетімізде дәстүрлі Исламның тарихын, құндылықтарын насихаттау әрқашан өзекті болып табылады. Оған қоса, әсіресе, посткеңестік мәдени-ақпараттық кеңістікте Қазақстан тарихы мен Қазақ халқы туралы шынайы әрі толық ғылыми ақпараттың жетіспеушілігі анық байқалып отыр.

Құрметті Дархан Қуандықұлы! Біздің аймақтағы этносаралық коммуникацияда объективті түрде жетекші рөлге ие болып отырған орыс тілінде сауатты әрі таза ғылыми тұрғыдан жазылған, Қазақтың ұлттық-конфессиялық бірегейлігін ашып көрсететін осы ғылыми өнім, ұлттық идеологиямыздың бір маңызды қырын негіздеуге ықпал ете алатын «Ислам и генезис казахской мусульманской традиции» атты іргелі еңбегім (450 б.) Қазақстан Республикасының үкіметі тарапынан қолдау тауып, Дін істері комитеті немесе басқа құрылым арқылы Мемлекеттік тапсырыс негізінде жарық көреді деген сенімдемін.

 

Назира Нуртазина,

Алматы қаласы

 

[:]