[:kz]
Белгілі қоғам белсендісі, «Қазақстан барысы» қазақ күресін дамыту қоры қамқоршылық кеңесінің төрағасы Арман Шораев facebook парақшасына: «Шодиев Өзбекстандағы вируспен күреске 200 млн доллар бөлді. Бұл – Қазақстандағы барлық олигархтар жинағаннан 5 есе көп» деп жазды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Сол-ақ екен, еліміздегі ақша аударымдарына онша көңілі толмай, «құлазып» отырған көпшілік пікірді қарша боратты.
«Браво! Шын жүректен! Өз ел-жұртын мейіріммен, шынайы сүйетін патриот екені бірден көрініп тұр», «Жем болып біттік-ау!», «Біздің олигархтар ең «кедей» ғой. Сондай-ақ, Отанын сол басқалар сияқты сүйе алмайды. Тек қойнауы ғана керек оларға», «Қазақстан — алаяқтардың түпсіз әмияны», «Өз халқының нағыз патриоты! Біздікілердің содан үлгі алуы керек қой» десті ашынған жұрт.
Еске сала кетсек, елбасының бастамасымен «Birgemiz» қоғамдық қорына Қазақстан меценаттары мен бизнесмендері тарапынан «тиын-тебен» (Шодиевтің жеке аударымымен салыстырғанда, әрине) түскен еді.
Атап айтқанда, Тимур Құлыбаев – 10 млн доллар, Айдын Рахымбаев – 2 миллион доллар, Кеңес Рақышев – 1 миллион доллар, Ғалымжан Есенов – 2 миллион доллар, Рашид Сәрсенов – 2 миллион доллар, Александр Клебанов – 2 миллион доллар және Александр Белович 2 миллион доллар аударған. Сонымен, барлығы 41 млн долларға әрең жетті.
Ал 1992 жылдан бері Машкевич және Ибрагимовпен серіктес болып, қазақ жерінен байып отырған Патох аканың патриоттық пәрмені – анау. Онымен салыстырмалы түрде алғанда, біздің қалталыларға қатысты тақырыптағы мақалдың толық нұсқасы еріксіз тіл ұшына орала береді екен.
[:]