АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:kz]ҚР ІІМ Арыста екі адамның қалай көз жұмғанын хабарлады[:]

[:kz]

Ішкі істер вице-министрі Юрий Ильин Арыстағы жарылыс салдарынан екі адамның қалай көз жұмғанын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бұған дейін хабарлағанымыздай, жарылыс салдарынан екі адам қаза тапты. Оның бірі Арыс қаласының тұрғыны болған. Снаряд автокөлікке түсіп, оның ішіндегі адам көз жұмды. Мерт болған адамның екіншісі — Қорғаныс министрлігінің әскери қызметшісі. Оның денесі іздеу жұмыстары кезінде әскери бөлімнен жақын жерден табылды», — деді Үкімет отырысынан кейін тілшілердің сұрағына жауап берген Ішкі істер вице-министрі Юрий Ильин.

Вице-министрдің айтуына қарағанда, қазіргі уақытта оқиға орнында саперлер жұмыс жүргізіп жатыр.

Еске сала кетсек, Арыс қаласындағы әскери бөлімнің қоймасында кеше таңертең жарылыс болғандығы туралы хабарлаған болатынбыз. Апат салдарынан екі адам мерт болды. Түркістан облысына арнайы барған Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Арыстағы әскери бөлімшедегі оқ-дәрі қоймасындағы жарылыстан зардап шеккен қала тұрғындарымен кездесіп, қаланың қалпына келтірілетініне уәде берді.

 ҚазАқпарат

 

 

[:]