АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:kz]Күдіктінің үйіне өзі барған: Алматыда айуандықпен өлтірілген 19 жастағы бойжеткен жайлы полицейлер айтып берді[:]

[:kz]

Алматының ПД Аяжан Еділованың өліміне қатысты деректермен бөлісті, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

«Алматылық Аяжан Еділова із-түссіз жоғалып кеткені туралы хабар 20 наурыз күні келіп түсті. Іс тіркелген соң, жедел іздестіру шаралары жүргізілді. Нәтижесінде 21 наурызда түнгі сағат 22:00-де жоғалған қыздың ең соңғы барған мекенжайы анықталды. Алатау ауданы Нұркент ықшам ауданында күдіктінің тұратыны белгілі болды. Күдікті 1993 жылғы азамат, оның үйіне кіру үшін полицейлер есікті бұзуға тура келді. Пәтерге басып кірген полциейлерді көрген азамат өзіне қол салмақшы болған. Жедел жәрдем шақыртылып, күдікті ауруханаға жеткізілді. Қазір ол тұтқындаулы», — деді Алматы қаласы полиция департаменті басшысының орынбасары Рустам Абдрахманов. 

 

Бұған қоса, марқұмның бөлшектенген денесі табылғаны расталды. Полицейлердің мәліметінше, күдікті мәйіттің көзін құрту үшін осылай істеген. Ол осылайша қылмысын жасырмақ болған.  

«Күдіктінің сөзінше, ол бойжеткенді 19-нан 20 наурызға қараған түні, шамамен 23:00 мен 00:00 шамасында өлтірген. Яғни, қылмыс Аяжан Еділованың жоғалғаны туралы хабар келіп түспей тұрып болған. Бойжеткен денесінің кей бөліктері Алатау ауданы мен Бостандық ауданындағы қоқыс жәшіктерінен табылды. Сот сараптамасы тағайындалды. Қылмыс пәтерде орын алған», — деп қосты ол.

Көп қабатты үйдің тұрғындары пәтерден біртүрлі дыбыстар естімегенін айтады. Барлығы тыныш болған.

ПД таратқан мәліметтерге сәйкес, күдікті мен бойжеткен әлеуметтік желі арқылы танысқан. Ұсталған азамат бұрын сотталмаған. Күдікті осы уақытқа дейін тіпті әкімшілік жауапкершілікке де тартылмапты. 

«Марқұм күдіктімен Badoo желісі арқылы танысып, үйіне барған. Күдікті мен зардап шегушінің арасында жыныстық қатынас болған-болмағаны белгісіз. Екеуі үш күндей таныс болған. Ер азаматтың сөзінше, олардың арасында жанжал туып, артынша ашуға булыққан ол қызды өлтірген», — деді ПД өкілдері. 

Үйдің ауласында және дәлізінде орналасқан бейнебақылау камераларында қыздың үйге өз еркімен кіргені анық көрінген. 

Бойжеткеннің неден көз жұмғаны алдағы уақытта анықталатын болады.

Еске салсақ, осыған дейін Алматыда 19 жастағы қыз түнде жұмыстан шығып үйіне оралмағаны туралы жазған болатынбыз. 

19 наурызда жоғалып кеткен Алматы тұрғыны Аяжан Еділова өлі күйінде табылды. Алматы полициясы күдіктіні ұстады.

[:]