Мазмұны
Кіріспе
Бірінші тарау. Стилистика – тіл ғылымының бір саласы.
1.1 Стилистика және оның анықтамасы.
1.2 Стилистиканың пәні, оның негізгі мәселелері.
1.3 Стилистиканың негізгі ұғым категориялары.
1.4 Стилистикадағы «стиль» ұғымы.
1.5 Функционалды стильдердің тілдік сипаттамасы.
1.6 Функционалды стильдердің стильдік белгілері.
1.7 «Стилистикалық норма» ұғымы туралы.
1.8 Стилистикалық қате және оның түрлері.
Екінші тарау. 9-сыныпта стилистиканы оқытудың әдіс-тәсілдері.
2.1 9-сыныпта қазақ тілі пәнін оқытудың ерекшеліктері.
2.2 Әдеби тіл стильдерін оқыту.
2.2.1 Ауызекі сөйлеу стилін оқыту.
2.2.2 Көркем әдебиет стилі.
2.2.3 Ресми іс қағаздар стилі.
2.2.4 Публистикалық стиль.
2.2.5 Ғылыми стиль.
Қорытынды
Пайдаланылған әдебиеттердің тізімі
Кіріспе
Стилистика – тіл мамандарын дайындайтын факультеттердің бәрінде оқытылатын негізгі пәндердің бірі. Оны оқытудың теориялық та, практикалық та маңызы зор. Курстың мақсаты – студенттерді стилистиканың негізгі мәселелерімен, стильдерді тілдік ұйымдастыру ұстанымдарымен, тілдік құралдарды сөйлеуде қолдану заңдылықтарымен таныстыру.
Бұл пән студенттер мен оқушылардың сөйлеу мәдениетін қалыптастыруға көмектеседі. Жоғары оқу орындарында филолог маман дайындауда стилистика курсының міндеті – студенттерді тілдің стилистикалық ресурстары туралы, стилистикалық нормалар туралы, олардың тарихи өзгермелілігі және тілді қолдану жағдайына байланысты әртүрлі варианттарға ие болып келетіндігі туралы мағлұматтар беру; тілдік құралдарды пайдалану контекстің стильдік реңіне байланысты болатындығы жөнінде түсіндіре отырып, стильдік қателерді болдырмауға үйрету.
Мектеп оқушыларының сөйлеу тіліне көбіне мәтіннің стильдік бірыңғайлығын сақтамау, тілдің бейнелеу құралдарын орнымен пайдалана білмеу, синонимдік қорының жұтаңдығы, сөйлеудің көбінесе штампқа құрылуы, шығарманы жалаң лепірме патетикаға құрып жазу сияқты т.б. қателер тән болып келеді. Мұндай қателер тілдік құралдардың стилистикалық «реңктерін» білмеуден туады.
Сондықтан оқушыларда стилистикалық дағды мен стилистикалық түйсікті тәрбиелеудің қажеттігі зор.
Тілдік пән ретіндегі стилистиканың предметі (пәні), міндеттері, сипаты, көлемі мен мазмұны, оның басқа ғылым салаларымен қарым-қатынасы әртүрлі түсіндіріліп жүр. Оның негізгі қарастыратын мәселелерінің қатарына әдеби тілдің стилдік тармақтары, тілдің бейнелегіш, мәнерлегіш құралдары, синонимдер т.б. жатқызылғанымен, олардың өзін түсіндіруде әртүрлі көзқарастар болып келді. Стилистика ғылымы дамыған сайын жаңа мәселелер туындап отыратыны да түсінікті.
Ал оның түрлерін (салаларын, бағыттарын) анықтауда ғалымдар арасында онша көп пікір алшақтықтары жоқ.
В.В.Виноградов стилистиканың өзара бір-бірімен байланысты, бірақ өзіндік мәселелері, өзінің міндеттері, өлшемдері мен категориялары бар үш түрін бөліп көрсетеді. Олар:
1) «жүйелердің жүйесі ретіндегі» тілдің стилистикасы немесе құрылымдық стилистика, ол тілдің функционалды стильдерін зерттейді;
2) сөйлеу (сөз) стилистикасы, ол ауызша және жазбаша сөздің қоғамдық шартталған түрлері мен жанрлары арасындағы мағыналық және экспрессивтік-стилистикалық сипаттағы айырмашылықтарды зерттейді (мыс: лекция, пікірталас, баяндама, әңгімелесу, мақала, ғылыми пікір, құттықтау хат т.б.);
3) көркем әдебиет стилистикасы, ол көркем шығарманың, жазушының стилін құрайтын барлық элементтерді зерттейді [1, 20].
М.Н.Кожина стилистиканың төрт бағытын немесе аспектісін көрсетеді.
1) Тілдің стилистикалық байлығын (қорын) зерттейтін бағыт, бұл сипаттама стилистикаға жатады, өйткені ол тілдегі барлық бояулы құралдарды, сөздер мен тілдік тұлғалардың, құрылымдардың бейнелеуіш қасиеттерін, мағыналық-функционалдық мүмкіндіктерін зерттейді. Бұл бағыттың негізгі бір нысанына тілдің стилистикалық синонимиясы жатады.
2) Функционалды стилистика. Ол функционалды стильдерді зерттейді.
3) Көркем әдебиет стильдері туралы ғылым.
4) Практикалық стилистика [2].
Стилистика қандай ғылым екенін түсіну үшін алдымен оның басқа пәндердің ішінде алатын орнын анықтап алу керек. Стилистика да тіл ғылымының басқа салалары сияқты тілдік құралдарды, тілдік тұлғаларды (бірліктерді) зерттейді. Бірақ олардан айырмашылығы: тілдік тұлғалардың қарым-қатынастың белгілі бір саласы мен мақсат-міндеттеріне сай қолданылу ерекшеліктерін зерттейді.
Стилистиканың, тіл ғылымының басқа салаларындай, тек өзіне ғана тән тілдік бірліктері жоқ: ол фонетиканың объектісі — дыбыстарды да, лексикологияның объектісі — сөздерді де, морфологияның объектісі — морфемаларды да, синтаксистің объектісі — сөз тіркестері мен сөйлемдерді де, солардың бәрінің жиынтығын зерттейді. Бірақ, жоғарыда айтқандай, олардың тілдік қатысымның саласы мен мақсат-міндеттеріне сай жұмсалу, қызмет ету жағдайларын зерттейді.
Стилистиканың аталған пәндерден ерекшелігі: тілдік құралдарды басқаша қырынан – қызмет ету, қолданылуы тұрғысынан, сол арқылы олардың адамға әсер етуі жағынан зерттейді (ал фонетика, грамматика, лексикология тілдің, тілдік элементтердің құрылысын зерттейді). Мысалы, лексикология синонимдерді құр атап көрсетеді, ал олардың қайсысы қандай жағдайда қолданылуын көрсету – стилистиканың міндеті.
Демек, стилистика тілдік құрылымның элементтерін фонетика, лексикология, грамматика сияқты құрылысы мен мағыналары жағынан зерттеумен шектелмейді, сонымен бірге олардың қолданыс кезіндегі ерекшеліктерін, мағыналық, эмоционалдық реңктерін айқындайды.
Мұның бәрі қандай тіл болмасын құрылымы, құрылысы жағынан толық анықталып болғаннан кейін ғана мүмкін болады. Сондықтан қазақ тілінің стилистикасы да ғылым ретінде қазақ тілінің дыбыстық құрылымы, сөздік құрамы, грамматикалық құрылысы толық зерттеліп болғаннан кейін ғана дүниеге келді. Бұл стилистиканың басқа ғылым салаларынан кейінірек пайда болғанын дәлелдейді. Осыған байланысты болса керек, В.В.Виноградов: «Тілдік құралдардың әсер ету сапаларын зерттей отырып, сөздік құрамдағы, сөз таптарындағы, синтаксистік құрылымдардағы синонимдік эквиваленттерді, варианттарды айқындай отырып, стилистика тілді зерттеудің өзіндік бір биік шыңы, ұлттық тілдік мәдениетті арттырудың теориялық негізі болып табылады»,- дейді [3].
Бірінші тарау.
Стилистика – тіл ғылымының бір саласы.
1.1 Стилистика және оның анықтамасы
Тіл білімінде стилистиканың жалпыға бірдей қалыптасқан анықтамасы жоқ. Мұның бір себебі өзінің қалыптасуы барысында тіл білімінің бұл саласы әр түрлі бағыттардың құрамында дамыды. Алғашқы кезде көркем тілді зерттеу аясында дамыса, соңғы кездері оның зерттеу нысаны әлдеқайда кеңейіп, тармақтала түсті.
Барынша жалпы мәнінде алсақ, стилистика тілдің мәнерлі құралдары туралы, сонымен қоса тілдік құралдарды сөйлеудің мазмұнына, қарым-қатынастың мақсатына, жағдайы мен саласына сәйкес қолдану, яғни тілдің қызмет ету заңдылықтары туралы ілім деп анықтауға болады. Қарым-қатынастың анағұрлым жинақталған, әлеуметтік мәнге ие болған ондай салаларына ғылыми, көркем, публицистикалық, ресми және тұрмыстық салалар жатады. Функционалды стильдер осы салаларға сәйкес ажыратылады.
Кейде стилистиканы тілдің мәнерлегіш құралдары туралы ілім деп те анықтайды. Ондай жағдайда стилистиканың функционалдық жағы ескерілмей, ол тек тілдің стилистикалық боямалы құралдарын зерттейтін болып шығады. Сонымен қатар, стилистиканы функционалды стильдер туралы ғылым деп қана қарау да жеткіліксіз, өйткені стилистика ілімі тілдің стилистикалық қорын (ресурстарын) зерттеуден бастау алады, әрі стилистикалық қор функционалды стильдерді қалыптастыруға да уақыт өте келе белсенді қатысады.
Сонымен, жоғарыдағы анықтаманы жалпы стилистикаға тән анықтама деуге болады. Жалпы стилистика зерттеу бағыттарына қарай іштей тармақталады.
- Контекстен тыс түрде тілдің стилистикалық қорын зерттейтін саласы – құрылымдық стилистика.
- Тілдің әртүрлі қарым-қатынас саласында қолдану заңдылықтары туралы ілім – функционалды немесе қолданымдық стилистика.
- Көркем әдебиет стилистикасы.
- Нормативті, практикалық стилистика.
Құрылымдық стилистика тілдік құралдардың стилистикалық сапа-қасиеттерін олардың нақты қолдану жағдайына қатыссыз тұрғыда зерттесе, қолданымдық стилистика, керісінше, тілдік құрылымдардың қызмет ету ерекшеліктерін олардың белгілі бір жағдайларда (мысалы, белгілі бір жанрлық ерекшелікте, ауызша, жазбаша т.б.) қолдануымен байланысты қарастырады. Көркем әдебиет стилистикасы тілдік құралдардың ерекше салада, ерекше жағдайдағы қолданысын: көркем шығармада өнер тудырушы, өнер құбылысы ретіндегі қолданысын, яғни көркем шығармадағы өмірін зерттейді. Ал, практикалық стилистиканың міндеті – стилистикалық тілдік мәдениетті қалыптастыру. Бұған негіз болатын тілдің стилистикалық қорын және оның қызмет ету заңдылықтарын меңгеру, мұның өзі сөз қолданудың стилистикалық нормаға сәйкес дағдысын қалыптастырады.
Бұлардың ішінде тілдің стилистикалық қорын зерттейтін құрылымдық стилистика саласы — әріден келе жатқан дәстүрлі сала. Оны сипаттама стилистика десе де болады. Ол тілдің стилистикалық бояуға ие құралдарын, тілдік тұлғалардың (дыбыстан мәтінге дейінгі) мәнерлегіш мүмкіндіктерін, мағыналық-қолданымдық реңктерін зерттейді. Жазушы тілінде қолданылатын көріктеуіш-бейнелеуіш құралдар да осы стилистиканың қарамағына жатады. Тілдің стилистикалық синонимдік қатары – оның негізгі зерттеу аймағын құрайды. Бір сөзбен айтқанда, жалпыхалықтық тілдік қордың (байлықтың) стилистикалық құрамын зерттейді, ал ол стилистиканың негізгі базасын құрайды.
Филология ғылымында стилистика, стиль сөздері ертеден қолданысқа ие. Ресейде 19, тіпті 18 ғасырдан стилистиканың жекелеген аспектілеріне арналған зерттеулер шықты (мысалы, әртүрлі көркем шығармалардың не жазушылардың тілі, стилі туралы), теориялық сипаттағы еңбектер де жарық көреді. Алайда, ғылыми пән ретінде стилистика 20 ғасырдың 20-30 жылдарынан қалыптаса бастайды, ал оның бір тармағы болып саналатын функционалды стилистика 50 жылдардан бастап белсенді түрде зерттеу объектісіне айналады.
Стилистика, стиль ұғымының мәні тілдің коммуникативтік аспектісімен, тілдің қолданысымен, қызмет ету жағдайымен тығыз байланысты. Бұл мәселеге көңіл бөлу 19 ғасырдың аяғы 20 ғасыр басындағы тілші ғалымдардың еңбектерінен бастау алады: В.Гумьбольд, Ф. де Соссюр, А.А.Потебня, И.А.Бодуэн де Куртенэ, Е.Д.Поливанов, Л.П.Якубинский, Р.О.Якобсон, В.В.Виноградов, Г.О.Винокур т.б.
Функционалдық-стилистикалық зерттеулер, әсіресе, өткен ғасырдың 60 жылдарынан, тіл ғылымының тілдің құрылымын зерттеуден оның қызметін (тілдің тұрақты күйінен даму жағдайын) зерттеуге ауысуынан бастап белсенді жүргізіледі. Стилистиканың қалыптасуы әдеби тіл нормасы мәселелерін зерттей бастауға да тығыз байланысты (чех ғалымдары: В.Матезиус, В.Гавренек, Э.Косериу және орыс ғалымдары В.В.Виноградов, Г.О.Винокур т.б. еңбектері).
Стилистиканың қалыптасуына тіл ғылымының «ұсақ» бірліктерді зерттеуден «ірі» бірліктерге ден қоюы да (дыбыстардан — мәтінге қарай) әсерін тигізді.
Стилистиканының дамуына әдеби тіл, тіл мәдениеті мәселелерін зерттеу де өзіндік үлес қосты.
Бұқаралық ақпарат құралдарының дамуына байланысты стиль, сөз мәдениеті мәселелері одан әрі өзекті бола түседі.
Мәтін лингвистикасы, прагматика стилистикалық зерттеулердің кейбір жаңа бағыттарын туғызды. Ю.С.Степанов: «Қазіргі уақытта ұлттық мәдениетті, тілді және психологияны зерттеу стилистиканың (тіл ғылымының бір саласы ретінде) пайда болуымен одан әрі нақтылана, айқындала түсті»,- дейді [4,21].
Стилистика, сонымен, өзінің сипаты, мәні жағынан – функционалды сипатқа ие (оның даму тарихы соны дәлелдейді). Бұл теориялық ғылым бола тұра, оның қолданбалы, тәжірибелік маңызын жоққа шығармайды. Керісінше стилистиканың дамуы (функционалды стилистиканың) тілді оқыту әдістемесіне, басқа қолданбалы салалардың дамуына ықпалын тигізді. Лингвостилистика тілдік теорияның іргелі мәселелерін зерттейді (мыс, тілдің әлеуметтік табиғаты, оның құрылымдық және функционалдық аспектілерінің байланысы, қызмет ету заңдылықтары, тіл мен ойлаудың байланысы).
Тіл ғылымы тарихындағы ұлы жаңалықтардың бірі – тілдің қос қырлылығының (жүйелілігі мен қызмет ететіндігі, қозғалмалылығы) ашылуы болды. Тіл осы екеуінің бірлігінен тұрады. Мұның бір жағы — құрылымдық-жүйелік жағы, жеткілікті дәрежеде зерттелсе, функционалдық жағы (сөз тудырушылық аспектісі) енді ғана зерттеле бастады.
Тіл — өте күрделі, көп қырлы құбылыс. Сондықтан оны бірден тұтастықта алып зерттеу мүмкін емес, жеке бір қырынан келіп: логикалық, құрылымдық-жүйелік, психологиялық т.б. зерттеуге болады.
20 ғасыр тіл ғылымының үлкен жетістігі деп тілдің жүйесін, оның құрылымдық ұйымдасуын жан-жақты қарастыруын айтуға болады. Бірақ бұл тілдің кейбір мәнді белгілерін анықтауға жеткізе алмады. Соңғы кездері тілді зерттеуде коммуникативтік-функционалдық бағыт кең өріс алып, тілдің функционалдық жағына, сөйлеуге, мәтінге көңіл бөліне бастады.
Шынында, тілді тек жекелеген бірліктердің жүйесі деп анықтау жеткіліксіз, өйткені жеке тілдік бірлік болсын, не, тіпті, тілдің тұтас жүйесі болсын әлі коммуникативтік қызмет атқармайды. Жеке тілдік тұлға мен жүйеде ол мүмкіндік түрінде ғана қатысады. Бұл маңызды әлеуметтік қызметтің нақты жүзеге асуы тіл шынайы қарым-қатынас процесінде қолданысқа түскенде ғана мүмкін болады. Тек осы жағдайда тіл ақпарат тасушы жүйе түрінде көрінеді [5,26].
Тілді жүйе мен оның қызметінің (қолданымының) бірлігі ретінде түсіну ғана оның қатысымдық табиғатын толық түсіндіре алады. Мұнда қызмет ету дегенді тек тілдік жүйені сөйлеу актісінде пайдалану ғана деп түсінбеу керек, сонымен қатар тілді жалпы қарым-қатынас процесінде пайдалану деп түсіну керек, яғни қарым-қатынастың мақсаты мен міндеттерін орындау үшін тілдің көптеген сыртқы факторлардың әсерімен қолданысқа түсуі дегенді білдіреді. Бұл сөйлем – айтылымның мағыналық жағын байытады.
Сөзде заттардың (олардың әртүрлі топтарының) белгіленуі, ұғымның бейнеленуі қарым-қатынас үшін, тілдің қатысымдық мүмкіндіктерін жүзеге асыру үшін әлі де жеткіліксіз болады. Қарым-қатынас процесінде контексте сөздердің жалпыланған мағыналарын нақтылау жүріп жатады. Өйткені тілдік тұлғаларды (тіпті, сөздерді) сөйлеушілер шамамен бірдей мағынада қолданады. Сондықтан сөйлеу кезінде (әсіресе, жазба түрдегі) «сөз азабы» деген туады (ол ақын, жазушыларға ғана тән емес). Ауызша сөзде дәлсіздіктердің, оғаш құрылған сөйлемдердің болуы сондықтан. Қарым-қатынастағы мұндай кедергілер вербалды емес амалдардың (ым, мимика) көмегімен игеріледі.
Сөйлеу (ауызша болсын, жазбаша болсын) – шығармашылық процесс, ол аз дәрежеде автоматтандырылған және әртүрлі салада бірдей болмайды. Тілдік қатынаста стандарт, әрине, негіз, тірек қызметін атқарады, бірақ толыққанды, тиімді қарым-қатынас жасау үшін тілдің бұл қасиеті жеткіліксіз. Өйткені шынайы қарым-қатынастың алдын-ала болжап болмайтын нәзік иірімдері толып жатады.
Сөйлеу қызметінің шығармашылық сипаты туралы Л.В.Щерба былай деп жазды: «Сөйлеу процесінде бұрын айтылғанды немесе естігенімізді жиі қайталасақ та, алайда… сөйлеуде бұрын естімеген тұлғаларды, сөздерді жиі қолданамыз, қолданып қана қоймаймыз, үнемі жаңа тіркесімдер жасап отырамыз» [6,24]. Тілдің қолданысы тілдік тұлғалардың мағынасын синтагматика қағидалары бойынша жай қоса салу деген емес, сондықтан сөз (сөйлеу) оны құру үшін пайдаланылған тілдік тұлғалардың мағыналарының механикалық қосындысынан тұрмайды.
Өзара түсінісу қарым-қатынас контексінде пайда болатын «жаңа қолданымдардың» көмегімен (солардың негізінде) жүзеге асады. Мысалы, тілдегі жаңа қолданыстар: метафора, метонимия т.б. (сөздердің, тіркестердің жаңа мағыналары) тіл жүйесінде алдын ала белгіленбейді, сондықтан белгілі бір кезеңге дейін ешкімге белгісіз болады, алайда тыңдаушы адам оны бірінші рет естігенде оның мағынасын бірден түсінеді (контекстегі белгісіз сөздерді түсіну тілдің осы қасиетіне негізделеді).
Сөздің шығармашылық аспектісі айтылғанның (жазылғанның) ерекше мәнерлілігіне, әсерлілігіне байланысты, ал бұның өзі стилистикалық құбылысқа жатады. Тіл жүйесінің «құпиялылығы» — оны шығармашылық тұрғыдан пайдалану мүмкіндігінде жатар.
Тіл мен сөз (сөйлеу), дәлірек айтқанда, тілдің жүйелік (құрылымдық) және қолданымдық аспектілері өзара бірлікте, бірақ бірдей емес. Қолданыс кезінде тілдің бай шығармашылық мүмкіндіктері ашылады. Олар тілден тысқарғы шексіз жағдаяттар мен әсерлерге байланысты әрдайым жаңадан туындап отырады. Тіл жүйесінде алдын ала қалыптастырылған мағыналық мазмұн электронды есептегіш машиналары (ЭЕМ) үшін, әрине, тиімді, бірақ ол тілдегі шығармашылықты жоққа шығарады. Шынында, табиғи тұрғыдағы тіл мен ойлау тілдегі осы жалпыланғандық пен қалыптылықты (стандарттылықты) әрдайым еңсеріп отырады. Тілдің жоғарыдағы белгілері (дайын үлгі, стандарттылық) – бұлар әрі қажетті, әрі пайдалы да, бірақ олар тілді қолдану процесінде кедергілер де жасайды.
Тілдік жүйенің коммуникативтіктілігі толық көлемінде тек қарым-қатынас процесінде ашылады. Тілдік құралдардың барлық стилистикалық-мағыналық реңктері, мәнерлілігі, стилистикалық әсері, орындылығы, қажеттілігі тілдің қолданысында ғана айқындалады. Сөйтіп, тілдің стилистикалық феномені, яғни тілдегі стилистикалық мән о бастан функционалдық сипатқа ие. Тілді танып білу және оны сипаттау үшін жүйелілігіне қоса оның функционалдық аспектісін де ескеру керек. Сондықтан тіл грамматикасымен қоса жұмсалым грамматикасы (функционалды грамматика) да пайда болып дами бастады.
Қорыта келгенде, функционалды стилистика тілдің қарым-қатынастың әртүрлі салалары мен жағдаяттарында қолдануының заңдылықтарын зерттейді, басқаша айтқанда, ол үшін тілдің функционалды аспектісі арнайы зерттеу пәні (предметі) болып табылады. Бір сөзбен айтқанда, стилистика тілді қоғам тарапынан қолдану заңдылықтарын зерттейді.
1.2 Стилистиканың пәні (предметі), оның негізгі мәселелері мен зерттеу әдістері
Қай ғылымның болмасын негізгі мәселесі – оның зерттеу нысаны мен зерттеу пәні (предметі). Стилистиканың зерттеу нысаны – басқа да тіл ғылымы салаларындай, мәтін түрінде көрініс тапқан тіл болып табылады. Бірақ әр сала сол жалпы нысанның өзіне қажетті жағын алып қарайды. Мысалы, деңгейлік тұрғыдан лексикология өзіне қажеттісін, грамматика өзіне қажеттісін алып тексереді. Немесе белгілі бір қырынан, көзқарас тұрғысынан (мыс, тарихи грамматика, әлеуметтік лингвистика, тіл семантикасы) қарастырады.
Стилистиканың пәні әлі бір жақты шешімін таппаған күрделі мәселе деуге болады. Бұл ең алдымен оның зерттеу нысаны мен пәнінің күрделілігінен, одан тысқары зерттеу пәнінің аумақ-көлемінің кеңдігінен, анық еместігінен (оған, мысалы, әдебиеттану ғылымының мәселелері де кірігіп кетеді) келіп шығады.
Стиль – стилистика ғылымының ең басты категориясы. Тілшілер бұл ұғымды жалпы да кең мағынада – тілдік тұлға-бірліктердің, жалпы тілдік жүйенің тек хабар беріп қоймай, оны әсерлі түрде беретін сапаларымен байланысты алып қарайды. Сөйтіп, стиль сөйлеудің сапалылығы, экспрессивтілігі, белгілі бір сөйлеу жағдайы мен түріне, қатынас жасау мақсатына анағұрлым сай келетін бейнелеу құралдарын пайдалануы дегенді білдіреді. Бұндай жағдаяттар үнемі қайталанып, ал қатынас саласы типтеніп отыратындықтан, стиль сол салалар мен жағдаяттарға тән анағұрлым типтенген тілдік құралдар мен сөйлеу сипаттарын да көрсетеді, ал бұл өз кезегінде қарым-қатынастың тиімділігін арттырады. Сонымен, стиль сөздің (тілдің) қарым-қатынастың міндеттерінен туындайтын және ол міндетті табысты орындау үшін жұмылдырылған сипатты белгісі екен.
Тілдің осы стилистикалық сипатты белгісі қалай көрінеді? Ол тілдік жүйенің барлық деңгейін қамти ма? Оны анықтау үшін мынадай алғышарттарды белгілеп алуымыз керек:
- Тілдегі «стилистикалық» «лексикалық», «грамматикалық» сияқты ерекше деңгейді құрамайды – (яғни, тілде «стилистикалық деңгей» деген арнаулы деңгей жоқ). Ол тілдің барлық деңгейлерін қамтиды. Сондықтан стилистиканың пәні (предметі) тілді зерттеудің өзіндік аспектісі деуге болады (яғни, тілді ерекше көзқарас тұрғысынан зерттеу дегенді білдіреді). Г.О.Винокур: «Стилистика обладает тем свойством, что она изучает язык по всему разрезу его структуры сразу, т.е. и звуки, и формы…но зато с особой точки зрения. Эта особая точка зрения и создает для стилистики в чужом материале ее собственный предмет» [7, 283], — дейді.
- Әдеби тілдің стилистикалық жүйесі өте күрделі және біркелкі сипатқа ие емес, көп қырлы. Л.В.Щербаның пікірінше, оған (стилистикалық жүйеге) әлеуметтік және жергілікті диалектілердің сипаттамалары, жазба тілдің әртүрлі формалары (мыс, көркем әдебиеттілінің, ресми тілдің формасы, ғылыми стиль т.б.) кіреді. Қоғам «жіліктенген» сайын, ол «қоғамның әдеби тілінің стилистикалық құрылымы да күрделене түседі». Әрбір ерекшеліктің өмірге келуі қарым-қатынастың міндетінен туындайтын жұмсалымдық сәйкестілік болғанда ғана жүзеге асады. Стилистикалық құрылымда, Л.В.Щербаның пікірінше, «сөздердің сәйкесті төрт қабаты ерекше орын алады», олар: салтанатты мәнге ие сөздер, бейтарап, тұрпайы (фамильярный) және дөрекі (вульгарный) сөздер (мыс, лик-лицо, морда-рожа). Ол орыс әдеби тілінің стилистикасын негізгі және ерекше бояуларға ие бірнеше қосымшалардан тұратын шоғырланған топ ретінде алып қарап, яғни, тілдің синонимдік қатарын стилистикаға тірек етіп ала отырып, бірақ стилистиканы тек синонимия құбылысымен шектемейді [8, 117-126].
Стилистикада, сонымен, мынадай үш жағдайды атап өту керек:
1) стилистиканың құрылымының біркелкі еместігі, демек, оның зерттеу пәнінің құрылымы да бірдей емес, әркелкі;
2) қарым-қатынастың қажеттілігінен, тілдің ойды және сөйлеушінің эмоционалдық күйін бейнелеудегі икемділігінен туындайтын әртүрлі реңдерді беру мүмкіндігінің молдығы;
3) «стилистикалық» тілдің коғамдағы қызметімен, қарым-қатынастың міндеттерімен байланысты қалыптасады.
- Қазіргі стилистика ғылымы тіл жүйесіндегі стилистикалық ресурстарды мәтіннен тыс түрде қарастырудан гөрі, тілді қарым-қатынастың әртүрлі саласында қолдану кезінде туындайтын заңдылықтарды, соның нәтижесінде пайда болатын тілдік ерекше ұйымдасуларды зерттеуге көбірек көңіл бөледі.
- Тілдің (сөйлеудің) функционалды стильдерін бейнелеу құралдарының қарым-қатынастың әртүрлі саласы бойынша қатысымдық тұрғыдан мақсатқа сай қалыптасқан жүйесі десек, олар бір мезгілде пайда болмайтынын, тарихи тұрғыдан әбден пісіп жетілген кезде ғана пайда болатынын көреміз.
Жоғарыда айтылғандарды жинақтай келгенде, стилистиканың зерттеу пәні, біріншіден, тілдің әртүрлі деңгейлерінің мәнерлегіш құралдары мен мүмкіндіктері, олардың стилистикалық мағыналары мен бояулары; екіншіден, қарым-қатынастың түрлі салалары мен жағдайларындағы тілді қолданудың заңдылықтары және соның нәтижесінде пайда болатын әр салаға тән сөздің (сөйлеудің) ұйымдасу ерекшеліктері болады. Біріншісі – стилистиканың әріден келе жатқан дәстүрлі зерттеу саласы болса, екіншісі кейін пайда болды. Алайда, осы соңғысы қазір стилистиканың негізгі зерттеу пәніне айналып барады.
Стилистиканың зерттеу пәні мәселесіне байланысты ғалымдардың арасында тілдік деңгейлердің қатарында стилистикалық деңгей жеке бөлінеді, оны фонетикалық, лексикалық, сөзжасамдық, морфологиялық, синтаксистік деңгейлермен бір қатарға қоюға болады деген де көзқарастар болды. Мұның себебін көбінесе әртүрлі стилистикалық тәсілдердің көптігімен, олардың жиынтығын бір деңгей етіп алуға болатындығымен түсіндіреді. Алайда, стилистикалық тәсілдер тілдің қызмет етуі барысында пайда болып, мәтін құрамында жұмсалым процесінде қолданылады. Олардың қолданысы қатысым міндетіне қарай сан алуан болады. Олар құрылымдық жағынан да түрлі сипатқа ие: лексика-семантикалық, фразеологиялық, сөзжасамдық, морфологиялық, синтаксистік, композициялық сипаттағы дайын, немесе белгілі бір үлгідегі, немесе жаңадан туындаған тәсілдер болуы мүмкін. Демек, стилистикалық тәсілдер тұлғалық және сапалық әркелкілікке ие бірліктер мен құбылыстарға жатқандықтан, тілдің айрықша деңгейін құрай алмайды. Олар сөзде тек қызметтерінің тұтастығына байланысты, яғни айтылымның тиімділігін арттыру үшін бірігеді.
Қолданым кезіндегі стилистикалық құбылыстардың жүзеге асуы, яғни айтылым стилінің қатысым міндетіне сай болуы (дұрыстығы, мәнерлілігі, тиімділігі) айтылымда, мәтінде орындалады. Сөздің реңі контексте белгілі болады. Мысалы, жеке бір сөздің бірнеше мәні, бояуы болуы мүмкін (ит, шошқа т.б.). Контексте соның қай мәнде қолданылғаны белгілі болады. Тілдік тұлғаның мәні, бояуы мәтінде ашылатындықтан, мәтінді стилистикалық деңгей ретінде алуға болатындай көрінуі де мүмкін.
Стиль шынында да мәтінмен тығыз байланысты. Алайда шын мәнінде мәтін стильдің жүзеге асатын материалы болып табылады. Мәтіннің ұйымдасуы стилистикалық сипатқа мазмұнына сай келетін мәнерлілікке, тиімділікке, әсерлілікке қол жеткізгенде ғана ие болады. Сондықтан мәтінді стильдің көрініс табатын жері, мекені деуге болады.
Мәтін, оның бірліктері мен категориялары басқа да деңгейлердің бірліктерімен бірлікте стильді бейнелеуші құрал болып табылады. Сонымен қатар жеке бір мәтін белгілі бір стильдің көрінісі, стильдің нақты өзі де бола алады. Бірақ, көбінесе, стильді мәтіннің көптеген қасиет-сапаларының, қырларының бірі деп қана қарау керек.
Сонымен, стилистиканың пәні тілді қолдану барысында қолданымның түрлі жағдайлары мен салаларына байланысты мәтін көлемінде жүзеге асатын тілдік құбылыстар екен.
Стилистиканың негізгі мәселелерінің қатарына мыналарды жатқызуға болады: стиль, функционалды стильдерді анықтау, олардың мәнін, жүйелік сипатын ашу; қарым-қатынастың әртүрлі саласында тілдің қолдану заңдылықтарын анықтау; функционалды стильдерді топтастыру; стилистикадағы тілдік және тілден сыртқары жайлардың ара қатынасын айқындау; стильдегі объективтілік пен субъективтілік мәселесі; функционалды стильдер мен сөз түрлерінің ара қатынасы; стильдердің өзара әсері мен тұтастығы мәселесі; лингвистикалық стилистика мен әдебиеттік стилистиканың ара қатынасы; көркем әдебиеттілінің функционалды стильдерге қарым-қатынасы; стилистикалық норманы және оның тарихилығын анықтау; стилистикадағы диахрония мен синхрония мәселесі т.б.
Стилистиканың зерттеу әдістеріне келетін болсақ, олардың бастыларына мәтінді талдаудың мағыналық-стилистикалық әдісі, салыстырмалы әдіс, сөз-образ, экспримент жасау және статистикалық әдістер жатады.
1.3 Стилистиканың негізгі ұғым, категориялары
Стилистика өзіне тән ұғымдар мен категорияларға ие. Мысалы, стиль, функционалды стиль, стилистикалық бояу, стилистикалық құрал, стилистикалық белгі, стилистикалық мағына, стилистикалық норма, стиль құраушы факторлар, стильдің тілдік жүйелілігі. Бұлардың ішінде стилистикалық бояу, стилистикалық құралдар, стилистикалық мағына бір-бірімен тығыз байланысты ұғымдар.
Тілдік қабаттардың бірліктері (әсіресе, лексикалық қабаттың) өздерінің негізгі мағыналарынан тысқары, әрқилы реңктерге ие болып келеді. Стилистикалық табиғаты жағынан олар бірдей емес. Тілдік құралдар, осындай ерекшелігіне орай, алдымен бейтарап және стилистикалық бояулы болып бөлінеді.
Тіл жүйесіндегі стилистикалық бейтарап, яғни ешқандай қосымша реңксіз құралдар қатынас жасаудың барлық саласында кеңінен қолданылады. Олар стилистикалық бояуға ие болмайды. Мысалы, лексикада үй, қол, адам, тау, оқу, т.б. сөздер. Стилистикалық бояуға ие құралдар осындай стилистикалық бейтарап құралдардың аясында ғана айрықша көзге түсіп тұрады. Сондықтан олар стилистикалық нөлдік деңгейді құрайды.
Стилистикалық бояудың екі түрі ажыратылады: эмоционалды-экспрессивті және функционалды. Бұл жағдайда, стилистикалық бояуға ие тілдік құралдарға өздерінің негізгі атаулық, заттық-логикалық, грамматикалық мағыналарына үстемелей, белгілі бір экспрессивті немесе функционалды мағыналарды қоса білдіретін тілдік құралдар жатады. Тілдің ондай қосымша сапа-қасиеттері әлгі құралдардың қолданылу өрісін шектеп, қарым-қатынастың белгілі бір саласында ғана жұмсауға мәжбүр етеді. Мысалы, жалмауыз, шошқа, сүмелек, шаһар, сөлектеу, желкебай, тыраштану т.б. Бұлар эмоционалды-экпрессивті бояуға ие тілдік құралдарға жатады.
Функционалды бояуға ие тілдік құралдар да болады. Бірақ олардың ара-жігі экспрессивті бояуға қарағанда ондай айқын емес. Экспрессивті-эмоционалды бояу тілдік тұлғаның табиғи қасиеті болса, функционалды бояу тілдік тұлғаны қарым-қатынас жасаудың белгілі бір саласында көп қолданудан барып пайда болды. Соңғы жағдайда тілдік дәстүрдің де рөлі бар. Тілдің тұлға – бірліктерінің мағыналық-стилистикалық жағы мен оларды белгілі салада көбірек қолдану дәстүрі арасында қатаң тәуелділік бар. Белгілі салада тұрақты қолданудың нәтижесінде тілдік құралдың мағынасы белгілі стилистикалық мәнге, бояуға ие бола бастайды да, кейін тұрақты бекітіледі. Мысалы, ресми стильде қалыптасатын штамптар («жоғары жетістікке жетті», «қаулы қабылдады» т.б.) осындай қолданыстың нәтижесі.
Демек, даму барысында функционалды стилистикалық бояу да бірте-бірте тілдік тұлға-бірліктердің олардың мағыналарына о бастан тән, табиғи қасиетіне айнала береді. Сондықтан функционалды стилистикалық бояу тілдік құралдың мағынасынан бөлініп қаралмайды.
Ескерер бір жай: стилистикалық бояулардың ара-жігі қолдану барысында тұрақты болмай, жылжымалы болып келеді. Стилистикалық бейтарап құралдардың өзі кей кезде белгілі бір контексте стилистикалық өң алады. Ал кейде тілдік құралдың бұрын әбден қалыптасқан стилистикалық бояуы мүлдем басқаша сипат алуы мүмкін. Мысалы, еркелету немесе құптау мағынасы (бояуы) керісінше мысқылды мағынаға (бояуға) айналуы мүмкін, т.б. (Осы жерде «қатын» сөзінің бояуының тарихи өзгеруін еске алуға болады). Сонымен қатар, бір тілдік құрал өзінде әрі эмоционалды-экпрессивті, әрі функционалды бояу сақтауы мүмкін. Мысалы, тілдің публицистикалық (функционалды бояу) құралдары салтанаттылық, поэтикалық, риторикалық немесе ирониялық мазақтау реңктеріне ие болып келеді. Көпшілік жағдайда экспрессивті бояу мен функционалды бояу осылай бірлікте келеді. Енді кей жағдайда тілдік құралда экспрессивті бояу болмағанымен, функционалды бояу бар болып келеді. Мысалы, терминдерде (ғылыми стиль) экспрессивті бояу жоқ, функционалды бояу бар.
Қазақ тілінің стилистикалық құралдары дегенде тілдің стилистикалық бояуға ие тұлға-бірліктерінің жиынтығы негізге алынады. Бірақ стиль тілдің стилистикалық бояуға ие емес, бейтарап элементтері арқылы да жасалатын ескерсек, бұл мәселенің әлдеқайда күрделі екенін түсінеміз. Сондықтан кез келген тілдік тұлға-бірлік (әсіресе, көп мағыналы түрлері) стилистикалық құрал болуы мүмкін.
Белгілі бір тілдік тұлға-бірлікті белгілі сөйлеу жағдайында қолдану дәстүрі, оның белгілі бір қарым-қатынас саласына тәндігі сол тұлға-бірліктегі стилистикалық бояудың көрінісі болады. Тілдік тұлға-бірліктің мағыналық жағы, ол мағынаның бір қыры функционалдық жағынан белгілі бір салада қолдануға бейім болып келеді. Тілдік тұлға-бірліктердің стилистикалық мүмкіндіктері қызмет ету процесінде ашылады және оның көрінісі белгілі тілдік құралды нақтылы тілдік жағдайда қолдану ерекшелігімен анықталады. Тілдің құрылымдық және функционалдық жақтарының диалектикалық бірлігі мен байланысы осыдан көрінеді,
Стилистикалық бояуының сипатына орай, тілдік құралдар функционалды бояулы және экспрессивті бояулы болып бөлінеді.
Функционалды бояулы құралдар функционалды стильдердің түр-түріне сәйкес өзіндік ерекшеліктерге ие болып келеді. Мысалы, ғылыми стильдегі терминдер, көркем әдебиет стиліндегі троптар мен фигуралардың түрлері, ауызекі сөйлеу стиліндегі қарапайым сөздер мен диалектизмдер функционалды бояулы құралдарға жатады.
Экспрессивті құралдарға тілдің эмоционалды-экспрессивті бояуға ие құралдары жатады. Мысалы, эмоционалды реңкі жағынан олар көтеріңкі салтанаттылықты білдіретін, немесе мысқылды білдіретін, немесе әшкерелеуші реңге ие т.б. құралдар болып қеледі: Бұлар, әсіресе, жекелеген сөздерге тән. Ол бояулар сөздердің контекстен тыс жағдайына да табиғи түрде тән болып келеді. Бұдан грамматикалық тұлға-бірліктерге қарағанда лексиканың эмоционалды-экспрессивті бояуы кең екенін көреміз. Оның үстіне грамматикада лексикадағыдай стилистикалық бояулардың белгілі бір тұлға-бірліктерге тәндігі, айқындығы жок. Алайда, бұл грамматикалық құралдардың экспрессивтік мүмкіндігі әлдеқайда шектеулі дегенді білдірмейді. Мысалы, синтаксис бейнелеудің әртүрлі эмоциональды-экспрессивті бояулы мүмкіндіктеріне кеңінен ие. Бірақ онда эмоционалды-экспессивті бояу бір ғана тілдік тәсілге бекітілмеген. Ол көптеген тәсілдердің жиынтығынан барып құралуы мүмкін (мысалы, сөздердің орын тәртібі, бірыңғай мүшелер, синтаксистік паралельділік).
Стильдік құралдар туралы мәселе синонимия мәселесімен тығыз байланысты. Көптеген зерттеушілердің көзқарасы бойынша, «тілдік құралдардың синонимикасы – стилистиканың орталық мәселесі». Стильдердің өмір сүруінің өзі белгілі мөлшерде синонимдердің бар болуымен белгіленеді. Бірақ стилистиканың ресурстары синонимдермен ғана шектелмейді.
Жалпы, тілдің синонимикалық құралдары мен функционалды стильдердің ара-қатынасы мәселесі — әлі толық зерттелмеген іргелі мәселе. Функционалды стильдерде тілдің синонимикалық байлығы әртүрлі дәрежеде пайдаланылады. Мысалы, көркем стильде синонимдер кең пайдаланылса, ғылыми, ресми стильдерде керісінше аз жұмсалады, тіпті мүлде қолданылмайды десе болады.
Стилистикалық мағынаға келетін болсақ, ол стилистиканың негізгі ұғымдарының бірі.
Сөздің мағынасы оның тек заттық ұғымын ғана белгілеп қоймайды. Онда сонымен қатар сөздің стилистикалық қызметіне қатысты мағыналық реңктері де болады.
Стилистикалық мағына мен стилистикалық бояу ұғымдары бір-біріне жақын. Стилистикалық мағына стилистикалық бояуға қарағанда тұрақты да жалпы.
Стилистикалық мағына – тілдік тұлға-бірліктің мағыналық құрылымындағы оның лексикалық, заттық, грамматикалық мағыналарынан тысқары қосымша белгісі. Бұл қосымша мағына тұрақты болып, тілдік қолданымның белгілі жағдайларында туындап отырады. Сөздің стилистикалық мағынасы оның ұғымдық мағынасына әсер етіп, сөз мағынасын белгілі бір бояуларымен қоса қабылдауға көмектеседі.
Сөйтіп, стилистикалық мағына тілдік тұлға-бірліктің мағыналық құрылымының белгілі бір бөлігін құрайды. Бірақ ол тілдік тұлға-бірліктердің әрқайсысында әртүрлі дәрежеде көрінеді. Экспрессивті бояуға ие құралдарда айқын байқалса, кейбіреулерінде тереңде жатады, тек белгілі контекстік жағдайда ғана анық көрінеді.
1.4 Стилистикадағы «стиль» ұғымы
«Стиль» — стилистиканың негізгі орталық ұғымы. Стилистика ғылымында оның көптеген түсінігі бар. Олай болу себебі, біріншіден, стилистика ғылымының тарихи даму жағдайымен түсіндірілсе, екіншіден, «стиль» ұғымының күрделілігінен туындайды.
Дәстүрлі практикалық стилистикада «стиль» термині тілдің нормативті-стилистикалық ережелеріне сәйкес келу дәрежесін білдіреді (мысалы, «жақсы стиль», «жаман стиль»). Стиль терминінің кең мағынасы — сөйлеу мәнерін білдіріп келсе, тар мағынасы – жеке шығарманың немесе жазушы шығармашылығының тілдік ерекшелігі (көркем әдебиет стилистикасы тұрғысынан алғанда) дегенді білдіреді. Соңғы мағынасында «стиль» термині әдебиеттік стилистикада да қолданылады.
Барлық жағдайда да «стиль» термині тілдік қолданымға байланысты айтылады. Стильді тілдің стилистикалық бояуға ие құралдарының жиынтығы ретінде түсіну тілдік құрылымның стилистикалық белгілеріне арнайы назар аударудан туған түсінік.
Ғылымда «тіл стилі», сөйлеу стилі» ұғымдары да бар. Тіл стильдері мен сөйлеу стильдерінің ерекшеліктері тіл мен сөйлеудің ерекшеліктеріне сәйкес келеді. Тіл – қатынас құралы, сөйлеу – сол құралдың іске асуы, яғни белгілі бір қызметтегі көрінісі. Сондықтан сөйлеу стильдері дегенді тіл стильдерінің іске асуының нәтижесі, іс жүзіндегі көрінісі деп қарауға болады. Сөйлеу стилъдері әр уақытта жанрлармен байланысты болып келеді.
Тіл стильдері, сөйлеу стильдері, сөйлеу жанрлары арасындағы тәуелділікті мынадан байқауға болады. Тіл стильдері сөйлеу стильдерімен сәйкесті болса, соңғыларының нақты көрінісі сөйлеудің әртүрлі композициялық формаларында немесе жанрларында жүзеге асады.
Стиль тілді қолданудың нақты үлгісі болғандықтан, онда ұлттық тілдің ерекшеліктері де көрініс табады.
Көне дәуірлерде-ақ шешендер, жазушылар, ғалымдар мынаны байқаған: тілдік құралдардың қайсы бір түрін таңдау қарым-қатынастың шартына, сипатына, тақырыбына, міндетіне байланысты туындап отырған. Тіл құралдары бұл тұрғыдан грамматика заңдарына ғана сәйкес болмай, қарым-қатынастың жағдайлары мен мақсатына да сәйкес болып келуі керек. Соған байланысты тіл құрамында бірте-бірте қолданыстың мақсаты мен саласына сәйкес туындайтын ерекшеліктер қалыптаса бастайды.
Көне Рим қайраткері Цицерон былай дейді: «Адамның қоғамдағы жағдайына, қызметіне, ықпалына, жас ерекшелігіне қарай бірдей стилъ қолдапылмайтыны сияқты, кез келген уақыт пен кез келген орында да бірден стильді қолдануға болмайды. Өмірдің бел-белесіндегі сияқты, сөзінің әр бөлшегінде де оның орынды айтылуына көңіл бөлу керек, бұл сөз болатын істің мән-жайына, сөйлеуші мен тыңдаушыға да байланысты болады» [9, 196].
Көне замандарда сөйлеудің (сөздің, стильдің) үш түрін ажыратып қарады: төмен стиль, бұл — өсиет, ақыл айту, бағыт беру үшін; орта стиль, бұл — сөйлесу, әңгімелесу үшін; жоғары стиль, бұл – тыңдаушыға ерекше әсер ету үшін қолданылды.
Көне тіл, стиль теориясының бұл қағидалары Еуропада риторика мен стилистиканың дамуына өз әсерін тигізді.
Мысалы, 18 ғ. француз академиясы стильдерді былай топтастырады: жоғары стиль – классикалық трагедия, ода, ораториялар; қазіргі стиль – роман, повестер; фольклор стилі (қарапайым стиль) – комедия, мысал, әзіл-сықақтар.
Ресейде орыс әдеби тілі стилистикасын дамытуда М.В.Ломоносовтың еңбектері (үш стиль теориясы) зор рөл атқарды. Орыс сөздерін «қарапайым халықтық, төмен» және оқыған адамдардың ауызша сөйлеуде қолданылатын сөздері деп бөлді. Әр стильдің нормасын белгілеп, қолдану аймақтарын көрсетті.
«Функционалды стиль» ұғымы – қазіргі стилистикадағы негізгі ұғым. Функционалды стильдер тілдің қолданысымен, қызмет етуімен тікелей байланысты, яғни шынайы сөйлеуде, мәтінде көрінеді. Функционалды стильдерде әртүрлі тілдік деңгейлердің тұлға-бірліктері мен олардың стильдік бояуға ие түрлері белгілі бір қатынас саласында қызмет ету міндеттеріне сәйкесті түрде бірігеді. Функционалды стильді В.В.Виноградов былай анықтайды: «Стиль — бұл жалпыхалықтық, жаллыұлттық тілдің белгілі бір саласында тілдік қарым-қатынас құралдарының сұрыпталып тіркесу, қолдану тәсілдерінің қоғамдық тұрғыдан қабылданған, функционалдық тұрғыдан шартталған, іштей біріккен жиыитығы. Ол басқа мақсатқа қызмет ететін, басқалай қызмет атқаратын өзі сияқты бейнелеу тәсілдерімен бір қатарда тұрады» [10, 73].
Функционалды стильдердің қалыптасуына әсер ететін факторлар тілден тысқары (экстралингвистикалық) және таза тілдік болып екі топқа бөлінеді. Функционалды стильдерді сипаттауда олардың екеуі де ескеріледі.
Тілден тысқары стиль құраушы әсерлерге қоғамдық сана формасы және соған тән ойлау түрі, сөздің ауызша не жазбаша көрінісі, сөздің жанрлық ерекшелігі, қарым-қатынастың түрі (көпшілік не жекелік), баяндау түрі (әңгімелеу, суреттеу, ойталқы), жағдаяттық-қоғамдық факторлар (сөздің тоны, сөйлеу актісінің түрі, тыңдаушы ерекшелігі) т.б. жатады. Бұлар объективті факторларды құраса, автор ұстанымы, оның даралығы сияқты субъективті факторлар да болады.
Бұл факторлардың барлығы да сөз сипатына тікелей әсер етеді, бірақ олардың стиль құраушылық дәрежелері бірдей емес.
Тілдің негізгі қатысымдық (коммуникативтік) қызметінен өзге де қызметтері бар екені белгілі. В.В.Виноградов функционалды стильдерді топтастыруда осы қызметтерін басшылыққа алады. «При выделений таких важнейших общественных функций языка, как общение, сообщение и воздействие, могли бы быть в общем плане структуры языка разграничены такие стили: обиходно-бытовой стилъ (функция общения); обиходно-деловой, официалъно-документалъный и научный (функция сообщения); публицистический и художественно-беллетристический (функция воздействия)» [11, 6]. Алайда, тіл қызметтерін бұлай бөлу өте жалпылама және стиль түрлері де олардың ауқымына сыя бермейді.
Негізгі стиль құраушы факторлар функционалды стильдердің жүйелілігін қамтамасыз етеді. Стиль жүйелілігінің негізіне оны құрайтын тілдік бірліктердің бір мақсат негізінде өзара тығыз байланысып бірігуі жатады. Мысалы, ғылыми стильде жалпылама, дерексіз мәнге ие бірліктер белсенді рөл атқарса, көркем стильде керісінше, көркем-бейнелі тілдік нақтылыққа ие бірліктер маңызды болады.
Тілдің өзінде, бір жағынан, стильдік тармақтарға жіктеліп дамыған сайын белгілі бір функционалды стильге тән тілдік құралдар тұрақтала түседі. Екінші жағынан, функционалды стильде оны құраушы факторлардың әсерімен тілдік бірліктердің белгілі дәрежедегі өзгерісі, ауысуы жүзеге асады. Соның нәтижесінде бір тілдік бірліктің өзі қай стильде қолданылуына қарай мағынасы жағынан функционалдық сипатқа ие болады.
Мысалы, етістіктің осы шағы барлық стильдерде де қолданылады, бірақ әр қайсысындағы мағынасы бірдей емес. Іс қағаздары стилінде осы шақтың бұйыру, талап ету мәні алдыңғы қатарға шығады («Мәжіліс сағат 10-да басталады», «Мердігер жұмыстың сапасына жауап береді»). Көркем стильде осы шақтың тарихи осы шақтық мәні күшейеді («Қазір Ербол мініп келген семіз көк атқа кәшаба шана жегіп, екі жігіт қатар отырып, сар желдіріп келеді»). Ал ауызекі сөйлеу стилінде қарым-қатынас сол мезетте жүзеге асатындықтан дәл осы шақтық мағына орын алады.
Қазіргі кезде стилистика ғылымында функционалды белгісі жағынан стильдердің бес түрі ажыратылады. Олар: ғылыми, ресми, публицистикалық, көркем сөз және ауызекі тұрмыстық сөйлеу стильдері. Функционалды стильдердің әрқайсысы стилішілік тармақтарға жіктеледі. Мысалы, ғылыми стильдің таза ғылыми, ғылыми-оқулық, ғылыми-көпшілік сияқты тармақтары болса, ресми, іс қағаздары стилінің де ұйымдық, өкілеттік, анықтамалық-ақпараттық сияқты тармақтары бар, сол сияқты публицистикалық стиль де іштей жанрлық ерекшеліктеріне қарай көптеген түрге жіктеледі.
Тілдік қолданыста функционалды стильдердің әр түрінің элементтері араласа жұмсалып, көп қабатты стильдік құбылыстар да пайда болады. Бұл жағдай стильдердің өзара әсері және олардың өз ішінде ұсақ жанрларға жіктелісі нәтижесінде жүзеге асады. Сөйтіп, тілде функционалды стильдік және стилішілік жіктеліс өте күрделі, сан тармақты болып келеді.
1.5 Функционалды стильдердің тілдік сипаттамасы
Функционалды стильдер тілден тысқары (экстралингвистикалық) жағдайлардың негізінде жасалады. Алайда стиль тілдің (сөздің) бір түрі болғандықтан, ол тілдік (лингвистикалық) жағынан да сипатталады, яғни әр стильге тән, оның ерекшелігін белгілейтін тілдік құралдар болады.
Стиль құрайтын тілдік құралдар екі топқа бөлінеді. Біріншісіне тілдің стилистикалық парадигматикасын құрайтын тілдік құралдар (стилистикалық бояуға ие құралдар, стилистикалық синонимдер мен варианттар) кіреді. Екіншісіне функционалды-тілдік құралдар жатады, яғни әр стиль түрінде басым қолданылатын тілдік құралдар болады. Функционалды стильдер стилистикалық бояулы және функционалды-тілдік құралдар мен бейтарап тілдік құралдардың бірігуі арқылы жасалады. Осы тұрғыдан функционалды стильдердің ерекшелігі төмендегідей сипатқа ие болып келеді.
Ғылыми стильдің стилистикалық бояуы бірыңғай сипатқа ие. Олар негізінен жазба тілге тән сөздер, морфологиялық тұлғалар, синтаксистік құрылымдар болып келеді. Функционалды-тілдік құралдардан мағынасы жалпыланған, дерексізденген сөздер мен грамматикалық тұлғалар көбірек қолданылады: дерексіз сөздер, етістіктің уақыттан тыс осы шақтық тұлғасы, есімдіктің көпше түрі (мен емес, біз түрінде қолдану) және соған сәйкес баяндауыш тұлғасы т.б.
Ресми іс қағаздар стилі стильдік бояуы жағынан ғылыми стильге жақын, алайда оған қарағанда біртектес және синтаксисі бірқалыпты болып келеді. Оған қарапайым сөздер, ауыс мағыналы, бейнелі сөздер, теңеу т.б. тән емес. Функционалды-тілдік құралдардан ресми тональділікке ие сөздер, мысалы, кеңсе ісіне тән сөздер, етістіктің тұйық, бұйрық рай тұлғалары т.б. тән.
Ауызекі-тұрмыстық сөйлеу стиліне қарапайым сөздер, эмоциялық бояуға ие сөздер тән. Ауызша сөйлеу оның синтаксистік құрылымына да әсер етеді; толымсыз сөйлемдер, аяқталмаған сөйлемдер көп қолданылады. Функционалды-тілдік құралдардан оған нақты мәнге ие сөздер, етістіктің нақ осы шақ тұлғасы т.б. тән.
Көркем сөз стилі функционалды стильдердің ішінде ерекше орында тұрады. Тілдік құралдарының стилистикалық бояуы өте кең, бай және әр түрлі болып келеді. Көркемдік мақсатқа барлық тілдік құралдар кызмет етеді.
Публицистикалық стиль де әртүрлі стильдік бояуға ие тілдік құралдардың кең қолданысымен ерекшеленеді. Олардың ара қатынасы шығарманың жанры мен стиліне байланысты. Мысалы, очерк жанры көркем стильге жақын болса, ақпараттық мақала іс қағаздары стиліне жақын.
Жалпы, бір тілдік құралдың өзі барлық стильде де қолданыла беруі мүмкін, бірақ олардың рөлі әрқайсысында әр түрлі болады. Сондықтан әр стиль басты және қосымша белгілерге ие: мысалы, ғылыми стильдің басты және тұрақты белгісі – терминдердің көп қолданылуы болса, бейнелілік — көркем сөздің басты белгісі.
Сөйтіп, функционалды стильдің әрқайсысы өзіндік тілдік құралдарының ерекше жүйесімен сипатталады.
Функционалды стильдерге байланысты айтылғандарды жинақтай келгенде мынадай қағидалар басты назарда болады:
— функционалды стильдер – тілдік құралдардың бейтарап және стилистикалық бояуға ие түрлерінен құралатын жүйелер;
— стильдер тұйықталған емес, өзара байланыста, қатынаста болып, бірінен-біріне өте береді;
— стильдер тілден тысқары (қатынас саласы, сөйлеу жағдайының сипаты, сөйлеу актісіне қатысушылардың саны т.б.) және лингвистикалық факторлардың әсерінен пайда болады;
— белгілі бір стильдің ерекшеліктерін зерттеу тілден тысқары жағдайларды ескерумен бірге әр деңгейдің (фонетикалық, лексикалық, грамматикалық) тілдік құралдарын қарастыруды қажет етеді;
— функционалды стильдер одан әрі ұсақ стильдік (стилішілік) тармақтарға бөлінеді.
1.6 Функционалды стильдердің стильдік белгілері
Әрбір функционалды стильдің өзіндік белгілері болады, олар тілдік бірліктердің белгілі бір түрлерінен және сол стильдің өзіне тән жүйелік ерекшелігінен құралады. Алайда, ол ерекшеліктер көп емес және кейбір жақтарынан бірнеше стильге ортақ та болып келеді.
Функционалды стильдерге тән стильдік белгілерге дұрыстық, дәлдік, бейнелілік, қисындылық, анықтық, мәнерлілік, деректілік, дерексіздік, көп мағыналылық, бір мағыналылық, стандарттылық жатады. Бұлардың кейбірі қай стильге жататынына қарамастан жалпы нормативтік сипатқа ие. Мысалы, кез келген сөз дұрыс, анық, қисынды, дәл, белгілі дәрежеде мәнерлі болуы керек. Бұлар жалпы әдеби тіл нормасына қойылатын талаптар. Бірақ олардың кейбірінің мәні функционалды стильдердің түрлеріне қатысты бірдей сипатта түсіндірілмейді, бір стильдегі бір белгі екінші стильдегі сол белгіге сәйкес келмейді. Басқаша айтқанда, әр стильдің өзінің дәлдігі, өзінің қисындылығы, өзінің бейнелілігі бар, белгілі дәрежеде олар бір-біріне қарама-қарсы да қойыла алады.
Мысалы, көркем сөз стиліндегі дәлдікті іс қағаздарындағы дәлдікпен бірдей деп қарауға болмайды. Көркем сөздегі дәлдік – образды бейнелеудегі дәлдік, бұл тұста ол шеберлікпен астасып жатады. Көркем шығармадағы сөз мазмұнын әр оқырман өзінше түсініп жатуы қалыпты жағдай, тіпті, мұны сол сөздің көркемдігі деуге болады. Ал, іс қағаздарындағы дәлдік – бұл сөздің бәріне ортақ бір ғана мағынада жұмсалуы. Мысалы, заң мәтінінде сөзді өзге мағынада түсіну немесе түсіндіру адам тағдырын шешуде зардабы ауыр жағдайларға әкеліп соқтыруы мүмкін. Сол сияқты ғылыми стильдің де өзіндік дәлдігі бар. Мысалы, белгілі бір ғылыми теорияны әр түрлі көзқарастағы адамдар әр түрлі түсіндіреді. Ғылымда ғылыми зерттеулердің нәтижелерін сыни көзқараспен қабылдап, оны тәжірибе арқылы сынақтан өткізу, содан кейін ғана бұлтартпас қағида ретінде ұсыну орныққан.
Стильдік белгі ретіндегі қисындылықты да әр түрлі түсінуге болады. Жалпы, қандай сөз болмасын қисынды болу керектігі түсінікті, алайда көркем сөзде бұған қарама-қарсы келетін жағдайлар да болуы мүмкін, мұндағы қисындылық тағы да көркем бейнемен, оның сомдалуындағы қисындылықпен, шеберлікпен («қиыннан қиыстырар ер данасы») байланысты. Ал, ғылыми шығарманың қисындылығы бұлтартпас дәлелге, бірінен бірі туындап отыратын шындыққа құрылатындықтан, ғылыми мәтіннің тілдік құрылымы да соған сәйкес келетін лексикалық, синтаксистік бірліктерден таңдалып, сұрыпталып алынады. Іс қағаздарына келетін болсақ, оның мазмұны талқылауға, дәлелдеуге емес, орындалуы тиіс талап-тілектерге, міндет-тілікке құрылатындықтан, ондағы қисындылық та мазмұны жағынан болсын, бейнелеу тәсілдері жағынан болсын басқаша сипатта болады.
Бейнелілік туралы да осыны айтуға болады. Көркем сөздің бейнелілігі – эстетикалық сипаттағы, дараланған, ешқашан қайталанбас нақты бейнелілік. Ғылым тілінде де бейнелілік жоқ деуге болмайды. Бірақ табиғаты мен қызметі жағынан екеуіндегі бейнелілік екі түрлі.
Ғылыми танымға бейнелілік о бастан тән, бейнелі ойлау ғылыми шығармашылықтың айнымас қасиеті. Алайда, көркем сөздегі бейнеліліктен ерекшелігі – ол типтенген, жалпыланған, дерексізденген сипатқа ие. Қоғам мен табиғаттағы жалпы зандылықтарды ашатындықтан, ғылым тіліне нақтылық, жекелік, даралық сияқты белгілер тән емес, бұл – ғылыми стильдің ерекшелігін құрайды. Әрине, әр түрлі ғылым салалары өкілдерінің ішінде тілі даралық сипатқа ие, бейнелі, көркем тілде жазатын ғалымдардың да болатынын айту керек. Ол ғалымдардың өздерінің мүмкіндіктеріне байланысты.
Әдетте, функционалды стильдер жоғарыдағы белгілердің бірінде бар, бірінде жоқ болуымен, олардың бір-біріне қарама-қарсы қойылуымен сипатталады, соған орай бір-бірінен ерекшелінеді (бейнелі – бейнелі емес, дараланған – жалпыланған, көп мағыналы – бір мағыналы, шаблонды –шаблонды емес). Сонымен қатар, функционалды стильдердің ерекшеліктері стильдік белгілердің иерархиялық қатынасымен, бастапқы және кейінгі, негізгі және қосымша дәрежелі болу сипаттарымен анықталады. Мысалы, іс қағаздарында дәлдік (бір мағыналық), міндеттілік сипат негізгі де алғашқы белгілердің қатарында болса, шаблонға құру, тұрақтылық, маңыздылығы кем болмағанмен, екінші дәрежелі стильдік белгі. Соңғысы қоғамдық сана ретіндегі іс қағазы түрінің өзіңе тән емес, бірақ оның пайда болуының алғышарты ретінде қаралады. Өйткені стандарттылық, тұрақтылық іс қағаздарын жүргізуді жеңілдетеді, сондықтан ол қажеттіліктен пайда болған. Осы жағдай іс қағаздары мәтінінің тілдік ерекшелігін де қалыптастырған.
Жоғарыда айтылған жайлар әр стильге тән тілдік белгілерді, бір жағынан, тілден тысқары жағдайлармен, екінші жағынан, оларды белгілеуші тілдік құралдармен байланыстыра қарау қажеттігін көрсетеді.
1.7 «Стилистикалық норма» ұғымы туралы
Әдеби норма мен стилистикалық норма бір-бірімен байланыста ашылатын ұғымдар.
Әдеби тіл нормасы белгілі кезеңде тілдік құралдарды қоғамдағы барлық адамдарға ортак орнықты түрде қолдану үлгісі. Әдеби норма диалектілерге, ауызекі сөйлеудің қарапайым (қарабайыр) түрлеріне карсы қойылады. Сондықтан оған жүйелілік, реттілік, баршаға міндеттілік, функционалды-стильдік жіктеліс тән. Осы тұрғыдан әдеби норманы функционалды стиль нормаларының біріккен жүйесі деп қарасақ, стилистикалық норманы әдеби норманың функционалды стильге қатысты көрінісі деуге болады. Басқаша айтқанда, әдеби норма жалпы нормаға және жеке, функционалды-стилистикалық нормаға ажыратылады. Жалпы норма тұтастай әдеби тілге тән, оның барлық функциональды-стильдік тармақтарына ортақ. Ол стильдерді, стилішілік тармақтарды бір бүтін әдеби тіл жүйесіне біріктіреді.
Жалпы норма тілдік деңгейлердің барлық қабатын тұтастай қамтиды. Мысалы, морфологияны тұтастай, сөзжасамның көптеген үлгілерін, сөйлемнің негізгі құрылымдық кестелерін, лексикадағы стилистикалық бейтарап сөздерді қамтиды.
Жеке норма, негізінен, стилистикалық бояуға ие тілдік құралдарды қамтиды.Стилистикалық нормада жалпыға ортақ міндеттілік, шекараларының айқын болуы жалпы нормадағыдай емес, аздау мөлшерде болады. Әр функциональды стильдің нормасы әр түрлі болып келеді. Біреуіне тән норма екіншісіне тән болмайды, не аз мөлшерде деректі болады. Мысалы, ғылыми стиль мен ауызекі тұрмыстық сөйлеу стилінің нормалары бір-біріне қарама-қарсы, ал ғылыми стиль мен ресми стильдің нормалары бір-біріне жақындау болады.
Әр стильдің нормасына қысқаша сипаттама берейік.
Ғылыми стильде сөйлемнің синтаксистік құрылымы толық, сөйлемдер шұбалаңқы, ұзын болады. Сөйлемдегі сөздердің орны логикалық қатаң тәртіпке бағынады. Мағынасы жалпылама – дерексіз сөздер басым қолданылады. Ғылыми стильдің дайындалу, көріну жағдайы да ерекшелікке ие: ол алдын-ала мұқият дайындалады және мұнда қарым-қатынас тікелей емес, жанама түрде орнатылады, көп жағдайда жазбаша көрініс табады.
Ресми стильдің ғылыми стильге синтаксистік деңгейде біршама ұқсас жақтары бар (сөйлемдер ұзын, орын тәртібі тұрақты, бір мағыналы сөздер қолданылады), алайда одан мәнді айырмашылықтарға ие болып келеді. Сөйлемдер дайын үлгіге құрылып, бір қалыптан шыққандай, тілдік құралдары да шектеулі болады.
Публицистикалық стильде екі жақтың да қоспасы бар, ол мынаған байланысты: бұл стильдің жанры әр алуан және жазбаша да, ауызша да көріне береді. Оған хабарлау және әсер ету функциялары тән. Осы жағдайлар оның тіліне де ықпалын тигізеді. Сондықтан онда ақпарат тасушы және экспрессивтілікке ие құралдар бірлікте қолданылады. Сонымен қатар газет тілінде, оның жедел шығуына байланысты, әбден тұрақталған (стандартқа айналған) құрылымдар да орын алады.
Көркем сөз стилінің нормасы өте кең, тіпті ол әдеби тіл нормасы ауқымынан шығып кете алады. Көркем әдебиет тіліне жазба және ауызша тілдік құралдардың бірігуі тән. Тек мынаны ескеру керек, біріншіден, көркем шығармада кез келген әдеби, әдеби емес тіл.дік бірліктер қолданыла отырып, бірақ олар өнер құбылысының заңдылықтарына бағынады, әдеби-эстетикалық өңдеуден өтеді. Екіншіден, көркем шығармада жазушының өзіндік дүниетанымы, көзқарасы бейнеленеді, шығарманың жанрлық, тақырыптық т.б. ерекшеліктері көрініс табады әрі әр жазушының өзіндік тілдік талғамы болады. Сондықтан көркем шығарма тілінде әр жазушының стильдік даралығы, өзге де қайталанбас сөз қолданысы бейнеленеді. Осы жайларға байланысты көркем сөз стилінің басқа стильдерге қарағанда өзіндік ерекшелігі болады.
Әрине, бұл айтылғандардан көркем сөз стиліне норма тән емес деген сөз шықпайды. Бірақ көркем сөз стилі нормасына әдеби тіл нормасы тұрғысынан келе беруге де болмайды.
Сонымен, әрбір функционалды стиль өзіне тән сөз, форма, құрылымға ие болып келеді.
1.8 Стилистикалық қате және оның түрлері
Стилистикалық қате белгілі бір сөйлеу жағдайына сай келмейтін, стилистикалық нормадан ауытқудың салдарынан болатын қатенің түрі. Тілді жұмсауда күнделікті өмірде түрлі нормадан тыс ауытқулар болып жатады. Мысалы, лексикалық, фразеологиялық, грамматикалық тұлға-бірліктерді өзінің негізгі мағынасына сәйкес өз орнымен қолданбаудан болатын қателіктер т.б. Бұлардың барлығы әдеби тілдің лексикалық, грамматикалық нормаларының сақталмауынан болатын тілдік қатенің түрлері. Стилистикалық қате көп жағдайда тілдік талғамның төмендігінен болады. Тілдік талғам – тілді, сөзді жұмсап үйрену, жаттығу арқылы қалыптасатын қасиет. Стилистикалық қатенің өзге қате түрлерінен басты ерекшелігі де осында – тілдік талғамсыздықтың көрінісі болуында. Сол себептен де стилистикалық қатенің болмауын қадағалайтын стилистикалық норма тілдің қатысымдық сапаларының қатарына жатады.
Тілді білу, оның күллі байлығын игеру, дұрыс жазып, айта алу – қоғамның кез келген мүшесіне қойылатын талап. Білген нәрсені орынды және ұтымды жеткізу, тіл байлығының ішінен тек өзіңе керегін ғана таңдап алып, ұтымды пайдалана білу, бұл — өнер. Ал, өнер дегеніміз – шеберлік. Сөз жұмсау шеберлігіне қол жеткізу стилистикалық қателермен мақсатты түрде күресудің барысында қалыптасатын, асқан шыдамдылық пен төзімділікті қажет ететін шығармашылық процесс.
Стилистикалық қателердің алдын алып, олармен үнемі күрес жүргізіп отыру жалпы халықтың сөйлеу мәдениеті мен стилистикалық сауаттылығын көтереді. Халықтың тілді қолдана білу мәдениеті күллі қоғамның рухани сауаттылығының көрінісі әрі өлшемі болып табылады.
Тілде неғұрлым жиі ұшырасатын нормадан тыс ауытқулардың алдын алу үшін стилистикалык және стилистикалық емес қате түрлерін ажыратып алу қажет [12]. Стилистикалық емес қатенің түрлеріне лексикалық, фразеологиялық, сөзжасамдық, морфологиялық, синтаксистік нормалардың сақталмауынан болатын ауытқулар жатады. Стилистикалық қатенің түрлеріне стильдік тұтастықтың сақталмауынан, сөз және грамматикалық құрылымдар мен формалардың сөйлеу мәнеріне, сөйлеу мақсатына сай болмауынан, сөйлеу түрі мен жанрдың формалық ерекшеліктерін ескермеудің салдарынан жіберілетін қателер жатады. Стилистикалық сауаттылықтың сатылары мен соған байланысты болатын стилистикалық қатенің түрлері былайша топтастырылады:
1) қазақ тілінің стилистикалық ресурстарын толық білмеудің салдарынан болатын стилистикалық қателер;
2) тілдік-стилистикалық талғамның төмендігінен болатын стилистикалық қателер;
3) функционалды стиль нормаларының сақталмауынан болатын стилистикалық қателер.
Стилистикалық емес қателер:
- Лексикалық қателер:
1) Сөздің мағынасын білмей қолдану: «Бәрінен де шиеттей баланы далаға тастамай өсіріп адам қылғанын айтсайшы»;
2) Сөздің мағынасын білмей тіркестіру: «Қырық құлаш қыл шылбырдан аттың мойнына тұзақ салды», «Кеше ғана осы университет есігін аттағанда»;
3) Сөздің мағынасының нақты қолданылмауы, күңгірт болуы: «Жігіт жігерлене жұтынды»; «Екінші, үшінші курста біреудің айтқанымен жүрген сияқты ұйқылы көзбен сабаққа келіп аузын ашып сабақ айтады, айтпаса ол да жоқ»;
4) Паронимдердің қолданысы: «Төсек жаңартты» (жаңғыртты); «Жазушылар сұрақгы қардай жаудырды» (боратты).
- Фразеологизмдерді қолдануда кететін қателер:
1) Тұрақты тіркес құрамындағы сыңарлардың мағынасына жақын келетін сөздермен ауыстырылып қолданылуы: «Ауыр қылмысқа адамды өмір сүру құқығынан қию жатады».
2) Тұрақты тіркес мағынасының контекске сай келмеуі: «Қысылтаяң қатал жағдайда қайрап, егеп «сөз тапқанға қолқа жоқ» дегендей ерге, елге медет болып, адамның ақиқат пен шындыққа, ақылдық пен қайраттылыққа меңзеліп отырады».
- Морфологиялық қателер:
1) Тек қана жекеше түрде қолданылатын зат есімдерге көптік жалғаудың тұлғасын қосып жазу:
Зат есімдерде септік жалғауларының дұрыс қолданбауы: «Біз бұл өмірде бақытты болу үшін туылдық»; «XXI ғасырдың мақсаты осы, өмірде сау сәбиді өмірге келтіру, ішімдік пен есірткіден аулақ болу»;
2) Сын есімнің шырайларын орынсыз қолдану: «Бас Хатшының Баяндамасы проблеманың барынша тереңдігін және байыптылығын алғаш көрген БҰҰ-ға мүше мемлекеттер өкілдерінің ерен әсерін туғызғанын атап кеткен ләзім».
- Синтаксистік қателер:
1) Сөз тіркестірудің нормаларының сақталмауы; бағыныңқы мен басыңқы сыңарлардың араларының тым алшақ болуынан мағына байланысының нақтылығының болмауы: «Қылмыс — елеулі маңызы бар немесе мемлекеттік қауіпсіздікке және адам өміріне зиян келтіретін әрекет не әрекетсіздік».
2) Етістіктің шақ тұлғаларының бір-біріне сәйкес қолданылмауы: «Ең алғаш мектепте оқып жүргенде арман етіп, қиялдап жүрген Алматы қаласына келдік, армандаған маман иесі болуымызға аз уақыт та қалды». Сондай-ақ, бұл сөйлемдегі «арман етіп, қиялдап жүрген» есімше тұлғаларының басыңқы «Алматы» сөзімен байланысы орынсыз.
3) Бірыңғай мүшелі сөйлемдерді қолдануда жіберілетін қателер:
а) Бағыныңқылардың басыңқымен байланысының болмауы, бірыңғай мүше тұлғаларының біртектес келмеуі: «Халық ауыз әдебиетінің көпшілігі халықтың мұңын жырлаған. Сол дәуірлердегі теңсіздіктерді, жолсыздықты көпшілігі ауыз әдебиеті арқылы білдірді»;
3) Бір-бірімен тегі және түрі жағынан біртектес сөздердің бірыңғай қолданылуы: «Қазіргі кезде қылмысты жасайтын адамдар олар негізінен жас балалар».
4) Есімшелі, көсемшелі тұлғалы сөздердің орын тәртібінің сақталмауы, орынды жалғанбауы: «Сіздің БҰҰ-ны жан-тәніңізбен қолдайтыныңыз үшін өзімнің шынайы құрметімді жеткізгім келеді».
5) Сөйлемдегі сөздердің орын тәртібінің сақталмауы: «Көшеде бір қарапайым өзімен-өзі кетіп бара жатқанда адамды полиция қызметкерлері көріп қалады».
б) Есімдіктерді орынсыз қолданудың себебінен сөйлемнің мағынасының күңгірттенуі: «Қазіргі кезде қылмысты жасайтын адамдар олар негізінен жас балалар. Олардың қылмыс жасау себептері отбасында әкесінің немесе шешесінің жоқтығы, не тәрбиесін көрмеуі»; «Қауырт өткен көпжақты келіссөздер мен пікірталастар нәтижесінде шешімдер пакетіне қатысты келісімге қол жетті. Олар 11 мамырда дауыс берусіз қабылданды»; «Егер елдің экономикасы төмен болса, қылмыстың жасалуы көп болады, өйткені халық жоқтықта өмір сүрсе ол өзіне керек затты алу үшін әр түрлі әрекеттерге барады, кейде адам өлтіруге дейін де барады».
7) Бастауыштың қайталанып, үстемеленіп жұмсалуы: «Бұл адам мұны өзі білмей қалды». «Менің Ы.Алтынсарин шығармаларынан алған жерім, яғни Ы.Алтынсариннің бізге қалдырған өнеге өсиеті бізге үлкен бір ғанибет. «Өлді деуге бола ма, ойлаңдаршы», — дегендей Ы.Алтынсарин, яғни ұстаз атамыз біз үшін тірі.
8) Құрмалас сөйлем құрамындағы компоненттердің орын тәртібінің сақталмауы: «Оның білгір достары, оған демеу бола тұра, болашағына зор ықпал етті».
9) Құрмалас сөйлем компоненттерінің арасында логикалық-грамматикалық байланыстың болмауы. «Ол сырды біз оқып, түсініп, түйсігімізде сақтап, ұғынып, мойындаған кезде ғана шертімді деп ойлаймын. Әр адам ол сырды әрқалай шеше алады. Сол екі ауыз сөзін бізге жеткізуге ата-бабаларымыз әбден тырысқан. Бірақ бұл салт-дәстүр әлі жалғасуда және ұрпақтан-ұрпаққа әрі жалғасып, одан әрі дамып, көркем тіліміздің тағы да көркейе түсетіндігіне сенімдімін. Мұндай қазақ елінің байлығын ешқандай да жолмен жоғалтуға болмайды және ұрпақ жоғалтпайды; «Мақал-мәтелдер көп болғандықтан, егіншілік кәсібіне де байланысты мақал-мәтелдер аз емес».
10) Құрмалас сөйлем компоненттерінің тым шұбалыңқы болуы; сөйлемге қажетті сөздерді тастап кетудің салдарынан сөйлем мағынасының күңгірттенуі: «Сәби, жарыққа (дүниеге) шыр етіп келгеннен бастап, өмірден жылу алуды армандайды»; «Қылмыс дегеніміз – заңмен бекітілген, заңмен тыйым салынған және жазаланатын, мемлекетке, жеке меншікке немесе адам басына, қоғамға (қарсы) заңсыз әрекет жасау». Мұнда сондай-ақ, бірыңғай сөйлем мүшелерінің берілуінде де қателер бар екенін көруге болады.
11) Дәйек сөздерді қолдана алмаудың салдарынан болатын қателер: «Көп жағдайда қылмысты тәрбие алмаған жасөспірімдер жасайды. Сол үшін ата-бабамыз айтпақшы, «Болар бала – боғынан» демекші, бала жастайынан әке-шешесінен сыйластықты, ар-намысты, Отанға деген сүйіспеншілікті, сабырлықты, «үлкенге құрмет, кішіге ізет» деген түсінікпен тәрбие алып өсуі керек».
12) Мәтін ішіндегі сөйлемдердің бір-бірімен мағыналық-грамматикалық байланысының болмауы, байланыстырушы конструкцияларды білмеуі. Соның салдарынан ойдың күңгірттенуі:
«Қазақ табиғатында ақын, шешен халық. Оның осы бір ерекшелігі тілінде айқын көрініс тапқан. Әр сөзінде тайға таңба басқандай дәл, нақты, мағыналы ойлар түйіскен. Ендеше, осындай қасиеті ерте заманнан бері жетіліп, дамып, жылдан-жылға өркендеуде. Бұл – тіл табиғатындағы заңды құбылыс». Осындағы «ендеше» сөзінің орынсыз қолданысы сөйлемдердің тұтас логикасын бұзып тұр. Алғашқы үш сөйлем мен кейінгі екі сөйлемдегі автордың айтайын деген ойы екі түрлі, сол себепті соңғылары алдыңғы үш сөйлемнің тұжырымы бола алмайды.
Стилистикалық қателер:
- Қазақ тілінің стилистикалық ресурсын толық меңгермеудің салдарынан болатын қателер:
1) Сөздік қорының жетіспеуі:
а) Бір контексте бір сөздің немесе түбірлес сөздердің себепсіз қайталануы: «Біз бұл өмірде бақытты болу үшін туылдық, сол себептен біз өзімізді бақытты қылуымыз керек». «Осы жерден басталып екеуіміздің таныстығымыз басталды».
ә) Плеоназм мен тавтологиялық сөз қолданысының салдарынан сөйлеу тілінің көріксіз, кедей болуы: «15 сәуір күні біздің университет ұжымы жылдағыдай наурыз мерекесін Алматы қаласының орталық бағындағы стадионда тойлады». Осындағы университет және ұжым сөздері бірін-бірі толықтырып тұрған сөздер болса да автор оларды қайталап қолданып, плеоназмдардың әсерінен көпсөзділікке жол берген. Сондай-ақ, сөйлемдегі сөздердің орын тәртібі де сақталмағандықтан, «жылдағыдай» сөзі «наурыз» сөзіне қатысты мағынаны нұсқап тұр. «Мысалы, оған біреудің мүлкіне қол сұқса, ұрласа, тонаса, біреудің өміріне қасақана не болмаса абайсызда нұқсан келтіру жатады немесе қылмысқа әрекетсіздік жатады. Мысалы, дәрігер науқас адамға жәрдем етіп көмектеспесе соның нәтижесінде науқас қаза болса», «Өмір жолы өте қиын, бұралаң жол. Осы жолда саған демеу болатын, құлап қалсаң көтеріп көмегін беретін ана ғой, «Сол кезде ғана қылмыс кішкене, аз-маз болса да азаяды», Тавтология: «Сонан кейін тағы да шашу шашылған соң ойындар ойналып, ән шырқалып, би биленіп той қызығы жалғасты», «Барлығы іс-шаруасын бітіріп, құмырсқа ініне жиылғандай барлық отбасылары жиылады».
2) Штамп сөздердің қолданылуы: «Міне, көзді ашып-жұмғанша тамылжыған көктемнің екінші айы да келіп жетті. Қар еріп, жер қарая бастаған күннен-ақ әр тіршілік иесі өзіне тиесілі жұмыстарымен айналысады».
3) Қыстырма сөздерді орынсыз қолдану: «Қылмыстың алдын алу үшін мектеп қабырғасында дұрыс тәрбие беріп қадағалап, және де діни сабақтар жүргізу және де инспекторлар қою керек». «Ауыр қылмыс негізінен үлкен, жауапты құқық бұзушылық болғанда, яғни ауыр қылмысқа жаза пайдаланылады. Негізінде жеңіл қылмыс немесе құқық-бұзушылық үшін де негізінде елімізде адамның белгілі бір құқығынан айырады.
4) Әдеби тілге жатпайтын сөздерді себепсіз қолдану: «Арман алысты арымай, тереңге тегеурінмен түссең түбі мұратыңа айналмай қоймайды».
5) Тілдің көріктеу құралдарын керекті жерінде пайдаланбау: «Әрине, әр адамның өзі біртуар, қайта келмес даналары болады. Бұл адамзаттар елі үшін күрескен, сонымен қатар бізге туындыларын қалдырып кеткен данышпандар болмақ».
- Тілдік стилистикалық талғамының төмендігінен болатын қателер:
1) Бояма сөздерге құмар болу: «Осы өлеңді оқысымен жүрегім дүр сілкінді». «Мақал-мәтелді оқығанымда сөздің құдіретін терең меңгеріп қана қоймай, санамызда мәңгілікке жатталады».
а) Сындық мәні бар сөздерді дұрыс таңдай алмау: «Осы жолмен жүріп келе жатқан әрбір елдің достығы биік шыңда»; «Ол болашақта өз мүдделері және күллі адамзат мүдделері үшін тиімді еңбек етеріне шынайы үміттеміз»; «Менің барынша құрметіме сендіруімді қабыл алғайсыз»;
ә) Әдемілік үшін ойланбай қолданылған сәтсіз метафоралар мен теңеулердің, бейнелі сөздердің болуы: «Кеудесін керіп, төсін төңкере жайылған кең жазық бетінде де көз тірер бір нүкте болсашы».
2) Түрлі стильдің лексикасын пайдалану, соның ішінде ауызекі, кітаби тілге тән лексиканы себепсіз қолдану: «Студентгерді қорқытып қойса болғаны екен. Көрмеген кітапхананың есігін ашып, өмірінде ұстамаған кітапты ұстап көреді»; «Бас Хатшының Баяндамасы проблеманың барынша тереңдігін және байыптылығын алғаш көрген БҰҰ-ға мүше мемлекеттер өкілдерінің ерен әсерін туғызғанын атап кеткен ләзім».
- Функционалдық стиль нормаларын ескермеуден жіберілетін қателер:
1) Ресмилік мәні басым сөздерді орынсыз қолдану: «Бұл жылдар сені аңсай сағыну, тосу жылдары еді. Мен бұл кезеңде адамдардың жүрегінде мәңгі-бақи өшпейтін бір сезім болатынын, ол – махаббат сезімі екенін ұқтым». «Саған «Ақша қарыңмен!» деп құттықтау айтқым келді. Сол себептен баяу аяңдап келіп, үйреншікті бұрыштан сені іздедім».
2) Ғылыми емес мәтіндерде термин сөздерді орынсыз қолдану: «Ананың мейірімі мен махаббаты шексіз. Ақын-жазушылардың романдарын оқығанда ананың жанашырлығы, балаға деген сүйіспеншілігі әсерлі суреттеледі. Себебі оның бір элементі болса да өмірден алынған».
3) Өзге стиль элементтерін орынсыз қолдану: «Үлкендердің алдын-ала ойластырылып жасаған бұл жоспарларының тамаша нәтижесі болғаны жұртқа жақсы белгілі»; «Ұстаздардын адамдық пен аярлыққа, әділетсіздік пен жалғандыққа, крепостнойлық тәртіпке қарсы ащы сындар айтып, мысқыл сөздерді боратуы кадеттердің ой-өрістерінің дамуына, өмірге, қоғам құбылыстарына қатысты біршама дұрыс көзқарастарының қалыптасуына едәуір ықпал етті».
- Контекстік мағынаны ескермеуден болатын қателер:
Бұған, әсіресе, жалпы шығарма мазмұнының функционалдық-стильдік тұтастығына қатысты қателіктер жатады: шығарма мазмұнының тақырыпқа не тақырып атауына сәйкес келмеуі, тақырыптың ашылмауы т.б. Мысалы, мына шығарма мазмұны «Күз» деген тақырып атауымен берілген:
«Қыркүйек айынын бас кезі, жердің беті кілемнің түріндей әлі жап-жасыл, таң атып, күн шығып келе жатыр. Таңертеңгі түскен шықтың тамшысы қызарып шығып келе жатқан күнніц сәулесіне шағылысып, өсімдіктердің басы күмістей жылт-жылт етеді. Қалың тоғайдың арасынан ирек-ирек болып аққан жіңішке өзенніц үстінен көтерілген бұлыңғыр тұмаи, шықпен буланып, маңдайы терленіп, төмен қарап тұрған талдар, талдың арасымен сылдырап аққан өзеннің суы көз алдына елестейді. Көктің жүзі көкпеңбек теңіз сияқты. Шөптіц басы қимылдардай жел жоқ. Тып-тыныш. Табтаттың барлық нәрсеге ықылас көзбен күліп тұрған күні еді». Осындағы күз мезгілінің бір күні, бір сәтіне (таңертеңгі) ғана құрылған шығарманың тақырып атауының «Күз» деп аталуы нақтылықты қажет етіп тұр. Күзгі таңның суретін қанша әдемі елестете алғанмен автор бұл жерде ойын шашыратып алғанға ұқсайды. Ол үшінші сөйлемде әсіресе байқалады. Кеңістікті, ондағы заттарды суреттеудегі бірізділіктің әлсіздігі ондағы сөздердің жиі қайталануынан көрініп тұр. Қатенің бұл түрі көп жағдайда автордың баяндау тілінің тақырыптың стилистикалық мәнеріне, эстетикалық әсеріне, көңіл-күйіне сай келмеуінен болады.
9-сыныпта қазақ тілін оқыту бағдарламасының мазмұны бүгінгі таңда бұрынғыдан әлдеқайда өзгеше. Мұның басты себебі қазақ тілінің қазіргі қоғамдық мәнімен байланысты. Қай қоғамда да тіл проблемасы болатыны белгілі шындық десек, қазақ тілінің мемлекеттік тіл мәртебесін иеленуіне орай, шешімін табуға тиісті күрделі мәселелер әлі де баршылық. Бұл жағынан білім беру саласында да атқарылуға тиісті ауқымды істер жетерлік.
Жаңа буын оқулығының багдарламасы да осы мақсатты көздейді, сондықтан да оқулық «Қазақ тілі – Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі» тақырыбынан басталады да, ұлттық тіл, оның пайда болуы, тарихи кезеңдері сияқты танымдық тақырыптағы мәліметтермен жалғасады.
Дұрыс сөйлеп, сауатты жазу үшін, ең алдымен, қазақ тілінің заңдылықтарын үйреніп, айтылмақ ойды жазбаша түрде дәл әрі айқын етіп жеткізіп беру керек. Көркем әдебиет туындыларын мәнерлеп оқуды, іс қағаздарын мемлекеттік тілде толтыруды, ғылыми-зерттеу тілін, күнделікті ақпарат құралдарының зор мүмкіншіліктерін меңгеру қажет. Осыған орай оқулықта стилистика және тіл мәдениеті мәселелері қамтылған. Жалпы, дұрыс оқып, дұрыс жаза білудің, сауаттылықтың басты көрсеткіші – тыныс белгілерін жетік меңгеру. Сол себепті жаңа бағдарламада пунктуация арнайы жеке мәселе етіп алынып отыр.
Екінші тарау.
9-сыныпта стилистиканы оқытудың әдіс-тәсілдері.
9-сыныпта қазақ тілін оқыту бағдарламасының мазмұны бүгінгі таңда бұрынғыдан әлдеқайда өзгеше. Мұның басты себебі қазақ тілінің қазіргі қоғамдық мәнімен байланысты. Қай қоғамда да тіл проблемасы болатыны белгілі шындық десек, қазақ тілінің мемлекеттік тіл мәртебесін иеленуіне орай, шешімін табуга тиісті күрделі мәселелер әлі де баршылық. Бұл жағынан білім беру саласында да атқарылуға тиісті ауқымды істер жетерлік.
Жаңа буын оқулығының бағдарламасы да осы мақсатты көздейді, сондықтан да оқулық «Қазақ тілі – Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі» тақырыбынан басталады да, ұлттық тіл, оның пайда болуы, тарихи кезеңдері сияқты танымдық тақырыптагы мәліметтермен жалғасады.
Дұрыс сөйлеп, сауатты жазу үшін, ең алдымен, қазақ тілінің заңдылықтарын үйреніп, айтылмақ ойды жазбаша түрде дәл әрі айқын етіп жеткізіп беру керек. Көркем әдебиет туындыларын мөнерлеп оқуды, іс қағаздарын мемлекеттік тілде толтыруды, ғылыми-зерттеу тілін, күнделікті ақпарат құралдарының зор мүмкіншіліктерін меңгеру қажет. Осыған орай оқулықта стилистика және тіл мәдениеті мәселелері қамтылған. Жалпы, дұрыс оқып, дұрыс жаза білудің, сауаттылықтың басты көрсеткіші – тыныс белгілерін жетік меңгеру. Сол себепті жаңа бағдарламада пунктуация арнайы жеке мәселе етіп алынып отыр.
2.1 9-сыныпта қазақ тілі пәнін оқытудың ерекшеліктері
Мектепте қазақ тілін оқытудың басты мақсаты – ана тілінің қызметін жетік білетін, оны қарым-қатынас құралы ретінде емін-еркін пайдалана алатын тәлімді оқушы тәрбиелеп шығару. Ана тілі коммуникативтік қызметіне қоса, оқушының жалпы дүниетанымын, ойлау қабілетін қалыптастыратын маңызды құрал. Қазіргі таңда, қазақ тілі өзінің қоғамдық қызметіне шын мәнінде ие болып келе жатқан кезеңде, ана тілін оқыту – аса жауапты міндет. Оқу бағдарламасында қазақ тілін оқытуға қойылатын талап туралы: «Ана тілінің қоғамдық-әлеуметтік мәнін түсінген, тілдің қызметін жүйелі меңгерген, коммуникативтік біліктілігі дамыған дара тұлға даярлауға мүмкіндік туғызу», — делінген. Міне, осы мақсатты орындау бағытында мектептегі қазақ тілі пәнінің құрылымы мен білім мазмұнына елеулі өзгерістер енгізілді. Олардың ең бастылары 9-сыныпта оқытылатын материалдардьщ көлемі мен мазмұнына қатысты.
9-сынып оқулығы «Қазақ тілі – Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі» атты тақырыптан басталады. Қазақстан – егемен мемлекет. Егемен мемлекеттің өзінің мемлекеттік тілі болуы қажет. 9-сынып оқушысы ұлттық тіл және оның формаларын, мемлекеттік тіл және оның қолданылатын орындарын, «Тіл туралы Заңды» білуге тиіс, бұл тарих пәнімен сабақтастықты да білдіреді.
Екінші тақырып – «Қазақ тілі – қазақ халқының ұлттық тілі».
Зерттеулерде дүние жүзінде алты мыңға жуық тіл бар делініп жүр. Осы тілдер екі тұрғыдан: біріншіден, генеологиясына (шығу тегіне карай); екіншіден, типологиясына (морфологиялық құрылысына) қарай топтастырылған. Туыстық жақындығы бойынша тілдер алпыс шақты үлкен-үлкен топқа бөлінеді. Мысалы: үндіеуропа тілдері, семит-хамит тілдері, кавказ тілдері, түркі тілдері т.б. Бұлардың әрқайсысы өз ішінде әлденеше топтар мен тармақтарға бөлінеді.
Қазақ тілі түркі тілдерінің батыс ғұн бұтағына, оның ішінде қыпшақ тобына жатады. Туыстығы жағынан қырғыз, қырым татары, татар, башқұрт, қарашай, ноғай, қарақалпақ тілдеріне жақын.
Қазір Қазақстанда тіл үйренуге деген құлшыныс өте үлкен, ендеше балалардың өздері оқып, үйреніп жүрген түрік тілі осы түркі тілдер тегіне, оның оғыз тобына енетінін, қазіргі түрікмен, гагауыз, әзірбайжан тілдеріне біршама жақындау екенін, ал ағылшын тілі үндіеуропа тегіне, оның батыс герман тобына жататынын т.б. тілдер туралы айту оқушылардың танымын тереңдете түседі. Бұл арада 9-сынып оқушысы мұғалімнің жеке біліктілігіне де мән беретінін ұмытпау керек. Біздер бағдарламада көрсетілген оқушының міндетті меңгеру деңгейі деген мәселелер көлемінен шығып кетпеуді ойластырдық. Ал мұғалім сыныптың осы мүмкіндіктерін айқын көріп отырғандықтан, әрине, жеңілдетіп немесе толықтырып, тереңдетіп оқытуына болады.
Бұл тақырыпты түсіндіргенде каралатын екінші бір мәселе – тілдердің туыстастығын танытатын белгілер. Ол – алдымен, лексикада мағыналары бірдей, дыбысталуы жағынан өте ұқсас сөздердің болуы. Оқулықта ол кесте түрінде беріледі, оны жеке кестеге де түсіруге болады. Сонымен қатар грамматикалық құрылымдағы ұқсастықтар да айтылып, енді олардың әрқайсысының ерекшеліктері де бар екендігі, солар арқылы туыстас тілдер бірінен-бірі бөлінетіндігі дәлелденеді.
Қазақ тілінің пайда болып, қалыптасу тарихы туыстас тілдер тарихынан алшақ кетпейді, оның да тамырын тым әріден іздеуге болады. Бұл жерден тақырыптың тарихпен, көне дәуір әдебиетімен, түркология ғылымымен, тілдер тарихымен байланыстылығы келіп шығады. Ғалым Н.Баскаков түркі тілдері дамуын алты кезеңге бөледі. Халық тарихы, тіл тарихы сол халықтың өзі жасаған әдеби, мәдени, рухани т.б. мұраларынан көрініс тапқан. Өкінішке орай, көшпелілер өмірінің алғашқы кезеңдері, әсіресе алтай дәуірі туралы жазба деректер жоқ. Ал ғұн дәуірі туралы мәліметтер басқа халықтардың жылнамаларында кездеседі, себебі сол кездегі Ғұн державасы басқа мемлекеттер үшін қаһарлы көрші болғаны белгілі. Бұл жерде оқушыға:
«Жазылмаған тарихымның жолдарын,
Ауызекі аңызыңнан іздедім», –
немесе:
«Сенің бүкіл болмысыңның тағдырын
Домбыраңның пернесінен іздедім…
Тарихымды жазудамын бүгін мен,
Бабаларым, сенің Ана тіліңмен»,–
деп ақын М.Мақатаев айтқандай, тілдің тарихын білуге ниет еткен ұрпақ, «дайын» деректердің бар-жоғына қарамай-ақ, тарихтың көмескі тартқан соқпақтарынан керегін тауып алатынын, ол үшін үлкен ізденіс қажет екенін, бұл тек тіл сабағы үшін ғана емес, тарихпен де байланысып жатқанын айтқан жөн. Ол деректер халықтың жер-су атауларында, таным, наным туралы аңыз-шежірелерінде де жатыр. Қазақстанда қазақ халқының өткен дәуірлеріндегі мәдениетін бейнелейтін 25 мыңға жуық заттық мәдени ескерткіш бар, олардың, негізінен, Сыр, Отырар аймағында, Маңғыстау, Үстірт, Ұлытау төңірегінде, Талас-Шу аңғарында, Жетісу, Ертіс бойына шоғырланғаны туралы айтқан – белгілі қоғам қайраткері, этнограф-тарихшы Ө.Жәнібеков.
Мұндай деректерді айту барысында дидактиканың негізгі қағидаларының бірі – оқыта отырып тәрбиелеу, яғни оқушыны өз халқының тағдырына аялы сезіммен қарауға, отансүйгіштікке тәрбиелеу сияқты мәселелер жүзеге асады.
Түркілердің құнды мұрасы – тас кітаптар. Оқулықта бұл туралы біраз дерек берілді, оқушыларға олардың суреті, көне ескерткіштер графикасы, яғни көне түркі жазуының кестесі көрсетілсе – артық емес.
Бұдан соң қазақ тілінің дамуына түркі тілдері дамуының орта кезеңінің әсері туралы әңгіме болады. Соңында қазақ тілінің өзіне өте жақын басқа тілдерден айырмашылығы көрсетілді.
Тақырыптарды түсіндіру кезінде лекциялык әдіс қолданылады, сонымен қатар оқушылардың өздерін ізденіске жетелеу мақсатында шағын баяндама, реферат жазғызу да қажет-ақ. Оқулықта берілген жаттығулардың мақсаты әр түрлі екеніне назар аударған жөн. Олар: «Әл-Фараби», «Ең қиын тіл қандай?», «Қай тіл көп тараған?», «Құпия жазулар туралы», «Күлтегін ескерткіші», «Түркі халықтарының тілдері туралы» атты тақырыптарда берілген, бұлардан оқушылар өздері үшін тың, жаңа деректер, мағлұматтар алады.
6-жаттығуда «Күлтегін» ескерткішінен алынған үзінді берілген. Алдымен қазіргі түркі тілдеріне ортақ сөздерді (тәңір, бол, есіт, біл, тыңда, ұл, бір, бек, отыз, тоғыз т.б.) тауып, олардың бүгінгі дыбыстық өзгерісіне көңіл аударып, кестесін жасатуға болады. Бұл сөздерден осы күнгі түркі халықтары тілдеріндегі ассимиляция, сингармонизм заңдылықтарын да байқаймыз.
6-жаттығудагы «Күлтегін» ескерткішінен алынған шағын үзіндінің тақырыбын, идеясын талдау арқылы батырдың, елбасының бейнесін жасауға болады:
«Өлімші халықты тірілттім,
Жалаңаш халықты тонды қылдым».
Ел қамқоры, елі үшін еңіреп туған ерлердің сонау замандардан-ақ халықтың үзілмес арманы болып келе жатқандығын, ондай қаһармандарына халық алғысы мәңгілік екендігін ауыз әдебиетіндегі батырлар жырымен салыстыру арқылы түсіндіруге болады. Ал жырдың тек әдеби мұра ғана емес, тарихи, мәдени, тілдік мұра екенін де ескерту орынды. Сөз мағынасының ауысуы, кеңеюі сияқты мәселелерді оқушылар біледі, ендеше осындағы сөз мағынасына талдау жасап, «тірілттім» сөзінің ауыспалы мағынада колданылып тұрғаны, «тон» сөзі бұрын жалпы киім дегенді білдірсе, қазіргі мағынасы тарылып, киімнің бір түрін білдіретіні айтылады. Халықтың әлеуметтік, қоғамдық дамуымен бірге, тіл дамып, байып отырады.
7-жаттығу морфологиялық және фонетикалық ұғымдарды тереңдету мақсатында орындатылады. Көптік жалғауының түркі тілдерінде дыбыстық нұсқасы жағынан әр түрлі болуы, ең алдымен, буын үндестігі мен дыбыс үндестігінің қалыптасу дәрежесін көрсетеді. Қазақ тілі – буын үндестігі қатаң сақталатын тіл.
Даналық тамыры – тереңде, ғасырлар қойнауында. Оған ата-бабаларымыз қалдырып кеткен мақал-мәтел, нақыл сөздер дәлел. Бұл тақырыптағы жаттығуларды орындату, күні бүгін естіп-біліп жүрген сөздердің соншалықты ерте замандарда пайда болғандығы бала сезіміне ерекше әсер етеді, халық ойының тереңдігін, халық даналығы өшпейтін, мәңгі жалғасып, халықпен бірге жасайтын мұра екендігін сезіну оқушының халқына, оның тарихына деген өзіндік көзқарасын калыптастырады, оны сыйлауға, сүюге үйретеді. «Даналық тамыры – тереңде» немесе «Өз халқының ой байлығын білмеген адамды мәдениетті адам деуге бо ла ма?» деген сияқты тақырыптарда пікірталас өткізуге болады, ол оқушылардың өз пікірін жүйелеп, ойын дәлелді айтуға, қисынды жазуға, сауатты сөйлеуге үйретеді.
Бағдарламада берілген танымдық мақсаттағы екі тақырып лекциялық әдіспен түсіндіріледі, ол үшін материалды мынадай көлемде жүйелеп алуға болады:
- «Тіл – қарым-қатынас құралы» дегенді қалай түсінеміз?
- Ұлт тілі және оның қалыптасу жолы.
- Ұлт тілінің құрамы жағынан біркелкі болмайтыны, оның жалпы халыққа ортақ, түсінікті, калыптасқан жоғары формасы – әдеби тілі және ауызекі сөйлеу тілі болатыны, сондай-ақ белгілі аймақтарда қолданылатын, жергілікті ерекшеліктері бар бөлігі болатыны, оның диалектілер деп аталатыны туралы.
- Әдеби тіл, оның ерекшелігі, лексикалық, орфографиялық, орфоэпиялық, стильдік нормалары туралы.
- Қазақтың ұлттық тілінің Қазақстанның мемлекеттік тілі екендігі. Мемлекеттік тіл және оның қызметі, қолданылатын орындары туралы.
- «Тіл туралы» заңның қабылдануы, оның себептері туралы.
Жаттығу материалдарының төмендегідей жүйеде орындалғаны жөн:
Мәтіннің мазмұнына ерекше назар аудартуды көздеу. Өйткені мәтін – ғұлама бабамыз Әбу Насыр әл-Фараби туралы. Мәтінді оқу арқылы оқушы даналыққа барар жол – мектеп-медреседен басталатынына зер салады. Ұлы бабамыз Бағдатқа дейінгі жолында көптеген елдерді аралап, солардағы бар жақсы білімді алады. «Іздеген жетер мұратқа» дегендей, бұл жолдың әл-Фарабиді ғылымның әр саласында еңбек етуіне апарар жол болғанын оқушы санасына жеткізуге тырысу керек. Келесі кезеңде тілдік талдау жасауға болады:
– қазақтың төл сөздерін атаңдар;
– басқа тілден енген сөздерді теріп жазыңдар, олардың қай тілден енгенін, өмірдің қай саласында қолданылатынын айтыңдар;
– атақты, ойшыл, ат, ұстаз, қала сөздерінің синонимдік қатарларын жасатыңдар;
– көне сөздерді, сөз тіркестерді тауып, мағынасын ашындар, олардың, қандай мәтінде қолданылып тұрғанына көңіл аударыңдар;
– жаңа мәнге ие болған сөздер, жаңа сөздер бар болса – тауып, мағынасын ашыңдар;
– тұрақты тіркестерді, ауыспалы мәнде қолданылып тұрған сөздерді көрсетіңдер;
– кәсіби сөздерді, диалектілерді табыңдар;
– мәтіндердің ұлттық тілдің қай тармағына сай келіп тұрғанын табыңдар; қай мәтін әдеби тілде жазылған деп ойлайсыңдар? Тек диалектілермен немесе ауызекі сөйлеу тілінде қарым-қатынас жасауға бола ма?
– мәтіндерден ауызекі сөйлеу тілінің элементтерін, диалектизмдерді көрсетіңдер;
– бұл мәтіндердің тілдің қоғамдық өмірдегі қай қызметін көрсетіп тұрғанын анықтаңдар, мемлекеттік тіл қоғам өмірінің тағы қай саласында қолданылуга тиісті екенін айтыңдар.
Жаттығуларды осылай жүйелеп алған соң мұғалім оқушылардың таным деңгейін көтеруге, оларды еңбекке баулуға, халық тұрмысының ерекшелігін танытуға, халықтың әдет-ғұрпын қадірлеуге, отансүйгіштікке, ата-ананы қадірлеуге, ізденгіштікке тәрбиелеу сияқты үлкен мақсатын орындай алады деп сенуге болады. Осыдан кейін «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте», «Жеті жұрттың тілін біл», «Басқа елді тануға апарар жол – ана тілің» сияқты тақырыптардың біріне пікірталас өткізу тиімді. Сол арқылы оқушы мемлекеттік тіл, оның қолданылатын орындары және қазіргі жағдайы туралы ойланады, толғанады.
Бөлім соңындағы пысықтау сұрақтары бойынша оқушылардың өз ойын біршама тұжырымдап, пікірталас арқылы бірін-бірі толықтыру, қосымша ақпарат беруде жауаптың берілу жүйесіне, сөйлем құрау стиліне мән бере отырып жүргізілсе, тақырыптың қаншалықты ашылғанын көруге болады.
9-сыныпта қазақ тілін оқытудың ендігі бір өзгешелігі де, қиындығы да – «Пунктуация» тақырыбына байланысты.
Өзгешелігі – бұл тақырып біраз жылдардан бері оқу бағдарламасынан түсіп қалып, синтаксис көлемінде қарастырылып жүрген. Ана тілін оқыту – қоғамның ертеңгі дара тұлғасын оқытып, тәрбиелеудегі басты құралы десек, тұлғаның жан-жақты білімділігі, сауаттылығы оның сөйлеу мәнерінен де, жазуынан да көрінеді. Тыныс белгілерін орын-орнымен қолдана білу – үлкен сауаттылық пен мәдениеттілік белгісі.
Қиындығы – оқушылар үшін мұның бәрі таныс, себебі бастауыш пен баяндауышты, бірыңғай мүшелер мен қыстырма сөздерді, қаратпаны, құрмалас сөйлемді оқушылар осыған дейінгі сыныптардан біледі, сондықтан олар «бәрін білемін, білуші едік қой» деген көзқараспен қарайды. Ендеше сол білетіндерін қарым-қатынаста, жазуда қолдана ала ма, егер бұлай болса, оны әрі қарай дамыту қажет те, ал «білмейтіндерге» оны біртіндеп үйрету керек. Қалай болғанда да, пунктуацияны оқыту оқушыларды жалықтыратын қызықсыз, жүйесіз қайталау болып кетпеуі керек.
Тыныс белгілері дұрыс қойылмаған мәтінді оқу да, оның мәнін түсіну де қиын. Сондықтан тақырыпты бастарда мұғалімнің оқушыларға тыныс белгілерін дұрыс қоя білу мен соған сай дауыс ырғағымен айта білудің маңызын түсіндіріп алуы аса қажет. Мұнда бұрынғы өтілген материал қайталанбайды, ол оқушылардың еске түсіруі негізінде жүргізіледі. Себебі тыныс белгісін қоюдың өзіндік заңдылықтары бар екендігі белгілі. Бұлай болмаған жағдайда, «мұны бұрыннан білемін» деген оқушының селқостығын туғызады әрі оқушы үшін еш жаңалықсыз жалықтыратын қайталау болып көрінеді. Бұл үшін тыныс белгілерінің біразын қамтитын (қойылмаған) мәтін алып, оны оқушылардың өздеріне оқыта отырып, тыныс белгісі қойылмаған мәтіннің олқылығы неде екенін түсіндіруге болады. Сол арқылы тыныс белгісі қызметінің қаншалықты зор екендігін, ендеше оны қоя білу, тыныс белгілері қойылмаған мәтінді дұрыс оқи білу – үлкен білім, өнер екеніне оқушылардың көзін жеткізу қажет. Мысалы, мына үзінді оқушыларға әдебиет пәнінен таныс, енді осы мәтінді тыныс белгілерін қоймай оқытып көрейік.
Өзге балалардың шуында Абайдың жұмысы жоқ-ты. Бірақ анадайдан Абайдың сүңгігеніне қызығып тұрған Оспан бар баланы ертіп келді Өзін-өзі жалаңаш санына шапалақтап Абайға айқайлап Сүңгі, сүңгі Тағы сүңгі. Солай деп бақырып келе жатып бір сәтте жолындағы Смагұлдың арқасына секіріп мініп алды. Смағұл оны лақтырып тастаймын деп бұлқынып еді.
Иә жығарсың Сен түгіл қысырдың асау тайы – ақ тай да жыға алмаған. Оспанды Қанша мөңкісең де түспеймін деп Смағұлдың мойнын құшақтап қысып ап екі аяғымен тепеңдеп тебініп қояды…
Абай Оспанның тентектігінен мезі болатын…
Қазірде Оспандар шулап келгенде Абай жақтырмай тайқып шықты. Киіне бастады.
Оспан Абайдың тұнжырлығын елеген жоқ.
Абайша сүңгимін деп саяз жерге етпетінен жата қалады да артын тоңқитып мөңкіген тайдай екі аяғын шаншыта береді.
Абай асықпай киініп боп енді үйге қайтпаққа артына бұрылып еді Жар жағасына Тәкежан кеп тұр екен. Сұлу киінген әдемі бозбала Тәкежан ат үстпінде қолында қаршығасы бар…
Тәкежанның қанжығасында бір сары ала қаз, екі үйрек бар екен. Барлық бала соны көре сала
Ей аға
Әй ағатай маған
Маған Маған берші деп судан ырши-ырши жүгірісті..
(М. Әуезов.)
Оқушыларға мәтіннің тыныс белгілерін қоя отырып оқытып алган соң, енді оқулықтағы тыныс белгілері қойылған мәтінді оқытып, тыныс белгілерінің қойылу себебін ашу керек. Осыдан кейін тыныс белгілерінің шығарма мазмұнын түсінудегі қызметін оқушылардың өздерінің байқағандары бойынша әңгімелетіп, тыныс белгісі қойылатын орындарды тауып, тиістісін орын-орнына қоя білудің, олардың мағынасын дәл аша алатындай етіп оқи білудің қаншалықты кажет екенін оқушының өзі түсініп, көз жеткізуі қажет.
Осылайша сабақтың – өткенді қайталау емес, енді меңгерілетін білімге негізделетін сабақ екенін сезіндіру аса маңызды кезең болып табылады.
Жалпы, оқулықта беріліп отырған мәтіндер жаңа бағдарлама қойып отырған талапқа сай, негізінен, тұтас (жеке-жеке сөйлем емес) берілді. Мәтіндердің мазмұны терең, танымдық мәні жоғары.
2.2 Әдеби тіл стильдерін оқыту
Оқулықта ауызекі сөйлеу стилінің, көркем әдебиет стилінің, ресми іс қағаздары стилі мен баспасөз стилінің және ғылыми стильдің өзіндік ерекшеліктері, айырмашылықтары бір-бірімен байланыста, сабақтастықта жүйелі берілген. Оқушылар «Ауызекі сөйлеу стилі», «Ауызекі сөйлеу стилінің түрлері», «Көркем әдебиет стилі», «Ресми іс қағаздары стилі», «Публицистикалық стиль», «Ғылыми стиль» сияқты тақырыптар бойынша тілде қолданылатын стиль түрлерінен мағлұматтар алады.
2.2.1 Ауызекі сөйлеу стилі
Сөйлеу стилі адамдардың бір-бірімен күнделікті карым-қатынасында ауызекі тілдесу түрінде жүзеге асатыны белгілі, яғни бұл жерде тілдің коммуникативтік функциясының баса сезілетіндігіне оқушылардың назарын аудару керек. Ауызша сөйлеуде еркіндік басым екендігі, күнделікті өмірдің барлық саласында тілдің кызмет ететіндігі, бірақ тілдік жүйені пайдаланудың әртектілігі түсіндіріледі. Сыныпта оқулықта берілген жаттығуларды орындатып, тапсырмалар бойынша сөйлеу стилін игерту, тілдік құбылыстарды талдау және оларды практикалық кажеттілікке айналдыру шеберліктерін жетілдіру жолдарын көрсететін шығармашылық жұмыстарды жалғастыруға болады. Мысалы: күнделікті тұрмыс тақырыбы мен ғылыми тақырыпта сөйлеу; жиналыстар мен радио, теледидардан сөйленген ауызекі сөз үлгілерін салыстыру, өзіндік ерекшеліктерін анықтау. Мәселен, радиодан, теледидардан сөйленген сөздер формасы жағынан ауызша болып келгенмен, тілдік құралдарды пайдалануда әдеби норма ескеріледі. Ал енді ауызекі сөйлеудің қарапайым түрінің лексикасына диалектілер, қарапайым сөздер еніп кетіп отырады. Бұл – дайындықсыз сөйлегенде қолданылатын түрі.
Ауызекі сөйлеу стилінде жазылған көркем мәтін үзінділеріне стилистикалық талдау жасатуға үйретудің де маңызы зор.
– Жарықтарым-ау! Кінегені түзеткен кісі жоқ.
– Болыстың басы екеу дейсіздер ме?
– Не қыл дейсіңдер?
– Болмайтын жұмысты айтпандар.
– Ақылға түсіңдер!
– Жігіттер тоқтамайды.
(Ж. Аймауытов)
– Мылжыңдап барасың, антұрған.
– Құдай ақы, рас. Біздің қатыннан құрт сұрап әкетті.
(Ғ.Мұстафин)
Жоғарыдагы мысалдардың тақырыбы мен сөйлеу жағдайына, лексикалық құрамына, сөз үлгілеріне, сөйлем құрылысына, сөздердің орын тәртібіне назар аударылады. Жаттығулардағы диалогтерді орындата отырып, сөйлеу мәнеріне, диалогті айтушының көңіл күйіне, сезіміне, дауыс ырғағының ерекшелігіне мән беріледі.
Жаттығуды орындатып болған соң, оқушылардың бұрынғы білім негіздеріне сүйене отырып, диалогтің өзіндік ерекшеліктеріне тоқталып, ауызекі сөйлеу тілі диалогке құрылатындығы, диалогтердің ілікпе сөздер (реплика) тізбегінен тұратынын, қысқа да тұжырымды болатынын естеріне сала отырып, өздеріне бірнеше диалогтер құрғызуға болады.
Үйге тапсырма ретінде өздері оқыған газет-журналдарынан, көркем әдебиет беттерінен диалогтерді теріп жазуды тапсыру керек.
Ауызекі сөйлеу стилінің қолданылатын формалары жарыссөз, дәріс, консультация, баяндама, әңгімелесу, сөйлеу стилінің ерекшеліктері жөнінде айтылады.
Қазақстанның табиғаты, халық шаруашылығы, байлығы жайында әңгіме айтқызуға, дәріс оқытуға, баяндама жасатуға болады.
Оқушылар жасайтын баяндаманың формалары төмендегідей болып келеді. «Қазақстан табиғаты және қазба байлықтары» атты баяндаманың үлгісі.
Қазақстанның табиғаты алуан түрлі. Еуроазия материгінің орталық бөлігінде жатқан және дүниежүзілік мұхиттан алыс ел болғандықтан, ауа райы құрғақ, жерінің үштен екі бөлігі куаң, шөлейтті аймақ. Жерінің кеңдігі соншалықты, солтүстігінде қар енді еріп жатқанда, оңтүстік облыстарында жеміс ағашы гүлдеп жатады.
Жер қойнауы пайдалы казбаға өте бай. Дүние жүзіндегі теңдесі жоқ, қалыңдығы 150 метр келетін көмір алабы – Екібастұз – қазақ жерінде. Қазақстанның экономикасы тек ауыл шаруашылығы ғана емес, өнеркәсіп салалары өндірген өнімдерімен де дүние жүзіне танымал. Балқашта қорытылатын мыс Лондондағы халықаралық түсті металл биржасында сапа эталоны ретінде түр.
2.2.2 Көркем әдебиет стилі
Оқулықта көркем әдебиет стилі және оған тән ерекшеліктер жөнінде түсінік берілген. Осы анықтамаларды пайдалана отырып, оқулықтағы жаттыруларды орындатқаннан кейін көркем әдебиет стиліне тілдің эстетикалық қызметінің, көп мағыналық, бейнелік сипаттардың тән болатындығын ескерте отырып, оларды көркем-әдеби шырармалардан іздестіру мақсатында қосымша материалдармен жұмыс жасауға болады.
Көркем әдебиет стилінде мақал-мәтелдер мен фразеологизмдердің кеңінен қолданылатындығын мұғалім мысалдар арқылы нақтылай түсіндіреді.
Оқушыларға өздері оқыған көркем шығармалардан мақал-мәтелдер мен фразеологизмдері бар үзінділерді тауып, жазып келуді тапсырады.
Сонымен қатар, көркем әдебиет стилі тақырыбына байланысты берілген жаттығуларды орындатып болғаннан кейін қосымша тапсырмалар беруге болады. Сынып оқушыларына патриоттыққа арналған: «Ел іші – алтын бесік»; «Кісі елінде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» т.б. осы сияқты мақал-мәтелдерді қатыстырып, мәтін құрауды тапсырған жөн. Мұғалім мақал мен мәтелдің өзіндік ерекшеліктеріне тоқталып, әсіресе мәтелдің эпитет, теңеу кызметтерін атқаратындығын оқушыларға ескерте кетуге тиіс. Көркем шығарма тіліне тілдік талдау жасатып, төмендегі сөйлемдерден троптың түрлерін табуды тапсыру.
Қыр жолаушысы сияқтанған саптамасы бар.
Бұл қағазда Ғайша жүрегінің қайғысы мен өз өмірінің өкінішті арманын түгендеп, тізіп жазып еді.
(М. Әуезов.)
Қалың қызыл алтынның бетінде азғана ақ қылаң күміс сызықтар бар.
(Ғ. Мүсірепов.)
Қазіргі бұлтсыз аспандай алысқа, тазалық рақатқа шақырып, жыраққа меңзейді.
(М. Әуезов.)
Оқушылардың өздері оқыған шығармаларынан ауыспалы мағынада жұмсалған сөздердің, троптың түрлері қатыстырылған сөйлемдерді теріп жаздырып, олардың қолданылу мақсатын талқылату жұмыстарын жүргізу.
Көркем әдебиет стилінің көркем сөз – ойды, сезімді образ арқылы бейнелейтін айрықша өнер екендігі және тілдің көркем шығармада ерекше эстетикалық қызмет атқаратындығымен қоса, ол көпшілікке рухани тәрбие беретін тәрбиеші екендігін оқушыларға ұғындырған соң, келесі жаттығуды орындатады.
«Дидактикалық материалдан» өлеңді бойындағы эстетикалық нәрінен айырмай қарасөзге айналдырып жазуға берген тапсырмаларды орындату арқылы оқушылардың бейнелі тілмен жазу мәнерін қалыптастырады. Мұғалім оқушыларға көркем шығармалардан үзінділер оқыта отырып, көркем сөзбен жазылған әдеби шығарманың анықтамасын шығартады. Мұғалім бұл бағытта жұмыстың мынадай түрлерін ұсынуына болады.
Төмендегі мәтіндерді бір-бірімен салыстыра оқып отырып, олардың көркемдік қасиетін анықтауға тапсырма беріледі.
– Қарағым, біздің хал-жағдайымыздың шет-жағасын көріп-біліп отырсың ғой, – деп, тағдырдың барлық суығына, зардабына, азабына шыдаған, шыныққан, қайратты, сабырлы пішінмен күрсініп алды. – Біз жетім-жесір қалған бейшарамыз. Барлық дүниенің тауқыметін арқалап қалған жас балам – анау. Мен болсам – сарнаған тілімнен басқа түгім қалмаған, қайратым қайтқан, бір аяғым көрде, бір аяғым жерде тұрған қураған бір кемпірмін. Екі көзін алып, құдайым мүгедек қылып койған келінім – анау. Өзіне күтуші керек қылып отырған ол – бір сорлы.
(М. Әуезов)
Бұрын шынар ағаштың өзі де басқа ағаштар сияқты қисық-қыңыр болатын. Гүлдері де көз тартпайтын. Жапырақтары жансыз, гүлдері бояусыз еді. Ол күнге ұмтылды, жапырақтарын жаңбырға тосты. Суықтан, желден ықтамады. Бойындағы көнбістік керенаулық, бейжайлық құрттарын күн күйдірді, жаңбыр жуды, жел ұшырып әкетті. Қазір Седратил Мұнтаһа бақшасында бұдан көркем бір ағаш жоқ. Гүлдері қандай! Қызыл жұлдыздай жарқырап, жайнап, меруерттей тізіліп биік шыңдардың ұшар басына дейін құлпырып тұрады. Хауа қыздың тыныштық тауып, демалар жері де осы шынардың түбі. Шынар ағашқа Хауа қыз шешесіне келгендей қуанып келеді. Таңдана қарайды. Жас қыз осы шынар ағаштай болып өсер еді, әттең, мұның тамырлары да жоқ, жапырақтары да жоқ. Қалай жаралды, солай қала барды.
(Ғ. Мүсірепов)
Май жұлдызы, таң қысқа, ай жарық, дүние тып-тыныш, жел жоқ, ауа жақсы, жаңа қонған жұрт, көкорай шалғын, жапырақ гүлдерінің иісі аңкып, біздің жастарды көріп тұрған жалғыз Алла, екінші – аспандағы Ай мен Жұлдыз еді. Жан-жануар күндізден шаршаған секілді тынығып, жылқы жусап, қара мал күйсеп, анда-санда қой үріккенде ұйқысы сақ төбеттің маңқылдап үргені, кемпір-шалдың айтақтаған дауысы ғана естілуші еді.
(М.Дулатов)
Көркем сөзбен жазылған әдеби шығармада өмір фактілері жан-жақты, терең қамтылатынын, өмірдегі адамнан бастап, бүкіл жанды, жансыздың бәрі түгел қатысатындығын, қоғамның барлық саласын қамтитындығын түсіндірген мұғалім енді өздері оқыған шығармаға назарын аударады. Шығармада көптеген кейіпкерлер болатындығы, олардың жағымды, жағымсыз образдарға бөлінетіндігі және олардың өмірге көзқарасы, тіл ерекшеліктері жайында оқушы түсінігін нақтылай түскені жөн. Екінші жағдайда, мұғалім бұлай нақтыламай-ақ, көркем шығарманы оқыта отырып, проблемалық-логикалық ойлау сұрақтарын беруіне болады, оқушылардың шығармашылықпен жұмыс істеп ізденуіне бағыт беру керек. Мұғалім оқушылардың физика, химия, география т.б. пән оқулықтарындағы мәтіндерді әдебиет пәні оқулығында берілген мәтіндермен салыстырып, олардың өзіндік ерекшеліктерін жазып келуді тапсыруына болады. Немесе өзіндік ерекшеліктерін санамалап, жетекші сұрақтар бере отырып әңгімелеуге жетелейді.
Көркем шығармаларды бір-бірімен салыстыра оқытып, тілдік талдау жүргізу: троптың жай түрлері – эпитет пен теңеу, олардың шығармадағы идеялық-эстетикалық рөлі, сөз мағынасын ауыстырып қолдану арқылы жасалатын троптың басқа түрлерін табу мақсатында жалғастыруға болады. Сөйтіп, баланың бойында талдау біліктілігін жүйелі қалыптастыру керек, бірнеше жұмыс түрін, ең алдымен, оқулықтағы екі жаттығуды орындата отырып, көркем шығармадағы суреттеу құралдарының тілге сымбат, ажар, көрік беру жөнінде аса маңызды рөл атқаратындығына тоқталу қажет.
Көркем шығарманың сөйлем ерекшеліктеріне назар аударту. Көркем шығармадан инверсия, шендестіру, параллелизмдерді табу сияқты, көркем шығарма тіліндегі дыбыс қайталаулары мен олардың түрлерін (ассонанс және аллитерацияларды) табу да оқушылардың көркем шығармадағы тіл көркемдігін, сөйлем өзгешеліктерін тануларына көмектеседі.
Сонымен қатар «Дидактикалық материалдардағы» тапсырмаларды орындау (шығармадагы табиғат көріністерін, кейіпкерлер бейнесін суреттеу, кейіпкерлер тіліне баға беру жұмыстары) оқушылардың көркем әдебиет стилін меңгерулеріне толық мүмкіндік береді.
2.2.3 Ресми іс қағаздары стилі
Алдымен төменгі сыныптардан таныс іс қағаздары жөнінде оқушылардың есіне салу керек. Жалпы, ресми құжаттар деп отырғанымыз не екені түсіндіріліп, анықтамасы беріледі.
Оқушыларды құжаттардың түрлерімен таныстырып, оның басқа стильдерден өзіндік ерекшеліктеріне тоқталу қажет. Іс қағаздары стиліне мысал ретінде әр түрлі мекемелерде жүргізілетін құжат үлгілерін ұсынуға болады. Олардың белгілі бір форма бойынша жазылатындығы, сондықтан да құжаттарды жазу қиынға түспейтіндігі баяндалады.
Оқушылар іс қағаздары стилінің сипатын анықтап, мұғалімнің тапсыруымен кеңсе құжаттарын өз беттерінше жазып үйренгені дұрыс. Оқушылардың өз беттерінше жазған іс қағаздарынан бұрыш жасатып, дұрыс жазғандарын мадақтап, мақтаған жөн.
Мұғалім оқушыларды ресми іс қағаздары стилінің түрлерімен таныстырып болған соң, оларға келтірілген мысалдарды оқытқызып, түрлерін ажыраттыру жұмысын тапсырады. Оқушыларды төмендегі үлгідегі сияқты ресми құжаттардың мазмұнын баяндауға үйретеді.
9-бап. Білім беру ұйымдары.
- Білім беру ұйымдары – бір немесе бірнеше білім беру бағдарламаларын іске асыратын және (немесе) білім алушылардың, тәрбиеленушілердің күтімі мен тәрбие алуын қамтамасыз ететін заңды тұлғалар болып табылады.
Білім беру ұйымдарын Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес заңды және жеке тұлғалар (құрылтайшылар) құрады.
- Білім беру ұйымдарында лицензия алған кезден бастап білім беру қызметін жүргізу құқығы пайда болады және ол мерзімі біткен, қайтарылып алынган немесе ол Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен жарамсыз деп танылған кезден бастап тоқтатылады.
- Білім беру ұйымдарының мәртебесін (үлгісін, түрін) олардың құрылтайшылары айқындайды және ол осы Заңның талаптарын, білім беру қызметін лицензиялау кезіндегі біліктілік талаптарын, тиісті үлгідегі білім беру ұйымдары туралы Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен Үлгі ереже ескеріле отырып, олардың жарғыларында көрсетіледі.
Білім беру ұйымдарының мәртебесін бекіту немесе өзгерту мемлекеттік аттестациялау қорытындылары бойынша жүзеге асырылады.
- Білім беру ұйымдары:
1) мемлекеттік (білім беру мекемелері мен білім беру кәсіпорындары);
2) мемлекеттік емес (жеке меншік, Қазақстан Республикасының аумағында тіркелген қоғамдық және діни бірлестіктердің білім беру ұйымдары);
3) халықаралық болуы мүмкін.
Осы тектес мәтіндердің мазмұнын айтқыза отырып, мәтіннің өзіне стилистикалық талдау жасатып, жаттықтырған дұрыс.
Ресми іс қағаздарьі стиліне жататын мемлекеттік құжаттар мазмұны жағынан әр түрлі болғанымен, олардың ортақ жалпы сипаты болатындығын оқушылар санамалап айта отырып, мұғаліммен бірге қорытындылайды. Экспрессивті-бояулы мәтіндер де кездесетіндігі айтылады.
2.2.4 Публицистикалық стиль
Мұғалім публицистикалық стильдің сипатын танытуды мақсат етіп кояды. Публицистикалық стильдің ауызша, жазбаша түрлері болатындығы, олардың ауызша түріне – шешендік сөздер, жазбаша түріне газет-журналдағы мақалалар, памфлет, очерктер т.б. жататыны айтылады. Мұғалім публицистикалық мақалалардың тақырыбы саяси, экономикалық, экологиялық, мәдени, моральдық т.б. алуан түрлі мәселелер қарастыратынын, публицистикалық стильдің жазба түрінің қалыптаса бастауы халықтың жалпы экономикасы мен мәдениетіне байланысты екенін оқушыларға түсіндіргені дұрыс. Сондай-ақ публицистикалық стильдің өзіндік ерекшелігі болып танылатын екінші бір қыры өмірдің әр саласына байланысты болғандықтан, тақырып жағынан гылыми стиль мен көркем әдебиет стиліне жақын болып келетінін де нақты түсіндірген жөн.
Публицистикалық стильде тілдің эмоционалды элементтері және сөзді образды қолдану сияқты әдеби стильге тән құбылыстар да кездеседі. Бұл – оның әдеби стильге жақындығы болса, ал фактіні толық әрі жүйелеп баяндауы жағынан оның ғылыми стильге жақын екендігін айтып, публицистикалық стильге жататын мәтіндерді алып, осы жақындықтарды дәлелдеу қажет.
Оқулықтағы бірнеше жаттығуды орындатып, публицистикалық стильдің басты қалыптасқан сипатын оқушылардың тереңірек түсінуіне мүмкіндік жасалуы тиіс.
Төмендегі үлгідегі мәтіндерді алып, олардың жұртшылықты қоғамдық мәні бар іске қатыстыру, санасына ықпал ету мақсатында жазылғанын түсіндірген дұрыс.
«Жаңада ғана Ахмет Байтұрсынов шығарған қазақ тілінің харпі «Тіл құрал» басылып шықты.
«Тіл құрал» туралы жазудан бұрын – әуелі қазақ тілі жайынан біраз сөз айтып отыруды тиіс көреміз. Қазақ тілі жайында газетімізде бұрын да сан жазылып еді. Қазақ тілі – бай, таза, іргелі жүрт тілі деп бәріміз де айтамыз. Мұны іңкәр қылатынымыз жоқ. Бірақ құр бай, таза деумен ғана тіліміз өздігінен сақталып, әдебиетіміз өрбіп кете ала ма? Қай жұрттың тілі болса да, туу басында біздікі секілді таза да, бай да болған. Бірақ олар көрші жұрттардың сөзі қосыла-қосыла, жүре бұзылған. Біздің қазақ тілі бұрын ылғалсыз таза болса да, бұл кезде басқа жұрттармен араласа бастадық, басқа жұрттардың оқуын оқыдық. Бұл кезде шаһар сайын ноғай медреселерінде қанша қазақ баласы… сөйлейді.
Бір жағы – Бұқар, бір жағы Мекке-Медине, Стамболдарда оқып кайтқандарымыз да бар. Солардың бәрі елге ноғайшылап, арабшылап, сартшылап қайтып жүр.
Бұлардың сөйлеген сөзінде, жазған хатында шет жұрттардың тілі аңқып тұр. Бұлар елге келіп жас балаларды оқытады. Сөйтіп, шет тілдер елдегі жас балаларга жұғады. Жас балалар – келешектегі бір буын халық. Орысша оқығандарымыздың көбі екі сөздің біріне орысша қатыстыруды үйреніс қылып алған.
…Бұрынғы қазақ арасына тарап жүрген қисса-хикаялардың бәрі: ноғайша, арабша аралас тілмен жазылған.
…Қазақ тілінің таза сақталуына бізде қам қылған кісі бар ма? Болса – ол кім?
(М. Дулатов)
Төмендегідей мәтіндерді алып, публицистикалық стильді басқа стильдерден ажыраттыру бағытында өздері оқып жүрген газет-журналдардан өмірдің әр саласына арналған мақалалар, ғылыми кітаптардан, көркем әдебиет шығармаларынан үзінділер тергізіп алып, салыстырмалы әдіспен жұмыс жасатуға болады. Бұл бағыттағы жұмыстарға дидактикалық материалды пайдаланған тиімді.
Есіл!..
Шілденің шамырқанған сарша тамыз кезінде Есіл өлкесі адамның көзіне күндік жерден шалынады. Күн сәскеден жоғары көтеріле, сумаңдай аққан мөлдір толқынды сағым Есілдің алабына сыймай, қазанда қайнаған сүттей аппақ күміс көбігін кең кемерден көпіршіте төгеді. Төгілген сағымның толқыны тулап, шиыршықталып, аспанға шапшиды. Шапшыған толқынды сағым сай-салаларды өрлеп, қанатын кең жазады. Сол кезде сағымға көзің түссе, Есілдің көктемгі асау тасқыны қайтадан көтеріліп, теңіздей топаны кең өлкесін бөлуге бет алған екен деп ойлайсың.
Сағым солай көтеріліп толқыған кезде, мұнартып алыстан көгілдірлене көрінген Есілдің тоғайы сағым бетіне сеңдей қалқып шыға келеді. Қалқыған тоғай шайы шымылдықтай желпінеді. Желпінген тоғайдың түсі көз тоқтатпай, біресе көк, біресе жасыл, біресе ақ сықылданып бояуы қас пен қабақтың арасында әлденеше құлпырып, сағымның суына шомылып, денесіне шаң жолатпай түрленген сайын, тоғай жарқырай түседі.
(С.Мұқанов)
Оңашаланған айқындауыш мүше алдынан қойылған үтір мен сызықша оңашаланған айқындауыш мүшені бірден тануға көмектеспейді, қайта оңашаланған айқындауыш мүшелердің тыныс белгісін қоюды қиындатады, әрі тыныс белгілерін қалай болса солай қабаттастырып артық қоюға машықтандырады.
…Оңашаланған айқындауыш мүшелердің алдынан тек қос нүкте қойып жазу – айқындалатын сөзді жалпылауыш сөз екен деп түсініп қалуға соқтықтырады, керісінше, оңашаланған айқындауыш мүше алдындағы сызықша қалдырылып кеткен мүше орнына қойылды ма әлде интонациялық сызықша ма деп түсініп қалуға болады.
(Ф. Мұсабекова)
Қазақстан жаңа ғасырға дүние жүзі елдері қатарында терезесі тең ел ретінде келіп отыр. Жаңа ғасырды бастаған ұрпақ келер ұрпаққа қарыздар болып қалмас үшін қолдан келген игіліктерді жасайтыны анық. Қашанда білімі мол, рухани байлығы бар халықтың ұл-қыздары ешқашан да жүдемесі хақ. Әзірге біздің байлығымыз – білім. Оны өмір өзі дәлелдеп келеді.
Республикамызда сегіз жарым мыңға жуық мектеп бар. Оған қоса жоғары және арнаулы оқу орындарымыз қызмет жасайды. Рухани байлықтың таза көзі осылар десек, республикамыздың барлық аудандары мен қалаларында шығып жатқан мерзімді баспасөздеріміз рухани өміріміздің гүлдене түсуіне көмектесері сөзсіз. Олай болса, міне, құрметті қауым, биылғы жылдың баспасөзіне, солардың ішінде «Қазақстан мұғалімі» газетіне де жазылу жүріп жатыр.
«Қазақстан мұғалімі» газетінен көлемді мәтіндерді оқытып, стильдік сипатын анықтатқан соң, өздері өткен стиль түрлерін ажыратуды меңгергеннен кейін, өздерінде қалыптасқан білім негіздерін пысықтау үшін бір-бір сөйлемнен стильдің түрлерін карточкаға жаздырып тарату арқылы оқушылардың жауабынан берілген білім нәтижесін көруге болады.
Оқушының бір сөйлемнен стиль түрлерін ажырата білуі өздері өткен стиль түрлерін толық меңгергендігін танытады.
Публицистикалық стильде жазылған мәтіндерді жинатып, сол жинаған мәтіндерінің мазмұнын айтқызып бағалау жұмыстары жүргізіледі. Белгілі айдармен жүргізіліл жүрген тәрбиелік мәні бар радио, теледидар хабарларың сабаққа магнитофонға жазып әкеліп, сынып оқушылары түгел тыңдап, пікір алысуларына болады.
Сабақты қорытындылау барысында публицистикалық стильдің ауызша түрі – шешендік сөз екендігіне тақырыптың бас жағында тоқталдық. Қазақтың ертедегі шешендік сөзінің тақырыптары: ру тартысы, барымта, жер дауы сияқты немесе тойларда айтылатын мақтау сөздер, ақыл, кеңес, біреу өлгенде көңіл айту т.б. екенін естеріне сала отырып, өздері оқыған көркем шығармалардан шешендік сөз үлгілерін оқытып, мазмұнын айтқызган дұрыс.
2.2.5 Ғылыми стиль
Ғылыми стиль – ғылыми шығармалардың тілі мен жазылу түрін анықтайтын басты фактор.
Ғылыми стильдің тілдік көріністері. Сөздер тура мағынасында қолданылып, дәл айтылады. Образды сөздер аз, термин сөздер көп кездеседі. Ой күрделі баяндалып, анықтама, дәлелдеме, формулаларға негізделеді. Ғылыми стильдің мақсаты – заттар мен құбылыстардың жалпы ерекшелігін ашып, мәлімет беру.
Ғылыми стильді осы бағытта түсіндіре отырып, оқушылардың назарын төмендегі мәтіндерге аударуға болады.
…Жер бетінің жазық, өте кішірейтілген бейнесін географиялық карта деп атайды, онда географиялық объектілер шартты белгілер арқылы көрсетіледі.
Географиялық карталардың масштабы ұсақ болатындықтан, оларда жер бетіндегі ең ірі және маңызды нәрселер ғана, мысалы басты салалармен қоса үлкен өзендер, ірі қалалар, аса маңызды жолдар, бейнеленеді…
Глобус – Жердің моделі. Жердің пішінін оның кішірейтілген моделі –шардан көруге болады. Шарды жер глобусы деп атайды. Оның бетінде құрлықтар, аралдар, мұхиттар мен теңіздер бейнеленген. Олардың кескіні мен орналасуы да Жердің өзіндегідей, тек бірнеше миллион есе кішірейтілген.
(Оқулықтан).
Бастауыш – атау тұлғадағы зат есімнен, баяндауыш етістіктің тұйық райынан болғанда, бастауыш пен баяндауыштың арасына сызықша қойылады.
Бастауыш – реттік мағына беретін тәуелдік тұлғалы есім сөздерден, ал баяндауышы атау не тәуелдік тұлғадағы есім сөздерден болғанда, олардың арасына сызықша қойылады.
(Оқу құралынан).
Осындай мысалдарды плакатқа күні бұрын жазып қойып, оқушылардың өздеріне дауыстап оқытып, олармен бірге ғылыми стильдің лексикасындағы ерекшеліктерді атаймыз:
– сөздің негізгі мағынада жұмсалуы;
– термин сөздердің көп қолданылуы;
– ғылыми ұғымдардың дәл айтылуы;
– ойдың дәл, нақты болуы;
– образды сөздердің болмауы.
Үзінділердегі терминдік сөздерді ауызша ататып, бұл сөздердің жалпыға бірдей түсінікті еместігі, осы бағыттағы мамандарға ғана түсінікті екендіктеріне көз жеткізгеннен кейін, бұл да ғылыми стильдің ең негізгі ерекшелігі екеніне баса назар аударамыз. Сыныпта төмендегі бағыт бойынша бірнеше ғылым салаларынан алған үзінді мәтіндерді оқушыларға салыстыра оқытқызып, ортақ белгілерін, ұқсастықтарын ататамыз.
Батыс Азиядағы үшінші ұлы патшалық – Ассирия державасы күйрегеннен кейін бүкіл Қосөзен Вавилон патшасының қол астына қарады. Вавилон Азиядағы ең үлкен, ең атақты қала болды. Көпестер мұнда әлемнің түкпір-түкпірінен тауарлар әкеліп жатты. Берік дуалмен қоршалған қала алынбас қамалдай көрінді. Вавилон әскерлері Финикия қалаларын, Сирия мен Палестинаны басып алды. Қоршауға Иерусалим де төтеп бере алмады. Бір кезде Сүлеймен салдырған храм талқандалды, халқын тұтқындап, айдап әкетті. Вавилон патшалығы алдындағы Ассирияға жетеғабыл патшалық болды.
Кіші Азия түбегінің батыс бөлігін Лидия патшалығы мекен етті. Кіші Азия өзендерінің құмайтты жағалауларынан алтын қиыршықтарын табуға болатын…
Лидиядан шығысқа қарай үшінші ұлы патшалық – Мидия патшалығы жалғасып жатты. Оның жер аумағы үлкен болды.
(Оқулықтан).
Өсімдіктің өсуі – айқын байқалатын құбылыс. Ол клеткалардың көбеюіне және өсімдік құрамына кіретін заттардың қайта бөлініп, таралуына байланысты.
Жарықта жасыл өсімдіктің өсуі, әдетте, оның салмағының өзгеруіне әкеп соғады. Өйткені жиналған органикалық заттардың мөлшері олардың тыныс алуына жұмсалған мөлшерінен асып кетеді. Қараңғыда өсімдіктердің өсуі, тыныс алуы органикалық заттардың жұмсалуы есебінен жүреді.
(Оқулықтан).
Мәтіндерді пайдалана отырып, оның негізгі ерекшеліктерін ажырата білуге үйретумен қатар, кейбір сөздердің ғылыми стильге байланысты синонимдерін ауыстырып, сөйлемдерді қайтадан кұруға жаттықтырған жөн. Тапсырманы жетілдіре түсу мақсатымен ғылыми стильде берілген тақырып бойынша шағын мәтін жазу тапсырылып немесе кейбір мәтіндерді ғылыми стильге сай жөндеп жетілдіре алу жұмыстарын орындату баланың материалды жан-жақты меңгеруіне мүмкіндік береді.
Оқушыларға стилистикалық тілдік белгілердің дұрыс қолдану нормасын, тілдік құралдарын тиімді пайдалана білудің мәнін ұғындыру бағытында мұғалімге бірнеше сабақ үлгілерін ұсынуды жөн көрдік.
Сабақтың тақырыбы. Ауызекі сөйлеу стилі (оның ауызша, жазбаша формаларының өзіндік ерекшеліктерін таныту).
Сабақтың мақсаты. Тілдің байланыс қызметін баса сезіндіру, сөйлеу стилінің қолданылатын орындары мен қолданылатын формаларын білдіру. Ауызекі сөйлеу стилінде жазылған мәтіндерді ажырата білу, талдай білу. Ауызекі сөйлеу стилінің тілдік құралдарын пайдалана отырып, соған байланысты мысалдарды келтіре алу.
Сабақтың көрнекілігі. Сөйлеу тақырыбына сай тұрмыста көп жұмсалатын үйреншікті сөздер мен сөз тіркестерінің колданылу түрлеріне жасалған кесте; М.Балакаев, Е.Жанпейісов т.б. «Қазақ тілінің стилистикасы» (қосымша әдебиет); магнитофон үнтаспасына жазылған, радиодан сөйленген сөз үлгісі.
Сабақтың түрі. Жаңа білім беру сабағы.
Сабақтың әдісі. Сұрақ-жауап, баяндау.
Сабақтың барысы. Ұйымдастыру кезеңі.
Жаңа материалды меңгертуге бағытталған жұмыс түрлері.
Сөйлеу тілі – адамдардың күнделікті бір-бірімен қарым-қатынасқа түсетін құралы. Сөйлеу стилі белгілі бір тікелей жасалатын қатынас стилі болғандықтан, ол ауызекі сөйлеуге байланысты жүзеге асады. Ауызекі сөйлеудің өзіндік ерекшелігі – адамдар ойын еркін жеткізеді. Онда күнделікті өмірге байланысты мәселелер айтылады. Сондықтан күнделікті тұрмыста өздерің естіп, қолданып жүрген үйреншікті сөздер мен сөз тіркестері қолданылады. Ауызекі тілдесу кісілердің бетпе-бет қатысуы негізінде жүреді. Мына кестедегі сөйлеу тілі екі түрлі. Мысалдарға назар аударыңдар.
– Денсаулығың қалай?
– Жаман емес.
– Не жаңалықтарың бар? Ауылға барып тұрасың ба?
– Жақында өздері келген.
(Сөйлеу тілінен)
– Мылжыңдап барасың, антұрған.
– Құдай ақы, рас. Біздің қатыннан құрт сұрап әкетті.
(Ғ. Мұстафин)
Сөйлеу стилінің өзіндік ерекшелігін жасайтын белгілі бір жағдайға байланысты сөйлеу мәнері бар екендігін байқап отырсыздар. Сөйлеу тілінің әртүрлілігімен қоса, олардың лексикалық құрамына назар аударыңдар. Жоғарғы диалогте лексикалық құрам қарапайым сөздерден тұрса, төменгі диалогте тұрпайы сөздерден тұрады. Сөйлеу стиліне, яғни сөйлеу тілі лексикасына тән сөздерге қарапайым сөздер, тұрпайы сөздер, диалектизмдер, кәсіби сөздер жататындығын айта келіп, оқушылардың назарын келесі кестеге аудару керек. Мысалдарды оқытып, диалекті және кәсіби сөздерді табу қажет.
– Ояққа сондай жақсы атың барып жатса, бұяқта досың артып жатсын!…
(М. Әуезов)
– Мен бүгін сүген ұстадым. Аудың жалғыз көзіне сағалынан ғана ілініп тұр екен.
(Ә.Нүрпейісов)
Күнделікті өмірдің барлық саласында сөйлеу тілі кеңінен қолданылатындықтан, ауызекі сөйлеу стилі бірнеше түрге бөлінеді:
1) дидарластық сөз (әңгімелесуі, сұхбаттасу);
2) полемикалық (пікірталас) сөз;
3) көпшілікке арналган сөз (баяндама, лекция).
Ауызекі сөйлеу тілінің түрлеріне жеке-жеке түсініктеме берілген соң жаттығулар орындатылады.
Сабақтың соңында радио мен теледидардан магнитофон үнтаспасынан жазылған ауызекі сөйлеу тілі үлгілерін оқушыларға тыңдата отырып, күнделікті тіршіліктегі ауызекі сөйлеу тілінен гөрі әдеби норманың сақталатындығы, тақырыбы әр түрлі болып келетіндігі талқыланады. Сабақ қорытындыланады.
Сабақтың тақырыбы. Көркем әдебиет стилі.
Сабақтың мақсаты:
- Білімдік: көркем әдебиет стилі көркем сөз арқылы бейнеленетіндігін, басқа стильдерден өзіндік ерекшелігін таныту. Көркем шығармаларды ажырата білу. Көркем мәтінді тілдік құралдары мен стильдік ерекшелігі бойынша ажырату.
- Тәрбиелік: оқушыларды өзінің ана тіліне деген сүйіспеншілігін арттыруға, оны құрметтеуге, байланыстырып сөйлеу мен сөйлеу мәдениетін қалыптастыруға тәрбиелеу.
- Дамытушылық: оқушылардың шығармашылық ойлау дағдысын, жоғары зияткерлік (интеллектуалдық) ой-өрісін дамыту. Ана тіліне қызығушылыгын арттыру.
Көрнекілік. Ақын-жазушылардың шығармалары (кітап бұрышы); кестелер, кодоскоп, магнитофон.
Сабақтың түрі. Жаңа материалды меңгерту сабағы.
Сабақтың әдіс-тәсілдері. Талдау, салыстыру.
Сабақтың барысы.
Ұйымдастыру кезеңі.
Көркем әдебиет стилі – өмірді көркем сөз арқылы өрнектейтін өнердің бір түрі. Көркем шығармада тіл ерекше эстетикалық қызмет атқарады, сөздер сараланып қолданылып, стильдік мақсатта жұмсалады. Көркем шығармада жағымды және жағымсыз бейнелер кездеседі. Әрбір кейіпкердің сырт пішіні – портреті жасалып, іс-әрекеттері, өмірге өзіндік көзқарасы, ой өрісі суреттеліп, тіл ерекшеліктері қалыптасады. Окиға болған күннің реті, жер жағдайы аталады.
Мына кестедегі сөйлемдерді оқып, көркемдегіш құралдарды дәптерлеріңе жазып отырыңдар.
Бірінші кестені оқып шыққан оқушы теңеулерді тауып, қалған оқушылар дәптерлеріне жазып алады.
- Қызыл шырайлы келген жап-жас әйел. Сөзі мірдің оғындай. Болыстың бұрынғы хатшысы ұры иттей жылмыңдап, Бекбосынға бәйек болып жүр.
(Б. Майлин)
Екінші кестені оқып шыққан оқушы метонимияны тауып, оқушылар дәптерлеріне жазып алуы тиіс.
- Теңіз астында найзағай көбейген, жарқылдау көбейген. Сол найзағайлар барлық ана балықтарға ұлы жорықтың бет алысын, жөнін сілтейді.
(Ғ. Мүсірепов)
Осы сияқты тапсырмалар үшінші және төртінші кестелерге де беріледі. Үшінші кестеден метафораны табу, ал төртінші кестеден жігіттің сыртқы портретін дәптерлеріне жазып алу тапсырылады.
- Мал аласы сыртында, адам аласы ішінде.
(Мақал)
- Қоңқақ мұрынды қара сүр жүзі жаратпағанын білдіргендей, Ағыбай бұрынғыдан да сұстана түсіп, шамданып қалды.
Төмендегі үзінділер кодоскоптан оқылады.
- Кеңгірбайдың зиратына барып тұрып, серт, уәдені сонда шешеміз. Бұнысы бір ант-серттей… Дәрмен өз ішінен Абай қабіріне қарап, үздіксіз ант-серт айтып отырғандай болды.
(М. Әуезов)
- Бір жағына бір кірпіштен соң бір кірпішті қойып, телмірген көздерден денесін жасыра бастады. Қалаға барып, ескі көздерді көрген соң, қыр есінен шығып кетті.
(М. Әуезов)
Бұл үзінділердегі көркемдегіш құралдарды да оқушылар дәптерлеріне жазып алады.
- Көркем әдебиет стилінде басқа көркемдегіш құралдармен қатар, эпитеттер де болады. Төмендегі эпитеттерді қатыстыра отырып, яғни сыртқы портреттеуге арналган сөз тіркестерін пайдалана отырып, «Қобыланды батыр» жырындағы Құртқаға мінездеме жазу. Мінездемені бірнеше оқушыға оқытып, эпитет, мінездеме деген сөздерді әрі қарай дәптерлеріне жазу тапсырылады.
Төмендегі сөз тіркестерінен қарапайым фразеологизмдерді бір бөлек, тұрпайы фразеологизмдерді бір бөлек жазыңдар.
Итжанды; ит жоқта шошқа үреді; өзің білме, білгеннің тілін алма; сиыр су ішсе, бұзау мұз жалайды.
Оқушылар бұл жұмысты орындап болғаннан кейін төмендегі литоталарды қатыстырып сөйлем құрайды.
Бір тарының қауызына сыйғызу; иненің жасуындай; темір етік теңгедей, темір таяқ тебендей; тізе бүкпеу; бел жазбау; көз ілмеу; кірпік қақпау; дүниені бір уыс қылу.
Оқушыларға оқыған кестелері мен орындаған тапсырмаларындағы көркем әдебиет стиліне тән ерекшеліктер мен көркемдегіш құралдың түрлерін оқыңдар деген тапсырма беріледі.
- Теңеу (мірдің оғындай, ұры иттей).
- Метонимия.
- Мақал, метофора.
- Жігіттің сыртқы портреті.
- Синонимдік қатарлар.
- Сөздердің көп мағыналылығы (телмірген көздер, ескі көздер).
- Эпитеттер, мінездеме.
- Фразеологизмдер.
- Литоталар.
Осылайша, образды сөздердің, троптың көптеген түрлері қамтылады. Көркем шығармаларға троптың бұдан басқа да түрлері, фигуралар қатысады. Яғни көркем әдебиет стилінің өзіне тән ерекшеліктері мынадай:
- Образды сөздерді молынан пайдалану.
- Экспрессивті-бояулы сөздер көп кездеседі.
- Шығарма тартымды болуы үшін синонимдер, антонимдер көбірек қатысады.
Қазақ көркем әдебиет стилінің қалыптасуына, дамуына қазақтың көрнекті ақын-жазушылары зор үлес қосты. Олар қазақ жазба әдебиетінің негізін салып, жанрларын қалыптастырды. Енді оқушылар әдеби шығармалардан алынған мәтіндермен жұмыс істейді.
Жаңа сабақты қорытындылау.
Қонақ үйлер дағды бойынша көп жеді… Ділдә келісімен ас жасалып, төр де, шымылдық іші де ас жеді.
(М. Әуезов)
Үзіндіні кестеден оқыған оқушыға стильдік талдау жасату. Оқушы сұрақ-жауап арқылы көркем әдебиет стилінің өзіне тән ерекшеліктерін атайды. Оқушылардың белсенділігі сабаққа ат салысуларына қарай бағаланады.
Үйге тапсырма. Сынып оқушыларын үш топқа бөліп, тапсырма беріледі.
1-топқа берілетін тапсырма. Мына теңеулерді қатыстырып, фантастикалық әңгіме жазып келіңдер: қордың қызындай, шөккен нардай, көзге біткен сүйелдей, атқан оқтай, иненің жасуындай.
2-топқа берілетін тапсырма. М.Мақатаевтың «Қара шалғы» өлеңін қарасөзге айналдырып жазып келу.
3-топқа берілетін тапсырма. Өздерің білетін мақал-мәтелдерді жазып, мағынасын түсіндіріңдер. Мақал мен мәтелдің өзіндік ерекшеліктерін атаңдар.
Сабақтың тақырыбы. Ресми іс қағаздары стилі.
Сабақтың мақсаты:
- Білімдік: ресми құжаттар стилінің өзіндік ерекшелігі мен қолданылатын орындары жөнінде мағлұмат беру, айрықша қарым-қатынас жасау құралы екендігін меңгерту.
- Тәрбиелік: оқушыларды сауатты жазуға дардыландыра отырып, ұқыптылыққа, жинақылыққа, мәдениеттілікке тәрбиелеу.
- Дамытушылық: айрықша қарым-қатынас құралы екендігін таныта отырып, өз тәжірибелерінде қолдана білуге үйрету.
Сабақтың түрі. Дәстүрлі сабақ.
Сабақтың әдіс-тәсілі. Түсіндіру, сұрақ-жауап, ажырату, талдау.
Сабақтың көрнекілігі:
- Іс қағаздарының үлгілері (кесте, арыз, өтініш, анықтама, қолхат).
- Заңдар мен қаулылар жарияланған баспасөз материалдары.
- Кодоскоп (хаттама, мінездеме, мәлімдеме).
- Магнитофоннан өмірбаян, күнделік, пікір т.б. тыңдалады.
Пәнаралық байланыс. Тарих, құқық, әдебиет.
Сабақтың барысы.
Ұйымдастыру кезеңі.
Ресми іс қағаздары стиліне әр түрлі мекемелерде жүргізілетін жазу үлгілері жатады. Ресми іс-қағаздары белгілі бір нақтылы формада жазылады. Кестедегі үлгілерді оқытып, көрсете отырып, сұрақ-жауап арқылы оқушылардың өздеріне өтініш, хабарландыру, анықтама т.б. үлгілерін ауызша айтқызу.
Кодоскоптан мінездеме, хаттама, түрлі мазмұнды арыздар, бұйрық үлгілерін көрсетіп, магнитофоннан өмірбаян, күнделік тыңдата отырып, құжаттар мазмұны анық, дәл, қысқа болатындығына оқушылардың көзін жеткізу.
Күнделікті өмірде қолданып жүрген іс қағаздары үлгілерінен басқа, мемлекеттік деңгейде қолданылатын ресми құжаттар бар. Оған үкімет тарапынан шығатын қаулы-қарарлар, түрлі заңдар жатады.
Кестеге Қазақстан Республикасының Тіл туралы Заңынан үзінді келтіріп, оқушылардың назарын аудару керек. Сонан соң кестені пайдалана отырып, қазақ тілінің қай уақыттан бастап мемлекеттік тіл мәртебесін алғандығын баяндай келе, Тіл туралы Заңның бірнеше бабын оқытып, мазмұнын айтқызып, оның стильдік ерекшеліктеріне назар аударту. Еңбек заңынан үзінді оқыту. Еңбек пен тілге байланысты мақал-мәтел айтқызудан оқушылар арасында жарыс ұйымдастыру.
Оқулықтағы жаттығуларды уақыт мүмкіндігіне қарай реттеп, жаттығу жұмыстарын жүргізу.
Сабақты қорытындылау. Мұғалім сұрақ-жауап арқылы іс қағаздары стиліне, оның өзіндік ерекшеліктері мен түрлеріне тоқталады.
Үйге тапсырма. Оқушыларға ресми іс қағаздары үлгілерін бөліп беріп, сурет салатын дәптердің парағына арыз, өтініш, баяндама, хаттама т.б. жазып келуді тапсыру. Осы тапсырма бойынша іс қағаздары бұрышын жасату.
Сабақтың тақырыбы. Ресми іс қағаздары стилінің ерекшеліктері.
Сабақтың мақсаты. Оқушыларды күнделікті өмірде ресми іс қағаздарын сауатты жазып үйренуге, оқып түсіне алуға тәрбиелеу.
Сабақтың түрі. Дәстүрлі сабақ.
Сабақтың әдіс-тәсілі. Түсіндіру, ажырату, есте сақтау, пікір алысу.
Көрнекілігі:
- Кесте. Қазақстан Республикасының Тіл туралы Заңы.
- Қазақстан Республикасының Еңбек туралы Заңы.
- Магнитофоннан іс қағаздары үлгілерін (өтініш хат, жолдама хат, жауап хат, кепілдеме хат, хабарлама хат, жарлық хат) тыңдату.
Пәнаралық байланыс. Тарих, әдебиет.
Сабақтың барысы.
Мұғалімнің баяндауы. Ресми іс қағаздары стилінің көлемі, мазмұны және жазылу формасы жағынан өзіндік ерекшеліктері бар. Ресми іс қағазы белгілі бір қалыпқа (штампқа) түсіріліп отырады. Ресми стильде көбінесе заң, жарғы, үкімет органдарының қаулылары, халықаралық шарт, келісім, нота, үкімет хабарлары жазылады. Еліміз тәуелсіздік алғанға дейінгі уақытта республика көлеміндегі мекемелерде іс қағаздары қазақша некен-саяқ жазылатын. Барлық іс қағаздары орыс тілінде жүргізілетін. Орысша оқымаған, орыс тілін білмейтін қарапайым еңбек адамдары да өзінің өтініш-тілектерін, басқа да қажетті құжаттарды орысша толтыруға мәжбүр болатын. Қазак тілі – мемлекеттік тіл мәртебесін алғаннан кейінгі кезеңнің өзінде сапасыз толтырылған іс қағаздары адамның өздерін әуреге салып, уақытын еш етті. Сондықтан бүгінгі таңда іс қағаздарын қазақ тілінде сауатты жазу әркімнің азаматтық парызы болып есептеледі.
Кестеге назар аударту.
9-бап. Білім беру ұйымдары. 1. Білім беру ұйымдары бір немесе бірнеше білім беру бағдарламаларын іске асыратын немесе білім алушылардың, тәрбиеленушілердің күтімі мен тәрбие алуын қамтамасыз ететін занды тұлғалар болып табылады.
Білім беру ұйымдарын Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес заңды және жеке тұлғалар (құрылтайшылар) құрайды.
Қазақстан Республикасының Білім туралы Заңынан осы үзіндіні оқытып, мазмұнын айтқызып, стильдік ерекшелігіне тоқталады.
Оқушыларға тіл, білім, еңбек тақырыптарына мақал-мәтелдер айтқызып, жарыстыруға болады.
Тіл туралы мақал-мәтелдер
Бассыз берген мал – мазақ,
Бақсыз берген тіл – мазақ!
Тіл – буынсыз, ой – түпсіз.
Сүңгі жарасы бітер, тіл жарасы бітпес …
Осы үлгіде тіл, еңбек, білім туралы мақал-мәтелдерді жалғастырады.
Іс қағаздары үлгілерімен таныстыруды магнитофонға жазып, тыңдатқан жөн.
Іс қағаздарымен толық танысқан оқушыларды дәптерлеріне, тақтаға кеңсе құжаттарының көптеген формаларьп жаздырып үйрету керек.
№40 кәсіптік-техникалық Алматы қалалық білім беру
мектеп жөніндегі комитеттің
төрағасы
А. Адайбеков мырзаға
БАЯНДАУ ХАТ
Оқушылар қабылдау жоспарының орындалуы туралы
Сізге Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Кәсіптік білім беру бас басқармасы бекіткен 2004/2005 оқу жылына оқушылар қабылдау жоспарының орындалғанын мәлімдеймін.
Орта білім топтарында оқыту үшін сегізінші сыныпты бітірген 267 оқушы және толық орта білімді 90 оқушы қабылданды.
Алматы қаласының Медеу ауданындағы мектептерде кәсіптік баңдар беру жұмыстарын жүргізуде өндірістік оқу шеберлері О.Мұқағали, П.Иванов және Т.Ким белсенділік танытты.
Аталған өндірістік оқу шеберлерін атқарған жұмыстары үшін ынталандыру мүмкіндіктерін қарастыруыңызды сұраймын.
КТМ директоры У. Қырықбай__________
(қолы)
СЕНІМ ХАТ
Мен, Серік Асқар, Ләйла Сүлейменқызына 2004 жылдың қазан айындағы 6000 (алты мың) теңге айлығымды алуға сенім білдіремін.
Төлқұжат сериясы І-ГУ №
15 қыркүйек 2004 ж. _________________________
(қолы)
Мектеп директоры __________________________
(қолы)
Құрылымдық Кәсіпорын коды
бөлімшенің атауы Құжат нысанының коды (0284070)
№47 КТМ директоры
_____________мырзаға
ТҮСІНІК
12-топта сабақтың болмауы туралы
05.10.05 сагат 10.00-де азаматтық қорғанысжөніндегі сабаққа топтағы 20 оқушының үшеуі ғана келді. Соның салдарынан сабақты ауыстыруға тура келді.
Оқытушы А. Ержан ___________
(қолы)
ҚОЛХАТ
Мен, бригадир Өмірәлі Бақытжанұлы, 2005 жылдың 18 мамыр күні қоймадан уақытша пайдалану үшін мына заттарды алдым:
- Күрек – 25 (жиырма бес).
- Тырма –10 (он).
- Айыр – 15 (он бес).
- Кетпен – 7 (жетеу).
2005 жылдың 28 мамырында әкелуге міндеттенемін.
18.05.2005.
____________________
(қолы)
КЕПІЛДЕМЕ
__________ қаласы Қалалық СЭС бастығы
__________________ _____________ мырзаға
(күш, айы, жылы)
Басқару академиясының ректораты №4 оқу корпусіндегі асхананың желдеткіштерін 2005 жылдың 1 сәуіріне дейін жөндеп, іске қосатынына кепілдеме береді.
М.О.
Академия ректоры ______________
(қолы)
АНЫҚТАМА
Бұл анықтама Алматы қаласы №162 мектептің мұғалімі Әділбек Байтұрсын мырзаға берілді. Оның отбасында үш адам бар:
- Әйелі – Айман Байтұрсын, 1948 ж. туған.
- Қызы – Шолпан Байтұрсын, 1970 ж. туған.
- Ұлы – Мәлік Байтұрсын, 1975 ж. туған.
Анықтама аудандық әлеуметтік қамсыздандыру бөліміне тапсыру үшін берілді.
М.О. Іс басқарушы:_________________
(қолы)
Хатшысы: ___________________
(қолы)
Сабақтың тақырыбы. Ғылыми стиль.
Сабақтың мақсаты: а) ғылыми мәтінді анықтай білу, оның негізгі ерекшеліктерін ажырата білуге үйрету, шағын ғылыми мәтінді талдай білуге қалыптастыру; ә) ғылымды сүюге, ізденімпаздыққа тәрбиелеу; б) ғылыми стильде берілген тақырып бойынша мәтін жаза білуге дағдыландыру, кейбір мәтіндерді ғылыми стильге сай лайықтап жазу.
Қолданылатын көрнекіліктер. Кестелер, магнитофон.
Пайдаланылған әдебиет. А.Жапбаров. Қазақ тілі стилистикасын оқыту методикасының негіздері; М.Балакаев. Қазақ тілінің стилистикасы.
Сабақтың түрі. Жаңа білімді оқып үйрену сабағы.
Әдіс-тәсілдері. Сұрақ-жауап, әңгімелесу, салыстыру, көрнекілік.
Сабақтың барысы. Ұйымдастыру кезеңі.
Жаңа материалды меңгерту.
Ғылыми стильдің қолданылу аясы, мақсаты, стильдік ерекшелігі, тілдік құралдары жөнінде кесте жасап, сабақтың барысында бөлек-бөлек толтырыңдар деген тапсырма беріліп, төмендегі үлгі кестені толтыру ұсынылады.
Мұғалімнің жаңа сабақты баяндауы. Ғылыми стильге қазақ тілінде әр салада жазылған ғылыми шығармалар жатады. Сөз өзінің негізгі магынасында жұмсалады. Сөздің көп мағыналылығы, образды сөздер мұнда жоқтың қасы. Ғылыми стильдің ерекше функционалдық міндеті ойды дәл, нақты, тұжырымды хабарлау болғандықтан, эмоцияға жол берілмейді. Ғылыми салалардың өзіндік ерекшеліктеріне қарай әр саланың арнайы термин сөздері болады. Мысалы: тіл білімінде – фонетика, морфология, синтаксис т.б., физикада – вакуум, атом, салмақ, шама т.б. Ғылыми стильдің негізгі ерекшелігі – ой күрделі баяндалып, анықтама, дәлелдеме, формулаларға негізделуінде. Оқушылар мына кестеге назар аударсын. Кестені бір оқушыға оқытып, қай ғылымның саласына жататындыгын сұрау керек.
Ядроның кұрылымы. Ядро – жануарлар мен өсімдіктер клеткаларының негізгі және тұрақты жиынтығы. Ядросы бар ағзаларды – эукариоттар (грекше «карион» – ядро) деп атайды. Тірі ағзаның тіршілік қасиеттерінің бірі – көбею, ол ядромен тікелей байланысты. Зат алмасу көбею және өсіп-даму ядросы бар клеткаларда карқынды түрде жүреді. Кейбір ағзаларда ядро болмайды, оларды прокариоттар деп атайды. Ол ағзаларда толық жетілген жарғақшалы ядро болмаса да, оның құрамындағы заттары болады.
Бұл мысалды оқи отырып тұжырымдағанда, ғылыми ұғымдардың дәл аталып тұрғандығы, соған байланысты ғылыми терминдердің орынды қолданылуы, негізгі ойды тұжырымдап айту керек екені сөз болады. Ол үшін тұрақты үлгідегі сөйлемдер, сөз тіркестері жұмсалатындығы айтылады.
Мына үзінділерге назар аударыңдар.
Түзуден тыс жатқан нүкте арқылы берілген түзуге параллель бір ғана түзу жүргізуге болады. Бұл сөйлем параллель түзулердің негізгі қасиетін білдіреді.
Дүние жүзінің әр түрлі елдеріндегі арнаулы станцияларда жер қыртысының «мінез-құлқына» бақылаулар жүргізіледі. Жер қыртысының қозғалысын сезетін аспаптар – сейсмографтар (грек тілінен аударғанда «сейсмо» – жер сілкіну, «графо» – жазамын деген мағынаны білдіреді) оның болмашы сілкінуін өлшеп, жазып отырады.
Осы үзінділерді плакатқа жазып әкеліп, тақтаға іліп оқушыларға оқытып, бұл мәтіндердің қолданылу аясын, мақсатын, стильдік ерекшеліктері мен тілдік құралдарын айтқызып, жоғарыдағы аталған кестеге түсіртіледі.
Сыныпта оқулықтан бірнеше жаттығу орындатуға болады. Жаттығуда берілген екі мәтінді оқып, ғылыми стиль мен көркем әдебиет стилінің өзіндік ерекшеліктеріі анықтайды. Келесі жаттығуларды орындап болғаннан кейін Қ.Әбдібекқызының «Оқушылардың көркем шығармашылық қабілетін дамыту» атты мұғалімдерге арналған көмекші құралын пайдаланып, стилистикалық жаттығулар орындатуға болады.
Стилистикалық жаттығу
Шарты: мәтінді әдеби көркем стильмен жазып шығу.
Мәтіннің алғашқы нұсқасы.
С.Мұқанов – қазақ әдебиетін дамыту жолында аса өнімді еңбек еткен жазушы, қайраткер. Сәбит Мұқановтың туған жері – қазіргі Солтүстік Қазақстан облысының Преснов ауданы. Ол кездегі қазақ аулындағы жалғыз оқу – молда оқуы болған. Жас Сәбит осы молдадан оқып, арабша хат таниды. Ел арасына көп тараған қисса-поэмаларды оқитындай сауаты ашылады. Әуелден өлең-жырға, ертегі-әңгімеге әуес бала там-тұмдап әдебиет үлгілерін тауып, оқи бастайды. Талантты жастың қолына Абайдың, татардың классик акыны Ғабдолла Тоқайдың кітаптары түседі. Абай мен Тоқайдың мағынасы терең, нәрі мол әрі сұлу өлеңдері көкейіне қонып, Сәбиттің кейін ақындық, жазушылық жолға түсуіне көп әсер етеді.
Оқушылардың жазған нұсқасын мұғалім тексеріл, бағалайды.
Сынып оқушылары үш топқа бөлініп, үш түрлі тапсырма беріледі.
1-тапсырма. Мәтінді жетілдіріп қайта жазып шығыңдар. Мәтіннің қандай стильге жататынын анықтаңдар.
Жәнібек – шешен болған кісі. Көп тыңдап, аз сөйлейтін, ердің құнын екі ауыз сөзбен тындыратын салмақты да ақылды Жәнібек ұлтымыздың белгілі мәмілегер-дипломаты болған. Тарихи жазба деректерде Жәнібек айбарлы батыр, қолбасшы дәрежесінде көрінеді. Жәнібекке «тархан», яғни генерал атағы да берілген.
Жәнібек 1740 жылы шекара комиссиясының бастығы В.Урусовпен келіссөз жүргізген. 1742 жылы Орынбор губернаторы Неплюевпен келісімшартқа қол қойған. Осының нәтижесінде қазақтар мен жоңғарлар арасындағы дау-жанжал реттелді. Ол 1751 жылы қайтыс болды.
2-тапсырма. Стилистикалық талдау жасаңдар.
Біз мұндай сандар қосындысының оң да, теріс те болуы мүмкін екендігін байқадық. Қосындының таңбасы неге тәуелді? Қосындының таңбасы модулі үлкен қосылғыштың таңбасымен бірдей болатыны айқын. Бірақ қосындының модулін табу үшін үлкен модульден кіші модульді азайту керек. Сонымен, таңбалары әр түрлі модульдері тең емес екі санды қосу үшін:
1) үлкен модульден кіші модульді азайту керек;
2) сонда шыққан санның алдына модулі үлкен қосылғыштың таңбасын қою керек.
3-тапсырма. Төмендегі сөздерді қатыстырып сөйлем құраңдар.
Фонетика, графика, радиус, шеңбер, диаметр, морфология, омоним, синоним, жазықтық, глобус.
Тапсырмалардың жауабын тыңдаған соң, оқушылармен біріге отырып, сұрақ-жауап арқылы жаңа сабақты қорытындылаймыз. Сабақты қорытыңдылау барысында оқушыларға қойылатын сұрақтар:
- Ғылыми стильдің лексикалык ерекшеліктерін атаңдар.
- Ғылыми стильдің негізгі ерекшеліктері қандай?
- Ғылыми стильдің функционалдық міндетін атаңдар. Сыныпқа осы сұрақтарды қоя отырып, мұғалім олардың жауаптарын тыңдайды. Оқушылар өздері толтырған кестелерін сабақты қорытындылау барысында пайдаланады.
Қорытынды
Стиль түрлерін өткенде мұғалімдер қолданатын сан алуан танымдық жұмыстар бар. Олардың қатарына әрбір стильді өткеннен кейін жаңа сабақты қорытындылау немесе сабақты пысықтау, қайталау кезеңдерінде қолданылуға болатын стилистикалық жаттығулардың түрлері, үлестірме қағаздар, дидактикалық материалдар бойынша жұмыс түрлері, ауызша материалдар бойынша жұмыс түрлері (ауызша мысалдар келтіруге, яғни сөйлемді жатық, әдемі құрауға үйрету), мәтінге лайықты шағын шығармалар жаздыру, сурет бойынша шағын әңгіме құрастыру, тіл ұстарту, оқулықтағы жаттығу жұмыстарын орындату, баланың алған білімдерін білікке, одан дағдыға айналдыруды іске асырады. Сабақта берілетін білім мазмұнын қамтитын әрбір танымдық мәні бар жұмыс түрлері баланың ойын байытып, жалпы білімін кеңейту мақсатында жүргізіледі. Стиль түрлерін оқытуда сабақ үстінде жүргізілетін танымдық жұмыстың ең көп жүретін түрі – әрбір стильге арналып берілген жаттығулар. Жаттығуларды әдістемешілер үш түрлі талап деңгейінде қарастырып жүр:
– жаттығулар мазмұны жағынан да, мақсаты мен міндеті жағынан да бір сарында болмай, түрленіп отыруы тиіс;
– әрбір тақырыптан кейін берілген жаттығулар сол тақырыпта баяндалған тілдік құбылысты қамтуы шарт;
– жаттығулар мазмұнының тәрбиелік мәні болуы қажет.
Оқушы оқулықтағы осы бағытта берілген жаттығулардың шартын қатесіз, дұрыс орындап қана қоймай, оларда дұрыс қорытындылар жасап, өз көзқарасын білдіретін татымды пікір айтуға үйренуге тиіс.
Бұл жұмыстардың нәтижесі оқып үйренген теориялық ережелер мен заңдылықтарды қандай дәрежеде меңгергендігіне байланысты байқалады. Оқулықтағы практикалық жаттығуларды өз дәрежесінде орындата білу мұғалімнен үлкен шеберлікті, мол дайындықты, шығармашылық жұмысты талап етеді. Білім деңгейінің мазмұны бойынша берілген сабақты пайдалана отырып, өмірде болып жатқан жаңа өзгерістерді бейнелейтін сөйлемдер құратып үйретуге болады. Мұндай танымдық жұмыстар баланың әдеби тілде сөйлеу және ауызекі сөйлеу тілін байыту мақсатында жүргізіледі.
Стильдік талдау жасатуға іріктелген мәтіндердің сөйлемдерін күнделікті өмірге икемдеп, өмірмен байланыстырып, қоғамдағы шаруашылық, тұрмыс, мәдениет, өнер салаларындағы болып жатқан жаңалықтар мен өзгерістерден сыныптың басқа оқушылары да мағлұмат алатындай етіп құрауға үйретуді мақсат еткен жөн.
Оқытуды дамытудың тиімділігі, ең алдымен, оқушылардың оқу әрекетіндегі белсенділігін арттырудан көрінеді. Психологтердің айтуынша, мынадай жалпы психологиялық ереже бар: білім деңгейін меңгеру оқушылардың ақыл-ой әрекетінің белсенділігіне сай жүреді.
Оқушылар стильдер туралы мағлұматты жай ғана есте сақтап қоймай, мұғалімнің жаңа сабақты түсіндіруін ынталы қабылдап, білімді өздік жұмыс арқылы меңгереді. Мұндай жолмен алған білім механикалық түрде жаттап алғаннан гөрі, есте жақсы сақталады. Стильдің түрін, оның негізгі ерекшеліктерін ажырата білуге қатысты жұмыс түрлерін атасақ:
– ғылыми стиль ғылымның қай саласына жататынын терминдер арқылы анықтай білу;
– шағын мәтіндерге стильдік талдау жасау;
– берілген мәтінді белгілі бір стильге сай жөндеп жазу;
– белгілі бір тақырып бойынша мәтін құрастыру.
Ұстаз шағын мәтіндерді жөндей білу немесе қайта жетілдіріп жазу сияқты тапсырмаларды орындатудың жолдарын оқушыларға көрсетіп, бағыт-бағдар беріп отырады. Мұғалім арнаулы тапсырмалар дайындап, оны жеке оқушының қалай орындайтынына бақылау жасайды, оқып үйренетін тақырыпқа байланысты бірнеше нұсқада құрылған тапсырмалармен жұмыс жүргізеді. Негізінен жаңа білімді меңгеру, алынған ғылыми ақпараттарды шығармашылықпен пайдаланып, оқушының танымдық мәндегі тапсырмаларды орындау барысында өздігінен ой қорытындысын жасайтын материалға мән береді.
Белгілі бір тақырыпта диалог, монолог құрастыру, көркем шығармалардың тілін экспрессивті-эмоционалды сөздер мен көркемдегіш тәсілдер бойынша талдай білу, мақала, рецензия, репортаж т.б. жазуға үйрету, сонымен қатар сөзді, форманы түрлендіре білуге дағдылануында оқушының теориялық білімі мен тәжірибесін байланыстырып қарау шешуші рөл атқарады. Білімді бекіту, байыту және жүйелеу, бір жағынан, теориялық негізді тәжірибелік іс-әрекетте, екінші жағынан, заңдар мен ережелерді іс жүзінде саналы түрде қолдануда меңгеріледі Яғни жаттығулар арқылы теориялық қағидалар меңгерілсе, ал тәжірибелік әрекеттер бойынша оның қалай іске асырылатыны анықталады.
Стильдерді өткенде оқушылардың оқу әрекетін қалыптастыруда білімді тексерудің пайдасы зор. Мысалы, мәтіндерге конспект, тезис жаздыру, стилистиканың қарастыратын мәселесін анықтай білу, оның басқа грамматикалық материалдармен байланыстылығын ажырата алу мүмкіндігін анықтаумен қатар, қатесі бар сөйлемдерді түзету, түрлі стильдік сипатта шығарма жаздыру, ауызша тіл дамыту жұмыстарына арналған жаттығу, тапсырмалар орындату т.б. сияқты теориялық білімді бекітуге, белгілі бір ұғымды есте сақтауға ғана емес, негізінен, оны қолдануға лайықталған сан түрлі танымдық жұмыстар арқылы оқушылардың пәнге қызығушылығын арттырады.
Стильдерді оқытуда оқушылардың ой-санасын ғылыми негізде дамыту үшін, олардың меңгерген білім дағдылары тиянақты болу үшін сабақты түрлендіріп, үлестірме қағаздарды, көрнекі құралдарды, сызба-кестелерді, магнитофонды т.б. техникалық құралдарды орнымей пайдалануға болады. Оқулықтан басқа сабаққа пайдаланылатын қосымша материалдардың көпшілігі балалар әдебиетінің алтын қазынасынан, ауыз әдебиетінің таңдамалы үлгілерінен, классик ақын-жазушылардың шығармаларынан алынуы тиіс.
Тіл стильдерін үйретуде жазба жұмыстарыньщ маңызы зор. Шығарма, мазмұндама, диктант жұмыстары орфография мен пунктуация дағдыларын жетілдіру үшін жазылса да тәжірибеде шығарманың мазмұны мен стиліне тілдің бейнелілігіне, ойдың дәлдігіне көңіл бөлу керек. Демек, оқушының сөздік қоры, лексикалық байлығы, логикалық дәйектілігі мен баяндаудағы ерекшелігі тілдің құрылымының дұрыстығына көңіл бөлу қажеттілігінен туындайды. Жоспар жасау, оны мағыналық бөлімдерге бөлу шығарманың логикалық дәйектілігін табу, сөз арқылы сурет салу – бұлардың бәрі де оқушының шығармашылық қиялын дамытуға көмектеседі.
Пайдаланылған әдебиеттер:
- Виноградов В.В. Проблемы русской стилистики. М., 1981.
- Кожина М.Н. Стилистика русского языка. М., 1993.
- Виноградов В.В. Предисловие к книге Ефимов А.И. Стилистика русского языка. М., 1969.
- Степанов Ю.С. Семиотика. М., 1971.
- Солнцев Ю.С. Язык как системно-структурное образование. М., 1977.
- Щерба Л.В. Языковая система и речевая деятельность. Л., 1974.
- Винокур Г.О. Избранные работы по русскому языку. М, 1959.
- Щерба Л.В. Избранные работы по русскому языку. М.,1957.
- Античные теории языка и стиля. М.-Л., 1936.
- Виноградов В.В. Итоги обсуждения вопросов стилистики. — Вопросы языкознания, 1955. №1.
- Виноградов В.В. Стилистика. Теория поэтической речи. Поэтика. М., 1963.
- Сулименко Н.Е. Стилистические ошибки и пути их устранения. М.-Л., 1966.
- Аханов К А. Тіл білімінің негіздері. А., 1998.
- Байтұрсынов А. Жазу қосымша белгілері мен тыныс белгілерінің жалпы ережесі. Тіл талғамы.
- Бағдарлама. Қазақ тілі. 5-9-сыныптар. А., 1999.
- Жәшбеков Ө. Ата-баба мұрасы: Уақыт пен өмір талаптары тұрғысынан. Дүние жүзі қазақтарының құрылтайы. А., 1993.
- Жиенбаев С. Сөйлемнің тыныс белгілері, А., 1940.
- Мұсабекова Ф. Тыныс белгілерін оқытудың кейбір мәселелері. А., 1959.
- Сыздықова Р. Емле және тыныс белгілері. А., 1996.
- Хасенов Ә. Пунктуацияны оқыту жолдары. А., 1957.