АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:kz]«Күйеу тауып бергіш»: жат ағымға ерген ақтөбелік әйел жантүршігерлік оқиғаны баяндады[:]

[:kz]

Бұрын сәләфизм ағымына бет бұрып, тәубесіне келген Назира есімді әйел желіге жазба қалдырды. Онда ол өз оқиғасы айтып, ағынан жарылған. Санасы уланып, үш рет некелескен әйелдің айтуынша, бұл жазбаны қалдырудағы мақсаты елдегі әйелдер қауымы ол жіберген қателіктерді қайталамаса екен, деп хабарлайды Skifnews ақпарат порталы KAZ.NUR.KZ-ке сілтеме жасап.

Назира өз басынан кешкен оқиғасын Вконтакте әлеуметтік желісінде жариялаған.

2010 жылы жас отбасы күйеуінің жұмыс бабымен Шұбарқұдық ауылына көшіп барған екен. Ол кезде ерлі-зайыптылардың бір баласы болыпты.

Кейін сол ауылдың басына орамал таққан, намазы бүтін әйелдері жас келіншекті өз орталарына алып, намаз оқуға бет бұрғызады. Назираның айтуынша, ол кезде бұл әйелдердің теріс ағымда жүргенін білмеген.

«Мен қызығушылық танытып сұрастырып, ізденіп, сұхбаттасып дінді сауатты тануға, білім ізденуге асықтым. Алайда, олар мені жаман жолға, теріс ағымға салып жіберді. Оны қазір түсініп жатырмыз. Сол кезде ештеңеге қарамастан айтылған дүниелерді қабылдай беріппін. Олар айтқан әр нәрсе дұрыс көрініп, сол адамдардың айтқанымен жүріп тұрдым. Әлбетте, сол уақытта намаз оқып, дінді ұстана бастадым», – дейді келіншек.

Ауыл әйелдері оған ақыл-кеңестерін айтып, адамдардан алшақ жүруді ескертіп, намаз оқымайтындардың бәрі кәпір деп ұқтырған.

«Ислам діні бейбітшілік пен мейірім, кешірімділік пен рақымдылық діні екенін маған олар ұғындыра алмады. Намаз оқымайтын адам «кәпір» деген тұжырыммен жүрген олар маған керісінше қоғамнан алыс жүруді, тума-туыспен қарым-қатынас жасамауды, намаз оқымайтын адамның сойған малы арам екенін айтып, соған сендірді.

Олар, «Сен намаз оқисың. Ол болса оқымайды. Кәпір. Некелерің дұрыс болмайды», «жолдасын үйге ішімдік ішіп келіп намазыңды бұзылады» деп мені бірінші жолдасымнан айырып алды. Сөйтіп, әке-шешем мен жақын бауырларыммен араласуды қойдым», – дейді.

Қабағынан қар жауып, қоғамға кектеніп өмір сүре бастаған ол бейне бір «жалғыз өздері жаннатқа, қалғандарының бәрі тозаққа түсетіндей» сеніммен жүргенін айтады.

Кейін, олар бірінші жолдасынан ажырасқан Назираны некелестірумен әлек болған көрінеді.

«Бір ер адамға некелестірді. Өзі менен үлкен. Бәйбішесі бар екен. Тоқал бол деп мені көндірді ғой. Жақсы, ода тұрған не бар. Тоқал болу күнә емес қой деп оған көндім. Алладан қорқатын азамат шығар. Намаз оқиды ғой деп сенім арттым. Сөйтіп өмір сүрдік. Ол кісіден бір балам бар»,– дейді Назира.

Ол кездері сәләфизмнің қыр-сырын толық білмеген ару ағымның негізгі ұстанымдары туралы айтты.

«Сәләфизм – жасқа қарамайды. Жасың да, кәрің де жалмаған бұл ағымның негізгі ұстанымдары адам шошырлықтай. Мысалы, неке мәселесін алайық. Өте жеңіл қарайды. Әйелдің көз жасы, баланың обалы деген түсініктерге назар аудармайды да. Ол кісі мені «шариғатта ер адам әйелінің жынын шығару үшін ұру керек» деп ұрып тұрды. Мені ол тоқал етіп ұстай алмады. Екі әйелге де бірдей қарай алмады. Сонымен не керек, ол талақ берді. Ол «сәләфизм» ағымында болған екен. Мен оны сол кезде білмедім ғой. Олардың жолы дұрыс деп сендім», – дейді келіншек.

Назираның айтуынша, кейіннен «күйеу тауып бергіш» әйелдер оған тағы бір адамды ұсынған. Жасы кіші көрінеді. Жігіт оны сауап үшін алғанын Назира кейінірек түсінген. Біраз уақыттан соң бұл жігіт те келіншекті тастап кеткен.

«Ажырасқысы келген адам себеп табады ғой. Пісірген тамағыма байланды. Тұзы көп деді, аз деді. Дәрет алған уақытында табаққа су құйғызып жуғызатын. Ол ақша таппады. Таңертең «ахилармен» кетіп, кешке бір келетін. Кейін, ол 2-3 ай уақытқа жоғалып кетті. Күндердің бір күні телефоныма хат жіберді. Ол жерде «Талақ» деп жазылған. Оны оқып, үстімнен салқын су құйылғандай көшенің қақ ортасында мелшиіп тұрып қаппын», – деп жазды Назира.

Осылайша әр некеден бір-бір баласы бар келіншек «ендігі қызығым – үш балам» деп отыр.

«Міне, өмірімнің не мәні қалды? Мен қандай күйге түстім? Шынымды айтсам, ендігі өмірімнің қызығы – балаларым. Көзімнің қуанышы – осылар. Енді осылар үшін өмір сүремін. Қазіргі таңда, Ақтөбе қаласында әке-шешемнің үйіне тұрақтандым. Сол адамдармен бірге боламын. Оларды да ренжіттім. Тек мені кешірсе екен…Алладан тілерім де сол… «, – деп жазбасын аяқтаған. 

[:]