Жоспар:
I Тарау. Кіріспе бөлім
Абай шығармашылығының зерттелуі
II Тарау . Негізгі бөлім
Ақын шығармашылығының лексикалык қабаттары
Абай тіліндегі араб-парсы сөздерінің қазіргі әдеби тілдегі
қолданысы
III Тарау. Қорытынды бөлім
Пайдаланылған әдебиеттер
Жұмыстың жалпы сипаттамасы:. Абай тілін зерттеу- бүгінде қазақ филология ғылымының ауқымды саласы болып қалыптасып отырған абайтанудың өз алдына маңызды, зор тармағы.Абай тілін танып-таныту саласы өзінің зерттеу нысаналары мен әдістерін, сондай- ақ жеке және жалпы мәселелерін біршама анықтап, бір алуан еңбектер ұсынғанымен, арнайы жүргізілетін зерттеулердің қажеттігі даусыз. Абай тілі- кең, ауқымды тіл. Оның көркемдік тұрғысы, тілдік- стильдік арнасы да сан салалы. Бұл жұмысымызда Абай шығармашылығының лексикалық қабатын қамтуды басты нысан етіп отырмыз. Ақын поэзиясында, прозасында лексикалық қабаттардың әрқалай, әртұрғыда қолданғанын зерттеушілердің
жұмыстары дәлелдеп отыр .Мемлекеттік ұлттық әдеби жазба тілдің негізін салушы Абай тәрізді қаламгердің тілін бірнеше аспектіден қарастырғанымыз жөн . Абай лексикасын генетикалық тұрғыдан талдағанда негізінен үш қабаттан тұрады деп қарастырамыз. Абай тілінде кездесетін араб-парсы қабытының үлкен тобы –тек ақын шығармашылығында кездесетін, бірақ қазіргі қазақ тіліне енбеген сөздер. Абай шығармашылығы арқылы қазақ әдебиетінің тарихына еніп, лексикалық тұрғыдан зерттелініп те жатқан араб- парсы сөздерінің де маңыздылығын атап өткен жөн.
Жұмыстың өзектілігі:.Қазіргі кезеңде Абайшығармашылығының тілі біршама зерттелген сала. Ғалымдардың зерттеуіне шолу жасай отырып, Абай шығармашылығындағы араб-парсы сөздерінің де кестенің бізі, өткірдің жүзімен салынған сөз өрнектерінің нақышы екенін байқаймыз. Абай қолданысына енген шетел сөздері ақын шығармашылығының басты нысандары қатарында зерттеліп келеді.Зерттеу жұмысымыздың да өзектілігі осымен байланысты.
Зерттеу жұмысының мақсаты: Абай шығармашылығындағы араб- парсы сөздерінің қолдану аясын зерттеу және лексикалық қабаттарына талдау жасау.
Зерттеу жұмысының мінденттері
-Абай тілінің зерттелуіне тоқталу.
-Абай тілінің лексикалық қабаттарына тоқталу.
-Абай шығармашылығындағы араб- парсы сөздерінің қолданылу аясына талдау жасау.
Абай қазақ әдебиетіндегі ұлы тұлға, маңдай алды ақын екені, таңдаулы туындылары дүниежүзі поэзиясының озық үлгілерімен деңгейлес тұрғаны- білген адамға айқын шындық..Сан ғасырлық бай шығармашылығы, ел қамын жоқтаған жүздеген өрен жүйрік жырау, жыршы, ақындары бар қазақ әдебиетінде Абай орнының ерекше болуы тегін емес.
Ұлы ақынды заман туғызады дейміз. Бұл ап-айқын үйреншікті қағида көрінгенімен, зер салып қарастыруды қажет ететін күрделі мәселе.Заман,қоғамдық жағдай-ақын,жазушы шығармашылығының
өмірлік тірегі, негізі, түп тамыры.
Абай қазақтың жаңа реалистік жазбаша әдебиетінің негізін салды. Абайдың ақындық дарыны аса қуатты және сан қырлы. Ол-кермет суреткер ақын және сыршыл лириканың сирек кездесетін шебері, ойшыл-философ ақын.
Абай тұлғасы –поэзиядағы стильдің түп тірегі. Ақын стилін, сурет мәнерін, қолтаңбасын, сөз қолданысындағы өзгешеліктерді –бәрін де айқындайтын, бейнелейтін сол.
Қазақ халқының зерделі ойы мен қоғам өмірінің шын мәніндегі
энциклопедиясы – ұлы Абай мұрасына жүгіну, Абайды тану- бұл үлкен мәселе. Өзі мына пәни дүниеден көшкеннен кейінгі тарихи аласапыран жылдарда халық бастан кешкен алмағайып кезеңдер ақын мұрасына да бірде сәуле,бірде көлеңке түсіріп сан құбылды. Жиырмасыншы жылдардың орта кезінен бастап отыз жетінің ойранына дейінгі аралықтағы сталиндік саясаттың азат ой,ұлттық мүддені қыспаққа алып, алаштың аяулы азаматтарын құрбан қылған шағында Абай атына шабуыл жасалып, мұрасы елеусіз қалып,әділетсіз қараланады. Бұл әрине Абай мұрасын оқып-үйрену ісіне, зерттелуіне салқынын тигізбей қоймады.
Абайдың алтын сөзін кір шалмайды. Отызыншы жылдардың ортасынан бастап Абай мұрасы зерттеліп, жинақталып, Абайтану іліміне бірте-бірте бір арнаға түсе бастады.
Ақын мұрасының жас ұрпаққа жеткізілуі жолында еңбек етіп, тер төккен әдебиетшілер , ақын-жазушылар аз емес. Солардың ішінде ең шоқтығы биік, ірі тұлға – Мұхтар Әуезов еді. Ол Абай мұрасының жинақталу, жарық көру, зерттелу, оқытылу бағыт-бағдарын жүйелеген бір жазбасында 1940жылы 95 жылдық мерей тойынан бастап Абайды тану бағыты бел алып өскендігін, барлық мектеп оқулықтарына бағдарламаға енгізілгенін айта келіп, бұл салада түрлі монография, бірнеше десертациялық еңбектер жазған С . Мұқанов, Қ.Жұмалиев, Е. Ысмаилов және А. Солобьев, М. Силбченко, Н .Смирнова сияқты ғалымдарды және бірнеше аудармашыларды атайды.
Абайды қалай зерттеп, қалай танимыз деген сұраққа Әуезов өзі былай деп жауап беріпті: ’’Біз ұсынатын, қолданатын әдісіміз барлық дүние классиктерін зерттеудегі дағдылы әдіс:өмірмен,өсу, даму жылдарын ақындық эволюциясымен жыл-жылдап уақытымен тексереміз.Абай бір күнде Абай болған жоқ. .Өсе жүре, еңбек ете, іздене таба жүріп қалыптасып, тола береді.Сондағы табиғи жолын танимыз, өрісті, іргелі, орынды зерттеулер осы арнаға түспей болмайды,”-деді
Абай тілін зерттеуші профессор Қажым Жұмалиевтің Абай мұрасын зеттеудегі орны ерекше. Оның “Абай поэзиясының тілі” атты монографиясында автордың өзі айтқандай, Абай бүкіл тілі емес, соның бірақ жағы- поэзиясындағы әдеби – көркемдеу тәсілдерінің көрінісі, яғни”поэтик тілі”талданады және зерттеуші бұларды жеке-дара регистрация тұрғысында алмай, Абайдың қазақ әдебиеті мен әдеби тіліндегі орнын айқындап, оның табыстары мен жаңалықтарын көрсете талдайды.
Ұлы Абай тілін жан- жақты зерттеген профессор ғалым Рәбиға Сыздықова өз еңбектерінде ақын шығармашылығын терең талдайды.Сөз өрнегін толғаулы тоқсан қызыл тілмен салудың құдіретін танытқан Абайдың сөз қолдану, сөз таңдау,сөз құбылту, сөз үйлестіру, сөз үндестіру тәсілдері мен тәжірибесі ерекшеліктерін айқындап көрсетеді. Жалпы әдеби тіл мен поэзия тілі заңдылықтарының Абай өлеңдері мен поэзиясындағы көрінісін, ондағы дәстүрлі нормалар мен Абай ұсынған жаңалықтарды танытады. ”Абай шығармаларының тілі”атты еңбегінде ақын тілінің ерекше тұстары мен лексикалық қабаттарына талдау жасалынған.
Абайдың поэтикалық тіл өрнегін сөз еткенде А.Нұрқатовтың , М . Базарбаевтың зерттеулерін атау қажет. Мысалы, М. Базарбаев қазақ поэзиясы тіліндегі дәстүрлі образдарды сөз ету үстінде Абай шығармаларына да соғады. ”Қазақ топырағындағы Абайдың ұлы жаңашылдық орнын жаңалық пен дәстүрді бір- біріне қарсы қою арқылы емес, қайта жаңалық сол дәстүрлер топырағында туып қалыптасқан деп тану арқылы көрсету керек,- “ дейді.
Абай лексикасын генетикалық тұрғыдан талдағанда, негізінен , үш қабаттан тұрады деп табамыз.Олар:қазақтың төл сөздері, араб-парсы сөздері, орыс сөздері .Бірқатар зерттеушілер қазақ,қырғыз тілдерінің сөздік құрамын тілдік тегі жағынан алғанда, төртінші қабатты – монғол сөздерін атайды. Бертінгі дәуірлердегі жеке қаламгердің тілін әңгімелегенде, біздіңше, бұл қабатты арнайы бөліп шығармаса да болатын тәрізді.Өйткені бұл тілдердегі монғол элементтері,түркі-монғол туыстығы теориясын былай қойғанда және осы күнгі әрбір түркі тілінің өз алдына жеке бөлініп кеткен дәуірлерінде енген деп есептегеннің өзінде, олар негізінен қазақ, қырғыз тілдеріне ерте дәуірлерде енген. Абай дәуірі тәрізді күні кешегі ХX ғасырдың екініші жартысында қазақ тілі құрамындағы, оның ішінде жеке ақын-жазушылар тіліндегі монғол сөздері тілге әбден сіңісіп кеткенде. Көптеген араб, әсіресе парсы сөздері тәрізді, монғол сөздерінің де тектік белгісі не фонетикалық, не семантикалық жағынан төл элементтерден ажыратылмайтын дәрежеге жеткен.
Жазушының тілі бар да, мәнері немесе стилі бар.Мәнер немесе стиль- жазушының өзіне тән баяндау сипаты, ол- жазушы шығармашылығының мазмұнына лайық таңдап алған тәсілдері, яғни жазушы мәнері –жазушының тұтас тұлғасы,өзі,өз басы. Жазушының тілі дегенге келсек,ол қаламгердің жалпыға ортақ тіл қазынасынан алып көпшілікке қолданған, көптеген жазушыға тән сөздік байлық пен грамматикалық тұлға – тәсілдер, орысша айтқанда первоэлемент, яғни жазушының тілінің сүйегі.
Қазіргі жазба әдеби тіліміздің ірге тасы қаланар тұсындағы лексикалық қабатын зерттегенде, ең алдымен көрінетін басты сипат- ол қазақтың жаңа жазба әдеби тілінің негізгі екендігі. Яғни сан жағынан да,даму тенденциясы жағын да әдеби айналымға түсуі жағынан да қазақтың халықтық төл сөздері бірінші , басты қабат болып қалғанын дәлелдей түседі.
Абай мен оның тұсындағы қазақ әдеби тілі лексикасының өзге қабаттардан араб-парсы сөздері мен орыс сөздері назар аударады. Араб-парсы тілдері Абай үшін ,бірден-бір сүйеніш құрал да емес.Ғасырлық мол мәдениеті бар шығыс елдерінің қазақ тіліне ,қазақ мәдениетіне тигізген ықпал — әсерін Абай мүлде жат көрмеді.Сондықтан шығармаларының тілінде бірқатар араб- парсы элементтерін активтендіріп, олардың қолданылу жиілігі күшейе түсті.Бұл тұста Абай мектеп- медреселерде үстем болған Қожа Ахмет Яссауи, Сүлеймен Бақырғани,Сопы Аллаяр тәрізді суфизм сарынындағы ірі ақындармен қатар ,шығыс поэзиясының ұлы классиктері Низами,Науаи,Сағди,Хафиз,Фирдауси, Шамсилерді, шығыс қисса-дастандары мен ғұлама ғалымдарды тесіле оқып, іштей түлеп,толысып келе жатқан ойшыл ақын еді.
Сол шығыстық әдебиет әсері Абай шығармаларынан да орын тапты.
Абай өлеңдері мен қ ара сөздерін қоса алғанда араб-парсы тілдерінен 374 сөз қолданған. Мұның 162 –сі өлеңдерінде, қалған 212 –сі әңгімелерінде кездеседі . Бұлардың бірқатары термин: ғылымдық, әдебиет, философиялық және діни ұғымдармен байланысты.
Абай тілінде орын алған араб-парсы сөздерін бірнеше тұрғыдан қарап талдауға болады,яғни оларды біз:
- жалпы халықтық тілге енген уақытына қарай,
- қамтитын тақырыбына қарай,
3.қолданылатын әдебиет жанрына қарай,
4.қолданылу мақсатына қарай,
- фонетикалық –грамматикалық тұлғалануына қарай,
- жалпы халықтық және жазба әдеби тілге енуіне қарай,
- лексика-грамматикалық сипатына қарай талдаймыз.
Абай лексикасындағы араб- прсы қатары түгелімен неологизмлер емесекені аян. Олардың едәуір бөлігі қазақтың жалпы тіліне сіңісіп, қалыптасып, ертеден қолданылып келеді.Н.К.Дмитриевич түркі тілдерін арабыланған және арабыланбаған деп екіге бөлгені бойынша қарасақ, , біздіңше қазақ тілі бірінші топқа жатады. Өйткені ислам діні етек жайған 19 ғасырда ғана емес, одан да көп бұрын қазақ тілі сөздік құрамына қыруар шығыс сөздері болғаны аян. Қазақ тіліндегі парсы қабатының белгілі бір тобының , әсіресе тұрмыс- шаруашылығына қатысты қазақша дублеттерінің қазірде болмауы да бұлардың өте ертеден сіңісіп, өзге параллельдерді тілден ығыстырғандықтарының дәлелі.
Абай шығармаларында кездесетін араб-парсы сөздерінің сол кездегі халықтың сөйлеу тілінде көп кездесе бермейтін, көбіне жазба әдебиет арқылы жалпы халықтық тілде қолданыла бастаған түрлері де бар. Оған арабтың сұқбат,мехнат,уәзін ,ғиззат, ғақлия, hәмишә, тағриф сөздері жатады.
XVIII ғасыр мен XIX ғасырдың орта тұсында жасаған қазақ ақын- жырауларының тілінен және ауыз әдебиеті үлгілерінен дінге қатысты бірқатар араб сөздерін табамыз. Мысалы, Бұхар жырауда: пұсырман, қыдыр, иман, кебе, намаз, фани, ақырет, алла, молда, мешіт; Тақырыбы діннен мүлде басқа Махамбетте фәни, құрбан, садаға,ақы; Оның үлгісін әрмен жалғастырушы Шерниязда : молда, дұға, әруақ, құрбан т.б сөздерді ұштастырсақ,, бай шығармаларынан да дінге қатысты қолданыстарды көреміз. Бұл қолданыстар өлеңдерінде және “Қара сөздерінде ” көп жұмсалған. Соған орай ислам дініне қатысты сөздердің ең алдымен бұрын енгендерін қолданады. Мысалы бейіс, бенде, иман, ахырет, аят, әруақ, тәубе, пәни, алла, молда, сопы тәрізді арабизм-фарсизмдерді кездестіруге болады. Абай қоғамының түсінігіндегі құдайдың бірнеше атауы : қазақтың исламға дейінгі жалпы түріктік тәңрі-сі, парсының құдайы-ы, арабтың алла-сы, құдіреті, жаббар-ы расул-ы бар ма – барлығы да бұл кезде актив сөздер . Абай да оларды жатсынбай синонимдік қатар түзеп пайдаланды. Бір жерінде: Тәңірі қосқан жар едің сен деп келсе, екінші жерінде: Оған құдай тағала айтып па, пәленшеден тәуір болсаң болады деп дейді. Үшінші жерде :Алла деген сөз жеңіл ,Аллаға ауыз жол емес деп арабша атауын жиі қолданады.
Діни тақырыпты жырлайтын кітаби қиссалар арқылы халық тіліне кіре бастаған перзент, перизат, дүлдүл тәрізді сөздері Абай қиссаларындағыда тура мағынадағыдай емес, көбіне ауыспалы мағынада жұмсайды. Діни әдебиетте кездесетін араб- парсы сөздерінің біразын Абай осылайша ауыспалы мағынада қолданады да, қалған басым көпшілігін тіліне әдейі жуытпайды. Өзі айтқандай «Әзірет Әлі ,аждаһарсыз» жазған діни қиссалардың тақырыбында да, стилін де, қабылдамағанын тілінен тануға болады. Қисса дастандардағы қырықшілтен, ғайып ерен, Баба түкті шашты Әзіз, сахаба, жәбірейіл, фарман тәрізді «жүрдек» сөздер Абайда жоқ, өте сирек немесе көбіне ауыспалы мағынада қолданылған.
Шығыс тілінен енген сөздерді Абай жалпы халықтық тілден алғаны хақ және бұларды тек дін жайын ғана сөз еткен жерлерде емес, орайы келгенде өзге азаматтық тақырыптар ішінде де қолданды.Мысалы, орыс тілінен аудармашыларда хрисиан дінідегі монах дегенді сопы деп алады. Абай қазақ оқушысы үшін бірнеше бейтаныс орыс сөздері қатарын келтіруден қашып, мүмкіндігінше мағынасы жуық сөзді пайдаланған.Бірақ мұндай факт көп емес. Абай қазақта жоқ орыс тілінен келген ұғым атауларын қазақшалап немесе арабша-парсышалап беруге тырыспаған.
Абайдағы абстракт ұғымдар атауларының бірсыпырасы осы көрсетілгендей, бұрынан қалыптасқан шығыс сөздері: ар, абырой, мейір, нала, парыз, нәпсі, қаһар, қиял, құдірет, дәурен т.б Абстракт атаулардың біразы өзгелердегі тәрізді , Абайда да –лық, -шылық, жұрнақтары арқылы тілге сіңіскен араб-парсы түбірлерінен жасалған: зұлымдық, , қапалық,, тәкаппаршылық, адамдық, адамшылық, мейірбандық, әділеттік, т.б
Абай тіліндегі жалпы халықтық қолданыстан алынған шығыс сөздерінің 2-3 белгісін көрсетуге болады. Ең алдымен , қазақ тіліне Абайға дейін қалыптасып, орын тенкен араб-парсы түбірлері Абайдан бұрын да, Абайдың өзінде де қазақ тілі жұрнақтары арқылы жаңа сөздер жасайды. Мысалы, бұрыннан бар адалдық, арамдық,, әділдік,адамдық, достық,,дұшпандық,, қорлық, зорлық, тәрізді есімдер де, Абай текстерінде активтенген немесе жаңадан жасалған асықтық- ғашықтық, арлылық, мейірбандық, рақымдылық,, қапашылық,, құдайшылық т.б –ның түбірлері жоғарыда көрсетілген сіңісті, түсінікті
Тілге ертеректен енген шығыс сөздерінің г р а м м а ти к а л ы қ және т ұ р а қ т ы т і р к е с ж а с а у қабілетін Абай жақсы пайдаланады. Баға қылу, бәсеке кесу, ары төгу , пейілі тарылу, сәлемге келу, уағдадан жығылу, кәр қылу, насихат сөзі, қаза келу, шайтан сөзі, т.б . Абай осылармен қатар араб-парсы сөздерін қатыстырып бірнеше жаңа фразеологиялық және грамматикалық тіркестер жасады. Мысалы, қашықтық жарасы, ғылым оқу, қалың қайрат табу, ғылым бағу, хаққа мүлгу ғылым іздеу тәрізді тіркестер жасап, оларды өте жиі қолданды: Ғылым таппай мақтанба;Ғылымды іздеп, Дүниені көздеп т.б
Қазақ лексикасына орныққан кейбір шығыс сөздері к ө п м а ғ ы н а л ы қ сипатқа ие. Бұл әсіресе Абайда күшті сезіледі. Абай бір алуан араб-парсы сөздеріне үстеме мағына немесе семантикалық реңк береді. Мысалы, қызмет сөзі- қазақ тілінде Абайға дейін –ақ 2-3 мағына білдіре бастаған. Біреулере ілтипат көрсетіп, белгілі бір міндет атқаруды қызмет , қызмет істеу, қызметінде болу, қызмет қылу, қызмет шегу тәрізді тіркстермен білдірген. Абай қызмет сөзін 3-мағынада қолданған :ол қызмет сөзінің «әскери және әкімшілік орын» деген ұғымы, орысша «служба» мағынасы: Баламды медресеге біл деп бердім, Қызмет қылсын шен алсын деп бермедім( Абай) . Сондай-ақ : … Қызметке ,болыстық, билікк таласу дегенді қызмет- жергілікті әкімшілік органы.Кей жерлерде жазушы оязға қызмет ету,немесе военный қызмет деп осы сөздің мағынасын айқын береді:Военный қызмет іздеме Оқалы киім киюге; Қызмет қылма оязға, Жанбай жатып сөнуге.
Өнер деген қалыптасқан арабизмді Абай бірнеше ұғымда жұмсайды. Ал Абайда ең алдымен бұл сөз «кәсіп , профессия, қызмет» ұғымын білдіреді: Оқудан шыға ұстады ата өнерін . Осының алдында:Кәсібін күннен-күнге тәңірі оңғарған деген жол бар. Бұл жердегі өнер-«кәсіп». Арабша харекет сөзі де осы екеуіне синоним болып келеді: Атаның харекетін ұстай алды. Хош , қорықты елің, Қорқытқан сенің Өнерің қайсы айтып бер дегендегі өнер- «іс-әрекет, қызмет». Қылып жүрген өнері Харекеті -әрекет деген жолдардағы өнер, харекет, әрекет деген үш арабизм өте бір қызық келтірілген семантикалық шоғыр. Үшеуі де бір- біріне синоним болып түседі,дәл осы жерде өнер мен харекет сөздері жалпы «кәсіп, іс- әрекет» дегенді білдіріп тұр. Абай өнер қылдыңдар дегенінде , әрине, өнер сөзі қазіргідегідей «көркем өнер» ұғымында емес, тіпті жағымсыз іс-әрекет мағынасында. Өнерсіз шатылған Кісіге сән де екен дегендегі өнер де «кәсіп, қызмет ету» мағынасындағы сөз.
Араб-парсы сөздерін пайдаланудағы лексико-семантиканың тәсіл жалғау- жұрнақсыз дара тұлғалы лексемаларды біріктіреді. Абай қаламына тән араб- парсы сөздерінің басым көпшілігі осындай жалғау- жұрнақсыз жеке- дара сөздер, таза араб- парсылық лексемалар.
Абай шығармаларындағы араб және парсылық сөздердің тура және ауыспалы мағыналарда жұмсалуын төмендегі 3 түрлі жағдайдан байқаймыз:1) тура мағынаның сөз бойында сақталып қалуы 2) атау бастапқы сөз 1- лексикалық мән- мағынасынан айырылып , екінші, үшінші…мағыналарда қолданылуы 3) негізгі, о бастағы мағыналары күңірентіп, қазақтың төл лексикасына ыңғайланып, мүлде жаңа мағынада қолданылуы.
Абай шығармалары бойынша жиналған лексикалық материал араб- парсы сөздерінің көпшілігі сол тілдердегі мағыналарын сақтағанын көрсетті. Оларға әсіресе моносемантикалық,, яғни бір мағыналы сөздерді жатқызуға болады. Мысалы, ағза, әділ, азап, апат, айла, ақымақ,, арзу, аспан, әр, әбден, әулие, әшкере, бақ, басар, ғажап, ғауым, неке, гүл, батыр,дана, дария, дәру, дұшпан, дін т.б сөздер араб-парсы тіліндегі мағынасын береді. Яғни шығыс сөздерінің көбін қолданып отырған мақсатына қарай, тақырыпқа байланысты сұрыптап, беретін мағынасына сай қолданған.
Араб-парсы сөздерінің бір ерекшелігі сөздер көп мағыналы болып келеді. Кейбір сөздердің он шақты мағынасы болуы ықтимал. Абай шығармашылығында кездесетін араб- парсы сөздерінің келесі тобы осындай көп мағыналы сөздер.Мысалы , Абай тілінде кездесетін «қағида » сөзінің 1.база 2.постамент 3.основа 4. дно 5.основание 6.правило 7. положение 8. принцип деген мағыналары бар.
Абай бұл сөздің алты мағынасын қолданған:
Замана, шаруа, мінез күнде өзгерді,
Оларға кез-кезімен нәби келді
Қағида шариғаты өзгерсе де
Тағриф алла еш жерде өзгермеді
Бұл сөзді Абай ауыспалы мағынада «әдет», «ғұрып» мәнінде де жұмсаған …заман өзгеруімен қағидалар өзгерілмегенін білдіргені мағлұм болады.
Абай тіліндегі түбір тұлғалы көп мағыналы дара араб-парсы сөздерінің алғашқы семантикасы тарылып , ол сөздің кейінгі бір немесе екі мағынасы қолданған тұстар да бар. Мәселен, Абайда «сұқбат», сөзі «әңгімелесу, пікірлесу» мағынасында берілсе, араб тілінде ол төрт мағынаға ие:1.сообщество 2.общение 3.дружба, 4. приятель деген мағынаны , ал парсы тілінде 1. беседа,2. разговор деген екі мағынанда кездеседі.
Парсы тіліндегі «бәһра» сөзі де бірнеше мағыналы.1.часть, доля, 2 .польза, выгода, 3. прибыль. Абай бұл фарсизмнің бірінші мағынасын емес, екінші мағынасын қолданған:
Білгенге маржан,
Білмеске арзан
Надандар бәһра ала алмас.
«Абай тілі сөздігінде» ол сөзді «ләззат, әсер» деп аударған.
Араб- парсы сөздерінің семантикалық структурасының кеңеюі ,жаңа ұғымдарды беруде өзінің алғашқы мағынасын жоғалтуы,ол сөздердің өте ертеден бастап енгенін көрсетеді.
Абай тіліндегі арабизм мен фарсизмдердің белгілі бір тобы өзінің мағыналарын мүлдем жойып, тіпті бөтен, жаңа мағынаға ие болған. Мәселен, Абайда «құмар» сөзі «ынтық, ынтызар» мағынасын берсе , араб тілінде 1. «азартная игра» мағынасында ғана қолданады . Ал «нәпсі» Абайда « құлқын, тойымсыздық» мағынасын берсе, араб тілінде 1.жан, 2. қан, 3.адам, 4.мақтаншақ т.с.с мағынада қолданылады.
Көріп отырғанымыздай араб-парсы сөздерінің бұл тобы бастапқы мағынасын мүлдем жойған. Мұның өзі-бір тілден екінші тілге ауысқан сөздің әр түрлі өзгеріске ұшырайтынының айғағы. Уақыт өткен сайын ,қоғамның өзгеруімен байланысты сөздің мағынасы мүлде өзгеруі ықтимал.
Мұндай, яғни өз мағыналарын өзгерткен сөздер Абай тілінде біршама кездеседі. Яғни ақын арабизм мен фарсизмдердің біразынан шығарманың мақсаты мен ерекшелігіне қарай, тыңдаушының тіліндегі мағынасын жұмсаған. Бұл сөздердің барлығы дерлік халық тілінен алынған.
Абайдың халық тілінен алған арабизм мен фарсизмдерді қолданысында ерекшклік, өзгешелік бар. Мәселен, «кепіл» сөзі қазіргі қазақ тілімізде «дәлел, айғақ» мәнінде қолданса, Абай ол сөзді араб тіліндегі өз мағынасында жұмсаған. 1. поручитель, 2.попечитель, опекун, «Абай тілі сөздігінде » ол сөзге «арқа сүйер таяныш», деп, дұрыс анықтама берілген.
Өз хатыма өз кезім
Ұялып, қорқып баға алмас.
Кепілім менің –бір өзің,
Бөтен жан тесік таба алмас.
Арабтың халық тіліндегі «іңкәр» сөзі. 1.отрицание, непризнание
деген мағына береді.Абай бұл сөзді де араб тіліндегі мағынасында қолданған:… Оның ұлықтығына іңкәрім жоқ.. Абайдың «іңкәрім жоқ» дегені , « қарсылығым, күмәнім жоқ» деген мағынаны білдіреді.
Сондай-ақ «зар» сөзі қазіргі тілімізде «қайғы-қасірет» , «мұң-шер», болып түсіндіріліп жүр .Ал осы арабизм- араб тілінде 1. плачущий,рыдающий, 2.тощий 3. слабый, ничтожный деген бірнеше мағыналы лексема.Абай осы сөздің де халық тіліндегі мағынасын емес, араб тіліндегі мағынасын қолданған. Абайдың «зармын» дегені «әлсізбін» дегені болса керек:
Ет жүрек өртенді,
От боп жанып,
Жалын шалып ішіме
Іштей қормын, зармын
Сен үздің ғой желкемді.
Халық игерген «батыл» сөзі де арабизмдер қатарынан орын алады. Ол сөзге қазіргі қазақ тілінің 10 томдық түсіндірме сөздігінде «именшек емес, қайсар, ержүрек, еркін» деген анықтама берілген . Алайда, бұл сөздің араб тіліндегі мағынасы:1.ложный, неверный, недействительный, 2. напрасный, нечего не стоящий. «Абай тілі сөздігінде» Абайдың қолданысы «теріс», «терістік» деп көрсеткен.Сопымен, Абай бұл арабизмді де , халық тіліндегі мән-мағынасында қолданбаған. Оған дәлел ретінде Абай «батыл» сөзін, арабтың «хақ», яғни «дұрыстық», «әділдік» сөзіне антоним жұмсағанын айтуға болады.
Абай кейбір арабизмдердің барлық мағыналарын қолданған тұстары да бар. «Бахас» сөзі 1. обсуждение,спор, рассуждение , 2.исследование, изучение деген мағыналарды білдіреді.Абай бұл сөздің көбіне 1-ші мағынасын қолданған.
Бахасқа бола үйренбе, азырақ бахас көңіліңді пысықтандырмақ үшін залалды емес, көбірек бахас адамды түземек түгіл бұзады.
Ал , … бахас — өзі ғылымның бір жолы, бірақ оған храслану жарамайды , — дегендегі « бахас » әрине, « күншіл, көре алмаушылық» емес, бұл жерде ақын сөздің 2-мағынасында «исследование, изучение » мәнінде қолданған. «Абай тілінің сөздігінде » Абайдың бұл қолданысы көрініс таппаған. Ал бұл сөз қазіргі қазақ тілінде «бәсекелес», «бақталас» мәнінде қолданылатынына қазақ тілінің түсіндірме сөздігі куә.
Сондай-ақ араб-парсыға ортақ «әдеби» сөзі қазіргі тілімізде «литературный » деген мағына береді. Бұл сөз араб тілінде көп мағыналы сөз. Әдеби сөзінің араб тіліндегі мағыналары 1) литературный, 2) вежливый, 3) культурный. Абай ол сөзді бірінші мағынасы да емес, келесі мағыналарда, яғни «әдепті» деген ұғымда қолданған.
…Егер барлыққа келтірілмегені бір өз алдына сипат болса, алла тағаланың сипаты өзіндей, қадім, һәм әзәли, Әдеби болады да, һәмишә барлыққа босанбаса, бір сипаты бір сипатынан үлкен я кіші болуға жарамайды.
Абай бұл «әдеби» сөзін өз туындыларының өн бойында бір-ақ рет қолданған.
Сонымен, Абай көптеген моносемантикалық араб-парсы сөздерін өз мағынасында , кейбір сөздердің барлық мағынасын полисемантикалық сөздердің халыққа таныс мағынасын өз туындыларының өн бойында қолданып отырған.
Абайдың сөз саптауында шеберлік арабтың «қараша » сөзін қолданысында айрықша көрінеді. Ол арабша 1. поземельный налог, расход, дань деген мағыналарға ие. Ал қазіргі тілімізде ол күздің ең соңғы айы. Абай бұл сөзді екі түрлі мағынада қолданады. 1. Күз айы мағынасында :
Қараша , желтоқаснмен сол бір-екі ай,
Қыстың басы бірі ерте, біреуі жай.
Ерте барсам жерімді жеп қоям деп,
Ықтырмамен күзеуде отырар бай.
- Ақын бұл сөзді , күздің суық айын адам өмірінің күзін, яғни кәрілікті суреттегенде де , өте шебер қолданған:
Қарашада өмір тұр,
Тоқтатсаң тоқсан көнер ме?
Арттағы майда көңіл жүр ,
Жалынсаң қайтып келер ме?
Абай араб-парсы сөздерінің қолданысындағы тағы ерекшелік- ақынның қара сөздері мен өлеңдеріндегі қолданыс сипаты, деңгейінің бірдей еместігі. Абай ғақлияларда кездесетін араб-парсы сөздері сан, семантика, морфология, фонетиаклық жағынан өлеңдерінде кездесетін арабизм, фарсизмдерден ерекшеленеді.
Мәселен, Абай қара сөздерінде өз мағынасын мейлінше сақтауға тырысқан. Ал сөздің келтірінді, ауыспалы мағынасын көбіне өлеңдерінде пайдаланған.
Мысалы, «әмәнту арабша толық сөйлем.Абай шығармаларының өн бойында екі-ақ рет кездеседі. Ол сөйлемді қазақшаласақ, «мен сендім» деген ұғымды білдіреді. Абай сөйлемнің осы мағынасын өте сауатты қара сөзінде «алла» сөзімен тіркестіріп қолданған:
… Сіз әмәнту биллаһи мәмаһуә би уаси –фатиһи дедіңіз. Ол есім аллалар һәмма ол алла тағаланың фиғыл ғазимләрінің аттар ы, олардың мағынасын біл.
Абай осы сөйлемді тіркессіз , жалғыз өзін өлеңдерінде қолданған:
Аманту, оқымаған кісі болар ма?
Уәктубиһи дегенмен ісі бар ма ?
Алла өзгермес , адамзат күнде өзгерер
Жарлықпен ол сіздерге , сіз де оларға.
Аманту сөйлем бұл өлеңде «мен аллаға сенемін » деген ұғымды емес, «жалпы аллаға сену», «иман келтіру»
мағынасын беріп отыр.
Сондай-ақ Абайда «ақыр заман» деген араб сөзінен құралған тіркес бар. «Ақыр заман » діни ұғым бойынша «тіршіліктің ең соңы». Абай ғақияларында «ақыр заман » сөзін осы мағынада қолданады:
Пайғамбарымыз салаллаһу ғалейһи уәссалам- «ақыр заман » бір жылдық, бір күн болар деген…
Абай тіліндегі «ақыр заман » сөз тіркесіндегі компоненттер орын ауыстырып, «заман ақыр» басқа ұғымға ие болған:
Заман ақыр жастары ,
Қосылмас ешбір бастары
Біріне бірі қастыққа,
Қойнына тыққан тастары.
Бұл өлеңде Абай «заман ақыр» тіркесінің тіршіліктің ең соңы емес, «өмірдің кезеңін », «заман өзгеруін » айтады.
Абайда кездесетін «кебін, кебіндік» сөздері де осындай.
Өлеңінде кездесетін «ақырет » «о дүние » мағынасын , ал қара сөзіндегі «ақырет кебін» , яғни өлген адамды орайтын мата ұғымын береді.
… Сарттың екпеген егін і жоқ, шығармаған жемісі жоқ, сәудегердің жүрмеген жері жоқ. Орысқа қарамай тұрғанда қазақтың өлгенінің ақыреттігін , терінің киімін сол жеткізіп тұрды. Әке балаға қимайтұғын малыңды кірелеп, сол айтып кетіп тұрды ғой.
Дүниеге дос ақыретке бірдей болмас,
Екеуі тап бірдей боп орныға алмас.
Дүниеге ынтық, махшарға амалсыздың,
Иманын түгел деуге аузым бармас.
Абай араб-парсы сөздерінің сол тілдегі мағынасын ғақияларында мейлінше сақтауға тырысқан.
Абайдың араб-парсы сөздерін қолдануындағы қара сөздері мен өлеңдерінде ортақ ерекшелік- Абайдың тыңдаушымен санасуы. Реті келгенде Абай араб-парсы сөздеріне аударма жасап отырады.
Ирада :1. намерение, желание,охота.
Әлбетте, ғылым құдыреті бар болды, хаяты- мағлұм, бірі ирада, яғни қаламақ.
Иапат:1. подверждение, доказательство.
Әуелі не нәрсеге иман келтірсе, соның хақтығына ақылы бірлән жүргізерлік болып, ақылы дәлел- испат қыларға жараса, мұны якини иман десек керек.
Кәлем: 1. фраза, речь, разговор.
Ол аирада- ғылымның бір сипаты, бір кәлем, яғни сөйлеуші деген, сөз қарыпсыз,даусыз болушы ма еді.
Самиғ:1. слушатель 2. слушающий.
Алланың сөзі- қарыпсыз, даусыз. Енді олай болса, айтқандай қылып беретұғын құдіреті және басар, самиғ, яғни көруші, естуші деген сөз.
Шәмшсі:1. солнце.
Жиһан:1. мир. вселенная.
Сол Мағсұт қыдыр шалдан бата алыпты,
Соңында шәмсі жиһан атаныпты.
Мағынасы: «бұл дүниенің күні » деген
Жетіліп бізге ғибрат сөз қалыпты.
Абай кейде тек жеке сөздерді ғана емес, сөз тіркесін ғана емес, сондай-ақ үлкен сөйлемді де қазақшалап аударған тұстары да бар. Мұның өзі ақынның тыңдаушымен санасқанының белгісі.
Ақынның араб- парсы сөздерін қолдану деңгейі барлық шығармаларында бірдей емес деп айта аламыз. Мәселен , Абайдың қазақы өмірді суреттейтін , табиғат құбылыстарын бейнелейтін, жыл мезгілдерін сипаттайтын өлеңдерінде араб- парсы сөздері мүлде жоқ,бар бола қалған жағдайда бірен-саран , оның өзі халық тың тілінде Абайға дейін бар сөздер. Мәселен, «Шоқпардай кекілі бар қамыс құлақ » өлеңінде әлем, әсем, «разы», «ыза» сөздері, «Желсіз түнде жарық ай» өлеңінде жалғыз-ақ «сәуле» сөзі, «Мәз болады болысыңда» «ар-ұят», «ықыл» сөздері, «Сен мені не етесіңде» бір ғана «өнер» сөзі, «Тұлпардан тұғыр озбас шабылса да» өлеңінде «арыз» , сөзі, «арсыз адам» тіркесі, «Білектей арқасында өрген бұрым» өлеңінде «некен-саяқ» деген сөз кездессе, сондай-ақ жыл мезгілін суреттейтін «Жаз» өлеңінде «кеңес», «кілем», «байқұс », сөздері, «Күз» өлеңінде «керуен», «сейіл-серуен», «Қыс» өлеңінде «әуес», «қайрат » сөздері кездеседі.
Ал араб-парсы сөздерінің көбісі қара сөздерінде. Өлеңдерінің ішінде ең көп қолданғаны қатарына «Иузи раушан, көз гауһар », «Фзули, Шәмси, Сейхали», «Әлифби» өлеңдерін жатқызуға болады. Мәселен, «Әлифби» өлеңінде 74 араб- парсы сөздері кездеседі. Бұл өлең тек қана еліктеуден емес, қоғам талабына байланысты жазылған. Араб әліпбиін үйрету қажеттілігінен туған. «Әлифби» өлеңінде Абай ұстазы Әлішер Науаимен ақындық өнер жалғартырғандай мінез танытады. Науаи кейбір араб әрпін сұлу әйелге балай суреттесе, Абай араб әрпін түгел қамтып, қыз бойындағы әсемдік көркіне түгел жегіп, өзінше ақындық өнер, соны тапқырлық көрсеткендей болады.
Жалпы, Абай араб- парсы сөздерін қолданылуындағы басты көңіл бөлетін жәйт:
- ақын айтайын деп отырған ой ;
- жырланып отырған тақырып;
- өлеңнің , сөздің кімге арналғандығы ;
- ақынның тыңдаушымен санасуы.
Абай осы төрт мәселеге байланысты араб-парсы сөздерін саналы түрде, орнымен қолданған. Мәселен , ақын туындыларында өз атынан сөйлеу, біреудің атынан ой түю, өзіне сұрақ қоя отырып, қоғамдағы топтар мен таптарды сынап, талдау жасау, болған оқиғаны баяндау, оқу- ағарту, білімді сөз ету, еңбек, шаруашылық жайларын баяндау, адамгершілік, мінез- құлық,мораль тақырыбын жырлау, дін, дүниеге көзқарасын білдіру сияқты әр түрлі сипаттағы өлеңдер мен қара сөздері бар. Абай араб-парсы сөздерін осы мәселелерге байланысты тыңдаушымен санаса отырып, айтып отырған ой, жырланып отырған тақырып, ойға түрткі болған мәселеге байланысты қолданған.
Абай қолданған араб-парсы сөздері- ақын шығармашылығының өзіндік ерекше тұстары. Бала кезінен Абай қанық болған шығыс әдебиетінің әсері оның шығармаларының тілінен де орын тепкен. Қазақ өлеңіне Абай ендірген жаңалықтар : олардың түп- төркіні мен жіктелу жолдарына қарасақ , бүкіл дүние әдебиетіндегі өлең сөздің теориясымен таныстығы барлығын танытады.
Абайды оқымайтын қазақ жоқ.,бәріміздің де бала кезімізден оның өлеңдерін жаттап өсетініміз анық..Абайдың тәлім- тәрбиесі , ақыл-ойы тыңдаушының боашағына әсерін тигізбей қоймайды.
Қазақтан шыққан ақын- жазушылардың Абайға тоқталмай кетпейтіні жоқ.. Осы орайда қазіргі әдеби тілде, ақын-жазушылар тілінде Абай қолданған араб- парсы сөздерінің қолданысын қарастырсақ. .Абай тұсындағы халық тілінде актив элементтер болған араб-парсы сөздерінің қазіргі әдеби тілімізде архаизмдер тобына кірген қатары да кездеседі. Мысалы, оқып түсінуге өте қиын уайлан, әхмар,ағламланған, тафаккару, руқуқ, ядкар,.Сондай-ақ , тұтас сөйлемдер де арабша болып келеді:Баз махфи олмая, әтәмурун,әннәсә, билбирри уә әхсану инналлаһә ну хиббул т.б. Абай текстерінде кездескен араб-парсы сөздерінің кейбір тобы қазіргі әдеби тіліміздеде өміршеңділігін сақтап, тілімізге әбден сіңісіп кеткен . Мысалы,Абай:« Ғашықтың тілі-тілсіз тіл, Көзбен көрде, ішпен біл» деген өлең жолдарында «ғашық» сөзін арабша мағынасында қолданса, Мұқақали өлеңдерінде де тура осы мағынада қолданылады.Мысалы, «Ғашықпын!Шын ғашықпын сол адамға!
Мен болмасам,болмайын.Сол аман ба?»
Арабтың тілінен енген өлең сөзі Абай тілінде де, қазіргі әдеби тілде де активті қолданыста. Абайдан «Өлең –сөздің патшасы, сөз сарасы», «Туғанда дүние есігін ашады өлең» деген жолдарды кездестірсек, Тұманбай Молдағалиев шығармашылығынан «Оңашада ой буып, өлең буып, Қоршайды кеп жанымды нелер күдік .» жолдарынан өлең сөзінің қолданысын көреміз.
Абай қолданысындағы әділ, әділет, аспан, батыр, неке, бақ, әзіл, базар,ғажап, әдет, апат, дана, дария, зар, іңкәр, батыл, заман, құрмет,дос, дұшпан, арзан- қымбат, пайда т.б сөздер қазіргі әдеби тіліміздің аясында өзіміздің төл сөздерімізбен бірдей деңгейде қолданылып жүр.
Мағжан өлеңдерінде де Абай қолданған араб-парсы сөздері көрініс тапқан. Мысалы 1917 жылғы өлеңдерінің :
«Өзім-Тәңірі, табынамын өзіме,
Өзім-Құран, бағынамын сөзіме.
Бұзушы да, түзеуші де өзіммін,
Енді, ескілік, келдің өлер кезіңе!»деген жолдарында тәңірі, құран сөздері кездессе, «Жазғы жолда» деген өлеңінде:
« Көк бір дария қаракөк,
Жұлдыздан әлі хабар жоқ,
Іште- жалын, жүрек— шоқ,
Дариға , жаным өледі… » шумағында арабизмдер кездеседі.
Қазақ әдебиетінің дамуында аға буындар нәр алған араб-парсы тілдерінің әсері күшті болғандығын әдебиетімізді қалыптастырушы ақын-жазушылар мұрасының тілі және де қазіргі қазақ тіліміздің тілдік құрамына әбден сіңіскен арабизмдер мен фарсизмдер айғақтай түседі.
Абай поэзиясы қазақ әдебиетіндегі мүлде жаңа құбылыс , жаңа кезең болғанын айта отырып, ақынның шығармашылық өнерінің негізгі тірегі , сарқылмас қайнар көзі халық поэзиясы, жүздеген жырау, жыршы, ақындарды туғызған сан ғасырлық бай әдеби мұрасы дейміз.Абайды қазақ көркем сөзі мен әдеби тілінің жаңа кезеңін бастаушы, оларды жаңа ұсынушы деп, әдеби теорияға жаңалықтар енгізуші деп танытатын да қырлары бар. Оның поэтикалық дәстүрінің, рухани қазынасының, көркем тілінің жалғастық тапқандығы, өзінен кейінгілерге үлгі- эталон болғандығы оның ақындық шеберлігінің ерекше көрінісі.
Қазақтың Абайға дейінгі күшті дамып келген поэтикалық тіл дәстүрінің өзіне тән белгілері болды: ол негізінен ауызша дамыды, ауызша таралды, ауызша сақталды, поэтикалық мектептердің ауысуы баяу жүрді, дағдылы нормалар ұзақ сақталды, дәстүр жалғастығы мықты болды.Мұның барлығы , бір жағынан, поэтикалық тіл нормаларын берік сақтауға ықпал етсе, екінші жағынан , жаңалыққа көп жібермеді. Бірақ дамудың аты-даму, оның заңы қазақ өлеңі дүниесінде өзгеріс- жаңалықтарды туғызбай тұра алмайтын еді. Бұл ұлы тарихи миссия- міндет Абайдай талант иесінің үлесіне тиді.
Абай қазақтың поэтикалық тілінің бұрынғы дәстүр-нормаларын жетілдіру, түрлендіру, кеңейту, жүйеге айналдыру сияқты суреткерлік міндеттерді мойнына артты, сонымен қатар поэтикалық көріктеудің жаңа амалдары мен соны құралдарын ұсыну,өлең архитектоникасын мен фонитикасына қазақ құлағы естімеген , қазақ аузы айтпаған мүлде тың жаңалықтар әкелу сияқты іс-харекеттер де Абай көтерген ауыр жүктердің бірі болды. Сөйтіп, Абай қазақтың ауызша тараған көркем сөзін ұлттық жазба дүние дәрежесіне көтерді.Бұл Абайды жаңашыл әрі классик қаламгер деп танытты.
Оның шығармаларының тілі мен мазмұны сан қырлы .Абай поэзиясының тілінде адамның жан тебіренісін, көңіл толғанысын, жүрек, жүрек лүпілін, сезімінің сан құбылып ойнақшауын көрсететін сипаттамалар , эпитет, метофора және басқа бейнелі сөздер көп кездесетіні белгілі .Басқа тілден енген сөздер де поэтикалық тілінің аясын кеңейтіп ақынның жан- жақты тұлғасын аша түседі.
Абайдың тілі туралы әңгіме қозғағанда, оның ақындық қуатын , тілінің көркемдік құдіретін айтпай кету мүмкін емес. Абай, ең, алдымен ұлы ақын, ақындардың ақыны, Ахмет Байтұрсынов айтқандай «қазақтың бас ақыны», оның өлеңдеріне осыдан 90 жыл бұрын баға берген Сұлтанмахмұттың сөзімен айтсақ «Абай өлеңдері … пайғамбардың жүрегінен құйылған құрандай соқыр кісі сыбдырынан танырлық аққұла ашық тұратын» ақын!
Абай- қазіргі кезеңімізде алдымен өзімізге, қазаққа ауадай қажет тұлға. Абай- қазақтың ұлттық рухының көрінісі, адамгершіліктің ұраншысы, ұлттық сананың озық үрдістерінің насихатшысы, сол үшін Абайды алдымен өзіміз терең танып, өзгеге таныта білуіміз керек.
Пайдаланылған әдебиеттер:
- Жұмалиев Қ. Қазақ әдебиеті тарихының мәселелері және Абай поэзиясының тілі . Алматы , 1960
- Жұмалиев Қ. Абайға дейінгі қазақ поэзиясы және Абай поэзиясының тілі. Алматы , 1948
- Жұбанов Қ. Қазақ тілі жөніндегі зерттеулер
Алматы , 1966
- Юнусалиев Б . Киргизская лексикология. 1 бөлім
- Әуезов М. Әр жылдар ойлары. Алматы, 1959
- Рустемов Л. Қазақ тіліндегі араб- иран кірме сөздерінің лексика-семантикалық ерекшеліктері. Алматы, 1962
- Сыздықова Р. Абайдың сөз өрнегі. Алматы , 2004
- Сыздықова Р. Абай шығармашылығының тілі. Алматы, 1968
- Дайырова Ә.,.Құрманалиева Г. Абайдың тәлімгерлік тағлымы. Алматы , 1996
10.Нұрқатов А. Абайдың ақындық дәстүрі. Алматы ,1978
- Есеналиева Ж. . Абайдың шығармашылығындағы араб-парсы сөздерінің қолданысы . Дессертациялық жұмыс.
12.Әбен Е , Дүйсенбайұлы Е, Тасмағамбетов И. Дала даналары
. Алматы, 2001