Курстық жұмыс
Тақырыбы:
Вьетнам Демократиялық республикасының орнауы.
Орындаған: Байтасова Ж. Б.
Тексерген: Құрманғалиева Ж.
Алматы 2006ж.
Ортағасырлық Отырар
Мөлдір сулы Арыстан сары лайсаң Сырдарияға құяр сағасына қол созым жерде талай ғасырлар бойы ел есінде сақталған өлі қала үйінділері жатыр. Оның атауы – Отырар.
Отырар Қазақстанның орта ғасырлық қалалары ішінде айырықша орын алады.
Өмірлеріне көпестердің, әсіресе соғды көпестерінің отар – иеліктері елеулі оң әсерлерін тигізгенімен, көптеген жағдайда халықаралық керуен саудасына тәуелді болған Жібек жолындағы Испиджаб, Тараз, Хамукет қалаларына қарағанда Отырар даланың малшы – тұрғындары үшін өз қаласы болды және болып қалды да, оның қабырғалары сыртында далалықтардың өздеріне етене жақын әрі түсінікті тілде сөйлейтін туыстары мен дос – жарандары, өз халқы өмір сүрді. Егер әлдеқандай күн туып, алмас қылыштар айқасып, сұр жебелер суылдаса, егер сарайлар мен күркелер алау өртке оранып, күн көзін қара түтін тұмшалар болса, онда далалықтарға да, қалалықтарға да бірдей қатерлі жаулар келгені. Міне, сонда өзінің ұстаханасындағы көрік отын сөндірген ұстамен малын айдалада қалдырғант малшы қамал қабырғасында тізе қосып, қанжарларын ауыздарына кесе тістеп, сатымен жоғары өрмелеген өлермен жаудың бетін бірлесіп қайтарады. Одан тағы бейбітшілік, тағы соғыс… Кангюидің ұзын семсерлері түріктің қайқы қылышына орын береді, қарапайым ағаш соқаларды темір ұшты түрендер алмастырады, ені кең, түбі таяз арналар орнына ені енсіз, бірақ түбі терең, су сыйымдылығы үлкен арналар қазылады. Отырар өсе түсті, міне енді шағын қыстақ орнынан бүкіл Шығысқа аты әйгілі қала, дүниеге орта ғасырдың ұлы ойшылы Әбу Насыр Әль – Фарабиді келтірген, осы өлкенің байырғы астанасына айналған тарихи қала бой көтерді.
Қазіргі кезде біз Отырар жөнінде, оның ежелгі және ортағасырлық тарихы мен сәулет — өнері, құрылыстары, қолнері мен мәдениеті жөнінде не білеміз?
Отырар Сырдария орта ағысындағы суармалы құнарлы алқап орталығы болып тадылады. Батысында оған Қызылқұм шөлі келіп тіреледі, шығысында Қаратаудың жөн – жоталарымен жалғасатын біркелкі жазық дала жатыр. Өзен аңғарларында жыңғыл, жиде, тал, тораңғы мен қамыс тығыс өскен ит түмсығы батпайтын тоғайлар жиі кездеседі. Қалың қопаларда бұғы, қабан,қоян, қасқыр, түлкі тәрізді аңдар ұшырасады. Осында күні кешеге дейін жолбарыстар да болған. Құстарыда әр алуан: қырғауыл, қаз, тырна, көкқұтан, түрлі үйректкр бар. өзен суында қаяз, ақмарқа, жайын балықтар жыртылып айырылады.
Отырар алқабы немесе ертеректе аталғанындай Фараб округі Оңтүстік Қазақстан тосқан жолдвң тоғысқан торабында тұрды. Отырар орта ғасыр авторларының барлық дерлік географиялық және тарихи шығармаларында ескерілуі тектен-тек емес. Ол Жетісу қалалары санатысына да, Испиджаб шеңберіндегі қалалар тізіміне де кіргізіледі. Осығанорай бірнеше Отырар болған ба деген күдік те тууы мүмкін. Дегенмен Отырар біреу ғана еді, ал оның осышама «мәшһүрлігін» қаланың географиялық көрінісі әр-алкан алқаптардың тоғысқан жерінде және сантарау керуен жолдарының түйінді қиылысында тұрғандығына байланысты түсіндіруге болады. Арыс пен Сырдария құйылысындағы Отырар – үлкен егішілік ауданы. Қаратау жоталарының шалғайын басып жатқан Отырар – көшпенділердің сенімді тірек қамалдаының бірі, Отырардан Арысты өрлей шыққанжолдар Тараз бен Баласағұнды басып өтіп, одан әрі Шығыс Түркістанға жетеді; Сырдария өрлей жоғары кететін ежелгі жол сорабы Шал, Соғды арқылы жалғасып, Мерв пен Нишапурға жеткізеді; төмен кеткен жол Арал аймағына,одан Оралға шығады; батықа Қызықұм арқылы өтетін жол Хорезмге, одан әрі Қара теңізбен Кафказға апарады. «Орта Азияда, — деп ескертті белгі совет археологы А.Н. Бернштам, — бұдан ең қолайлы және ең қауіпті орынды табу қиын».
Қала үстінен қара құйындай соғып өткен мың жылдық басқыншылар соғысы өзінің істерін істеді – бір кезде гүлденген қала орнында қазір үстін шөп басып кеткен үйінді обалар жатыр. Бұл жернде алғаш рет келген адам қимылсыз қалған көптеген қалалар мен елді мекендер, қамалдар мен қарауыл мұнарларын көріп, қайран қалары сөзсіз. Жүздеген жылдар бойы тамшы су көрмей, ұлтандары аптаптан шыт-шыт жарылып кеткен үлкен арналар сорабы қаңсыған алқап үстін айқыш – ұйқыш шимайлап жатыр. Ежелгі елді мекендердің орнына оба болып көтерілген әрбір төбенің өз атаулары бар: Алтынтөбе, Жалпақтөбе, Құйрықтөбе,Пышақшытөбе. Бір заманда олар басқаша аталған еді, бірақ олар атаулар ұмытылған, тек аттары жазба деректерден белгілі екі қала атуларын осы күнгі үйді обалар атуларыменсалыстыруға болады. Зертеушілердің анықтауынша Құйрықтөбе орнында Кедер қаласы болған, ал күйреген ескі Оксус қаласы Весидж қаласына сәйкес келеді. Бір кезде бұлар да басқаша аталған, бірақ жергілікті аңыздар қазіргі атауларды бұрынғы қалалардың Отырармен қарым-қатынаста атқарған өзіндік кәсіптерінің түрлерімен байланыстырады. Мәселен, Алтынтөбе атауы онда зергерлер тұрғандықтан солай аталған. Пышақшытөбе-қару жарақ ұсталарының мекені, Құйрықтөбе (қойдың құйрығы тәрізді жалпақ жота)- қасапшылар жайлаған орын.
Отырар обалары өздеріне көптен көңіл аударып келеді. Жерге көмілген ежелгі патшалар қазынасы, алтын теңгелер мен құнды заттар үйінділері бар-мыс деген қауесеттер қашан да шындыққа келетін тәрізді еді. Оның үстіне бұл жерден әр кезде әртүрлі бұйымдар бірде күміс білезік сынықтары, бірде тасы күңгірт тартқан, түрі таңғаларлықтай сырға, енді бірде көгілдір ақық тастан жасалған моншақтар табылып жүрді.
Қазына табуға көп адамдар талаптанып көрді. Бірақ көптеген жағдайларда кетпендер сыртқа алтын орынына қыш ыдыстар сынықтары мен темір ыдыстардың шіріген қалдықтарын, мал сүйектерімен адамның бас сүйектерін ғана қазып шығарды.
Отырардағы алғашқы қазба жұмыстарын Түркістандығ археология әуесқойлары үйірмесінің мүшелері А.К.Кларе мен А.А. Черкасов 1904 жылы жүргізген. Олар қазылған ұзынша орлардан керамика, кірпіш түрлерін жинады және бірнеше ондаған мыс теңгелер тапты. Қазу жұмыстары сонымен тынған болатын. Одан кейін Отырар көп уақыттар бойы археологиялық экспедициялар жолынан бір бүйір қалды, тек 40-шы жылдың аяқ шенінде ғана профессор А.Н. Бернштам бастаған археологиялық экспедиция бұл жерде біршама алдын-ала зерттеп, байқау жұмыстарын жүргізді. Алынған мәліметтер негізінде ескі қаланың хронологиясы жөнінде ұсыныс жасалып, керамикалар алдын-ала іріктеліп жіктелді. Алайда, тіпті осы барлау жұмыстарының өзі Қазақстанның көптеген ежелгі және ортағасырлық проблемаларын шешуде Отырар келешегі зор үміт күттіретін объекті екенін көрсетті.
1969 жылы Отырар археологиялық экпедициясы ұйымдастырылды. 1970 жылы оның атауы Қазақ ССР Ғылым академиясының кешенді археологиялық экспедициясы деп өзгертіліп, негізгі зерттеу объектісі ретінде ескі Отырар төбе қаласы таңдап алынды.
Ескі қаланың аспаптық топографиялық жоспары көшіріп алынды, оның жоспары және перспективті аэрофотосуреттері түсірілді. Бұл жерде жыл сайын қазба жұмыстары жүргізілуде.
Отырардың топграфиясын зерттеу ескі қаланың көрінісі Қазақстан мен Орта Азияның көптеген ортағасырлық ескерткіштеріне ұқсас екенін көрсетті. Орталық оба түріндегі бес бұрышты үйінділердің биіктігі 18м.., аумағы 20га. Қабырға жақтары тегіс: оңтүстігі-380м, оңтүстік-батыстағысы-145м, батыстағысы-400м, солтүстік – шығыстағысы-380м, шығыстағысы-350м. Обаны периметрі бойынша қоршаған қабырғалар кей тұстарда қазір де өзінің тіп-тік қалпын 75-80º сақтап тұр. Қабырғаны бойлай көтерілген мұнаралардың тұлғасы сыртқа жұмырлана шығыңқырап, жүргеленіп тұр. Қабырға сыртында екі жағы жантайма, тереңдігі 2-3м.., ені 10-15м., келетін жыра тәрізді ор жатыр. Қалаға үш жағынан кіретін қақпа бар. Екеуі қаланың оңтүстік және солтүстік-шығыс бетіне бір-біріне қарама-қарсы орналасқан. Үшіншісі – батыс беттегі қабырғаның орта тұсында. Орталық көше оңтүстік және солтүстік кіреберістерді жалғастырып, қаланы тең емес екі бөлікке бөлетін тәрізді. Көше ені 5-8 метрлік жыра сияқты. Көптеген пұшпақтар мен тұйық тармақтар содан таралады.
Отырардың топографиясы негізгі кескіндемесі жағынан орта ғасырдың аяқ шенінде (XV-XVIIIғ.) қалыптасқан, сондықтан қамал құрылысы ерекше көзге түспейді, тек аэрофотосуреттерді кескіндеме-сызыққа айналдыру нәтижесінде ғана оның алдын-ала сұлбасын айқындауға қол жетті. Қамал обаның дәл ортасында, үш бұрышты үлгімен салынған үш қабырғасының әрқайсысының ені тиісінше 220, 230 және 220м. Оның сыртынан қоршай түскен күңгірт жолақ шеңберді қазылған ор деп шамалауға болады.
Қамал мен шахристан орналасқан обаға жалғас рабадқа бекітілген территория жатыр. Оның аумағы 150га. Рабатта әр түрлі көлемді төбешіктерге жіктелетін құрылыстардың қалдықтары бар.
Отырар жұртында тұрғындардың пайда болу кезеңі оның Отырар – Фараб атауы жазба деректерде алғаш рет атала бастаған ІХ ғасрырдан көп бұрын, яғни біздің дәуірімізге дейінгі алғашқы ғасырларға жатады.
Сонымен қатар бұл қаланың тым әріректегі атауын анықтауға мүмкіндік беретін деректер де бар.
Отырар мен осы қоғал алқаптың ескі қалаларынан жиналған теңгелер санаты жоғарыда аталған дәуірлерге жатады. Бірінші үлгіге жататын теңгелердің оң бетінде садақ түріндегі түргеш таңбасы, теріс жағынжа арыстан бейнеленген. Екінші үлгідегі теңгелердің бет жағында Х белгісі таңбаланған. Жетісуда, Шашта және Соғдыда жасалған ортағасырлық теңгелермен салыстырып көргенде бұл жергілікті билеушінің әмірі мен шекілген ең жаңа түрлі теңгелер үлгісі болса керек деген ойға келтіреді. Екінші үлгідегі теңгелер Кангу Тарбанның қангар билеушілері қалауымен жасалған болар деген болжам да бар.
Мұның өзі Отырар иелігінің саяси және экономикалық дербестігінің айшықты айғағы және Отырардың VII ғасыр мен XVIII ғасырдың алғашқы жартысындағы қат-қабат оқиғаларда елеулі роль атқарғандығы жөнінде жазылған деректердің дұрыстығын көрсететін қосымша дәлел.
Отырардың ерте ортағасырлық қабаттарын жан-жақты қазып зерттеу-келешектің ісі. Дегенмен, шамасы кангар иеленушілерінің қала сыртындағы резиденциясы болған ескі Құйрықтөбе қаласының қамалын зерттеу материалдары бойынша сол кездегі көрнекті архитектура сәулеті жөнінде айтуға болады. Қамалдан айнала галлереялармен және сигмент тәрізді сыртқа шығыңқы мұнаралары бар дуалмен қоршалған тұрғын және шаруашылық жайларынан тұратын сарай кешенінің қалдықтары табылды. Оның қабырғалары күйдірілген ьалшық блоктар қатарын қалақша қам кірпіштермен араластыра қалау әдісімен салынған. Құрылыстар биіктігі 10 метрге жететін стилобатқа жеткізілген. Көлемі 10,5х15 метрлік салтанат залының қабырғалары оюлармен және тақтайлар бетіне ойып түсірілген тәтілермен әшекейленген. Мұндай өрнекті тақтайлардың қамал өртенген кезде күйген, қазба кезінде табылғандары да осындай күйде. Тақтай-тәті беттерінде аймақ иелерінің тіршілік тынысы және құдайлардың бейнелері суреттелген сюджетпен безендірілген.
Бетінде адамдардың бедерлі суретері бейнеленген, көлемі 125-35см, жақсы сақталған тақтай назар аударарлық. Арқаға кіре берісте еркек пен әйел бейнеленген. әйелдің беті жалпақ дөңгелек жүзді, тайпақ мұрынды, да тәж тәрізді әшекей. Еркектің бет-пішіні нашар сақталған. Ол басқа кептелетін жиегі бар қалпақ, желбегей шапан киген. Еркек оң қолымен әйелді құшақтап тұр, қолының қосбасы әйелдің иығында жатыр, алақанын жоғары қарата көтерген сол қолы әйелдің беті деңгейінде. Зерттеушілердің пікірі тақтайда «құда түсу көрінісі» бейнеленген.
Тағы бір тақтайда аңдар бейнесінен жасалған тақта отырған құдайлар енді бірінде садақшылар бейнелері қоршауындағы қамал, қабырғаларда төрт қолды құдай әйел бейнеленген.Жекелеген бейнелі өрнектер бөліктері Педжикент пен Шахристанда жасалған тақтайлардағы өрнектерге өте ұқсас, ал ою-өрнек сюжеттері Педжикент, Барахша, Балықтөбенің ерте ортағасырлық монументі өнерін еске түсіреді. Сөйтіп, бұл Орта Азия мен Қазақстан халықтарының өзара мәдени байланыстары тығыз болғанын көрсетеді.
ІХ-Х ғасырлардағы деректер Отырарды Испиджаб қалалары құрамында атайды. Испиджабтың алғашында халифатқа, кейін саманидтерге бағынышты болуы нақты бір сипатта болды, өйткені испиджабтықтардың Бұхараға төлеп отырған салығының өзі симболикалық сипатта болатын. Деректерде Фараб –Отырар ең алдымен ұзыны мен көлденеңі бір күндік жолға жуық алқапты алып жатқан округ орталығы болғаны сипатталады.
ІХ-ХІІ ғасырлар Орта Азия мен Қазақстан қалаларының өміріндегі өрлеу кезеңі болды. Жаңа қалалар пайда болып, ескі қалалар үлкейе түсті. Қала жері рабаттар есебінен, яғни сауда-саттық кәсібі жүргізілетін базалар мен керуен сарайлар есебінен кеңейе түсті. Бұл кезде Отырар 2000 гектар жерді алып жатты. Қазба жұмыстары көрсетіп отырғандай, ХІ-ХІІ ғасырларда қала үйлері көше –блоктарға топтасып, өте тығыз салынған. Үйлердің тұрғын бөліктерінде қабырғаларды бойлай ені 1-1,20 метр, биіктігі 0,4 метр суфалар төселген. Еденге дөңгелек және тікбұрышты, дәлірек айтқанда антороморф тәрізді мұржасыз ойық қыш ошақтар орналасқан. Олар қалыппен және ойын жасалған өрнектерге бай. Қалада канализация жұмыс істеді, санитарлық тазалық тораптары әр үйдің міндетті түрде болуға тиісті қажеттілігіне айналған.
Осы кезеңде Оңтүстік Қазақстанды исламдандыру ісі жүріп жатты. Жаңа дін ең алдымен қала жұртшылығы арасында таратылды. Қалалар маңайында мұсылман бейіттері жинақталған, мазарлар пайда болады, табыну ансамбльдері қалыптасады. Қалаларда мешіттер салынады. «Көрнекті» мешіт аталған ертерек салынған мешіттердің бірі ескі Құйрықтөбе қаласынан қазып аршылды. Оның жұмыс істеген кезеңі Х ғасыр мен ХІІІ ғасырлардың бас кезіне жатады.мешіттің көлемі 36,5х20,5 метр, оңтүстік-батыстан солтүстік-шығысқа қарата созыла салынған. Кіретін есігі солтүстік-шығыс қабырғасының ортасында, қарама-қарсы бетіне михраб орналасқан.
Мешіт қабырғасы күйдірілген және қам кірпіштен араластырып өрілген. Шатыр жабындысы көптеген ағаш тіреулерге тіреледі, ал ағаш тіреулерден тек күйдірілген кірпіштен қаланған тұғырлар ғана қалған. Мұндай тіреу бағандар саны 50, бесеуі аралығы қысқа, оны аралығы алшақ қатарларға қойылған. Бағаналардың ара қашықтығы 3-тен 3,2 метрге дейін жетеді. Шекті тұғырлар мен қабырғалардың арасы 1,5м. Мұндай үлгідегі мешіттер ұзақ уақыттар бойы салынған. Құрықтөбе мешіттеріне ең ұқсас мешіттер Сурхандария облысының Саполшеледен ашылған, ХІІ ғасырдың алғашқы жартысына жататын мешіт және Хиуадағы XVIII ғасырлық Жұмамешіт, Үргеніштегі ХХ ғасырдың бас кезінде салынған мешіт болып табылады.
Қала ғимараттары арасында монша тәрізді қоғамдық құрылыстар пайда бола бастайды.
Монша Орта Азия қалаларында ХІІІ ғасырдан ерте салынған жоқ. Үлкен қалаларда бірнеше ондаған моншадан болды. Шығыс қалаларында монша қоғамдық ғимараттармен қатар көрнекті орынға ие болды. Қала өмірінде монша ерекше құрметтеліп, көпшілік жиі баратын мешіттен кейінгі басты орынға айналды. И.А.Орбели монша жөнінде былайша сипаттайды: «Бүкіл Шығыстағы тәрізді Кавказда да монша оны өздеріне және дос-жарандарына арнап салдырған қала басшылары үшін де, цехтық ұйымдар үшін де айрықша қамқорлыққа алынатын орын. өйткені монша тек жуынып- шайынатын ғана орын емес, ол сонымен бірге күшті нығайту, пәс көңілді көтеру үшін де, демалу үшін және дос-жарандармен бас қосып, сұхбаттасу үшін де, кездесіп, сатып алу, сату сондай-ақ шахмат пен нарда ойындарында шеберлік көрсетуүшін де қызмет етеді».
Отырардағы рабад жұртын қазғанда ХІ-ХІІ ғасырларға жататын екі көпшілік монша табылды.
Нашар сақталғанына қарамастан солардың біреуінің құрылысының салыну үлгісі анықталды. Монша саз қабаты жабылып, тегістелген жазық жерге салынған. Оның көлемі солтүстіктен оңтүстікке қарай 11,5м, ал батыстан шығысқа қарай 16,5м. Моншаның жарық түсетін жақтары күнгей бетке қаратылған. Қабырғалары көлемдері 22-23х22-25х5 см., күйдірілген кірпіштермен өрілген, іргетас салынбаған. Қабырғаның қалыңдығы 0,7-0,9м. Монша құрылысының негізінде крест үлгісі алынған. Орталық жай өзін кесіп өтетін біліктер бойымен орналасқан торт бөлмемен жалғасып жатыр.
Монша құрамында денені сылайтын лоджиялары бар орталық залдан өзге жуынатын жай бар. Батыс беттегі үш бөлменің бірі шешінуге, екіншісі демалуға, ал үшіншісі, шамасы, сыйынып, дұға оқуға арналған болса керек. Шығыс бетінде от жағатын орын мен су құйылған кеспектер қойылған бөлмесі бар. Жуынды сулар құбырлар жүйесі көмегімен монша жайынан сыртқа шығып, терең шұңқырға сіңіп кетіп жатады. Монша жылу өткізгіш орам өңездер ар0ылы жылытылған. Қазу кезінде жылу жүйесінің мұржа бағаналалы мен бағыттауыш қабырғалары табылып анықталды. Бұл моншаның салыну үлгісі Орта Азияның, Кавказдың, Таяу және Орта Шығыстың моншалары үлгілерімен бірдей.
Крест тәрізді құрылыс үлгісі ХІ-ХІІ ғасырларға және одан көп кейінгі кезеңдерге тән сипат. ІХ-Х ғасырларға жататын моншалардың қалыптасқан, біркелкі жобасы болмаған, олардың құрылымдары мүлде басқаша. Афрасиабтағы ІХ ғасырдағы монша шағын-шағын бөлімшелерге бөлінген және жылыту жүйесінің өте қарпайымдылығымен сипатталады.Отырардағыға қарағанда Тараз моншасының құрылымы да басқаша екені байқалды.
Монша қабырғасының сыртында соған жансарластыра бір жай бар, шамасы бұл кірхана болса керек. Бұл әрқайсысыцның көлемі 4х4,5 метрлік екі бөлмелі жай. Оның қабырғалары қам кірпіштен өрілген. Жайдың бірінде тағдыр, оның қасында екі қыш ыдыс, ал нақ ортада таған орналасқан. өзге жайдың солтүстік бұрышында жер еденді қазып орнатылған көлемі 2,5х1,2м, тереңдігі 0,7м, су құятын науа бар. Моншаның оңтүстік және батыс қабырғалары тұсында көлемі 40х40х5 см, күйдірілген кірпіштер төселген аласа суфалар орналасқан.
Рабад жұртынан табылған екінші монша оңтүстіктегі кіреберістен 200м батысқа таман салынған, бірақ ол толық қазылып, ашылмаған. Оның аршылған оттығы мен ыстық су сақталатын ыдыстарының жүйесі ыстық су дайындау процесін анықтауға мүмкіндік береді. Отпен қыздырылатын астау-жақтаулары мен ұлтаны күйдірілген кірпіштен өрілген тік бұрышты цистерна пішінінде жасалып, бірнеше қабат су өткізбейтін қырамен сыланған. Мұның көлемі 2,7х1,2м, ал сақталған биіктігі 25см. Оның ортасында аузы астаудың түнкі деңгейімен бірдей, ал түбі мен жақтаулары ошақ оттығына кіріп тұратындай етін қондырылып, сыланып тасталған шойын немесе темір қазандар орнатылған. Сақталған қазан ойығының диаметрі 0,7м. Қыш астау жырашық арықшаларымен көлемі 2,7х2,7м, тереңдігі 6м, басқа бір су құйылатын науа астаумен жалғастырылған. Оның жақтаулары да күй дірілген кірпіштен қаланып, қырамен сыланып тасталған. Науа астаудың түбі арасынан түтін мен оттың қызуы аралап өтіп, моншаның астына оралып кететін күйдірілген кірпіш тағандарға тигізіп қойылған. Екі теңге, материалдар, керамика, металл бұйымдары моншаның ХІ-ХІІ ғасырларға жататынын көрсетеді. Қазба кезінде табылып, жиналған 70-ке тарта дөңгелек өрнекті, сүйір ыдыстар мен олардың сынықтары назар аударарлық. Сынаптан жасалған шипалы дәрмектер үшін пайдаланылған сүйір төбелі ыдыстар. Ибн Сина жазғандай, моншаның емшілік қасиеті де болғанын дәлелдейді.
Отырардың гүлденуі монғолдар шапқыншылығынан тоқталып қалды. Соның аз-ақ алдында Отырар Хорезмшах мемлекеті құрамына кірген болатын. Шыңғысхан 1218 жылы хорезмшах Мұхаммедтің сарайна өзінің сауда керуенін жіберді. Керуен Отырарға келіп кірген кезде, қала мұрагері Иналшық Қайырхан Мұхаммедтің әмірі бойынша керуенді талауға бұйрық берді. Ол мемлекет мүддесін көздеп солай етті, өйткені керуенде көпестерге қарағанда жасырын да, ашық та жансыздар көп еді. Бұл керуеншілердің ішінен мал айдаушылардың біреуі ғана қашып құтылып сұмдық хабарды Шыңғысханға жеткізді. Ашуланған Шыңғысхан кінәлілерді жазалап, Қайырханды қолына беруді талап етті. Алайда хорезшах моңғол елшісін өлтіруге бұйрық етті.
1219 жылдың күзінде моңғолдар Отырар дуалы іргесіне жетті. Моңғолдар келгенге дейін Үргеніште әскери кеңес болып, онда қолбасылардың бірі моңғол әскерлеріне қарсы шығып, тегеуірінді соққы беру керек деген ұсыныс жасады. Бірақ Мұаммед өзнеше жолды таңдады, ло әскерлерін қала горнизондары төңірегіне топтастырып, қолбасышларды жеке-жеке соғысуға мәжбүр етті. Отырар қорғанысы деректерде былайша сипатталады: «Олар (моңголдар) ең алдымен Отырарға келді. Қаланы айнала өз шатырларын құрып алды. Сұлтан Қайырханға шекаралық әскерден 50 мың адам берді және оған Қараша Ходжибті 10 мың адамымен көмекке жіберді. Қамал, ішкі бекіністер мен қала дуалы жақсы бекітілді және жауынгерлерге қажетті қару жарақ өте көп жиналды. Қайырхан өзінің сарбаздарымен бірге қала ішінде соғысудың барлық дайындықтарын жасады, жаяу және атты әчкерлерін қақпалардың тұсына бөліп орналастырып, өзі қорған қабырғасына көтерілді: ол алдына көз жіберген кезде күтпеген көріністі көріп, бармағын тістеді; айнала көз жетер жазық жердің бәрі қисапсыз қыбырлаған адамдар нөпірі мен сақадай сай жауынгерлер қарасынан қайнаған теңіздей сапырылысып кеткен, оның үстіне аспан асты ызы – қиқу, айқай шудан, сауыт-сайманға малынып кісінескен аттар меен қышқырған қашырладың үндерінен азан-қазан болып кеткен. Әскер бекіністі белдеу-белдеу шеңберлермен қоршай орналасқан. Әскері аяқ-басын жинап алған кезде Шыңғысхан әскер басыларының әрқайсысын әр түрлі бағытқа аттандырды. Өзінің үлкен ұлын (Жошыны) бірнеше түмен ержүрек те епті жауынгерлерімен Жент пен Баршылықкентке, әскер басыларының енді бірқатарын Ходжент пен Фенакентке жұмсады. Отырарды қоршауды одан әрі жалғастыруға Үгедей мен Шағатай бастаған әскерді қалдырып, өзі Бұхараға аттанды.
Атты әскерлер басқа бағыттарда қимылдайтын болғандықтан, қала горнизоны ұзаққа созылған күреске төтен беріп, бес ай бойы қарсыласа алды. Жағдай қиындап, іс насырға шапқан кезде Қараша Қайырханға моңғолдарға бағынып, қаланы берсек қайтеді деп сөз салды. Бірақ осы қиындықтардың басты себепкері өзі болғанын және моңғолдардың мұның өміріне аяушылық жасамайтынын білген Қайырхан бұл жерден сытылып кертердей ешқандай саңылау таппады. Сосын да ол бар күшін салып қарсы күресе берді.
Қараша өз әскерінің жартысынан көбірек бөлігін алып, Сұныхана қақпасы арқылы шығып кетпек болды. Татар әскері түнделетіп дәл сол қақпадан кіріп, Қарашаны тұтқындап алды. Қамал мен оның қабырғаларын жермен жексен ете қиратып, моңғолдар алыстай берді, ал қолына семсер ұстамаған қарапайым адамдар мен қол өнер кәсіпқойларын жұмыс күші ретінде пайдалану және олардың кәсіби өнерлерін қадеге жарату үшін өздерімен бірге ала кетті.
Отырар тағдыры осылай шешілді. Қала қиратылды, ал тұрғындарын не бостырып жіберді, не бірқатарын құлдыққа салып айдап әкетті. Моңғолдың атты әскері бүкіл Қазақстан жерін қирату мен қайғы қасірет тасқындай жайпап кетті. Қалалар құлдырап бұрын гүлденген қоныстар қаңырап қалды. Ойрандалған өртенген іздер қалдығы ХІІІ ғасырдың бас кезіндегі мәдени орталықтарға тән құбылыстар. Оның үстіне көптеген қалалар қайтіп қалпына келе алмады.
XIV ғасырдың екінші жартысында Оңтүстік Қазақстан Темір державасына енгізілді. 1405 жылы Отырардағы әскеріне беттеген Темірге жолда суық тиіп, Отырар сарайларының бірінде дүние салды. Темір дәуірі бұрынғы моңғол иеліктеріндегі жағдайларды бірқатар тұрақтандыру мен даңқты болды, Түркістандағы Ахмет Яссауидің көрнекті мовзолейі соның тұсында салынды. Отырарды Ахмет Яссауидің ұстазы Арслан –баба биіті үстіне салынған мовзолей де Темір есімімен тығыз байланысты. Ол сақталған жоқ, дегенмен қазір Темір заманында салынып, қираған ғимараттың орнына, яғни Отырардың батысына таман 3 км жердегі қорымға ХІХ ғасырдың бас кезінде қайта салынған мовзолей зыңқиып тұр. Ескі мовзолейден алып қараағаштан ойып қиылған өрнекті екі бағана сақталған. Бағаналар бірдей есен. Олардың ұзындықтары 3,5м. Бағананың үстінгі иіні 4 қырлы шаршы, оған төменгі тұлғасында қиып салынған шаршылармен айқасын жатқан геометриялық сызықтардан тұратын белдікшелер жасалған. ХІІІ ғасырдағы XV ғасырдың бас кезіндегі Қазақстан қалалары құрылыстарының дәстүрлі санаттары құрамында, одан бұрынғы уақыттардағыдай, моншалар да болды. ХІІІ ғасырдың соңғы ширегі мен XV ғасырдың басындағы кезеңге жататын бір монша Отырардан қазып ашылды.
Моншада 10 жай болған. Олардың ішінде киім шешетін бөлме, бумен шабынатын және уқалап сыланатын екі сөре сәкілік орталық залы бар. Залдан жуынатын жайға ыстықхана мен суықханаға ашылатын есіктер жасалған.
Бастапқы Отырар моншасының батыс беттегі бұрышында екі ыстық су жайы, шығыс бетінде бір салқын су жайы болған. Монша сумен су қоймасынан тартылған құбырлар арқылы қамтамасыз етілген. Құбырлардың бірқатары жерасты галереясына төселген.
Су құбыры монша жайына суық және ыстық сулар құю үшін құйылған астаулар тұсынан келтірілген. Дәл осы жайдан 4 бөлікке бөлінгшен ұзынша науа астау тәрізді 4 үлекен су ыдысы болғаны байқалады. Оны түсінуге Ибн Синаның жазбасы көмектеседі. Онда моншаның ағзаға шипалы әсері сипатталып, жуынған кезде қолданылатын бірнеше ертінділердің аттары аталады. Солардың ішінде бірқатары өсімдікті, күкіртті, күлді қайнату арқылы алынған, ал басқалары қатарында ол темір, тұз металдың тұзды тотығы, металдың күкірт қышқылды тұзы ерітінділерін атайды.
Жуынды сулар суаға науалар арқылы арналарға барып құйылып, әрі бойына сіңіріп жіберетін құдықтарға кетеді.
XVI-XVII ғасырлар кезеңі қазақ даласы мен Сырдариядағы саяси билік үшін таласқан үздіксіз күрес кезеңі болды. өзбек билеушілерінің ішіндегі неғұрлым жарқын тұлғалардың бірі Мұхаммед Шейбани 1510 жылы өлгеннен кейін өкімет билігі қазақ хандарының қолына ауысты. Қасымханның кезінде қазақ хандығы нығайып шекарасы кеңейе түсті, түрлі қалаларды кәсіптер мен сауда тізгінін қолға алды. XVII ғасырдың орта шенінде Қазақстан жеріне жоңғарлар көз аларта бастады. Олар түйдек –түйдек тонаушылық шабуылдар жасайды. Сайрам, Түркістан, тағы басқа қалалардың орталықтарын қиратады. Сонымен қатар феодалдық бүліктер мен қырқысулар бір тоқтамайды. Осының бәрі келіп ел экономикасының біртіндеп құлдырауына, бір кезде көркейіп гүлденген Сырдария қалаларының жойылып кетуіне соқтырды. Отырардан қазып алынған материалдар XVI-XVII ғасырлардағы қалалардың өмірі жөнінде айқын да анық мәліметтер береді.
Екі өмір кезеңіне сәйкес келетін екі негізгі құрылыс көкжиектерін бөліп көрсетуге мүмкіндік туды. Төменгісі XVI ғасыр мен XVII ғасырдың бірінші жартысына жатса, жоғарғысы XVII ғасырдың екінші жартысы мен XVIII ғасырды меңзейді. Қаланың салыну үлгісі, көшелердің бағыттары, шаршылардың шектері, олардың салынуы үш ғасыр бойы өзгермеген есеп. Қайта құру тек жекелеген үй иеліктерінің үлгілеріне ғана тиіп өткен. Мәселен, бірқатар жағдайда үй бөлмелерінің қызметтік міндеттерінің өзгеруі, жөндеу және құрылыстар салу іздерінен көрінетін жаңалықтар осының айғағы.
Архитектуралық талдау жасау орта ғасырдың аяқ шеніндегіОтырардың тұрғын үйлері жөнінде толық мағұлмат алуға мүмкіндік берді. Оның өзі дәстүрлік белгілерді сақтаған. Үйдегі жайлар саны әр қилы болуы мүмкін: айваны бар бір бөлмеден бес алты бөлмеге дейін жетуі ықтимал. Тұрғын жайлардың екі түрі көзге түседі. Біріншісіне жайлары қаз- қатар немесе бір белдік бойымен орналасқан (олардың бәрі бір сызық бойымен тік белдік бойынша нықтасқан) үйлер жатады. Екінші түрі әрбір екі бөлмесі қосақталып салынып, крест тәрізді үлгімен орналыстырылған төрт бөлме кейіпіндесипатталады. Үйдің барлық бөлмелерді байланыстырып тұратын орталық бөлігі ошақ тандыр орнатылған тұрғын жай болып табылады. Ол жылдың салқын маусымында ас-үй, асхана және жатын бөлме ретінде де қызмет еткен.бөлменің көлемі 10 шаршы метрден 45 шаршы метрге дейін өзгеріп отырады. Ошақ тандыр әдетте сыртан кіретін есіктің босағасына орнатылады. Ол суфамен жансарластыра салынып тасталған. Тандырдың алдынан көлемінен 6 шаршы метірлік тік бүрышты шұңқыр жасалған.
Отырардың шаршыларын зерттеу қала халқының саны қанша болғаны жөнінде мәселе қоюға мүмкіндік береді. П.И. Рычковтың XVIII ғасырдың орта шенінде Отырарда 40 семья тұрды деген дерегі бар. Ал Орта Азия мен Қазақстанда әдетте әр семья 5-7 адамнан тұратыны қалыпты нәрсе. Ендеше Отырарда қала өмірі қыл үстінде кезеңде 200-280 тұрғын болған. XVI-XVII ғасырлардың қаланың халқы санын анықтау үшін мынандай бір әдіс тиімдірек болды: шаршыдағы үй иеліктерінің санын, шаршы тұрғындарының жан басы санын, барлық шаршылар санын анықтау арқылы бүкіл қала халқының санын білуге болады екен. Сөйтіп, XVI-XVII ғасырларда Отырарда 5-7 мың адам өмір сүргені анықталды.
Жоғарыда айтылғандарды қорыта келіп, Отырарда археологиялық зерттеу жұмыстары одан әрі жалғастырылып жатқанын және әрбір далалық маусым осы бір Орта Азия мен Қазақстанның ортағасырлық саяси, экономикалық және мәдени ірі орталығының дамуы жөніндегі біздің түсініктерімізге қыруар жаңалықтар енгізе түсетінін айрықша атап айтқан жөн.